Жұма, 19 Сәуір 2024
Білгенге маржан 10749 6 пікір 18 Қазан, 2021 сағат 13:39

Геннадий Колбин кім еді?..

«Бұрқасынға» желеу болған Желтоқсан оқиғасы
немесе Г.В.Колбин кім еді?

Кезіндегі Кеңестер одағы орталық партия комитетінің ұйғарымымен 1986 жылы Желтоқсан айының ортасында, Ресейдің Ульяновск облыстық партия  комитетінің бірінші хатшысы болып істеген Геннадий Васильевич Колбин, Қазақстан орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалады.

Кеңес Одағы құрамындағы ұлттық республикалардың бірі, Грузиядағы орталық партия комитетінің екінші хатшысы болып 1975-1983 жылдары аралығында жұмыс істеген Геннадий Васильевичтің, ұлттық саясатты жеткілікті түсінуі қай деңгейде екендігін кім білсін?.. Орал таулары аймағының азаматы өзінің еңбек жолын 1942 жылы зауытта шәкірт болып жұмыс бастаған көрінеді. 1955 жылы Орал политехникалық институтын сырттай бітіріп, сол өзі істеген зауытта партиялық сатылап өсу жолын бастайды. Кейіннен өсе келе, Төменгі Тагил қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, артынан Свердловск облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып істейді.

1986 жылдың 16-шы желтоқсаны күні Мәскеудің жіберуімен, Г.П.Разумовский бастаған делегация келіп, Қазақстан орталық партия комитетінде он сегіз минутқа созылған пленумда, Колбин Геннадий Васильевичті бірінші хатшысы болып тағайындайды. Бұл шеттен әкеліп тағайындау, қалай десекте Қазақстан халқының ой-пікірімен санаспау және жергілікті тұрғындарды менсінбеу еді. Осыдан барып келесі күні, 17 желтоқсанның ызғарында қазақ жастары орталық комитеттің алдындағы Брежнев атындағы алаңға жиналған болатын. Айналадағы көшелерден алаңға құйылған жастар тобы болып өткен пленумдағы тағайындауға өздерінің наразылықтарын білдіріп, Қазақстанның өз азаматын тағайындауды талап еткен еді. Дегенмен, Кеңестер одағын дүр сілкіндірген бұл оқиға, республикамыздағы тарихи сонымен қатар, әлеуметтік экономикалық және саяси дағдарыстың бар екендігін көрсетіп берді. Қай жақта және қай деңгейде жұмыс істесе де, ешуақытта мұндай оқыс оқиғаны көрмеген Г.В.Колбин, бірден Мәскеудегі қожайынымен хабарласып, болып жатқан оқиғаларды жайып салады. Осылай, Кремльде отырған басшының жарлығымен, бейбіт шеруді уақыт созбай тарату үшін «Метель» деп аталатын арнайы іс-шара ұйымдастырылады. Бұған әскери бөлімдер және арнайы құрылымдар қатысады. Бұл көтерілісті жазалау, қар еріп, көк шыққанға дейін созылды. Осы іс-шара барысында 99 адам түрмеге жабылып, қайсыбірі ату жазасына кесілді. Сондай-ақ, 83 адам аралығы бір жарым жылдан, он бес жылған дейін сотталып кетті. Республикадағы Ішкі істер министірлігінен 1200-дей адам жұмыстан шығарылып, денсаулық сақтау мен транспорт министірлігінен 309 адам орынын босатса, ел көлеміндегі оннан аса жоғары оқу орынының ректорлары лауазымынан айырылды. Мұнан басқа да тазалаулар біртіндеп іске асырылып жатты. Сол күндердегі газет беттерінде, әсіресе, орыс тілінде шығатын баспасөзде, «Больше принципиальности», «За социальную справедливость» және «Снять с работы» тақырыбындағы материалдар жиі жарияланып тұрды. Қалай дегенмен де, бұлай шұқшия тазалау, Мәскеудің қолпаштауымен елімізге келген Г.В.Колбиннің білімінің таяз, ой-пікірі және өресінің тар, кеңестік жүйенің жәй ғана номенклатурадағы адамы екендігін көрсетті. Партиялық шеңбердің айналасында ғана ойлай алатын және одан әрі дамымай қалған кісі екенін танытты.

Г.В.Колбинның республика партия ұйымының жетекшісі болып тағайындала салысымен, елдегі партиялық және мемлекеттік жүйеде жаппай тазалау, аттестациялау кең көлемде жүргізілді. 1987 жылдан бастап Қазақстанда облыстық партия комитетінің жауапты іс жүргізушілерінің 28 пайызы, сондай-ақ, қала мен аудандық партия комитеттерінде істейтіндердің үштен бірі орындарынан босатылды. Сонымен қатар, 1988 жылы партиялық жүйеде істейтіндердің 78,2 пайызы және кәсіподақ саласындағылардың 94 пайызы сондай-ақ, комсомол саласында істейтіндердің 67 пайызы толық аттестациялаудан өтті.

Г.В.Колбинның сол кезеңдегі тағы бір ұсынысы, Алматының серіктес қаласы Қапшағайда кішімитражды «Ока» автомобилінің зауытын ашып және осы қаланың тұрғындарын 350 мың адамға жеткізу болды. Бірақ, істелінуге тиіс ұсыныстардың көпшілік бөлігі іске асырылмады. Тіпті, қысқарылуға тиіс бес облыстың да екеуі ғана жүзеге асырылды. Айтар болсақ, 1988 жылы 2 мауысымда Қазақ ССР Жоғарғы Президиумының жарлығымен Манғышлақ облысы таратылып, оның аумағы Гурьев (қазіргі Атырау) облысына берілді. Сол секілді, Торғай аймағы таратылып, оның аумағы Қостанай және Целиноград ( Ақмола облысы ) облыстарына бөлінді.

Дегенмен, бірінші хатшылыққа келеген Г.В.Колбинның ұлттық саясат жөнінде ұстаған бағыты, жан-жақты терең зерттелмеген, өресі тар, тіпті қайсыбір ой-пікірлері қазіргі күндері үңіле оқып қарасаң күлкі тудырарлықтай. Сол тұстағы көтерген бір ұранының мән-мағынасы мынандай: нақтырақ болсын деп, орыс тіліндегісін келтірдік. «Делайте все, что не разъединяет, а объединяет!», «Теперь каждый казах-руководитель должен заботиться о русских, а русский руководитель – о казахах!». Бірақ, осы көтерген ұранын жүзеге асыра алмады. Әрине, осындай алға қойған іс-шаралары, сол 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты жарыққа шыққан, Кеңестер одағы орталық партия комитетінің 1987 жылғы шілде айындағы «О работе Казахской республиканской партийной организации по интернационализму и патриотическому воспитанию трудящихся» атты қауылысына сүйеніп, алдында айтылған мағынасы түкке тұрғысыз, күлкі тудыратын, ақымақ ұрандар болатын. Оның әсіресе бар күш-қайратын салып, шұғыл түрде кіріскен ісі - республика көлемінде интернационализмді дамыту шарасы болды және КСРО орталық комитетінің хатшысы Е.К.Лигачевтың Кеңес одағы аумағындағы ішімдікті тұтынушылықты біртіндеп қысқарту жөніндегі атқарылып жатқан жұмысына республика басшылығын уақыт созбай, тікелей қатыстырып,  ұйымдастыруы еді. Қалай деп айтсақта, қандай баға оған берсекте, Г.В.Колбинның үш жылға таяу билігі, Қазақстан қоғамына айтарлықтай ешқандай өзгеріс әкелмеді және есте тұрарлықтай шоқтығы биік-ау деп санарлық ешқандай жұмысы  болмады. Жамандағанымыз емес, қысқа уақытқа бірінші хатшы болған Г.В.Колбин, сол кездегі партияның оқшантайынан шыққан, білімі таяз, сауаты шамалы, ой-өресі тар адам екендігі шындық еді.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

6 пікір