Жұма, 19 Сәуір 2024
Ақмылтық 4716 1 пікір 19 Қазан, 2021 сағат 13:41

Төраға Сидің арманы

Қытай билігі соңғы бір ай ішінде Тайваньға қатысты ондаған ірі арандатуды іске асырды. Атап айтқанда Тайвань әуе кеңсітігіне басып кіріп, барлаушы дрондармен ел шекарасын бұзу, сүңгуір қайықтар арқылы бақылау жүргізу, түрлі арандату мақсатындағы фильмдер шығаруды жасап жатыр. 

Қытай билігі газеттердегі мақалалар арқылы Тайвань тұрғындарына үрей тудыратын мақалаларды үздіксіз шығаруда. Олар «АҚШ-қа сенудің қажеті жоқ» деген месседжді алға тартады. Мысалы «Хуаньцю шибао» газеті былай деп жазыпты: «Шындықтың турасын айталық: АҚШ Тайваньға берген қуатты қорғаныс жайлы уәдесін орындайтын ресурстардан айырылып қалды. Тайвань аймағы Қытай әскерінің қуатты соққы жасайтын бақылауында тұр. Қытай Тайвань мәселесін толықшешкенде, Бейжіңнің сыртқы залым күштерге қарсы тұру қуаты өте зор болмақ. Егер АҚШ Тайваньды қорғау жолында теңіз күштері мен ұшақтарын қолданса, онда олардың сарбаздары қырылып қалмақ.  

Қытай өзінің қуатты ядролық соққы жасауға қабілетті Dongfeng-41 және Julang-3 зымырандарымен АҚШ-тың зымиян жоспарын тас талқан етеді. Бір сөзбен айтқанда АҚШ ендігі таңда Қытайды әскери күшпен бопсалай алмайды». 

Ары қарай мақала тікелей Тайвань тұрғындарын ескертумен жалғасын тауыпты. «Біз тайваньдықтарды ескерткіміз келеді, АҚШ ешқашан Тайвань тәуелсіздігі үшін барын салып соғыспайтын болады. Олардың қазіргі әрекеті бар болғаны геосаяси ойынның бір әрекеті ғана. Олар Тайвань арқылы Қытайдың қуатты болуына қарсы тұрғысы келеді, алайда бұл АҚШ жанын салып соғысады дегенді білдірмейді. Олардың саясаты итермелеу ғана болатын», - деп жазды.

Қытай басшысы Си билікке келе сала Қытайда орталыққа бағынуды күшейтті. Тибет, Ішкі Моңғолия мен Шығыс Түркістанда қудалау, жаппай бақылау орнату, адамдардың құқығын шектеу, ұлттардың көшбасшыларын ұзақ жылға соттау, лагерьлер салуды іске асырды. Мақсаты бір орталықтанған Қытайды күшейту. Артынша сауда-экономикалық және демократиялық тұрғыдан дамыған, адам құқығы бойынша алға жылжыған Гонконгты басып-жаншып, коммунизмді күшпен кіргізіп жатыр. Гонконг тұрғындарының 70 мыңы ғана Ұлыбритания азаматтығын алуға өтініш берген, ал қалғаны Қытайдың билігін ерікті-еріксіз мойындайтын сияқты.

Енді міне, Си Тайваньға шүйліге бастады. Қытайдың сыртқы саясаттағы ең басты бір қағидасы бар. Кімде-кім Қытаймен қатынас жасағысы келсе, онда ол Тайваньды Қытайдың бір аймағы ретінде мойындауы тиіс. Ол «Бір Қытай принципі» деп аталады. Си енді сол Тайваньды күшпен қайтаруға қарсы еместігін аңғартып жатыр. Тайвань маңында ұшақтар мен кемелер сансыз арандату әрекетін жасауда. Енді Тайваньды басып алуға кім көмектеспек? Ресей. Анығы Ресейдің тәжірибесі.

Қазір Қытай билігі Ресейдің 2014 жылы Қырымды тез арада жаулап, отарлап алу тәжірибесін зерттеп жатыр. Жай зерттеп қоймай, сол операцияға қатысқан Ресей әскерилерімен тәжірибе алмасуда. Бейжіңге әсіресе десантты жеткізу мен қала көшелеріндегі арнайы жасақтың әрекеті қызық сияқты. Қысқасы Си 2014 жылы Путин жасағанды қайталағысы келеді. «Ол «Біртұтас Қытайды» іс жүзінде іске асырған билеуші болып тарихта қалуды аңсайды», - дейді сарапшылар.

Бірақ Тайвань ол Қырым еместігін де түсінеді. Оның 350 мың әскері, соңғы үлгідегі ұшақтары мен тікұшақтары, зымыран кешендері мен соққы жасаушы дрондары жеткілікті. Артиллериясы да жағалауды қорғай алады, ал арнайы жасақтары ең үздіктердің бірі. Ғылыми техника жағынан алда және әскерді роботтандыруды қарқынды жасап жатыр. Соған қарағанда Бейжің жоғары әскери шенділерді сатып алуға, режимге пробейжіңдік күштерді әкелуге тырысады. Бірақ түк шықпаса, онда 2030 жылға қарай әскери күшті қолдануға тырысуы мүмкін. Си 2049 жылы, яғни Қытайдың 100 жылдығында Қытай біртұтас болуы керек дегенді қайталап айтудан жалыққан емес, алайда сол біртұтастықты өзі жүзеге асыруды жоспарлауда.

Abai.kz

1 пікір