Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4793 0 пікір 2 Шілде, 2012 сағат 09:08

Тұрсын Жұртбай. «БОСТАНДЫҚТЫҢ АЯТТЫ ЖАСЫЛ ТУЫН ТІККЕН...» (жалғасы)

ҮШІНШІ ТАРАУ: «БОСТАНДЫҚТЫҢ АЯТТЫ ЖАСЫЛ ТУЫН ТІККЕН...»

 

(Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов және...)

 

1.

«Сталин қазақтың жауапты қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, қидаластыру арқылы бұл халықты зиялылардан айырды»,- дегенге саятын Троцкийдің пікірі ақиқат.

Бұрын бұл «әдіс» жазалау саясатының көп қитұрқысының бір тәсілі ретінде қаралатын. Құпия құжаттармен дендеп танысқан сайын мұның нақты және ең аяр саясат екені деректі дәлелмен ашыла бастады. Және Каширин, Якубовский, Альшанский сияқты кәнігі арандатушылар олардың соңына тыңшыларды тұрақты түрде салып қойды. Олар, бірінші кітапта айтылғанындай, үш айда, жарты жылда, жыл аяғында Мәскеуге есеп беріп, арандатудың жаңа тәсілдерін алдын-ала қарастырып, жансыздарды дер кезінде «сіңіріп» отырды.

ҮШІНШІ ТАРАУ: «БОСТАНДЫҚТЫҢ АЯТТЫ ЖАСЫЛ ТУЫН ТІККЕН...»

 

(Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов және...)

 

1.

«Сталин қазақтың жауапты қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, қидаластыру арқылы бұл халықты зиялылардан айырды»,- дегенге саятын Троцкийдің пікірі ақиқат.

Бұрын бұл «әдіс» жазалау саясатының көп қитұрқысының бір тәсілі ретінде қаралатын. Құпия құжаттармен дендеп танысқан сайын мұның нақты және ең аяр саясат екені деректі дәлелмен ашыла бастады. Және Каширин, Якубовский, Альшанский сияқты кәнігі арандатушылар олардың соңына тыңшыларды тұрақты түрде салып қойды. Олар, бірінші кітапта айтылғанындай, үш айда, жарты жылда, жыл аяғында Мәскеуге есеп беріп, арандатудың жаңа тәсілдерін алдын-ала қарастырып, жансыздарды дер кезінде «сіңіріп» отырды.

Сонымен қатар «ескі көздер» мен «жаңа көздердің» жазбаларын, мұрағаттарын, құпия күнделіктерін, өзара жазысқан хаттарын тіміскілікпен де, сұғанақтықпен де пайдаланды. Тіпті ерлі-зайыптылардың екеуара «жүрекжардысы» да тергеудің кәдесіне жаратылды. Сондай қатерден сақтанған алаш қайраткерлері өзінің жеке мұрағаттарын құпия ұстады немесе үнемі көзін жойып отырды. «Алашорда» туралы жинақ құрастырғанда өздерінің тек құпия тыңшылар мен жандармерияның жасырын мәліметтеріне сүйенгенін Брайнин мен Шафиро:

«Осымен қатар басқа бір мәселені қозғай кеткім келеді. Айтушылар бізді: тек қана жандарм мекемесінің құжаттарын пайдаланды - деп айыптайды, мұның да жөні бар. Мәселе: бұл құжаттарды пайдалануға бола ма, жоқ па,- деп қойылып отырған жоқ, мәселе - бұл құжаттарды қалай пайдалануда»,- деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 73-бет) қысылып-қымтырылмастан ашық мойындады.

Ал қандай құжатты, қай кезде, кімге қарсы және қалай пайдалануды кеңестік күркілдер білетін. Сондықтан да негізінен жандармерия мен ОГПУ тергеушілері жинақтаған тыңшылық құжаттардан құрастырылған «Алашорда» туралы мұрахаттардың тек қана айыптау бағытындағы әшкерелеуші дерек ретінде қызмет еткені түсінікті.

Өкiнiшке орай, уәжге құлақ аспайтын, оған пәрменi де жетпейтiн, пәйнегi де шыдамайтын, тергеушiлердiң ықпалында кеткен, ақыры өзi де арандап тынған жалақорлар мен жалтақтар да әдiлетсiздiктiң үстемдiк құруына септiгiн тигiздi. Түрме iшiне жiберiлген тыңшылар жауапқа тартылғандардың әрбiр сөзiн қағыс қалдырмай қожайындарына жеткiзiп отырды. Солардың сыпсыма өсектерiнiң негiзiнде айып қорытындысы әзiрленiп, сұрақ қойылды. Тiкелей «Алашорда» үкiметiне қатысы жоқ, жай ғана желеумен жауапқа тартылғандардың арасында «салпаңқұлақтардың» кiрiп кетуi әбден мүмкiн. Тергеуге жетпiстен астам адамның алынуы да күдiк келтiредi. Олар бiр-бiрiн жақсы да тани бермейтiн.

Сондай-ақ, «үштiктiң» қарамағына көшкендерге қинаудың қандай да болсын түрлерiн қолдануға еркiндiк берiлген арнайы жарлық та бар болатын. Сол үшiн әрбiр түрменiң iшiнен ыстық, суық камералар жасақталды. Мұны «ұлы құрбандықтарға» да қолданғаны күдiк тудырмайды. Оған ОГПУ-дiң Мәскеудегi Шығыс бөлiмiнiң бастығы Дьяковқа Орта Азия  бөлiмiнiң бастығы Каруцкий мен Шығыс бөлiмшесiнiң бастығы Круковскийдiң:

«... Қазақ интеллигенттерiн қинауды күшейту туралы сiздiң жарлығыңыз басшылыққа алынды және интеллигенттердiң сөздерiн жеткiзiп отыру үшiн әзiрше үш тыңшы - «Қалам» («Перо»), «Нияз», «Дальше» - олардың арасына кiргiзiлдi. Өзге тыңшыларды тартуға дайындықтар жүргiзiлiп жатыр. Ескерте кетерiмiз, «Шағыр» Шымкенттегi тұрақты қызмет орынына жүрiп кеттi, тазарту кезiнде партия қатарынан шығарылды»,- деген мәлiметi толық дәлел.

Бұдан «ұлы құрбандарға» қарсы ұрып-соғу, қинау, арандату әрекеттерiнiң барынша кеңiнен әрi қаталдықпен қолданылғаны анық байқалады. Мұның егжей-тегжейiн баяндау дербес тақырыптың арқауы. Қармаққа кiм iлiндi, қандай қиянатқа жол берiлдi, «Қалам» мен «Нияз», «Дальше» дегендер кiмдер едi, «үндеместердiң» мағлұматы тергеу барысына қалай әсер еттi? Бұл - жауапсыз қалатын сұрақтар емес. Жауап берiледi де. Тек адамгершiлiктен аттамас үшiн, кiнәсiз ұрпақтардың бетiне шiркеу түсiрмеу мақсатында әзiрше бұл мәселенi қалтарыста қалдыра тұруды жөн санадық. Сенiммен, кепiлдiк бере айтылатын бiр сөз - алаштың ардагерлерi:

Қинамайды түрмесiне жапқаны,

Қинамайды атқаны,

Қинайды тек өз итiмнiң,

Балағымнан қапқаны, -

деп Ақаң - Ахмет Байтұрсынов айтқандай, түрменi де, қинауды да, ату жазасын да салқындылықпен қабылдап, қасқайып қарсы тұрып, рухын тiк ұстады.

Тергеушiлердiң қитұрқы арандатуларын олардың емеурiнiнен-ақ түсiнiп, мысқылмен жауап берiп, мысын құртқан. «Бұл мәселенi анау жақсы бiлдi» деп көсемдерге сiлтеме жасап, келесi сұрақты қойдырмай, алдын орап отырған. Тергеушiлердiң өздерi де тiксiнiп арандап қалудан сезiктенiп, арнайы дайындықпен келген. Бiрақ та қанша жаныққанымен де «Алашорда» үкiметiнiң Төрағасы Әлихан Бөкейхановты тұтқындауға дәрменi жетпедi. Сондықтан да тергеушi Балдаев (қолы анық танылмады, өзгеше болуы да мүмкiн - Т. Ж.) Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың бастығының орынбасары Альшанскийге берген есебiнде:

«Қолдағы деректердiң жеткiлiксiздiгiнен Бөкейхановты табан астында шұғыл түрде тұтқындауға мүмкiндiк болмады, сондықтан да бiз тергеу жұмысын мынандай тәсілiмен, егерде тағылған айыптауларды мойындамай, терiске шығарса, оны тұтқындамай босатып жiберуге мүмкiндiк алатындай есеппен жүргiздiк»,- деп жазды.

«Алашорда» Үкiметiнiң Төрағасы әр сөзiн шегелеп, дәлелдеп, бұрынғы және бүгiнгi Ресей өкiметiнiң әрбiр әрекетiн қысқа ғана талдап, «қызылдарға қарсы болған себебiм мынау, оған кеңес өкiметiне былай қарады»,- деп түйiп-түйiп айтып, тұқырта түйiндеп отырды. Әлекеңнiң мысы басқаны сондай: «Кеңес өкiметi жер мен аз ұлттар туралы қаулы шығарардың қарсаңында менi тұтқындап, ақыр соңында Бутыркадан - Кремльдiң төрiне бiрақ-ақ шығарушы едi. Бұл жолы қайтесiңдер»,- деп кекетуден де жасқанбады. Өзiн-өзi ұстай бiлген ұлт көсемiн ОГПУ - тергеушiлерi ақыры тұтқындауға бата алмады. Әлиханның еркiндiкте жүруi түрмедегi Ахмет, Мiржақып, Жүсiпбек, Мағжан, Мұхамеджан, Мұхтар, Әлiмхан iспеттi достары мен бауырларының да рухын көтердi. Сталиннiң өзi жеке қалып сөйлеуден именетiн Әлекең - Әлихан Бөкейханов бостандықта жүрсе - өздерiне араша түсетiндерiне сендi. Ол сенiмдерi ақталды да.

Осының ішінде алаштық және кеңестік қазақ зиялыларын шетінен «жапон имперализмінің шпионы» етіп көрсетіп, оларды баудай қырып түсіруге ту басында себепкер болған деректің бірі де, бірегейі де тұрлауы толық анықталмаған тұлғалар - М.Тұңғашин мен Б.Қаратаевтің жеке архив құжаттары еді.

Қарт күрескерлер, патша мен кеңес өкіметі тұсында қазақ мүддесін қузаған, екі өкіметтің де тізгінін кезек қағып, «қамшыгер» атанған М.Тұңғашин мен Б.Қаратаев өздерінің «тиянақты түрде жиыстырып», құпия түрде сақтаған деректерінің барлығын (С.Меңдешевтің кеңесімен - ?) большевиктердің архивіне өткізді. Егерде «Алашорданың» ұйымдастыру құрылтайында М.Тұңғашин мен Б. Қаратаевті «жандармерияның жансызы» деп жариялап, жиыннан шығарып жібергенін еске алсақ, бұл оқиғаны мына «тиянақтылықпен» салыстырып, оның астары мен залалын таразыласақ, санада «қарт күрескерлердің» бейнесі емес, көмескі тартқан ақ шашты сүлдерлері ғана қалады. Тікелей «Алашорда» үкіметінің құрамына кірмесе де, олардың хаттамалары мен шешімдері, бұйрықтары мен нұсқаулары тіркелген құжаттарға, сол құжаттардағы оқиғаларға қарсы пікір білдіргендердің жазбалары мен куәліктерінің түпнұсқасына немесе көшірмелеріне тиісті түсінік беріп, түптеп отырғандары ұқыптылық па, жоқ, ұрымталдық па? Жоқ, «аурулары қалса да, әдеттері қалмай», қашан да билеуші үкіметтің көңілін тауып, екі бетті қалыптарын сақтап қалғаны ма? Әйтеуір, тергеушілерді - сүйіндіріп, тергелушілерді - күйіндірген бұл құжаттар алашордашыларға да, большевиктерге де «жапон шпионы» деген қарғыбау ілді.

Қазақ зиялыларына қарғыбау болып тағылған осынау қарғыс атқан формулировканың шығуына негіз қалаған тарихи оқиға туралы Заки Валиди өзінің «Естелігінде»:

«1918 жылы 15 мамыр күні Астыртын жағдайда «Алашорда» өкілдерімен ақылдаса отырып Қостанайда жасырын кеңес өткізілді, онда: Қазақстанның, Башқұртстанның, Түркістанның саяси жағдайы туралы мәлімдеме жазылып, оны бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жеткізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Жапонияның таңдап алынуы, бұл ел Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы халықаралық үрдісті сақтау көзделді. Алайда 27 мамыр күні Чехословак корпусы Челябі - Омбы арасындағы темір жол желісін басып алды... Кеңес өкіметіне қарсы күресу үшін башқұрттарға дем беріп, 7 маусым күні ұлттық үкімет құрылды. Онда З.Валидов әскери министр міндетін атқарды. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды. Башқұрт әскері жеңістен жеңіске жетіп, Қазақстан мен Түркістанға бет алды. «Кеңес өкіметіне қарсы башқұрттармен қазақтардың бірігіп күресуі (большевиктердің) өшпенділігін өршіте түсті. «Колчактік Сібір үкіметінің жоғары командованиесі өткізетін 18-21 шілде аралығындағы құрылтайға ұсыну үшін Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын ұсынысы Семейде талқыланды. Оған Башқұртстаннан - Сеитгерей Мағазов, «Алашордадан» - Әлихан Бөкейханов, Түркістан - Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысты»,- деген мағлұмат береді.

Міне, Жапония үкіметіне қатысты осы құжаттар 1922-1953 жылдардың арасында қазақ зиялыларына «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы» - деген айып тағуға мүмкіндік берді. Ал ол құжаттар Сібір үкіметінің құрылтайынан:

«...кейін екі жылдан соң (1920) астрахандық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған хаттама және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті... Кеңес өкіметінің саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім»,- дейді З.Валидов (249-бет)

Ашығын айтсақ, мұндай «сұрқия пиғылдағы сүйкетпелерді» назарға ілмес едік. Бірақ оны пайдалануға мынадай бір кілтипан еріксіз мәжбүр етті. Б.Қаратаевтің қорында сақталған ол хатты 1928 жылы С.Меңдешев Өлкелік Комитеттің бөлімдері мен мұрағатының құзырына ұсынған. Ал онда түскен құжаттардың барлығымен ең бірінші құпия тыңшылар танысып, мәліметтерді іріктеп, тиісті орындарға хабарлап барып, мұрағаттың қорына қосатын бұлжымайтын кеңселік тәртіп бар. Оның үстіне тура сол кезде «Алашордаға» қарсы құпия мәліметтер жинақталып, Өлкелік Комитетте тексеріліп, кімге қандай айып тағу керектігі туралы тергеушілерге нұсқау беріліп жатқан. Бұл ретте қарт күрескер Б.Қаратаевтің құжаттары олар үшін аса құнды еді. Сол «құнды құжаттардың» бірі «халық мұғалімі С.Тұрынтаевтің хатының» негізінде, Х.Досмұхамедов бастатқан «Ойыл уәлаяты» үкіметінің қайраткерлері түгелдей тұтқындалып, барса-келмеске жіберілді. Хат «халықтық мұғалімнің» жат пиғылына орай:

«Бұдан кейін тиісті өкім шығаруыңыз үшін Сіздің құзырыңызға Орал облысының арғы бетіндегі тұрғындардың (қазақтар мен қоныстанушылардың) тағдырын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған (вершителей судеб) Халел Досмұхамедовтің (бұрынғы Ойыл аудандық аткомының, Орал облаткомының, Орал жер басқармасының төрағасы және «Алашорданың» батыс бөлімінің, тағы басқалардың да мүшесі) қимыл-әрекеттері туралы баяндауды өзімнің парызым деп есептеймін. Халел Досмұхамедов төңкеріске дейін 8 жыл дәрігерлік етті, ол кезде қоғамдық қозғалысқа ешқандай да ынтасы байқалған жоқ»,- деген әшкерелеуші екпінмен басталады.

Зады Салық мұғалім Х.Досмұхамедовтің 1904 жылы Қазан қаласындағы Ветеринар институтының студенті, досы Ғұбайдолла Бердиевке ел қамын ойлап жазған хатынан кейін жандармерияның бақылауына алынғанынан, әрине, бимағлұм болса керек. Оған халықтық мұрағаттанушы Болат Нәсеновтің Мәскеудің Әскери-тарихи архивінен тапқан төмендегі дерегі дәлел. Хаттың шекесіне:

«Әскери-медицина Академиясының студенті Досмұхамедов Халел Досмұхамедұлы туралы. Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау бөлімі, 4-сөре. 23 қазан, 1904 ж. №15081. Полиция департаментінің осы жылғы 16 қазандағы №12065 ұсынысына орай мынаны хабарлаймын:

Қазан қаласының Ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке 1904 жылы 7 қазанда Санкт-Петербургтен жазылған «Сенің Халелің» деп басталатын хаттың авторы - Әскери-медицина академиясының студенті Досмұхамедов Халел Досмұхамедұлы, Даманский көшесіндегі № 46 үйде тұрады. Осыған дейін бұл адам туралы саяси сенімсіздік көрсететіндей мәліметтер түскен жоқ»,- деген ескерту жазылған.

Демек, Халел сол күннен бастап тіміскінің аңдуына ілінген. Хаттың иесіне жетпей, неге жандармерияның құпия тартпасында қалғаны енді түсінікті.

Ондағы: «1904 жыл, 7 қазан. С-Петербургтен Қазан қаласындағы Ветеринар институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке.

Қаладағы ұзақ мерзімге созылған қапырық өмірден кейін шалқар даланың кеңдігі менің бойымды билеп алды. Өзіме таныс кигіз үйдің көрінісі, аса қымбатты ауылыма келуім, туыстармен кездесуім, сырт адамдардың құрметі - осының бәрі таңқаларлықтай әсер етті. Бұл қыр елінің өркениеттілерден жоғары тұрғандығының белгісі. Сенен басқа жүздеген, мыңдаған қазақтың жоғарғы дәрежелі білім алып жатқанын ойыңа алсаң, сол кезде: бұл халық та еңбекке, алға басуға қабылетті екен, - деп есептейсің. Бұл: «Бір кезде дүние жүзінде алдыңғы қатарлы құрметті орындардың бірін алады, ол екінші Жапонияға айналады»,- деген сөз.

Мұндай елдің - ақ сайтандардың қол астында үнемі бола беруі мүмкін емес. Өзін-өзі тұншықтырған, әрі өзінің озбыр билігіне шек қоя алмайтын, тіпті жерасты дүмпуіне қарсы тұра алмайтын бұл жұрт өзінің өшін ешқандай кінәсі жоқ шет аймақтағы халықтардан алмақшы. Осылайша, әзірше қарсыласуға шамасы жоқ біздің халқымызды тықсыруда, жаншуда. Олардың жерін тартып алуда. Бұл жерді халқымыз қанын төгіп татар, башқұрт, қалмақтардан қорғап қалған еді. Мыңдаған адамды құрбан етіп, олардың жерін  ұрыларына, тонаушыларына, біздің халықты «үйретушілерге» бөліп берді. Олар біздің халыққа темекі тарту, арақ ішу, өтірік айту, ұрлық, зорлық зомбылық арқылы қайыршы болуды үйретіп, соның жемісі ретінде бүкіл халықты құрып кету кезеңіне жеткізбекші. Біздің халық өмір сүру үшін жанталасуы қажет. Біздің дала әкімшілігіндегілер де дәл осындай жолмен жүрмекші. Бірін-бірі жамандауды, пәлеқорлықты, дау-жанжал туғызуды және партияға, жікке бөлініп жауласуды өршітуде.

Міне, бірнеше жылдан бері бақытсыз заманның кеселінен қатыгез, адамгершілігі жоқ, халқына деген жүрегі таза емес, аяушылықты білмейтін, тонаушылар, қасиетті діни сезімді аяққа басушылар ел басқарып келеді. Мысалы, «Қызыл крестке» жанашырлық жәрдем көрсету» дегенді сылтауратып, бастықтар «бұйрықпен» байлардан бір-бір қойдан, ал кедейлерден бір сомнан жинауға пәрмен берді. Бұл адам айтқысыз көп соманың 100 сомы басқармаға қалдырылады. Біздің бақытсыз халқымызға Жұлдызовтың (Юлдузовтың)  компаниясының жасаған жамандығын есептеп шығару үшін бірнеше адамды отырғызу керек.

Сайлау кезінде де солай. Оған ешнәрсені қарсы қоя алмайсыз. Бүкіл халықты қорқытып қойған. Олар үндемейді. Ең өкініштісі сол, осыны көре тұрып сенің қолыңнан ешнәрсе келмейді. Біз халыққа көмектесеміз деп қиялдаймыз. Қашан? Осының барлығы жүректі ауыртады. Тек сен ғана мені түсінесің, маған жаның ашиды. Ойланшы. Болыстыққа Адай Өжекті (19 шар алған) немесе Жылсүйімбетті (11 шар алған) сайлауға болмас па екен? Әйтпесе, болыстыққа Гадучевтердің компаниясынан сұмырай Жұмағұлды сайлауы мүмкін. Онда тағы да халық оның қанауынан қан қақсайды»,- деп өршіл де намысты қаламмен жазылған осынау хаттың астарынан оянып келе жатқан күрескер рухтың тегеуіріні анық танылады.

Бұл туралы Халелдің өзі:

«1906 жылы қырдағы ауылдарды аралап жүргенімде полицияның көзіне іліктім де, саяси жұмыс жүргізуіме тыйым салынды»,- деп жазды.

Мүмкін, «халық мұғалімі»Халелдің мұндай елдік мінезін біліп тұрып, білместікке салды ма, кім білсін.

Егерде «қоғамдық қозғалысқа еш қатысы болмаса», онда Х. Досмұхамедов «Батыс Алашорда» үкіметінің мақсаты мен міндеті туралы 1918 жылы сәуірде Ленин мен Сталинге ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық қозғалыс туралы:

«Таптық және тектік (сословиелік) алауыздық пен бөлінудің жоқтығы, тұрмыс пен шаруашылықтың бір формасы қазақ халқын біріктіре түсті, сана-сезімі ояна бастаған халық жалпыұлттық мұрат-мүдделерді талдауға ұмтылды. Жалпыұлттық мәселелердің ішіндегі ең маңыздысы ұлттық мемлекеттік дербестік мәселесі еді. Бұл мәселенің күн тәртібіне өткір қойылуына ықпал еткен мына жағдайлар болатын:

1. Қазақ халқы өзінің ұлттық тәуелсіздігі мен дербестігін әлі ұмыта қойған жоқ еді, қазақтардың орыс бодандығына толық өтуі өткен ғасырдың 80-жылдарында, яғни, бұдан 50 жылдай бұрын ғана аяқталды.

2. Бастан кешіріп отырған патша өкіметі отарлау саясатының қорлығы мен езгісі.

Міне, сондықтан да 1905-1906 жылдардағы революция кезінде, қазіргі кезде де қазақ халқы ең алдымен ұлттық дербестік пен тәуелсіздікті талап етті, дербестік Қазақ өлкесін автономиялық жолмен басқару арқылы көрінуі керек.

Революцияның басында қазақ халқы ұлттық автономияны Құрылтай жиналысы арқылы да алмақ болды, бірақ, кейінгі Октябрь ревоюциясы мен елдегі азамат соғысы қазақтардың көзін ашты. Бостандықтың құны қымбат, сондықтан да билік басындағылар бостандықты оңай бере қоймайды. Тәуелсіздік пен бостандыққа тек ұйымдасқан күрес арқылы ғана жетуге болады. Күрес нәтижелі болу үшін қоршаған қоғамдық ортадағы әртүрлі саяси ағымдарға бейімделе білудің және күрес жолында сенімді одақтастарды таңдай білудің де үлкен маңызы бар.

Осы алғы шарттарды айта отырып, қазақтардың саяси ұйымдармен, қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі жолындағы күрестегі партия ұйымдарының міндетімен, күрес әдістерімен таныстыруды мақсат еттік»,- деп баға бермес еді.

Назар салыңыз, әңгіме, «сенімді одақтас таңдай білу» туралы болып отыр. Мұндай формулировка саяси күресте тәжірибе жинақтамаған кез-келген дәрігердің қаламының ұшына іліне бермейді.

Ал «халық мұғалімінің орындалған парызының» мәтініндегі саяси «формулировкалар» кейінгі жылдардағы «Алашорданың» батыс бөлімі туралы «кеңестік үкімдерде» сол күйінше қайталанады. Демек, «сауатсыз халық» атанған жұрттың сауатты өкілдерінің арызындағы қолданыстар кеңестік тарихшылар мен идеологтардың өзіне де үлгі болған. Архив пен тергеу құжаттарымен таныса отырып, таң қалған бір жайым - сол жылдардағы жазылған арыздардың сауаттылығы. Оның әр жолы соттың үкіміне пара-пар. Сондай «таланттардың» басқа қыры ашылмай, «дүлейдің» түйдегінде кеткені өкінішті. Сонымен, халық мұғалімі өзінің бұқара алдындағы, дәлірек айтқанда, С.Меңдешевтің алдындағы «парызын»:

«Алайда ақпан төңкерісі басталған тұста ол өзін демократиялық қоғамдық қозғалыстың көсемі ретінде көлегейлеп көрсеткенімен де, іштей монархиялық құрылымның жақтаушысы, асқан атаққұмар, өзімшіл және материалист (құдайсыз деген мағынада - Т.Ж.) күйінде қалып қойды. Өзінің осындай қасиеттерін қанағаттандыру үшін ол туған халқын құрбандыққа шалуға да бейімді еді. Монархиялық жүйе құлаған соң Х.Досмұхамедов аталған аудандар мен Татарстандағы монархиялық құрылымды жақтайтын партия мүшелерінің көмегіне сүйеніп, Х.Досмұхамедовтің кандидатурасына қарсы күрескен Ойылдағы демократиялық бағыттағы орыс тұрғындары мен мұғалім Сүбіханов бастатқан қазақтардан басым түсіп, Ойыл аудандық аткомының төрағалығына өтіп кетті. 1917 жылы көкектегі Оралда өткен қазақтардың облыстық құрылтайына Х.Досмұхамедов өкіл боп қатысты. Ол мұнда мінбеге жиі шығып сөйлеп, өзін демократиялық қозғалыстың нағыз қайраткері, сөзұстар шешені ретінде көрсетті. Өкінішке орай ол мұны дегеніне жету үшін істепті, оның деген мақсаты - облаткомның төрағалығына өту екен, ал Х.Досмұхамедовті бұрын білмейтін құрылтай мүшелері оған сеніп қалыпты. Сонымен қатар, өзінің таныс өкілдеріне, егерде мұны төрағалыққа өткізбеген жағдайда, құрылтай жұмысын тараттырып жіберетінін айтыпты, ал құрылтайдың басты мақсаты - барлық демократиялық бағыттағы зиялыларды біріктіру болғандықтан да, оны көрсетілген қызметке сайлауға мәжбүр болды. Содан бастап өзінің құзырлы қызмет бабын пайдаланған Досмұхамедовтің контрреволюциялық іс-әрекеті үдей түсті. Айтылған құрылтайға өкіл ретінде мен де қатыстым. Оның құрылтайды таратып жіберетіні жөніндегі жоғарыда айтылған сөзін естіп, 2 күннен кейін оның төрағалығымен өткен облаткомның отырысында уездік комиссардың орынбасарлығына атақты алаяқ Шәріп Сейкетовті тағайындағанда ғана Х.Досмұхамедовтің оңбағандығына көзім анық жетті»,- деп («Алашорда қозғалысы», 3-том, 2-кітап 272-273 беттер) Халел Досмұхамедовке мінездеме беру арқылы  өтеді.

Сондай орнықтылықпен хатқа түсірілген бұл жолдардың аранды астары «атақты алаяқ Шәріп Сейкетовтің» орынбасарлыққа тағайындалуын «оңбағандық» деп бағалаған тұста бір-ақ ашылады. Қазақ зиялысының бір ұлттық ерекшелігі, ол дұшпанының осы дүниедегі барлық қылмысын кешіруге, оны ұмытуға бар, тек ру тартысы мен сайлау тұсындағы бақталастықты кешірмейді де, ұмытпайды да. С.Тұрынтаев қазақы екі майданда да Х.Досмұхамедовтің қарсыласы С.Меңдешевтің тобынан табылған адам сияқты. Өйткені Халел Досмұхамедовтің ұлт үшін қолданған шараларының бір де біреуі оған жақпады әрі дұшпандық боп көрінді (Біз бұл көрсетінділерге тек өмірлік дерек ретінде ғана қарап, тергеу ісіне қатысты мағлұматтарды ғана тілге тиек еттік).

Ал осындай «құпия құжаттарды ұсынған қарт күрескер Б.Қаратаевті» С.Меңдешев саяси науқан тұсында арашалауға тырысып:

«Иә, Қаратаев патшалық құрылымды тас-талқан ете алған жоқ, сонда да, Мемлекеттік Думада «артық жер жоқ» деп сөйледі. Қандай батыл пікір... Егер Қаратаевтің Думадағы жоғарыдағы сөзін баяндамашы теріс түсіндіріп: артық жер бар - деп айтты деп тұр. Бұл мүлдем қате»,- деп пікір білдіргенімен де оның бұл сөзі қаперге  ілінбеді.

«Өткелден өткенше қызын алып, өткелден өткен соң қызын талақ етіп» әдеттенген большевиктер 1933 жылы желтоқсан айында «Алашорда» қозғалысы туралы пікір алысуды тыңдауға келген Бақытжан Қаратаевтің қызын да жиналыстан амалын тауып аластап шығарды. Аса «саяси көрегендік» жасаған І.Құрамысов бұл жөнінде партия мүшелерінің алдында:

«Бір нәрсенің басын ашып алайық. Мен пікір таласы басталмас бұрын сіздерге түсініксіздеу көрінген, яғни, партияда жоқтардың мәжілістен шығып кетуін өтінуімнің себебін түсіндіре кетейін. Мәселе мынада, осында жиналған тыңдаушылардың қатарында бір топ әйелдер де отырды, олардың қатарында Телжан Шонановтың әйелі, Қаратаевтің қызы да болды. Оларды шығарып жіберу үшін сондай оқыс шара қолдануға тура келді, оным түсінікті ғой деймін, көлденең куәнің қажеті қанша...»,- деп ақталды.

Шындығына келгенде, Бақытжан Қаратаевтің енді оларға кедергіден басқа керегі шамалы-тын. Сондықтан да оның өзі түгілі, оның қызын да қоғамнан тыс қалдырды. Әйтпесе, әкесінің тағдыры талқыға түскенде оны білуге туған төлінің қақысы толық бар болатын. Жақыннан - жау іздеп, жаттан - таптық бауыр тапқан сұм заманның ойын шарты солай болатын.

Ол тұста мұндай құрыққа түспеген қайраткер жоқтың қасы. Сәкен сияқты «ақындардың аққуы» да өзін-өзі ақтау орайында сондай қадамдарға барғаны және ондай мәліметтерді саяси науқандардың қарсаңында 1925 жылы 19-сәуірде және 1937 жылдың басында жазған. Алғашқысы Голощекиннің келуінің, ал екіншісі үлкен «ғарасат майданының» қарсаңы. Біз соның ішінде Д.Әділевтің көрсетіндісінде айтылатын бір оқиғаға ғана тоқталамыз. Үкімет төрағасының орнынан түскеннен кейінгі С.Сейфуллиннің Сталинге жазған хатында:

«...Айналып келгенде, Қазақстанды оңшыл элементтер билеп алды, ал «Алашордашылар» қол шапалақтап отыр. Дәйек үшін үлкен мәні бар елеусіз бір оқиғаны келтірейін. Бүкіл Қазақстан тұтастыққа ие боп, Жетісу мен Сырдария облыстары қосылғаннан кейін өткен Ақмешіт (Перовскі) қаласындағы                        Ү жалпықазақ құрылтайына үлкен маңыз берілді. Құрылтайдың ашылғанына екі-үш күн өткен соң менің бір жолдасым: мәжіліс өтіп жатқан залдың төріндегі қызыл тудың жанына «Құраннан» алынған аят жазылған Досмұхамедов басқарған Батыс алашорданың туы қойылыпты - деді. Мен сенбедім. Бірақ та қызыл тулардың ортасында жасыл тудың тұрғанын есіме алдым. Кейбір жолдастар реніштерін білдірді. «Алашорданың» туы орынынан алынды. Кейін: «Бір орыс қызметкері білместікпен іліп қойыпты»,- деп түсінік берілді. Құрылтайдың техникалық жағын жоғары білімді адамдар басқарды емес пе»,- деп мағлұмат берді.

Ал «мәжіліс өтіп жатқан залдың төріндегі қызыл тудың жанына «Құраннан» алынған аят жазылған» Алаш туының орналасуында және оның Халел Досмұхамедовтің есімімен байланыстырылуында тарихи нысан жатыр еді. Өйткені «Алаш - Алаш болғалы, Алаша - хан болғалы», «Керегеміз - Ағаш, Ұранымыз - Алаш!» болғалы қазақтың тәуелсіздігін тұңғыш нысана еткен Ту осы болатын.

Өйткені: 1917 жылы 19-22 сәуір аралығында өткен Орал қазақтарының І құрылтайында Халел Досмұхамедов:

«Біздің мақсатымыз - ел билігін халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта өз тағдырын өз қолына алуы тиіс. Біз тапқа, жікке бөлінбейміз, біртұтас халық ретінде болашақ үшін күресеміз. Жайық өңірін мекендеген басқа ұлттармен достық одақ құрып, олардың өзара араздасуына жол бермеуіміз керек, өйткені бұл - заман тудырған біздің тағдырымыз. Қазір желбіреп тұрған бостандықтың жасыл туы - бәрімізді бірлікке, бауырластыққа шақырады. Қазақтың қара шаңырағы бәріне де пана бола алады. Сондықтан да саяси арандатушылардың жолын бөгейік, қан төгіске жол бермейік. Елдің берекесінің кетуіне түпкілікті себеп - қазақтарды жік-жікке бөліп, оларды бірін-біріне қарсы қойып, қан қақсатқан саясат. Бізге береке-бірлік әперетін тек қана Әділдік. Қалың халықты тонаушылар, момындарды жылатушылар бізге жолдас бола алмайды. Қазақты, басқа халықтарды аяусыз қанаған патша орынынан түсті. Қазақты - елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетін қайраткер ғана басқаратын болады. Сол себептен де біз қалай да Ресейден автономия алуға тиістіміз»,- деп сөйлегенде төрде тұрған «Құран» аяты жазылған жасыл Ту - осы Ту еді.

Бұл - ұлт үшін ұлы тарихи нысана сөз. Бұл - қазақ елінің империядан ірге бөлуінің мүмкіндігіне сендірген, санаға бостандықтың сәулесін түсірген киелі хабар болатын. Жаңылысып қойылса да, ақын жанын «әрі тебірендіріп, әрі түршіктірген» төрдегі аятты ту - түпкілікті қасиетті орынын тапқан азаттықтың аян туы, Тәуелсіздік Туы, Алаш Туы еді. Осы құрылтайдың төрағасы ретінде Ж.Досмұхамедов 1938 жылы тергеушіге:

«Құрылтайдың тапсыруымен Орал қазақтарының басқару құрылымын жасадым, ол еш өзгеріссіз құрылтайда бекітілді. Кейінгі демократиялық өзерістердің барысында ол жеке кітапша боп басылып шықты. Құрылтай: монархияға - демократияның құлдығының символы, бір халықты екінші халыққа арандатудың ошағы ретінде баға берді. Егерде: барлық халықтардың өзі-өзі билеуіне ерік берілген жағдайда және барлық державалар қарусыздандырылса, онда құрылтай өкілдері ешқандай аннекциясыз, контрибуциясыз бейбіт келісім жасауды жақтайтынын мәлімдеді. Жалпыға ортақ ашық және жасырын дауыспен сайланған Құрылтай жиналысы - Россияның мелекеттік заңдық құрылымы ретінде танылды, өзінің санына байланысты әр ұлттың өкілі мемлекеттік мекемелерге қабылданатын болсын деп шешім шығарды»,- деп жауап берді.

Сол құрылтайда көтерілген жасыл тудың шылауымен 1917 жылы 1-11 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өткен І Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Ғ.Әлібеков, К.Жәленов, Ғұбайдолла және Дәулет ишандар, У.Танашев пен Ш.Бекмұхамедов қатысты. Бұл құрылтай Ресей бодандығындағы мұсылмандарды ғана біріктіріп қойған жоқ, сонымен қатар тәуелсіз республика туралы мәселе ашық мінбеде көтерілген тұңғыш бас қосу болды. Бұл кезде құқық генералы дәрежелес Том округінің аймақтық прокуроры боп істеп жүрген Жаһанша Досмұхамедов жалпыресейлік беделге ие болып, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасарлығына сайланды.

Арада тура бір жыл өткен соң, қызыл империя көсемдерінің 1918 жылы 24 және 27 наурыз күнгі шақыруы бойынша «Алашорда» өкіметінің өкілетті өкілі ретінде Халел және Жаһанша Досмұхамедов екеуі 1-көкек күні Ленин мен Сталиннің алдында қазақ елінің мемлекеттігін мәселе етіп қойды:

«Алашорданың» Жымпиты тобы алғашқыда «Ойыл уәлаяты» үкіметі деп аталды, яғни, Орал қазақ әскерлері территориясынан бөлек Ойыл облысы қазақтарының үкіметі құрылды. Кейін ... ресми түрде «Батыс Алашорда» үкіметі деп атала бастады. «Батыс Алашорда» үкіметінің алғашқы шешімі - Халық Комиссарлар кеңесіне өкіл жіберу туралы болды. Өкілдіктің мақсаты - кеңес өкіметіне Қазақ автономиясын тану туралы өтініш жасау, сондай-ақ өлкедегі азаматтық және әскери басқару ісін ұйымдастыру үшін материалдық көмек сұрау, әсіресе, өлке тұрғындарын азық-түлікпен және фабрика-зауыт өнімдерімен қамтамасыз ету туралы келіссөз жүргізу еді. Өкілдіктің кеңестік Россияға жіберілуінің өзіндік себебі де болды: ол - ұлттардың өзінің мемлекеттік құрылымын өзі шешуі құқын жариялаған Кеңестердің III съезінің қаулысы болатын, сондықтан да ұлт мәселесі бойынша Россиядағы ең сенімді өкімет - (кеңестер) деп танылды. Өкілдік 1918 жылдың наурыз айында Москваға келді. Жоғарғы кеңес мекемелерінің Петроградтан Москваға көшу кезеңіне тап келген өкілдік мүшелері өз өлкесінің мұң-мұқтажын ұлт істері жөніндегі Халық Комиссары И.В.Сталинге баян етті. Сталиннің кеңесімен азық-түлікке байланысты мәселелер Азық-түлік Комиссариаты жанындағы Коллегия мәжілісінің қарауына ұсынылды.

Батыс өлке қазақтары жағдайымен мұқият танысып алған соң, Сталин тікелей байланыс арқылы сол кезде Семей қаласында болған «Шығыс Алашорда» басшыларымен сөйлесіп: Қазақ автономиясы туралы мәселе Халық Комиссарлары кеңесінің қарауына ұсынылатынын, содан соң Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінде қаралатынын мәлімдеді. Жергілікті жерлердегі автономия идеясына жеке басы түсіністікпен қараған Сталин ВЦИК-тің басылымы «Известияда» осы мәселеге байланысты принципті мақаласын жариялады. Мақалада: аймақтардағы билік ұлттық буржуазияның қолында емес, өзін-өзі билеуші ұлттық демократиялық төменгі тобының қолында болған жағдайда ғана жергілікті аймақтарға, соның ішінде Башкирия мен Қазақ өлкесіне де ұлттық-территориялық автономия берудің мүмкіндігі мен қажеттігі туралы пікір айтылды. ...Елге қайтар алдында делегация Сталинге елдегі қалыптасқан жағдайды түсіндіріп кетті: мүлдем қарусыз, әлі толық ұйымдаспаған, бұрын әскери қызметте болып көрмеген қазақтар кеңес өкіметін мезгілінен бұрын, ашық, белсенді түрде қолдап шығатын болса, Орынбор мен Орал казактары тарапынан жаппай қырғынға ұшырауы мүмкін, сондықтан да қазақ зиялыларының міндеті - қазақ жігіттерінің казактар жағына шығуына жол бермеу, казактардың қатарын қазақтардың есебінен толықтырылуын болдырмау - керектігі айтылды. Жолда, Саратов қаласында, өкілдік мүшелері...» тұтқындалды.

Өйткені мұндай нысаналы адамдардың азаттықта жүруі кеңес өкіметі үшін аса қауіпті әрі «намысқа» саналатын.

Сондықтан да пролетариат көсемі Ленин «Алашорда» үкіметіне о бастан екіжүзді саясат ұстанды. Оларды бетпе-бет келгенде сондай бір безбүйрек «бауырмалдықпен» бауырына тартып, «Алашорда» қайраткерлеріне кешірім жасау туралы Қаулыға қол қоя отырып, ту сыртынан Орынбордағы әскери кеңеске:

«Алашорда» үкіметіне еш қолдау болмасын, бірақ уақытша олардың басшыларын (оқығандарын) Кеңес өкіметінің қызметіне кеңірек пайдалану керек, жас Кеңес өкіметіне олардың білімдері қажет. Ал қалғанын кейіннен көрерміз... Бірақ оларға мүлде сенуге болмайды»,- деген (Д.Сүлейменова, «Алашорданың батыс бөлімінің тарихы», 10-бет) дұшпандық тапсырма берді.

Кеңес өкіметінің жазалаушылары алаш азаматтарына «көрсететін көресісін» кейінге қалдырып жатпады. Мәскеуден қомақты қаржы көмегін алып, қыр еліне қайтып бара жатқанда, жолда Саратов қаласының вокзалында Х.Досмұхамедов пен оның серіктерін большевиктердің ықпалындағы Саратов совдепі (жұмысшы, шаруа және солдаттар кеңесі) тұтқынға алды.

Шұғыл түрде шақырылған Атқару комитетінің мәжілісінде төраға В.П.Антонов-Саратовский:

«Кеше маған Орал кеңесінің мүшелері: алдыңғы шептегі жасақтар бірнеше адамды ұстап, олардың күдік тудыратыны туралы ілеспе хат бар, - деп осында алып келді. Сөйтсе, олар Петроградқа барып қайтқан қазақ жер басқармасының өкілдері екен, қолдарында Халық комиссарлар кеңесінің арнайы құжаты бар. Мен оларды тұтқында ұстаудың қажеті жоқ және байланысымызды шиеленістіруге болмас деген оймен босаттым. Олар: «Халық комиссарлары кеңесі (Орал) жер басқармасына арнайы комиссар жібермек еді, ол комиссар әлі тағайындалған жоқ, сондықтан да орталық бізге арнайы комиссар жібергенше, Саратов совдепі өз өкілін жібергені дұрыс болар еді»,- деген өтініш білдірді. Жандарында орталық бөлген аса көп мөлшерде ақша бар болып шықты. Оларды осы мәжіліске жіберіп, пікірлерін тыңдауды өтінемін»,- деген («Алашорда қозғалысы», 2 том, 143-бет) ұсыныс жасады.

Ұсыныс қабылданды. Қалыптасқан жағдайда шарт қоя сөйлеу қатерлі еді. Сонда да Х.Досмұхамедов:

«Мен бүкілқазақтық «Алашорда» халық кеңесінің мүшесімін. Барлық қазақ облыстары кеңеске қарай бейімделуі тиіс. 8 кеңес (бөлімі) болуы керек. Орталық басқарма Семей қаласында орналаспақ. Қазір ондай кеңес жоқ. «Алашорда» кеңесін өзге де өкілдермен толықтыру көзделген. Шындығын айтқанда, бізде кеңесті ұйымдастыру қиыншылыққа соғады. Оны ұйымдастыратын да ешкім жоқ. Жұмысшы да, солдаттар да бізде жоқ. Бізде тек қана жер басқармасы ғана бар, соны ғана сақтауды ұйғардық. Халық комиссарлар кеңесі: Қазақ ісі жөніндегі комиссариат - ұйымдастыруды ұйғарды. Орталықта біз: совдептердің жер басқармасына ешқандай зиян келтірмеуі туралы шешімді Саратовтағы, сондай-ақ Оралдағы совдептерге хабарлауды өтінгеміз. Осылай жүруге бір апта қалғанда, казактардың Орал кеңесін таратқаны және олар біздің жер басқармасымен тіл табыса алмай, олардан толық бағынышты болуды талап етіп жатқаны туралы хабар алдым. Енді оларға қалай жетудің амалы барын білмейміз»,- деп жалпы жағдайларынан мағлұмат берді.

Бірақ олардың қандай шешім қабылдайтыны белгісіз еді. Әсіресе, миллион сомдаған қаржы қызылдардың да көзін қызартқаны, оны қалайда алып қалуға тырысқаны кеңес мүшелері:

Степановтың: «Орал кеңесінің мүшелері сымсыз байланыс арқылы бізге басқаша мәлімет берді. Казак әскери үкіметінің шешімімен орталықтан қомақты ақша алып, оны бізге қарсы жұмсауға жіберілген өкілдер осылар емес пе. Бұлар Орал кеңесінің рұхсатынсыз кетті»;

Банкрицердің: «Қағаз мылтықпен өзімізді атып жүрмесін. Біз олардың тілінде түк түсінбейміз. Мен олардың Сейіт деген біреудің ысқырығымен жүретінін ғана білемін. Ұстап қалмайық, бірақ Үндеуге сеніп қалуға болмайды»;

Фолькиннің: «Қазақтар Омбыда Уақытша үкіметке қарсы шыққан, алайда қытығын басқан соң оны мойындады. Кеңес өкіметі орнағанда оны да мойындады. Бұларды казактардан оқшау ұстап, Үндеуді тарату керек»;

Аты-жөні белгісіз біреудің: «Жер басқармасына он миллион сом сұрау үшін кеңестің рұқсатынсыз орталыққа кеткендер туралы естігемін. Комиссияның құрамындағы Попов - оңшыл эсер, Досмұхамедов - конституциялық демократ. Әрине, бұларды бәрінен бұрын ұлт мәселесі алаңдатады, бірақ комиссия мүшелері өте күдікті адамдар»,- деген пиғылдарынан анық танылады.

Әскери төтенше жағдайға сәйкес қазақ қайраткерлері өз қауіпсіздіктерін сақтау мақсатында сол екі арада Ұлт мәселесі жөніндегі халық комиссары комиссар И.Сталинге:

«Саратов совдепі уралдық казактарға тосқауыл қоюға кірісті. Орал қаласына баратын жол әскери бақылау астында, жүруге қауіпті. Саратов қаласының вокзалында өздерін: Урал совдепінің өкіліміз деп таныстырған белгісіз бір адамдар бізді тұтқынға алды. Алайда Саратов совдепі бізді босатты. Біз: Комиссарлар кеңесімен жүргізілген келісімнің нәтижесін түсіндіріп, казактардың арандатуларына ұрынып қалмауы туралы қазақтарға үндеу жарияладық. Комиссарды тездетіп тағайындауға және Халкомның жанындағы қазақ комиссарын Урал совдепіне жіберуге тырысыңыздар. Саратов совдепі арқылы: жер басқармасының өкілдеріне күш көрсетпеу туралы телеграф арқылы қайталап хабарлауды ұмытпаңыздар. Жер басқармасына қазір тиіспесін. Бізбен Саратов совдепі арқылы хабарласыңыздар»,- деп («Алашорда қозғалысы», 2 том, 441-бет) жеделхат жолдап үлгереді.

Құзырлы хабардың ырқына көнген В.П.Антонов-Саратовский қазақтарды жақтай сөйлеп:

«Қазақтар әлі алғашқы қауымдық құрылыс деңгейінде өмір сүреді. Тап жігі толық анықталған жоқ. Олар малдың басына қарап адамға баға береді. Сондықтан да кеңес мүшелері мен жер басқармасында істейтіндердің құрамы бірдей шығар. Күштеп тап күресін жүргізудің қазір қажеті шамалы. Ол кері нәтиже беруі мүмкін, қазақтар мен казактардың арасы онсызда шиеленісті дамып келеді. Әрине, кедей қазақтарға көмектесеміз. Орал казактарымен байланыс жасағаннан кейін біз бұлармен арадағы қарым-қатынасымызды ретке келтіріп қалдық. Біздің азық-түлік жөніндегі комиссарларымыз олармен тиімді айырбас жасай алады. Олар бізге ет пен жүн береді. Ал мына жағдайға келетін болсақ, онда қазақ халқының өкілдері: кеңес өкіметінің маңызын түсіндіріп, казактарға қосылмау туралы Үндеу жарияласын. Оны майданға аэропланмен жіберу керек, сондай-ақ үндеу «Хабаршыға» жариялансын»,- деген ұсыныс жасады.

Еріктен тыс жазылып, «жергілікті Губаткомның техникалық құралдарының көмегімен басылып, аэроплан арқылы таратылған бұл Үндеудегі:

«Бүкілқазақтық халықтық «Алашорда» кеңесі кеңес өкіметін - Россия федеративтік республикасын мойындады және Халық комиссарлары кеңесімен байланыс орнатты. Халық комиссарлары кеңесі жанынан таяу күндері Қазақ ісі жөнінде комиссариат құрылады, көп өтпей Қазақ автономиялы өлкесі туралы декрет жарияланады. Халық комиссарлары кеңесінің 1 сәуір күнгі №335 қаулысына сәйкес Уралдан сыртқы облыстар бұрынғы өзінің қызметіне кіріссін. Бұл туралы төменде қол қойғандар сіздерге хабарлай отырып, мынаны ескертеміз: барлық қазақ жер комитеттері мен ұйымдарын, сондай-ақ Уралдың сыртындағы Орал облысының қазақтарын кеңес өкіметіне қарсы қандай да бір қарсы әрекетке бармауын және ешкімге ешқандай жағдайда көмек бермеуін өтінеміз. Қазақ ағайындар, естеріңізде болсын, сендердің ерікті ұлт болып өмір сүру құқықтарыңды еңбекшілдердің кеңес өкіметі мойындап отыр, орыс пролетариатының осы саяси парасатын бағалай біліңіздер!»,- деген «Алаш автономиясының» мойындалуы туралы сүйінші хабарды исі ұлтқа жеткізген де Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер және Иса Қашқынбаев, Беркін Атшыбаев, Кәрім Жәленов болатын.

Бұл да жағдайға байланысты орайластырылған оңтайлы амал еді. Дегеніне жеткен Х.Досмұхамедов:

«Біз Саратов кеңесі сияқты ірі кеңестің қарауында және ықпалында болғымыз келеді. Сіздерде - астық, бізде - шикізат бар. Қазақтарға үндеу жариялаған дұрыс. Атқарушы комитет мұны таратуға көмектесер еді. Біздің халқымыз қараңғы, оны казактар пайдаланып кетуі мүмкін. Байланыс орнату үшін өкіл жіберген дұрыс. Біз оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Қазақтарды казактардан оқшаулай отырып, олармен күресер едік. Біз Орал қаласына кіріп, кеңестерді ұйымдастырар едік. Казак атты әскерлерінің пайдалануына мүмкіндік бермес үшін, қазақтарға жылқыларын алыс түкпірге әкетуге шақырар едік»,- деген сенімсөзді желеу етті.

Ақыры большевиктер ырғаса келіп: қазақ өкілінің мағлұматына орай қазақтардың кеңес өкіметі жағына шыққанын мақұлдап, олармен саяси және экономикалық тығыз байланыс жасауды қолдап, үндеу таратып, Саратов совдепінің мұсылман тобынан комиссар жіберуге шешім қабылдады. Осыған орай Х.Досмұхамедов:

«Еңбекшілер еліне қазақ халқының атынан алғыс айтамын, бізге жаны ашыған жалғыз үкімет - кеңес өкіметі. Біз автономия алу жолында ұзақ күрестік, бірақ, кеңес өкіметінен басқа бір де бір өкімет біздің ұсынысымызды қабылдаған жоқ. Мұндай түсіністікті біз ешқашанда ұмытпаймыз»,- деп еруге қару қайырды.

Сөйтіп, олар кеңес өкіметінің ажал тырнағынан бірінші рет осылай аман құтылды. Ең бастысы - халыққа арналған қаражатты аман-есен сақтап қалды. Әрине, бас амандығына не жетсін, бірақ мына қаржының құндылығы - оның қазақ елінің тәуелсіздігі үшін қызмет ететіндігінде еді. Сондықтан да басты бәйгеге тігуге тұрарлық тәуекел сапары еді бұл.

Иә, бұл жолы аман шығуы - шықты, бірақ сол жолы Саратовтағы мәжілістегі белгісіз большевиктің:

«Досмұхамедов - конституциялық демократ», оны «бәрінен бұрын ұлт мәселесі алаңдатады», «өте күдікті адам»,- деген мінездемесі Халел Досмұхамедовтің қалған ғұмырына көк бауыр болып жабысты.

«Батыс алашорда» қайраткерлеріне берген мінездемесінде большевик Ә.Әйтиев:

«Досмұхамедов Халел - дәрігер, орыс тақылеттес шенеунік, мансапқор, мінезі тұйық, қулығымен кез-келген адамды жаңылыстырады. Оның өз күшіне сенгені соншалықты, ең ауыр авантюраға да бара алады. Көзқарасы жағынан монархист, Михеевтің бірінші ме, екінші ме (адамы), әйтеуір Дутов, Толстов, Мартыновтардың оң қолы»,- деп жазды.

Саясаттың құралы - амал, айла. Қысылтаяңнан - қиялап, тығырықтан - тізерлеп, ажалдан - арбап жол табатын айлакер қаракеттің иесі ғана саясат мінбесіне көтерілуден дәмелі. Соңынан ел-жұртты ерте алатын көсемдік - мансапқорлық болып табылмайды. Сондықтан да орта қол көсем-коммунист Ә.Әйтиев: Х.Досмұхамедовтің көсемдік қасиетін - мансапқор; қиыннан жол табатын айлакерлігін - авантюрист, арандатушы; қатал билік иесін - атамандардың «оң қолы»,- деп түсінген деуге толық негіз бар. Ендеше, өзінің ата жауы - казак атамандарымен келісімге баруы бұл «мінездемелерді» толық ақтайды. Себебі:

«Батыс Алашорда үкіметінің ұйымдастыру жұмыстары осылай қыза бастаған кезде, қазақтардың ұйымдаса бастағанын сезген генерал Дутов - Орынбор жағынан, Орал әскери үкіметі - екінші жақтан Қазақ автономиясы мен «Алашорда» үкіметіне қарсы науқан жүргізе бастады. Сол кезде Дутов Орынборды басып алған болатын, ал Орал казактары қызылдардың шабуылын тойтарып тастаған еді. Генерал Дутов: «Қазақ автономиясы бір топ зиялылардың ойдан шығарған нәрсесі, егер осы бір топтың көзі жойылса, қазақтардың көпшілігі ақ патша билігін өздері-ақ сұрайды»,- деп жаулық ниетін ашық білдірсе, ал Орал Әскери үкіметі, оның төрағасы Фомичев тылдағы қазақтардан келіп отырған қауіп туралы жар сала бастады. Казактармен қақтығыс сол кезде қазақтар үшін өте тиімсіз болатын, осыны ескерген Қазақ үкіметі Орал әскери үкіметімен одақтық шарт жасауға мәжбүр болды. Шарттың негізі төмендегідей басты баптардан құрылды:

1. Қызылдар казактарды өз территориясынан ысырған жағдайда «Алашорда» үкіметі казак әскерлеріне, олардың босқындарына пана береді; 2. Қазақ әскери бөлімдері казактармен бірге майдандағы ұрыстарға қатыспайды және тек өз территориясын ғана қорғайды; 3. Казактар қыр елінің ішкі өміріне араласпайды және Қазақ үкіметіне қару-жарақ, әскери жабдықтармен көмек көрсетеді.

Бекітілген шарттың осындай ережелері қазақтар үшін тиімді болды, өйткені, сол кезде майдан шебі қазақ даласынан алыста болатын, сондықтан да «Алашорданың» қызыл армиямен қақтығысуы мүмкін емес еді. Ал казактар қыр еліне қарай шегінген жағдайда оларды «қалай қарсы алу» керектігін қазақтар жақсы білді және оны кейін іспен дәлелдеді де. Сонымен қатар келісім-шарт жасалу фактісінің өзін «Алашорда» үкіметі әдейі дәріптеп, орынды пайдалана білді, шарт Алаш автономиясының қас жауларының үнін өшіріп, басталған ұйымдастыру жұмыстарын әрі қарай жүргізе беру үшін Қазақ үкіметіне азды-көпті қолайлы жағдай жасады».

Мұндайда, өзара келісімге қарамастан, кеңес өкіметімен «жауласудан» басқа қазақ үкіметінің қолында өзге қауқар жоқ болатын. «Халық мұғалімі» С.Тұрынтаев мұны да қалт жібермей жоғарыдағы Ә.Әйтиевтің мінездемесін:

«Тұрғындар сайлаған өкілдердің басы қосылған облыстық құрылтайда Х.Досмұхамедовтің және оның қолжаулықтарының қысым көрсетуінің салдарынан тек оларға пайдалы қаулылар ғана қабылданып отырды. Х.Досмұхамедов пен оның жақтастары кеңес өкіметінің нағыз дұшпандары. Олар большевиктерді тұтқындап, атып, тонау үшін хохолдар мен қазақтардың ауылына халық жасақтарын жіберді. Мүмкіндік туа қалса большевиктерге қарсы қолына қарулы қарсылық көрсетуге дайын тұрды, мысалы, Ойылды алған кезде олардың халық жасақтары соңғылармен (кеңес әскерімен - Т.Ж.) шайқасты. Олар амалы қалмаған соң, ешқайда қашып құтыла алмайтын болған соң ғана большевиктер жағына шықты, олар Кавказға өтіп кетуді де қарастырды, бірақ ондағы қымбатшылық пен соғыс жүріп жатқанын біліп, тоналып, оққа ұшып кетуден сескеніп, күн көрістік күйлері болмағандықтан да райларынан қайтты. Сонымен қатар жасалған кешірім де олардың үмітін (большевиктерге қолға түсе қалған жағдайда өлтірілмейтініне көздері жеткен соң) оятты. Кеңес өкіметін мойындау туралы қаулы шыққаннан кейін Жаһанша Досмұхамедов: кеңес өкіметінің қолына түссек атыламыз, құрып кеткенде 4-5 адамның атылатыны анық. Егер де қашып кетуді көздесек, онда жер басқармасының біраз мүшелері біздің соңымыздан ермейді, өйткені қауіп-қатер көп - деген болатын. Х.Досмұхамедовпен бірге...»,- деп («Алашорда қозғалысы», 3-том, 2-кітап 274-275 беттер) толықтырып, бұдан әрі «халық жауларының» (!) аты-жөнін (1920 жылы - !!!) тізбелей жөнеледі.

Жалпы мінездеме жағына келгенде «Алашорданың» өзге қайраткерлеріне қарағанда Х.Досмұхамедовтің жолы бола бермепті. Тіпті М.Әуезов те өзінің түрмедегі жауабында оған «қабағын шыта» баға беріпті.

Тағдырдың таразысына таң қаласың. Жоғарыдағы «қызылдардың қызыл көзі түскен» ақша «қызыл көзқарасты» кеңес тарихшысының да көкірек құртын қоздырыпты. Қазақ ССР Жоғарғы сотында  «Алашорда» ісі ақталуға бет алғанда Л.Ж.Күдерина әкесі Мәжит Күдеринді ақтау туралы КПСС Орталық Комитетіне хат жазып, жалпы алаш ардагерлерін ақтау туралы мәселе көтерді. Бұл хатқа кеңестік идеологияның көрнекті маманы, партия тарихы институтының директоры Б.Төлепбаев жауап бере келіп, Х.Досмұхамедовке:

«1917 жылы «Алашорданың» Батыс-Орал тобының жетекшілерінің бірі болды. «Алаштың» ІІ сьезі оны үкімет мүшелігіне сайлады. 1918 жылы наурыз айында «Алаш» Орталық Комитетінің тапсырмасы бойынша Москва қаласында Ұлттар мәселесі жөніндегі комиссариатпен келісім жүргізді, қазақ тұрғындарының мұқтажын өтеу және олардың арасында идеялық-түсінік жұмыстарын жүргізу  мақсатында кеңес үкіметінен бірнеше миллион сомды жалынып жүріп сұрап алды (выпросил). Ақшаның негізгі бөлігін кеңес өкіметіне қарсы күреске жұмсау үшін оралдық ақ казактарға берді. Орал қаласындағы ақгвардияшылардың төңкерісінен кейін «Ойыл уалаяты» деген атпен белгілі «Алашорданың» батыс бөлімін басқарды. 1919 жылы қазақ байларының өкілдерін Колчакқа бастап барды»,- деп (Алаш қозғалысы, 4 том, 58-бет) мінездеме беріпті.

Мінездеменің жағымсыз тұрғыдан берілуі түсінікті. Түсініксіздігі, ОГПУ-дің тіміскі тергеушілері таба алмаған, айып ретінде таға алмаған: «бірнеше миллион сомды Х.Досмұхамедов пайдаланып кетті», - деп кінә тағуы. Зады «Ойыл уалаятының» көсемінің беделіне шіркеу түсіретін одан өзге сылтау таба алмаса керек. Иә, кезінде айып тағуға келгенде тергеушілерді жолда қалдырған осындай тарихшылар да болған. Бұл кісінің саяси қырағылығының бірнеше рет куәсі болғанымыз да бар.

Жә, ол «өлшем өзімен» кетсін, тек сол тұста «кеңестік тарихшылар кесіп-пішіп кеткен идеологиялық шапанды» бүгінгі тарихшылардың қайта-қайта иығына жамыла беруге әуестігі өкіндіреді.

Бұдан кейінгі Х.Досмұхамедовтің барлық «қылмысы» «Батыс Алашорда» үкіметінің Ленин мен Сталинге берген түсініктемесінде толық қамтылады. Онда азамат соғысы жағдайындағы күрделі де тағдырлы майданның іс-қимылы, айла-тәсілі былай баяндалады:

«1919 жылы жаздың аяғына қарай Орал майданының бір бөлігі Қазақ жеріне ауысты. Осы кезеңнен бастап казактардың майданға барудан жаппай бас тартуы күшейіп, жалпы казак әскерінің дағдарысы мен азып-тозуы басталды. Осы кезден бастап Орал армиясының жоғарғы басшылығы да тікелей әрекетке көшті. Өздеріне үнемі кедергі болып келген Қазақ үкіметімен арадағы келісім-шартты аяққа таптаған әскери үкімет басшылары тікелей жарлық шығарып, өз қатарын қазақ жерін мекендейтін халықтардың есебінен толықтыра бастады, қоныстанушылармен қатар, кейін қазақтарды да ала бастады. Бұл әрекетке қарсылық білдірген Қазақ үкіметі: «Қазақ территориясындағы жоғарғы билікке қазақ үкіметі ие, сондықтан да Қазақ үкіметінің рұқсатынсыз қазақ жерінде реквизиция жүргізуге толықтай тыйым салынады, ал казак әскери басшыларының бұйрығы жұртшылық пен жергілікті басшылар тарапынан орындалмауы керек»,- деген арнайы бұйрық шығарды. Бұл бұйрыққа жауап ретінде генерал Толстов Қазақ үкіметінің келісімінсіз үкімет билігін өз қолына алып, қазақ даласын басқару үшін генерал-губернатор тағайындады. (...) Бұйрықта бұл туралы тікелей нұсқау болмаса да, іс жүзінде Толстовтың бұйрығымен Қазақ үкіметі таратылды. Бұйрықтағы ату жазасын қолдану туралы қоқан-лоққы сол кезде «Алашорда» үкіметіне қарсы бағытталған еді, өйткені, казактарға қарсылық келтіруі мүмкін күш - жалғыз Қазақ үкіметі ғана болатын. Оның үстіне: Қазақ үкіметінің большевиктермен байланысы бар,- деген күдік те болды.

Қазақ үкіметі сол кезде шынында да 4-армияның революциялық әскери кеңесінің (Реввоенсовет) мүшесі Лежава Мюрат арқылы Түркістан майданымен байланыста болатын. Мюрат кезінде Оралда болғанда, Орал ревкомын басқарған еді. Қазақ үкіметі Мюрат арқылы Түркістан майданынан: Қазақ даласын казак бандыларынан тазарту үшін белсенді шараларды жүргізуді сұрады, өз тарапынан операцияның сәтті өтуі үшін мүмкіндігінше барлық көмекті көрсетуге уәде етті. Мюрат: Даланы азат ету жоспары жасалғанын, Түркістан майданы жуық арада жоспарды жүзеге асыруға кірісетінін хабарлады. Ал Қазақ үкіметіне: майдан үшін тиімді жұмысты, Орал армиясын жабдықтауға барынша кедергі жасауды жалғастырып, сөйтіп, казактардан төнген қауіп-қатерге байланысты әзірге Кеңес өкіметі жағына ашық шықпай, жұмысты жүргізе беруді тапсырды. (...) Осыдан кейін Қазақ үкіметіне іссапармен Түркістан майданы мен Қазревкомның уәкілдері келді. Түркістан майданының уәкілі, 1-ші армияның Ревәскери кеңесінің мүшесі Наумов пен Қазәскериревкомының мүшесі Бегімбетов өз мекемелері атынан келіссөз жүргізуге, Қазақ үкіметінің кеңес өкіметі жағына шығуының шарттарын анықтау мен соңғы шешім қабылдауға өкілетті болды. Наумов пен Бегімбетовтың жүргізген келіссөздері мен қабылдаған шешімдері 1920 жылғы 1-ші қаңтардағы хаттамада тіркелген. Келісімнің негізі төмендегі басты ережелерден тұрады:

1. «Батыс Алашорда» Қазәскериревкомына қосылады, «Алашорданың» барлық қоры (капиталы) мен мүлкі Қазәскериревкомға көшеді. 2. Орталық Кеңес Өкіметінің басшы нұсқауларына сай жарияланған Түркістан майданы Ревәскерикеңесінің 1919 жылғы 4-ші қарашадағы қаулысында көрсетілген шарт бойынша: Қазақ үкіметі мен қазақтың қоғам және саяси қайраткерлері толық орындаса, қандай да бір жағдайда болсын кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан «Батыс Алашорданың» қайраткерлері мен жетекшілеріне де жасалған жоғарыдағы амнистия күшіне енеді, сөйтіп, «Батыс Алашорда» қайраткерлерінің жеке қауіпсіздігі мен дербес құқығы толық қамтамасыз етіледі. 3. Тұрақты Қазақ әскери бөлімдері уақытша Түркістан майданы командованиесіне бағынады, олардың бұдан былайғы тағдыры туралы мәселені түпкілікті шешу Республиканың жоғарғы басшылығының құзырында. 4. Болыстық және ауылдық жасақтар, сол сияқты елді мекен тұрғындары қарусыздандырылады, қару-жарақ уездік ревкомға тапсырылуы керек. Ревком қаруды әскери басшылыққа тапсырғанша өзінде сақтайды. 5. Тапсырылатын қаруды өз қаржысына сатып алғандары туралы мәселе көтеріледі. 6. Казактардан Қазақ әскери бөлімдері қолға түсірген әскери мүлік қазақ даласында ұрыс жүргізіп жатқан барлық қызыл әскер бөлімдерінің мұқтажына жұмсалады, ал қалғандары ерекше бұйрық келгенше тізімделіп, Ойылға сақтауға жіберіледі. 7. Бұрын Қазақ территориясында қолданыста болып келген Сібір, Дон т.б. ақша белгілерін жалпы Кеңес республикасының ақша белгісіне ауыстыру туралы өтініш - Алашорда басшылары Орынборға барғаннан кейін Қазәскериревкомның қарауына және шешуіне ұсынылады.

Бұдан кейін барлық істі, мүлік пен капиталды Қазәскериревком мүшесі Бегімбетовке тапсырған «Батыс Алашорда» басшылары Орынборға келді. Бір күннен соң Қазәскериревком төрағасы Пестковский оларға «Алашорда» жетекшілерінің 5 адамы, атап айтқанда: Жаһанша Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Беркін Атшыбаев ВЦИК-тің Президиумының жарлығымен Москваға шақырылып жатқандығын хабарлады. Олар сол күні-ақ Орынбордан Москваға аттанып кетті».

Сонымен, «Алашорда» үкіметінің қайраткерлері «сенімді одақтастан бітім» іздеп - Мәскеуге, ал С.Меңдешев пен Иванов «әшкерелеуші айғақ жинау үшін» - Жымпитыға аттанды. «Алашорданың» батыс бөлімін тарату үшін Қызылқоғаға барған бұл екеуі іссапардың есепті қорытындысында жоғарыдағы «халық мұғалімінің» арызына сүйене отырып:

« (...) «Алашорданың» батыс бөлімінің басшылары қулықпен сиаздың барлық негізгі пікірлерін өздерінің мүддесіне пайдаланған. Өздерінің барлық ресми жарлықтарын орындату үшін, бұқара арасында өз беделдерін көтеру үшін Батыс бөлімнің өкілдері үнемі Орал казактарымен ауыз жаласып, ұдайы оларды көмекке шақырып, әскери көмек алып отырған. Батыс бөлімдерінің өкілдері қалың бұқара мен әскери бөлімдер арасында ешқандай саяси және ағарту жұмыстарын жүргізбеген. Пара алу, қазынаны ұрлаушылық, қулық, сұмдық үнемі өрістеп отырса да оларды қасахна байқамаған, оларға назар аудармаған. Осындай жағдайлардың салдарынан алашордашылардың арасында патша үкіметінің қызметшілері мен жаулардың топтасуына жол ашқан. Осының бәрін ескере отырып, Алашорданың батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеуге болмайды. Оны саяси-қоғамдық бағыты жоқ бөлім деп есептейміз. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, «Алашорданың» орталығымен ешқандай байланыс пен ынтымақтастық болмаған...».

«Батыс алашорда» және оның жетекшісі Х.Досмұхамедов туралы пікір қозғағанда кеңестік құжаттарда оларды «Алашорда» үкіметінен бөліп қарастыру ырқы байқалады. С.Меңдешев те бұл арада соны меңзеп отыр. 1918 жылы 8-23 қыркүйек арасында Уфа қаласында өткен, 170 өкілетті өкіл қатысқан түрік халықтарының біріккен кеңесі кезінде, яғни, 11 қыркүйек күнгі «Алашорда» қайраткерлерінің төтенше кеңесінің отырысында тәуелсіздіктің құрылымы мен басқару жүйесі туралы мәселе қаралды. Әлихан Бөкейханов төрағалық еткен бұл кеңеске Жаһанша және Халел Досмұхамедов, Ахмет Бірімжанов, Әлімхан Ермеков, Уәлихан Танашев, Мұхамеджан Тынышбаев қатысып, Біртұтас алаш мемлекеттігін жария етті. Әскери жағдай мен байланыстың нашарлығына байланысты Бөкей, Ойыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Ырғыз уәлаяттары «Алашорданың» батыс бөлімі ретінде құрылған болатын.

С.Меңдешев (жалғасы): «Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, «Алашорданың» орталығымен ешқандай байланыс пен ынтымақтастық болмаған, керісінше «Алашорданың» батыс бөлімі Орал казактарымен тығыз байланыста болған, атаман Толстовпен біріге отырып Кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан өздерінің әскери бөлімшелерінен жазалаушы экспедиция жасақтаған. Оларды - большевиктерді қолдау пиғылын танытқан жаңадан қоныстанған поселкелер мен қазақ  ауылдарына аттандырып отырған, ал олар болса ойларына келгендерін істеп баққан. «Алашордашылар» большевиктерге қарсы төтенше комиссия құрған, бұл комиссия өздерінің қатал әрекеттерімен жергілікті халықты дүрліктірген. Досмұхамедовтер казактарға Кеңес өкіметінің төтенше комиссары Андрей Латышты опасыздықпен ұстап берген, Латыш 1918 жылдың көктемінде Орал облысына жіберілген болатын. «Алашорданың» батыс бөлімі Колчакпен, Деникинмен жақын байланыста болған. Колчак «Алашорданың» батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеп, мақтау қағазын және көптеген қаражат берген. Деникин алашордашылар алып келген шикізатқа киім-кешек, өнеркәсіп заттарын ауыстырып берген. Екінші рет Деникинге жіберілген полковник Сархарджин (-?) «Алашорданың» батыс бөлімі кеңестер жағына шыққанға дейін оларға барып үлгере алмады. Жеке адамдардың айтуы бойынша полковник Сархарджин Жылқосы төңірегінде болған, оған Досмұхамедовтер арнаулы адам жіберген... 4) Казактармен ауыз жаласуға және бірігіп қызмет етуге ұмтылған Халел Досмұхамедұлы еді. Ал Жанша Досмұхамедұлы жергілікті халықты қорғап, казактардың ұрып-соғуына өзінше тойтарыс беруге тырысқан. 5) «Алашорданың» батыс бөлімінің кеңес өкіметі жағына өтуіне, казактардың Орал жерінен қашуы себеп болды, бірақ та «Алашордашылар» кеңес өкіметінің барлық істерін қолдай қойған жоқ, олардың қолдаудан басқа амалдары да жоқ еді. 6) Алашорданың батыс бөлімінің кейбір жақтаушылары: Жаһанша Досмұхамедұлын кеңес өкіметі хан қылып сайлады және де жергілікті жерді «Алашорданың» батыс бөлімі басқарады - деген жалған пікірді таратуға тырысқан. Ал жергілікті адамдар бұл жайды түсіне алмай дал болуда. Жоғарыда баяндалған барлық жағдайды ескере отырып, әскери революциялық комитет пен Әскери комиссияға (қазақ өлкесіндегі) «Алашорданың» күштерін пайдалануға байланысты төмендегілерді баяндайды:

а) «Алашорданың» батыс бөлімінің белсенді басшыларына ешқандай жауапты лауазымдық жұмысты тапсыруға болмайды. Қызылқоғадағы әскери бөлімді тез арада тарату керек. Казактарға болысқан, олармен ауыз жаласуға тырысқан Халел Досмұхамедұлын азамат соғысы жүріп жатқан кездегі заңға сәйкес тұтқындау қажет;

б) Жергілікті бұқара арасында «Алашорданың» батыс бөлімінің барлық атқарған істерін түсіндіріп, мәлімдеу қажет.

Қосымша: 1) Қасаболатов тобының арызы. 2) Асановтың арызы. 3) Тұрынтаевтың арызы. 4) Комиссияның қаулысы. 5) № 97, 21 ақпандағы (1919 ж.) әскери қызметтен қашушылар жайлы қаулының көшірмесі.

Қазақ өлкесін басқарушы Әскери революциялық комитеттің мүшесі және Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің мүшесі - С.Меңдешов. Қазақ өлкесіндегі Әскери комитеттің тексерушісі - Иванов. 13 ақпан. 1920 жыл. Жымпиты қаласы»,- деп бұйрық райындағы ұсыныс жасады.

Бұл қорытындының басты мақсаты - «Халел Досмұхамедұлын азамат соғысы жүріп жатқан кездегі заңға сәйкес тұтқындап», ату жазасына бұйыру екені түсінікті. Алайда 1918 жылы 8-23 қыркүйек арасында өткен Уфа кеңесінде «Ойыл уәлаятының» уақытша үкіметі таратылып, Алаш автономиясының Батыс бөлімі ретінде құрылғанын біле тұрып, С.Меңдешевтің оны заңсыз мемлекеттік құрылым қатарында көрсетуге тырысуы қалай? Ол:

«Осының бәрін ескере отырып, Алашорданың батыс бөлімін жеке ұйым деп есептеуге болмайды. Оны саяси-қоғамдық бағыты жоқ бөлім деп есептейміз. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, «Алашорданың» орталығымен ешқандай байланысы мен ынтымақтастығы болмаған, керісінше, «Алашорданың» батыс бөлімі Орал казактарымен тығыз байланыста болған... Толстовпен біріге отырып Кеңес өкіметіне қарсы күреске қатысқан өздерінің әскери бөлімшелерінен жазалаушы экспедиция жасақтаған... Халел Досмұхамедұлы казактармен ауыз жаласып, олармен бірігіп қызмет етуге ұмтылды. Ал Жанша Досмұхамедұлы жергілікті халықты қорғап, казактардың ұрып-соғуына өзінше тойтарыс беруге тырысқан»,- деп Халел Досмұхамедовті өзге қайраткерлерден бөліп алып, қорытынды ұсыныс жасаған.

1918 жылғы 13 (26) шілде күні «Алашорданың» төрағасы Әлихан Бөкейханов Сібір үкіметінің премьер-министрінің атына:

«...Қазіргі кезде біртұтас Россия жоқ. Біртұтас мемлекеттік өкімет те жоқ... Сондықтан да тарихи оқиғалардың күшімен большевиктер билігінен құтылған автономиялы облыстар мен халықтар мемлекеттік тәуелсіздік жолына түсулері керек... Сібір мен «Алаштың» өзара ортақ мақсаты мен мүдделері екі автономияның өзара тығыз одағы болуын талап етеді. Бірін-бірі тану (мойындау) - (әскери) күштерді біріктіреді... Біз автономия мәселесін талқылау үшін Сібір үкіметіне келісімнің төмендегі баптарын ұсынамыз:

1) Сібір үкіметі мен «Алаш» автономиясы бірін-бірі таниды; 2) «Алаш» территориясын мекендейтін барлық халықтар мойындайтын үкімет құрылғанша «Алашорда» қазақ-қырғыз халқының өкімет органы болып табылады; 3) Армия территориялық және ұлттық негізде құрылады... Ол соғыс кезінде Уақытша Сібір үкіметінің әскерлерімен ортақ командованиеге бағынады. Сібір үкіметі армияны қару-жарақпен... азық-түлікпен және әскери нұсқаушылармен қамтамасыз етуге міндетті... «Алашорда» Алаш территориясын большевиктік бандалардан тазартуды, Түркістан мен Жетісуға көмек көрсетуді өзінің бірінші міндеті деп санайды»,- деген мәлімдеме жолдағанда, осы ұсынысты қолдап жеделхат жіберген Х.Досмұхамедовті:

«Колчакты қазақтың төбе биі етіп сайлады»,- деп дуылдасқан большевиктер, соның ішінде бас лабашы С.Меңдешев тура осы арада неғып «Батыс Алашорданы» - Бас «Алашордадан» бөліп тастады?

Демек, бұл: С.Меңдешев Халел Досмұхамедовті - «қарақшы», «монархист», «анархист» ретінде көрсетіп,  оны әскери трибунал арқылы ешқандай сотсыз, табан астында атып тастауға барынша мүдделі болған, - деген жорамал жасауға негіз қалайды. Жалпы «Батыс Алашордаға» байланысты кеңестік мінездемелердің барлығында да Х.Досмұхамедовке тек қана «қара бояу» жағылып, көсем ретінде танылған Жаһанша Досмұхамедовке «немкетті мінездемелер» беріледі. Әйгілі белсенді Ә.Әйтиевтің өзі оған қарата:

«Жаһанша Досмұхамедов - заңгер, шешендік қабілеті өте мықты, көзқарасы жағынан түсініксіздеу, ақ көңіл, ерік-жігері әлсіздеу, орыс тақылеттес интеллигент, саяси жағынан толысқан саналы адам»,- деп баға береді.

Ал С.Меңдешев болса оны:«Ал Жаһанша Досмұхамедұлы жергілікті халықты қорғап, казактардың ұрып-соғуына өзінше тойтарыс беруге тырысқан», - деп қорғай сөйлейді.

Ал осы «ал», «алдың» астарында қандай сыр бар? Әлде Ж.Досмұхамедовтің Тұрар Рысқұловпен бажалығы «алдатып» отыр ма?

Қалай десек те, дәл осы кезде кеңестің құрғақ уәдесіне сеніп Мәскеуге келген бес қайраткер өздерінің шартсыз кепілдікке алынып, биресми үкімсіз мырзақамақта отырғанын түсініп, шарасыздықтан қолдарына қалам ұстады. Сөйтіп:

«Біз, Алашорда өкілдері, Москваға келіп тұрып жатқанымызға бір айдан астам уақыт өтті, осы уақытқа шейін біздің шақырылуымыздың себебін түсіндіруді, осыған байланысты мәселелерді мүмкіндігінше тезірек қарауды өтінеміз. Біздің отбасыларымыздың Орынборға жақын жерде мүлдем панасыз қалуы да бұл өтінішті жазуға себеп болып отыр, олардың арасында, біз кеткенде, өкпе ауруымен, сүзекпен (тиф) ауырғандар да болды. Егер осы баянхатта айтылған басты пікірлерді дәлелдеуге айғақтар қажет болса, біз керекті құжаттарды көрсетуге және Кеңес өкіметі басшыларының күдігін туғызбайтын адамдардың түсініктері мен жауаптарын беруге әзірміз.

Қорыта айтқанда, біз, Алашорда өкілдері, өзіміздің Қазақ өлкесіндегі саяси басшылық пен Уақытша Үкіметтің басшылығына халықтың өз таңдауымен, халықтың қалауымен келгенімізді мәлімдеуді қажет деп есептейміз. Қиын-қыстау кезеңде басшылықта болған біз, өз шама-шарқымыз бен мүмкіндігімізге қарай өз халқымыздың еркін, қалауын жүзеге асыру жолында қызмет істедік. Сеніп тапсырылған билікті өз еркімізбен Қазәскериревкомға бере отырып, біз: бұл әрекет қазақ халқының мүддесіне қайшы келмеу керек - деген пікірге сүйендік, өйткені, Қазревком да: біз қызмет еткен идеяға, Қазақ өлкесін автономиялық басқару идеясына қызмет етеді немесе қызмет етуге тиіс - деп сенеміз. Әзірге: жалпы Мемлекеттік билік жағдайында өзін-өзі сақтап қалу мақсатымен қазақ халқының дербес мемлекеттік аппараты болуға тиіс - деген саяси көзқарасты ұстана отырып, біз: Қазақ өлкесін басқаратын жоғарғы органдарға міндетті түрде қатысуымыз керек - деген ниеттен аулақ екенімізді мәлімдейміз. Сонымен бірге: өлкедегі автономиялық билікті жүзеге асырушылардың қандай да болсын саяси сенім, нанымдарына қарамастан, біз өзіміздің барлық күш-жігеріміз бен білімімізді, еңбегімізді қазақ өлкесінің гүлденуі үшін жұмсауға әзір екенімізді де білдіреміз.

Біз тек: тағы да «өңін айналдырған» ұлы державалық үстемдік пен құлдықтың орнауына, сондай-ақ қазақтардың тағы да ұлы державалық ұлттың саяси қызметшісі мен қолшоқпарына айналуына барлық жан-тәнімізбен қарсымыз.

Алашорда өкілдері: Жанша Досмұхамедов, Кәрім Жәленов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев»,- деген саяси мәлімдемемен бүкіл ұлт-азаттық қозғалысы мен «Алашорда» үкіметінің тарихын қамтитын баянхатын аяқтайды.

Бүкілодақтық Атқару Комитеті 3-маусымда арнайы Қаулы қабылдап, оларды Қазақ әскери ревкомына қызметке алуды ұсынды. Алайда бұл «қағаз қаулы» болып қалды. Өйткені бұл кезде олардың тағдыры Орта Азиядағы қызыл армияның бас командармы, мұхаррамшыл басмашылардың «бата оқыры» Фрунзенің:

«Олардың қазақ  даласында болуы кеңестік құрылысқа қауіпті... Сондықтан да қазақ еңбекші бұқарасынан оқшауландырылсын. ...Буржуй Досмұхамедовтерді төңкеріп тастасын да, өкімет билігін еңбекшілер қолына алсын»,- деген ұсынысының негізінде шешіліп қойған еді.

Қызылдардың қырыпсал командирі Фрунзенің мұндай өктем бұйрықтары казактар мен қазақтардың арасын ашық арандатты. Ол: ешқандай алашорда үкіметін мойындамайтынын, әскери жасақтардан шұғыл түрде қаруларын тапсыруды талап етті. Бұл шешімге бойсұнған жағдайда, қылышын жалаңдатып отырған казак жүздіктері қазақ ауылын дереу жазалауға аттанатын еді. Сондай-ақ, Ж.Досмұхамедовтің жоспары бойынша: ақ ту көтерген зиялылар - алаш әскерлерінің шеруінің алдында, сырығы жоғары көтерілген жарты қызыл ай бейнеленген алаш туын түсіріп ұстаған алаш әскері - соңында жүреді, олар қарсы алып тұрған қызыл әскерлердің алдына саппен тоқтайды, содан кейін екі жақтың өкілдері бетпе-бет жүреді, алашордашылар өкілі кеңес өкіметін мойындайтыны туралы мәлімдеме жасалады, сол қару-жарағымен қызыл әскердің қатарына қосылып, қыр елін қорғауға аттануға тиіс болатын. Ал мынадай қорлық пен басынуды күтпеген еді. Ашық қорлық, бірақ, басқа амалы да қалмап еді. Сондықтан да ашулы қыр көрсету және қыр елін қауіпсіздендіру мақсатында Қызылқоғадағы генерал Акутиннің корпусына шабуыл жасап, оларды тұтқынға алып барып кеңес өкіметі жағына:

«Орал майданы әлі жойылған жоқ, ондаған қазақ болыстары әлі де казактардың әскері орналасқан аймақта тұрады. Біздің кеңес өкіметі жағына шығып соғысқанымызға өштескен казактар біздің бейбіт тұрғындарымызды қыра бастады. Казак әскерлерінің қол астында қалған оңтүстіктегі болыстардан басқа, біз алып отырған нақты мәлімет бойынша, жекелеген казак жасақтары тұрғындарға айтып жеткісіз зорлық көрсетіп, біздің ту сыртымыздан төніп келеді екен... Мұндай жағдайда тұрғындарды тағдырдың тәлкегіне қалдырып, әскери қосынмен Ойылға аттанып кету, біздің ойымызша, тұрғындардың алдындағы қылмыс болып табылады. Қашан біздің өлкеміз казактардан тазарғанша біз олармен соғыса береміз. Соғыс аяқталғаннан кейін қай жерге бар десеңдер де біз мақұлмыз. Біз сіздерден Орал майданын тезірек жоюларыңызды өтінеміз... Сондай-ақ біз қолға түсіріп, Орынбордағы Кирревкомның қарауына жіберілген қару-жарақ қызыл әскерді жасақтауға жұмсалуын өтінеміз. Төраға - Ж.Досмұхамедов, мүшелер - Т.Медетов, Т.Тұрмұхамедов»,- деп жеделхат жолдады.

Соған қарамастан, Фрунзенің ұсынысын негізге ала отырып Қазақ өлкесін басқару жөніндегі Әскери-революциялық кеңес 1920 жылғы 5 наурызда:

«... Баяндаманы тыңдай келіп, құжаттармен танысып шығып, батыс алашорданың көптеген жауапты қызметкерлері Орал облысында Орал казактарымен және басқа да буржуазиялық құрылымның қорғаушыларымен тізе қосып соғысқанын ескере отырып, оларға жасалған кешірімге қарамастан, олардың бұдан кейін қазақ даласында тұруы қазақтарды кеңес өкіметіне тартуға кесірін тигізуі мүмкін екендігі атап өтіліп. 2. Екінші жақтан алғанда, олардың біразы қылмыскер ретінде олардан жапа шеккендер тарапынан азаматтық сотқа берілуі мүмкіндігі ескеріліп, Ревком: 1. Қазақ өлкесінде кеңес өкіметі барынша орныққанша «Батыс Алашорда» ұлттық үкіметінің төмендегі жауапты жетекшілері: 1) Жаһанша Досмұхамедов; 2) Халел Досмұхамедов; 3) Иса Қашқынбаев; 4) Кәрім Жәленов; 5) Беркінғали Атшыбаев еңбекші қазақ бұқарасынан аластатылсын: келген жауапты қызметкерлер Москваға немесе орталық губерниялық қалаларға жіберілсін... Кеңес өкіметін жақтайтын қазақ тұрғындары мен қоныс аударушылар Батыс «Алашорданың» белсені қызметкерлеріне өштікпен қарайтыны ескеріліп, алашордашылардың ұсынысына қарамастан олар ревком мүшелігіне де және басқа да жауапты қызметтерге алынбасын»,- деген қаулы қабылдады.

 

Сөйтіп, олар Қазақстанда тұру құқынан айырылды, оның орынына Ресейдің ішкі облыстарында бақылау астында өмір сүру мүмкіндігі берілді. Бұл биресми жер аудару деген сөз еді. Лениннің жоғарыда келтірілген:

«Алашорда» үкіметіне еш қолдау болмасын, бірақ уақытша олардың басшыларын (оқығандарын) кеңес өкіметінің қызметіне кеңірек пайдалану керек, жас кеңес өкіметіне олардың білімдері қажет. Ал қалғанын кейіннен көрерміз... Бірақ оларға мүлде сенуге болмайды»,- деген нұсқауын ескере отырып, С.Меңдешевтің Х.Досмұхамедовке қарата:

«Казактарға болысқан, олармен ауыз жаласуға тырысқан Халел Досмұхамедұлын азамат соғысы жүріп жатқан кездегі заңға сәйкес тұтқындау қажет»,- деген ұсынысы ұзақ талқыланып барып «жұмсартылды».

Алғашында таза орыстар тұратын Ресейдің ішкі облыстары ұсынылса да, кейін онда бақылаусыз қалып, шетелдік ұлтшылдармен байланысуы мүмкін екендігі ескеріліп (Сталиннің күдігі), ақыры Түркістан республикасына барып баспаналауына рұқсат етілді.

Кеңес өкіметінің осындай «кеңдігін пайдаланған» Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтер, Кәрім Жәленов пен Иса Қашқынбаев мәжбүрлікпен Мәскеуден тікелей Орта Азияға, яғни, Ташкент қаласына «мырза қуғынмен» жер аударылды. Соның ішінде:

«Доктор Досмұхамедовке 1920 жылдың 28 маусымынан бастап анатомия, физиология және гигиена пәнінен Қазақ педагогикалық институтының студенттеріне лекция оқуға» рұқсат беріледі, «курстың санитарлық дәрігері ретінде арнайы бөлме бөлінеді», «қашан және қай күндері қандай пәннің өтілетінін доктор Досмұхамедовтің өзі белгілейтін» болып» (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 11-бет) шешілді.

Бұған алғашында оқу ісінің меңгерушісі, директоры міндетін атқарған, ал 1920 жылы 21 тамыз күні институттың педагогикалық кеңесінің төрағасы боп бекітілген (демек қазіргі Абай атындағы педагогикалық университеттің бірінші ректоры) алаш қайраткері Иса Тоқтыбаев ұсыныс жасаған. Х.Досмұхамедов өзінің қызмет анкетасында:

Оқытушы-дәрігермін, Орал облысында туғамын, 1920 жылы Мәскеуден ауысып келдім, әйелім және 1 жас пен 12 жас аралығындағы 4 балам бар, Түркістан мемлекеттік университетінің ординатор - дәрігерімін, кеңес өкіметіне көзқарасым дұрыс, ескі өкіметтің тұсында полицияда қызмет істегемін жоқ,- деп анықтама берген.

Институтта педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылық және физика-математика бөлімдері болған. Х.Досмұхамедов бір жылдың ішінде институт пен оның жанындағы педучилищеге ортақ 5 бөлмеден тұратын 8 орынды емдеу лазаретін ашады. 1920 жылдың 1 қазанынан мұнда А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Қожанов, И.Тоқтыбаев, М.Жұмабаев, К.Жәленов, Х.Болғамбаев, Қ.Қожықов, Ж.Аймауытов, Д.Әділев, А.Байтасов, Д.Сәрсенов, С.Өтегенов, П.Құлтасов, Е.Табынбаев оқытушы болып орналасты. Кейін бұлардың қатарына Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезов, Ж.Күдерин де қосылды.

Міне, сол кезде Орынбордан «астыртын ұйымның партизаны» Д.Әділев те келеді. Ол жыл толмай, яғни:

«1922 жылы 19 ақпан күні: оқу-ағарту комиссариатының қызмет тапсырмасына орай 16 ақпаннан бастап азамат Әділев институттағы қызметінен босатылады» (Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты, Ташкент, 2005 жыл, 11-бет).

Бұл - Дінше Әділевті «қызыл партизаннан дала қарақшысына» айналуға бастаған, ең соңында «алашордашыларды» жаппай түрмеге тоғытқан тұйық жолдың алғашқы қадамы, том-том тергеу ісіне тіркелуге тиісті бірінші құжат болатын.

Сол қысқа мерзімде ол «ешкім құқық бермеген, ешкім мойындамаған», 1921-1922 жылы құрылған «астыртын ұйымның құпия мәжілісін өткізіп» үлгереді. Сөйтіп Д.Әділевтің:

«Дулатовтың қонақүйдегі бөлмесінде өткен Ташкенттегі ұйым мәжілісіне Дулатов, Иса Қашқынбаев, Халел Досмұхамедов, Ермеков (- ?), Кәрім Жәленов, Ақмолда Ізтілеуов қатысты. Уәлихан Омаров пен Дулатовтан басқасын бұрын танымайтынмын. Сіз білесіз бе, білмесеңіз айтайын, содан кейін Ташкентте Орта Азиядағы үйлестіруші топ ретінде ашылған ұйымның бас қосуы өтті. Орынбордағылар бұл топтан хабарсыз болатын. Олар орынборлықтардың мақсатын қолдады. Ұйымдастыру шарасы қаралып, әр қаладан сенімді адам тауып, сол қалада шағын топ құру мәселесі талқыланды. Ақмоладан, Семейден бөлімше ашу ұсынылды. Ондағы басты сенгеніміз Ермеков пен Ғаббасов болды. Айтпақшы Петропавл мен Семейде ұйым бұрыннан бар екен ...»,- деген көрсетіндісі Х.Досмұхамедовті және оның майдандастарын түрменің табалдырығынан аттатты.

 

Сонымен, 1930 жылы 14 қыркүйек күні: ПП ОГПУ-дің Шығыс бөлімінің Каз ССР-і бойынша өкілі Попов, Қылмысты істер кодексінің 58/7 58/33 59/3 баптары бойынша айыпталған Мұхамеджан Тынышбаевтің үстінен қозғалған №2370 істі қайта қарап шығып, осы істе тергелетін қазақ ұлтшылдарының контрреволюциялық астыртын ұйымының мүшесі ретінде:

1883 жылы Гурьев округінің Қызылқоға ауданында туған, Алматы қаласының тұрғыны, ұлты қазақ, шаруадан шыққан, жоғары білімді, мамандығы дәрігер, КазГУ-дің профессоры, партияда жоқ, үйленген, қарамағында асырайтын 5 адамы бар, 1920 жылдан Қазақстанда тұру құқы шектелген, сотталмаған және тергеуде болмаған Халел Досмұхамедовті:

астыртын ұйымға белсене қатысқаны үшін,

өкімет пен партияның Қазақстанда жүргізген шаралары мен науқандарына бөгет жасау үшін жерге орналастыру,

мәдени-ағарту мен оқу орындарындағы, баспасөз мекемелеріндегі қызметкерлерді өз ықпалдарында ұстағаны үшін,

Орта Азиядағы басмашылар қозғалысына жетекшілік еткені үшін,

сондай ұйымды Қазақстанда құруға ұмтылғаны үшін,

көмек алу үшін шет елмен байланыс жасағаны үшін,

соның ішінде капиталистік елдерден қару алуға ұмтылғаны үшін,

сөйтіп ақырында кеңес өкіметін құлатып,

оның орнына буржуазиялық-демократиялық мемлекет орнатпақ болғаны үшін ҚІК-нің 128 бабына сәйкес» - Шынәлі Мұсаевпен, Серікбай Ақаевпен бірге тұтқынға алу туралы қаулы шығарды.

1930 жылы 4-сәуір күні «Алашордашылардың» алдыңғы тобының үкімі шығып, Мәскеуге жөнелтіле салысымен олардың екінші легінің бәріне ортақ жоғарыдағыға қосымша:

«Кеңес өкіметіне қарсы астыртын ұйым құру үшін қасахна Ташкентте бас қосқан»,- деген айып тағылды.

Мұндай формулировканың қойылуына қазақ қайраткерлері де, біз мақтаныш етіп жүрген тұлғалар да, соның ішінде - Қазақстан үкіметінің төрағасы С.Сейфуллин мен Түркістан республикасының төрағасы Т.Рысқұлов та өз «үлестерін қосты». Т.Рысқұлов «партиялық тазалау» науқанында Сталинге екінші рет жолдаған құпия хатында:

«(...) Мұның барлығы кездейсоқ кемшілік емес, өйткені жолд. Сафаров пен жолд. Петерс баяғыдан-ақ - 1920-1921 жылдардан бастап «Алашорданың» қамқоршыларының қатарына кірген (дөрекі болса да айтайын). Түркістанды жақсы білетін «білгір» ретінде жолд. Петерс қарапайым ғана нәрсені шатастырып алды: большевик қазақтарды - ұлтшыл, ал «Алашордашыларды» - кедейлердің қамқоры ретінде қабылдады. Қысқасын айтқанда, біз отставкаға шыққан соң (яғни Сафаров пен Петерс басқарған кезде) Орынбордағы контрревоюциялық «Алашорданың» барлық жетекшілерін (батыс «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ж.Досмұхамедовті, мүшелері Х.Досмұхамедовті, М.Дулатовты, А.Байтұрсыновты т.б.) шақыртып алды. Олар барлық қазақ оқу орындарын, «Ақжол» газетінің редакциясын басып алды және Жетісудағы жер реформасын жүргізуді қолдарына алды»,- деп алашорда қайраткерлерінің Ташкентке шоғырлануын жеке басына ғана емес, кеңес өкіметіне төнген қауіп ретінде бағалады.

Ал С.Сейфуллин оларды «қоғамның шірінділерінің» қатарына қосып:

«Халел Досмұхамедов, Мырзағазы Есполов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Жүсіпбек Аймауытов, Ғазымбек Бірімжанов сияқты шірінділерді және контрреволюциялық әрекеттері үшін біз Қазақстаннан қуып жіберген контрреволюционер жазушыларды Төреқұлов пен оның жолдастары Ташкентке жинап алды, қолтығына алды, қасақана жауапты қызметтерге қойды, негізінен, ташкенттік қазақ басылымдарына, қазақ пединститутына, қазақ-қырғыз ғылыми кеңесіне т.б. орналастырды»,- деп саяси баға берді.

Осы арада мынадай орынды сұрақ туады: бұл «шірінділерге» Қазақстанда тұруға рұқсат етілмесе, туған елінен С.Меңдешев пен С.Сейфуллин «қуып шығарса»; Сталиннің күдігі бойынша: алашордашылардың Ресейдің ішкі облыстарында тұруы олардың шетелмен байланыс жасауына мүмкіндік беретін болса, Түркістанда «бас қосқаны - басмашылық болып» есептеліп, Т.Рысқұловтың айтуынша «кеңес өкіметіне қауіп төндірсе», сонда олар қайда, қалай, қайтып өмір сүруі керек? Әлде Троцкий сияқты шет елге заңды түрде, не Валиди мен Шоқай сияқты жасырын жолмен эмиграцияға аударылуы тиіс пе еді?

Бірақ оларға мұндай таңдау берілген жоқ және алашшылдар өз елдеріне өзі «қашқын» немесе «оралман» атанғысы келмеді

Араға он жыл салып барып, Т.Рысқұлов та, С.Сейфуллин де сол «шірінділер» мен «жапон империализмінің шпиондарының» қатарына қосылды.

Иә, алдыңғы әфсанада айтып өткеніміздей: отызыншы жылдан бастап «жапон шпионы» деген айып үкімі кәдімгі қатардағы қолданыстағы көп тіркестің біреуі ғана болып қалды. Сондай-ақ «Алашорданың» «Жапония үлгісіндегі салт-дәстүрге, ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық республика құру» туралы мақсаты да бұл үкімді тиянақты түрде заңдастыруға негіз қалады.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3555