Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3601 0 пікір 2 Шілде, 2012 сағат 09:44

Ашаршылық жылы туғандар елеусіз қалмаса...

1932-33 жылдардағы есте қалған ашаршылықтың азабын шегіп, құрбан болған жандар үшін үнсіздік жариялап, еске алу, олардың сол кездегі бастан кешкен алапат кезеңдерін айтып өту баршамыздың парызымыз. Себебі бұл да сол жылдың ауыртпалығын еңсергендердің жадында қалған тарих. Кешегі күнімізді, тарихымызды білмей, ертеңімізді түзеу мүмкін болмас. Осыны ескеріп Елбасы мамырдың 31-ін - Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп жариялады.

1932-33 жылдардағы есте қалған ашаршылықтың азабын шегіп, құрбан болған жандар үшін үнсіздік жариялап, еске алу, олардың сол кездегі бастан кешкен алапат кезеңдерін айтып өту баршамыздың парызымыз. Себебі бұл да сол жылдың ауыртпалығын еңсергендердің жадында қалған тарих. Кешегі күнімізді, тарихымызды білмей, ертеңімізді түзеу мүмкін болмас. Осыны ескеріп Елбасы мамырдың 31-ін - Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні етіп жариялады.

1928-1932 жылдардағы ашар­шылық талайды қаңсыратып, жұр­тымызға қайғы-қасірет әкелгені бә­рімізге аян. Сол кезде халық аштықтан өлім халіне дейін жеткен. Аман қалу­дың көзін көксеген халқымыз бы­тырадай жан-жаққа шашырап, беті ауған жаққа тарта берген. 1929-1939 жылдар ара­лығында 2 миллионнан астам халық аштан қырылды.
Сол қиын шақта, яки 1932 жылы дүние есігін ашқан Гүлзада Садық­келіні: «1929 жылы Кеңес үкіметінің қабылдаған күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың барын тартып алуға әкеп соқты. Халықтың меншігіндегі мал мен жерлерін мемлекет меншігіне өткізілді. Ал мал-мүлкін бергісі кел­мегендер Кеңес үкіметіне қарсы шық­қандар саналды. Халықтың дүние-мүлкі талан-таражға түсті» дейді өзіне дейінгілерден естігенін айтты.
- Сол жылдары Отанымызда қан­шама халық аштықтан қырылып жат­са, қаншама адам шыдамай, Қазақ­стан­нан бел асып кетті. Жейтін тамақ та болмады. Күнін көріп отырған ма­лын тартып алған соң, хал мүшкіл бол­ды. Анам колхозда істеген соң, олар­ға жалақының орнына кейде бидай берілетін, бидайдың илеуінен қалған масақтарды да терген кездері болған. Соны әкеліп қол диірменімен ұсатып, содан қатырма, талқан жасап, әйтеуір сонымен жүрек жалғайтын­­быз. Да­ладағы жуа шөпті де сүтке ысытып, көже етіп, тамақ қылдық.
Ол кездері бейшара халыққа ешкім мейірім танытпады, ал халық арасынан шыққан ауқатты дегендеріне күн көрсетпеді. Менің дүниеден озып кет­кен жарымның тегі бай әрі оқыған кісілер болған екен. Сол үшін де олар талай қудаланған. Қайта-қайта ізін аңдыған соң, туыстарының кейбірі елімізден қашып, Қытай жаққа бет ауған. Ал 1937 жылы отағасының әке­сін қудалап, абақтыға жауып, ақыры атып өлтірген екен.
Алапат аштықтың салдарынан талай адам қырылды, тіпті далаға шық­саң, көз алдыңда өліп жатқан адам­дарды көретін күйге жеттік. «Әсіресе, кен өндірілетін рудниктерде бір күнде жүзге жуық кісі мерт болған» дейді ше­шем. Адамдар бір-бірін жеген кез­дері де болған екен.
Бірде колхоздан жалақының орнына берілген бидайды Семейдің Ақжал руднигіне сатуға барған. Сол кезде Ақжал руднигінен шыққан кенді шетелдіктер келіп талап жатты. Олар сол жақта өздерінің дүкендерін де ашып алған. Сонда ашыққан халық сәл де болса артылған бидайды солар­дан ақшаға, тамаққа ауыстырған. Анам өзімен мені кішкентай болған соң және тағы бір туысымыздың баласын ертіп, бидайдың орнына тамақ немесе ақша алайын деп барған екен. Сонда мені туысымыздың баласына қарай тұр деп, бізді бір жерге отырғыза тұрып, өзі қапшықты арқалап кеткен. Анам келсе, мен болмаппын. Әлгі бала - әкемнің інісінің 9 жасар баласы болатын, содан сұраса, бір орыс әйел қолымнан жұлқып тартып алып кетті дейтін көрінеді. Шешем қаны басына шауып, не істерін білмей, аласұрып қалыпты. Сөйтіп, зәре-құты қашып, әлі кетіп отырған уақытында, бірер сағаттан кейін жетектеп орыстың әйелі келіпті. «Менің балам жоқ еді, бала қылып асырап алайын деген едім» деп ақталып, кешірім сұрап, қайтарып беріпті. Содан кейін анам мені «бі­реудің қазанына түсіп кете жаздаған қызым» деп отыратын ылғи.
Анамнан да, әкемнен де ерте айырылдым. Әкем менің 9 жасымда өмірден озып, бар ауыртпалықпен анам өзі күрескен. Кейін бес жылдан соң, 14 жасымда шешем де қайтыс бол­ды. Содан әкемнің туыстарының қолына бардым. Жетінші сыныпқа дейін интернатта оқып, одан соң қал­ған үш сыныпты Өскемен қала­сындағы қазақ мектеп-интер­натында оқып, 10-сыныпты сонда тә­мамдадым, - дейді Гүлзада Садық­келіні.
Қырық жыл бойы биология пә­нінен сабақ берген Гүлзада Са­дықке­ліні сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Сондай-ақ, Еңбек Қорының қатысу­шысы, Халық білімінің үздігі атағы бар.
Гүлзада апа Елбасының ашар­шылық қасіретінің, сол шақтағы сая­си зобалаңының құрбандарын елеу­сіз қалдырмай, оларды еске алуға бір күн­ді арнағанына дән разы. Сонымен қатар ашаршылық жылдары туылған көзі тірілерді де елеусіз қалдырмаса құба-құп болар еді деген лебізін де жасыр­мады.

Нұрсұлу МЫРЗАБЕКОВА

«Айқын» газеті

 

0 пікір