Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Африкалықтың арманы... 7317 11 пікір 19 Қазан, 2021 сағат 12:32

Ресей демографиясы: «70 млн-ға дейін азайып кетеміз»

Ресейде демографиялық дағдарыс 90 жылдардан бастап жалғасып келеді. КСРО кезеңінде 15 елдің адами ресурсын аяусыз пайдаланған Кремль, қазіргі уақытта тіпті ішкі қажеттіліктерді толық қамтамасыз ету үшін еңбек мигранттарына зәру жағдайда. Бұл демографиялық жағдайдың да ашық сипатын көрсетеді.

Ресейдегі 85 аймақ, республика мен өлкеде адам санының кему процесі қарқынды түрде іске асуда. Ірі қалаларға ауылдан қоныс аударушылар саны мен көлемі артып, урбанизация қарқыны жылдамдаған. Ол экономикалық дағдарысқа да тікелей байланысты. Ауылда жұмыс жоқ, өркениетті әлемнің көрінісін таппайсыз. Бұл тек қана Ресейге емес, жалпы посткеңестік елдерге тән құбылыс.

2021 жылы Ресей халқының саны рекордтық деңгейде азайды. Оған коронавирустық дағдарыс та тікелей өз әсерін тигізді. Сарапшылар 2021 жылды Ресейдің бейбіт тарихындағы ең ауыр демографиялық дағдарыс кезеңі деп атауда.

Британдық The Guardian демограф Алексей Ракшидің зерттеуіне сүйене отырып Ресей Федерациясының халқы 2020 жылдың қазаны мен 2021 жылдың қыркүйегі аралығында 997 мың адамға азайғанын айтады. Бұл сандарды демограф «өте көп» деп атады. Бұл коронадағдарыс туындатқан кризистің салдарынан медицинаның өзге ауруларды емдеу қабілетінің төмендегенінен де болған жағдай.

Ресейдегі демографиялық жағдай сарапшылардың айтуынша нашарлай береді және оған бірнеше фактор тікелей әсер етпек. Біріншісі ол әр 20 жыл сайын болатын демографиялық түсім. Ресейде ол 1960-1970-жылдары, екінші толқыны 1990-2000-жылдары болған. Ал үшінші толқын 2020-2030-жылдар аралығында болмақ, оған экономикалық жағдайдың нашарлауы да себепкер болмақ. Ал «ана капиталы» демографиялық жағдайды құтқара алмайды.

КСРО-ның ыдырауы Ресей үшін ұзақ перспективада Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан да ауыр болған. Оған тоқсаныншы жылғы тоқырау, ұзаққа созылған экономикалық дағдарыс пен өмірге ұрпақ әкелуге қабілетті жастардың аздығы әсер етуде.

Мысалы 11 қазан күні Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин Ресейдің дамуына қатысты ұлттық жоспарды бекітті. Жоспар алдағы 10 жылға арналған. Онда демографиялық мәселе де қарастырылған. Құжатта пандемия әсерінен Ресей халқының саны 2021 жылы 535 500 адамға, ал 2022 жылы тағы 533 400 адамға азаятыны айтылған. Яғни екі жылда Ресей халқы миллион адамға азаяды деген сөз. 2022 жылдан бастап Ресей халқының азаюы бәсеңдеп, жылына 300 мыңға кемитіні айтылған.

8 айда Ресей халқының азаюы 18,5%-ға артқан. Егер коронадағдарыс тоқтамаса, онда Ресей халқының саны жыл сайын 1 миллион адамға дейін кемитіні туралы болжам бар.

Ресей демография, көші -қон және аймақтық даму институтының қадағалау кеңесінің төрағасы Юрий Крупновтың болжамы бойынша, егер үкімет бала тууды ынталандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдамаса, онда 2050 жылға қарай ел халқының саны екі есе азаяды, яғни қазіргі уақытта 146 миллион адамнан 70-80 миллионға дейін төмендейді.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

11 пікір