Жұма, 19 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4558 8 пікір 19 Қазан, 2021 сағат 13:57

Қазақстан-Ресей: кездесулер де, күдік те көбейді

Өткенде белгілі саясаткер Санжар Боқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің кезекті саяси шолуын жариялаған. Онда сарапшы соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей арасындағы байланыстың тым жақындасып кеткені жайлы өз пікірін айтады.

«Осы биыл, он айдың ішінде Ресей мен Қазақстан басшылары 19 мәрте кездесіп немесе телефон арқылы сөйлескен екен. Бұрын ондай тығыз қарым-қатынас болған емес», - дейді саясаткер.

Сонымен Қазақстан Президенті Ресейдің түрлі лауазымдағы шенділерімен неше мәрте кездесу өткізді? Онда қандай мәселелер сөз болды? Біз Ақорданың ресми сайтына шолу жасадық. Екі жақты жиындардың ең маңыздыларына тоқталдық. Қараңыз:

Жыл басынан бері Қазақстан мен Ресей арасында 8 офлайн, 2 онлайн жиын өткен екен.

11 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. Бұл С.Лавровтың Нұр-Сұлтан қаласына екінші жұмыс сапары. Кездесуде Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру үшін халықаралық күшті жұмылдыру және Қазақстан тарапынан ауған еліне көрсетіліп отырған гуманитарлық көмек шаралары туралы айтылды. Қазақстан Президенті Азиядағы қауіпсіздік, жанжалдардың алдын алу және бейбітшілікті қолдау мәселелерін шешудің ұжымдық тәсілдерін пысықтау үшін Кеңес жұмысының алға басуына Ресейдің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Биыл 8 сәуірдегі Ресей Сыртқы істер министрімен бірінші кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға вакцинаның қосымша бөлігін жіберу мәселесіне қолдау көрсеткені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдіре отырып, ғарыш саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелерін талқылаған болатын. Өз кезегінде С.Лавров:

«Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – біздің ғарышты бейбіт игеруге қосқан ортақ үлесіміз. Байқоңырдағы біздің өзара іс-қимылымызды одан әрі өркендету және Қазақстанның ғарыштық әлеуетін дамыту жөніндегі бірлескен жұмыстарымыз қарқынды жүріп жатыр», – деген еді.

3-ші қыркүйек күні  Мемлекет басшысы VI Шығыс экономикалық форумының пленарлық онлайн мәжілісіне қатысты. Жиында Қ.Тоқаев: «Қазақстанда атом электр станциясын салу керек», - деп басып айтты.

Дәл осы жиында Қазақстан Үкіметі Ресейдің СБЕР компаниялар тобымен келісім жасасып, «электронды үкімет» (eGov) платформасын жасайтын болып келісті. Сарапшылар бұл келісімді «Қазақстанды Цифрлық Тәуелсіздіктен айыру келісімі», - деп бағалады. Қоғам белсенділері мен сарапшылар аталған келісісмге қарсылық білдіруде.

30 қыркүйекте өткен Қазақстан мен Ресейдің XVII өңірлік ынтымақтастық онлайн форумында В.Путин: «Қазақстан атом электр станциясын салса, Ресей өз тарапынан көмек қолын созуға, Қазақстандық мамандарды осы салаға баулуға әзір», - деп сөйледі.

Форумда Қ.Тоқаев: «Қазақстанда 7500-ден астам Ресейлік және 3500-ге жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Ынтымақтастық орнатқан уақыттан бері Форум аясында 200-ге жуық келісім мен шартқа қол қойылды. Осы кезеңде тауар айналымы 3,5 есеге өсіп, 19 миллиард долларға жетті. Ресейден тартылған тікелей инвестицияның көлемі соңғы 15 жылда 16 миллиард доллардан асты. Ресейге салынған Қазақстандық инвестицияның көлемі 4,5 миллиард долларға жуықтады», - деп мәлімдеді.

Қазақстан Президенті 21 қаңтар күні Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинді екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты күшейтуге қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

«Сіз халықаралық қатынастар мәселелері бойынша білікті маман ретінде дипломатиялық орталарда танымалсыз. Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі ретінде мемлекеттеріміз арасындағы достықтың тұрақты болуына, мәңгілік сипат алуына зор күш салып келесіз. Сіздің атқарған үлкен әрі ауқымды жұмысыңыз үшін ризашылық білдіреміз.  Сонымен қатар Сіз жақында ғана жеке өміріңіздегі елеулі мерейтойлық датаны атап өттіңіз. Бұл – керемет мерейтой. Аталған марапат та осы айтулы оқиғаға орай беріліп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Ал, 8 маусым күні Ресей Президенті біздің елдің премьер-министрі Асқар Маминді «Достық» орденімен марапаттады. Орден А. Маминге  ғырыш кеңістігін зерттеу және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, халықтар арасындағы достықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін берілді.

Айжан Темірхан

Abai.kz

8 пікір