Жұма, 19 Сәуір 2024
2517 2 пікір 20 Қазан, 2021 сағат 13:42

Диссидент Арон Атабек реанимацияға түсті

Жуырда түрмеден босатылған диссидент ақын Арон Атабек реанимацияға түсті. Бұл жөнінде Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нұтышева хабарлады,- деп жазады Азаттық радиосы. 

– Қазір жағдайы онша емес. Тамақ іше алмайды. Ауруы асқынып жатыр. Әлгінде ауруханадан шыққаннан кейін он күндей үйде емдедік қой. Ол кісі ауруханаға жатудан бас тартқан. Үйде емделгеннен кейін жағдайы тіпті нашарлап кетті. Ол әдетте ештеңеге шағымданбайтын. Өткен жұмада тынысы тарылып жатқанын айтты. Қорқып кеттім. Түрі де онша емес болып тұрды. "Жеке клиникамен келісім жасастым, ауруханаға жатасың ба" деп едім. Ауруы жанына батса керек, "иә" деді. Сүйтіп, жедел жәрдем көлігін шақырдым. Ауруханаға жатқызды, – деді Рәзия Нұтышева.

Оның сөзіне қарағанда, Арон Атабек қазір жасанды тыныс аппаратымен дем алып жатыр. Ауруханаға келгеннен кейін "жағдайы сәл де болса оңалған".

Алайда ақынның қарындасы Арон Атабектің нақты қай ауруханада жатқанын айтпаған.

Айта кетейік, 1 қазан күні Павлодар соты Арон Атабекті денсаулығына байланысты бір жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, түрмеден шығарды.

Ол 2006 жылы Шаңырақ оқиғасында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп 18 жылға сотталған.

Abai.kz

2 пікір