Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 6275 5 пікір 20 Қазан, 2021 сағат 12:34

Ахмет Байтұрсынұлының Қостанайда жазылған қолжазбасы табылды

ЖАЗУ МӘНЕРІ ҰҚСАС ҚОС ҚҰЖАТ

Үстіміздегі жылдың сәуір айында біздер Abai.kz порталында «Ахметтің белгісіз болған жаңа қолжазбасы табылды» деген атаумен ағартушы ғалымның патшалық Ресейдің Ішкі істер министріне жазған өтінішін жариялаған болатынбыз. Онда ол Батыс-Сібір оқу округінің басшысының 1902 жылдың 3 мамырындағы бұйрығымен 1 мамырдан бастап мемлекеттік қызметке, яғни Ақмола және Семей облыстарының халық мектептері директорының ісжүргізуші болып орналасқанын баяндай келе, Торғай облысының салық органдарының 1903-1904 жылдары аралығында бұдан заңсыз алынып келген үй салығынан босатуды сұрайды (Мархаббат: https://abai.kz/post/132530).

Қолымызға осы бір ілік ілінгеннен кейін, сол бағытта із кесіп, індете іздеуді қолға алған едік. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, А.Байтұрсынұлының ауылдық мектептердегі ұстаздық қызметі тақырыбында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 12 айлық гранттық жобасы бізге бұйрылып, соның негізінде маусым айынан бері жүргізген зерттеу жұмыстарымыздың барысында А.Байтұрсынұлының Ақмола және Семей облыстары халық училищесінің (мектептерінің) директорына жазған өтінішін жолықтырдық.

А.Байтұрсынұлының өтініші Ақмола және Семей облыстарының халық училищелерінің директорына (А.Алекторовқа) бағытталған. Өтініштің жазылған мерзімі – 1902 жылдың 1 сәуірі. Құжаттың жазылған мекені – Қостанай қаласы (1 сурет).

1 сурет. А.Байтұрсынұлының Ақмола және Семей облыстары халық училищелерінің директорына жазған хаты

Өтініштің мазмұны екі бөліктен құралған. Бірінші бөлікте Орынбаев мектебі және Қостанай педагогикалық сыныбының мұғалімі А.Байтұрсынұлы директордан ісжүргізуші лауазымына өз кандидатурасын Батыс-Сібір оқу округінің басшысына ұсынуды өтінеді. Екінші бөлікте ол өзінің білімі туралы және Торғай облысында 6 жылдық ұстаздық қызметті өтегенін жазады. Құжаттың соңына «Мұғалім Ахмет Байтұрсынов» деп қол қояды.

Өз кезегінде Торғай облысының халық мектептерінің инспекторлығынан Халық ағарту министрлігінің бұйрығымен Ақмола, Семей облыстарының халық мектептеріінің директоры лауазымына жаңа тағайындалған А.Алекторов А.Байтұрсынұлының өтінішіндегі ақпаратты тілге тиек ете отырып, оның кандидатурасын Батыс-Сібір оқу округінің басшысына ұсынады. Ұсыныстың хатталған мерзімі – 1902 жылдың 17 сәуірі, құжаттың жазылған мекені – Қостанай қаласы (2 сурет).

2 сурет. А.Алекторовтың  Батыс-Сібір оқу округінің басшысына жазған ұсынысы

Демек, қос құжаттың деректік маңыздылық тұрғысынан құнды бір қыры – оның Қостанай қаласында жазылуы. Бұл - көп нәрсені пайымдауға, зерделеуге жол бастайтын бағалы дерекнама. Ол кейінгі терең зерттеулердің нысанасы екені анық.

Екі құжатты сырттай қарағанда бірден көзге түсетін көрініс – жазылған құжаттардағы таңбаларды жазу мәнерінің бір-бірімен өте ұқсастығы. Мұндағы таңбалар өте сұлу, біркелкі түзу. Бейне бір сурет сынды. Сурет демекші, белгілі алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы А.Байтұрсынұлының бойында суретшілікке тән талант болғанын жазады. Мұны ол Ә.Бөкейханның Н.Потанинге жазған хатының мазмұны бойынша айқындайды (Мархаббат: https://www.exclusive.kz/expertiza/kulturnaya_sreda/124081/?fbclid=IwAR2ovWk1tkGYireUb10EEhI6d3ntgTrFPN2mh_GXl2ZZhoUVgZFMKF0Bdgw#.YHdyjlev1hs.facebook)

А.Байтұрсынұлының өтініш соңында қойған жеке қолтаңбасы құжат мәтініндегі өзге сөздердің жазу мәнерінен ешбір ауытқымаған, ал Алекторовтың жеке қолтаңбасы мүлдем бөлек. Мұнан шығатын қорытынды: қос құжатты хаттаған – бір кісі. Ол кісі А.Байтұрсынұлының өзі болуы әбден мүмкін. Жанама дәлел ретінде А.Байтұрсынұлының 1904 жылы Ішкі істер министріне жазған өтінішінің жазу мәнері осы аталған құжаттарға ұқсас екендігін атап өтеміз. Оқырман өзі салыстыра қарау үшін сол құжаттың үзіндісін ұсынамыз (3 сурет).

3 сурет. А.Байтұрсынұылының 1904 жылы ішкі істер министрлігіне жазған өтінішінен үзінді

1902 жылы Қостанай қаласында А.Байтұрсынұлы мен А.Алекторовтың атынан жазылған  қос құжаттан біздер мынадай деректі зейін зердесіне зерделейміз:

1. Өтініш жазылған уақытта (1902 жылы) А.Байтұрсынұлы Орынбаев (Урунбаев) мектебінде және Қостанай педагогикалық класында мұғалімдік қызмет атқарып жүрген;

2. А.Байтұрсынұлының Орынбор мұғалімдер мектебінің курсын аяқтаған туралы куәлігінің номерленген таңбасы - 260;

3. 1902 жылдың 26 наурызда оның Торғай облысының территориясында атқарылуға тиісті 6 жылдық мұғалімдік қызметінің мерзімі өтелген.

ОРЫНБАЕВ (УРУНБАЕВ) МЕКТЕБІ

Торғай облысы халық мектептерінің инспекторы (1889-1994) А.В.Васильев 1896 жылы Орынбор қаласында жарияланған «Исторический очерк русского образования в Тургайской области и современное его состояние» деп аталатын зерттеу еңбегінде 1896 жылдың 1 қаңтарына дейінгі есеп бойынша облыс көлемінде 35 ауылдық мектеп жұмыс жасап жатқанын, ол мектептердің қай жылы ашылғанын, қандай елді мекенде орналасқанын, мектептің қалай аталатынын (қыстау бойынша және мектепті ашуға көп үлес қосқан кісінің аты) және онда мұғалім болып кім қызмет ететінін көрсететін деректік кесте жасайды Бұл кестеден біздер ауылдық мектепті мұғалімдік қызметте болған 35 ұстаздың аты-жөнін көре аламыз. Солардың ішінде Ахмет Байтұрсынұлының есімін де бар (4 сурет).

4 сурет. А.Васильевтің ауылдық мектептердің тізімін жасаған кестесінен үзінді

Бұл жазба - А.Байтұрсынұлының мұғалімдік қызметі туралы алғашқы ақпараттың бірі. А.Васильевтің аталмыш кестесінде «Орынбаев мектебі» жоқ. Сонымен қатар ол  бүкіл Торғай облысында 1896 жылға дейін ашылған мектептердің картасын жасайды. Мұнда да «Орынбаев мектебі» көзге түспейді (5 сурет).

5 сурет. А.Васильевтің Торғай облысы көлеміндегі мектептерді белгілеп  жасаған картасы

Демек, Орынбаев мектебі 1896 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі мезгіл-мерзімде пайда болған. Патшалық Торғай облысының сатистикалық есептерінде Орынбаев (орысша таңбалануы - Урунбаев) мектебі 1898 жылдардан бастап «қылаң»  бере бастайды. Мектептің орналасқан мекені – Қостанай уезі, Меңдіқара болысы, № 4 ауыл. Сол жылдары аталмыш мектепте Ор Мұғалімдік мектебінің 1887 жылғы түлегі Қазыкерей Шотаев ұстаздық еткен.

Қазыкерей Шотаев – Орынборға қараған Шығыс Орданың (кейін Қостанай уезінің территориясы) әмірші-сұлтаны Бақтыкерей Шотаевтың немересі. 1895-96 жылдары А.Байтұрсынұлы Ақтөбе уезінің Бестамақ болысындағы Арынғазиев мектебінде ұстаздық етсе, одан кейін ол мектепте Қазыкерей Шотаев қызмет жасайды. Ал А.Байтұрсынұлы 1897-99 жылдары Аманқарағай болысындағы № 2 ауылдағы Г.Е.Лапшин басқаратын Әулиекөл болыстық мектебінде мұғалім болып жүргенде, Қ. Шотаев «Орынбаев мектебінде» ұстаздық етеді.

Шотай әулетінің бүгінгі таңдаға көзі тірі ұрпағы, Шығыс медицинасының дәрігер маманы Марат Шотаевтың айтуынша, Қазыкерей Шотаев Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Қаратал ауылынан 7 шақырымдық жердегі бұрынғы «Ұялысай» деген жерде жерленген, басына белгі қойылған бейіті бар.

Ал Орынбаев мектебін ашқан кім дегенге келер болсақ, қазақ даласында орыс-қазақ мектептер жүйесі қалыптаса бастаған ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы заманда оқу ісінде Орынбаев деген фамилиямен ұстаздық еткен екі кісінің есімі кездеседі. Бірі – 1861 жылы Троицк мектебі ашылған уақытта «Мұсылман діні» сабағын жүргізген – молда Қазыбай Орынбаев, екіншісі – 1864 жылы Орынбор Мұғалімдік мектебін үздік бітірген түлек - Байқадам Орынбаев. Екінші Орынбаев, инспектор А.Васильевтің жазуынша, Орынбордағы орыс-қазақ мектебін бітірген соң Орынбор облыстық басқарма жанында қызметке қалады. 1866 жылы ол зауряд-хоружний әскери атағын алады. 1867-68 жылдары Б.Орынбаев Орынбордағы қазақ балаларына арналған мектепте «Іс жүргізу» пәнін жүргізеді, ал 1870 жылы оны білім саласындағы құзыретті мекеме Троицк орыс-қазақ мектебінің меңгерушісі етіп бекітеді.

1892 жылдан бастап Торғай облысында жылдық шығыны 324 сом көлеміне шақталған ауылдық бастауыш мектептер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптайды. Бәлкім, Бақтыбай Орынбаев ауылдық мектеп ашуға демеушілік жасап, оған сол кездегі дәстүр бойынша, ол мектепке оның  есімі берілген болуы да ғажап емес. Сол тұста ашылған ауылдық мектептерді ашуға орысша білім алып, түрлі шенеунік қызметте болған Арынғазиев сынды кісілердің мұрындық болғанын ескерсек, мемлекеттік қызметте болған Бақтыбай Орынбаевтың да сондай іс  атқаруы әбден мүмкін деп ойлаймыз.

ҚОСТАНАЙ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КЛАСЫ

А.Васильевтің жазуынша, 1892-1896 жылдар аралығында Торғай облысында орысша білім беретін ауылдық мектептер көптеп ашылады. Ресей империясының далалық облыстарды басқару туралы 1891 жылдың 25 наурызында шыққан жаңа Ереже бойынша, әлеуметтік саланың шығыны, соның ішінде ағарту саласы да жергілікті жерден жиналатын салық негізінде қаржыландыру көзделді. Сол себепті мектеп ісі саласында шығыны аз жұмыстарды қолға алу қарқынды жүргізілді. Бұл орайда әкімшілік қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қолайлы, мұсылмандық татар білімін таратушылардың тәжірибесінен өткен  көшпелі мектептер жұмысын жолға қоюды қолға алады. Мұндай көшпелі мектепті «ауыл мектебі» деп аталды. Оның мақсаты «татар, башқұрт, ортазиялықтарды қазақ даласындағы мектептерден ығыстыру» болып табылды Ауылдық мектептің дәрежесі бір сыныптық, болыстық мектеп екі сыныптық мәртебеге ие болды. Ауылдық мектептің  бір жылдық шығыны 324 сом, ал болыстық мектеп 2 мың сом  көлемінде қалыптасады.

Орысша білім беретін алғашқы ауыл мектебі 1892 жылдың 15 маусымында Қостанай уезі Кеңарал болысының Қарағайлы (№4 ауыл) ауылында ашылады. «Тургайские областные ведомости» газетінің 1892 №6 санында жазылған хабарламада (корреспонденцияда) алғаш ашылып отырған мектепті қолдау және оның керек-жарағына көмектесу мақсатында Торғай облысының әскери губернаторы оған 324 сом қаражат бөледі (мектептің бір жылдық шығынын өтейтін қаражат).

Үкімет тарапынан ауылдық мектеп туралы қабылданған Ереже сол жылы «Оренбургский листок» газетінде қазақшаға аударылып басылады. 1894 жылдың 1 қаңтарына дейінгі көрсеткіш бойынша облыс көлемінде 25 ауылдық болса, 1895 жылдың басында олардың саны 35 мектепке жетеді. Ауылдық мектептерде сол жылдары 542 шәкірт білім алады. Сонымен қатар Ақтөбе және Қостанай уездеріндегі орыс поселкаларында орыс балаларына арналған мектептер ашылып, олардың дәрежесі ауылдық мектеп мәртебесінде болады.

Облыс көлемінде тез көбейіп жатқан бастауыш мектептерді мұғалімдермен қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік 1894 жылы Қостанай қаласынан екі кластық Педагогикалық курс ашу мәселесін көтереді. Педагогикалық класс Ы.Алтынсаринның басшылығымен 1884 жылы Троицк қаласынан Қостанай уезінің жаңа орталығы Новониколаевскіге көшірілген 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінің жанынан ашылып, 1897 жылы өз жұмысын бастайды. Курстың ашылуы туралы «Тургайская газета» 1897 жылдың №108 санында арнайы хабарлама береді. Онда Торғай облысынан Орынбор мұғалімдер мектебіне бөлінетін 17 стипендияны Қостанайдағы Педагогикалық курсқа ауыстыру мәселесі көтерілгені жазылған.

А.Байтұрсынұлы Меңдіқара болысындағы Орынбаев атындағы бастауыш мектепте мұғалімдік қызмет жүріп, ауылдық бастауыш мектептерге мұғалім дайындайтын Қостанай Педагогикалық сыныбында да сабақ береді. Өтініште де осы ақпарат орын алған.

МАМАНДЫҚ БОЙЫНША 6 ЖЫЛДЫҚ ӨТЕЛІМ

Қостанайдан жазылған құжаттың соңына А.Байтұрсынұлы «мұғалім» деп қол қойған. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында үкіметтен кесімді жалақы алатын «мұғалім» деген мамандық пайда болды. Оның алғашқы сипаты 1844 жылы «Орынборлық қазақтарды басқару Ережесінде» бекітілді. Онда қазақ балаларына арналған мектептерде арнайы төрт (орыс тілі, таза жазу, арфиметика, татар тілі), қосымша бір  пән (дін заңы) жүргізілетін болып белгіленіп, одан сабақ беретін кісілердің жалақысы белгіленеді. Осы үлгіде Орынбор, Троицк, Торғай, Ырғыз, Райым, Перовск бекіністерінде мектептер ашылып жұмыс жасады. Патша әкімшілігі тарапынан 1868 жылдың 21 қазанында «Далалық облыстарды басқарудың уақытша Ережесі» бекітіліп, онда әрбір далалық облыстарға (Торғай, Орал, Ақмола, Семей) халық ағарту ісі үшін жыл сайын бюджеттен 8 мың сом қарастырылу көзделеді.

Инспектор А.Васильевтің жазуы бойынша, 1870 жылы Торғай облысының әскери губернаторы Орынбор аймағының басшысы Крыжановскийге облыстағы халық мектептерін дамытудың, халық мұғалімдерін (народный учитель) дайындау жобасын ұсынады. Ол жобаны жүзеге асыру үшін әкімшілік: «безотлагательно устроить учебное заведение для приготовления учителей, не оставляя дела обучения киргизских детей в руках малограмотных казаков, письмоводителей волостных, или, что еще вреднее, фанатиков из башкирских и татарских мулл, которые издавна являлись почти единственными проводниками в среди киргизов грамотности, религиозных вырований и кое-каких познаний, мало полезных для умственного развития степняков и прямо вредных в том отношений, что в учеников внедрялись превратные понятия о Россий» (Васильев А. «Исторический очерк русского образования в Тургайской области и современное его состояние». Оренбург, 1896, стр.79) деген ұстын ұстанып, мектеп жүйесін құру және басқару (системное админстирование) жұмыстарымен қатар халық мұғалімдерін дайындайтын оқу орындарын ашуды жоспарлайды. 1879 жылы Торғай облысының оқу жүйесін басқаратын әкімшілік лауазым (инспектор) бекітіліп, 1883 жылы Ор қаласында Мұғалімдік мектеп ашылады. 1888 жылы Ор қаласында орын алған үлкен өрттің салдарынан Мұғалімдік мектеп ғимараты өртеніп кетіп, патша әкімшілігі мектепті Орынбор қаласына, бұрынғы қазақ балаларына арналған Орынбор мектебінің ғимаратына көшіреді.

А.Байтұрсынұлы Орынбордағы Мұғалімдер мектебіне 1891 жылы түсіп, оны 1895 жылы тамамдайды. Мектепті бітірген кісілерге «мұғалім» деген мамандық беріліп, 180 сом көлемінде кесімді жалақы белгіленді. Жұртшылық арасында ол мамандық «халық мұғалімі» деген құрметке ие болды. Мұғалімдік мектепті бітіргендердің білім деңгейі «орта білім» дәрежесінде еді. Бұл бүгінгі күндегі педагогикалық колледж деңгейіндегі білімге сай көрсеткіш. А.Байтұрсынұлының өз қолымен жазған өмірбаяндарында білімін «орта» деп көрсететіні және 1914 жылы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының үстінен домалақ арыз жазғандардың бұларды «жоғары білімі жоқ» немесе «жаңа мұғалімдер» деп кекететінінің себебі де осы (Мархаббат: «Ахмет пен Міржақыптың үстінен домалақ арыз жазған кімдер?»).

А.Байтұрсынұлы өзін «халық мұғалімі» мамандық иесі болғанын әрдайым атап өтіп отырды. Мұның бір көрінісін біздер А.Байтұрсынұлының 1922 жылы Ташкентегі қазақ зиялыларының алдында қалың қазақтың көрсеткен сый–құрмет, қошеметіне рахмет айта сөйлеген сөзінен байқаймыз. Онда ол былай дейді: «Мен – халық мұғалімімін. Оқуым көп емес, аз, бірақ білімімді халық мақсаты үшін жұмсағаным рас. Оның да себептері бар. ...Мені тудырған – заман, патша заманының зұлым саясаты, зорлығы, зомбылығы, қорлығы» (Қамзабекұлы Д. Руханият (Мақалалар мен зерттеулер) А., 1997, 104 б.).

А.Байтұрсынұлы өмір сүрген тұста Мұғалімдік мектепті тамамдаған мұғалім мамандар өте қат болды. Сондықтан да патша үкіметі сауатсыздық белең алған заманда әлеуметтік маңызы зор мұғалімдік мамандыққа «қатты» көңіл бөліп, мемлекет есебінен мамандық игерген кісілерге 6 жылдық мерзім бойы мамандық бойынша қызмет атқаруға және ол қызмет оны оқуға жіберген өңірдің (облыстың) территориясында жүруге тиіс деген талапты қойды. Бұл үрдістің сарқыншағы бізге кеңес дәуірінен ептеп таныс. Оны кезінде мамандық бойынша өтелім (отработка) деп атайтын.

1895 жылы Орынбор Мұғалімдік мектебін тамамдаған А.Байтұрсынұлы 1902 жылы ол кесімді мерзімнің шартын толық орындайды. Осылайша оның алдынан өзге мамандыққа (Ісжүргізуші) және басқа облыс территориясына (Ақмола облысына) ауысуға көлденең тұрар заңдық кедергілер жойылады. Мұны А.Алекторов Батыс-Сібір оқу округінің басшысына жазған өз ұсынысында: «К сему считаю долгом присовокупить, что обязательный срок на должности учителя им высмержен (?) и  прияпятствий к его перемешению не имеется» деп  орынды атап өтеді.

Әлқисса, халық мұғалімі А.Байтұрсынұлы Омбыға А.Алекторовтың шақыруымен аттанады (Жалғасы бар).

Алмасбек Әбсадық,

филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы университет професссоры

Мақала ҚР БҒМ Ғылым комитетінің 2020-2022 жылдарға арналған гранттық қаржыландыруына ие болған «А. Байтұрсынұлының ауылдық мектептердегі ағартушылық және қоғамдық қызметі (жаңа архивтік деректер мен өлкетанушылық мағлұматтар, тұлғаның тыңнан табылған шығармалары негізінде)» атты Жоба негізінде дайындалды.

Тақырыпқа орай:

Ахметтің белгісіз болған жаңа қолжазбасы табылды

Ахмет пен Міржақыптың үстінен домалақ арыз жазған кімдер? (жалғасы)

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3601