Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 4227 2 пікір 15 Қазан, 2021 сағат 13:48

Дабысы Дешті Қыпшақтай

(эссе)

         «Жан еркіндігі жайсаң мен жомартта ғана»

Көктемнің жақсы бір күнінде Роллан аға Шәкенұлы Сейсенбаев екеуміз ұзақ уақыттан соң кездесіп, әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда, ел тәуелсіздігі, жер тәуелсіздігі туралы біраз жерге барып, ең ақырында жеке адамның тәуелсіздігіне келіп тоқтадық. Еліміздің бүгіні мен болашағы туралы мен білмейтін бірталай мәселелердің басы ашылып қалғандай болып, ұйқыдан ояна алмай жатқан марғау сезімдерімнің мазасы кете бастағандай еді.

– Әрбір адам өзін тәуелсіз сезіне алмай тұрып, бүкіл ел қалай тәуелсіз болады? – дедім Роллан ағаға сауалды жүзбен қарап.

– Сен тым ұшқары кетіп отырсың, – деді ол күлімсіреп, – Абай атаңның: «Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл» деген сөзін білесің бе? Адамның ол құлдығы – өзіне өзінің құлдығы. Өзіне өзі құл бола алмаған адам неғұрлым ізгілікті істерге ұмтылғысы келмей, өз жанын өзі бағумен ғана күнін өткізеді. Жалқаулық, жатыпішерлік, жағымпаздық, парақорлық, сатқындық... бәрі осыдан шығады. «Өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» деп Абайдың өзі де азғындықтың ең бастыларын тізіп айтқан еді ғой. Азат басыңның құл болуы деген – өзіңді өзің бағындыра білу, игере білу деген сөз.

– Ал жан еркіндігі деген бар ма? – деп, тағы бір сауал тастап едім, ойлы көздеріне мұң тұнғандай болып, жүрек тұсын сипалап, аз-кем отырып қалды.

– Жан... Адамның жаны... – деді содан соң сөздерін бөліп-бөліп, – Алдымен адамның жаны дегеннің не екенін біліп алайықшы. Бұл туралы ұлы философтардың бәрі толғанған. Платон, Аристотельден бастап... Тағы да Абайға жүгінейік. Ол тәнді «менікі», жанды «мен» деп түсіндіреді.

Демек, мына мені «мен» етіп тұрған – менің жаным. Егер менің жаным еркін болса, тәнім де еркін. Бірақ ол еркіндік тым шектеулі. Тәннің тауқыметтері мен қажеттіліктері жанның тым еркінсіп кетуіне жол бермек емес. Жан әрқашан тәнге алаңдап тұрады. Кейбіреу «жан еркіндігі» дегенді қалай қаласа, солай жүру, қайғысыз-мұңсыз болу деп ойлар. Бұл – мүлде надан көзқарас. Жан еркіндігі жайсаң мен жомартта ғана болады...

Тоқсаныншы жылдардың басы болу керек, қасымда ақын ағам Қорғанбек Аманжол және өзім қатарлас екі-үш ақын бар, аз да болса көңіл көтерсек деген оймен орталық көк базардың бір қапталында сол кезде тігулі тұрған кафе сияқты аумақты киіз үйге беттеп келе жатқанбыз. Кенеттен, дәл алдымыздан Роллан аға шыға келді. Мәре-сәре болдық та қалдық. Жанымдағы жігіттердің бәрі ағаны сырттай жақсы білсе де, бұрын кездеспеген екен. Оларды таныстырдым. Роллан аға: «Міне, осылай сап құрып жүрсе, қазақ поэзиясының солдаттарын ешкім жеңе алмайды!» деп бізді көтермелеп қойды.

Біз киіз үйге беттеп келе жатқанымызды айтып едік, желтоқсан айының ызғарлы қара суығына бүрсеңдеп тұрған біздің бетімізге барлай қараған Роллан аға: «Қане, жүріңдер!» деп киіз үйге өзі бастап апарды. Дереу тапсырыс беріп, бізге қажетті сусындар мен тіскебасарларды алдымызға артығымен үйіп тастады. «Сендердің саулықтарың үшін, қырандар!» деп алғашқы тосты өзі көтеріп, ішіп қойды да, өзінің тығыз шаруасы бар екенін айтып, тез қоштасып кетіп қалды.

Жігіттер Роллан ағаны алғаш көрген сәттерінен алған әсерлерін айтып жеткізе алмай, жарыса сөйлеп кетіп еді, Қорғанбек аға: – Жаны жайсаң, жүрегі жомарт Роллан Сейсенбаев үшін! – деп, тост көтеріп жіберді.

Роллан ағаның шапағатын көрген сол бір кеш шытқыл аязды, ызғарлы сәт болатын. Соған қарамастан, ішінде жалғыз электр жылытқышы ғана бар кафе қызметін атқарып тұрған киіз үйдің іші де қыз-қыз қайнап кеткендей болды-ау, сонда! Ақын жігіттердің де тиегі ағытылып, бірінен кейін бірі жырларын оқығаны да әлі есімде.

Сол кеште сәл төмендеп жүрген көңілімізді де көтерген, шабытымызды да шалқытқан, сықырлаған кешкі аязды да көктем шуағына айналдырып жіберген Роллан ағамыздың бізге деген бір ғана сәттік пейілі мен ықыласы еді.

Міне, «жан еркіндігі жайсаң мен жомартта ғана болады» деп айтқан сөзінің айқын да айырықша мән-мағынасы сол бір қыстың қыраулы кешінде жарқ етіп көрініп, жан-дүниемізді жылытып кетіп еді.

Біреулер үшін бұл кездесуіміз сөз етуге де тұрмайтын болмашы ғана сәт шығар, бірақ біз үшін, тоқсаныншы жылдардың басындағы жас ақындар үшін мәңгі ұмытылмас мәнді жолығысу болғанын қалай айтпаспыз?!.

«Ойыңды түзеймін десең, бойыңды түзе»

Өзіңнің жақсы көретін адамыңның бітім-болмысы туралы бүкіл ішкі ойларыңды, пікір, көзқарастарыңды қағазға түсіру оңай шаруа емес сияқты. Әсіресе, сол адам жай адам емес, сана-сезімі салқар даладай ұшы-қиырсыз, ой-қиялы көк аспандай шетсіз, шексіз болса, ел мен жұртқа елеулі мәшһүр болса, өзі атақты жазушы болса.

Мен қазір сондай бір – алағызуға да, елегізуге де ұқсамайтын ағыны қатты ойлар мен сырбаз да сыршыл сезімдердің арасында пәруана болып отырғандаймын. Дегенмен, дара да дана қасиеттерін, кейде баладай болып аңқылдап кететін, кейде тарпаң жылқыдай асаулана қалатын мінездерін соноу бозбала кезімнен көріп, біліп келе жатқан соң, осы ағам туралы, осы Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев туралы бір адамдай білетініме сенімді сияқтымын.

Бүкіл өмірін ел мен жердің алдындағы парызын адал өтеуге арнап келе жатқан осы ағам биылғы жылдың күзінде жетпіс бес жасқа толады. Он бірінші қазанда...

Роллан ағамен алғаш жүздескен сәтім есіме түсіп отыр.

Мен Семей педагогикалық институтының екінші курсында оқитынмын. Өзімді поэзия әлеміне  қолымнан жетелеп әкеліп кіргізіп жіберген ағам – сыншы, өнертанушы, абайтанушы Төкен Ибрагимов қыстың аязды бір кешінде: «Жүр, Роллан ағаң келіпті. Үйіне барайық. Сені таныстырамын» деді. Роллан аға сол кезде Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтын бітіріп, Бүкілодақтық жазушылар одағы басқармасының қазақ әдебиеті жөніндегі кеңесінің жауапты хатшысы болып жүр екен. Мәскеуден сол күні келіпті. Жетіп бардық. Есіктен кіріп барғанымызда-ақ бұйра шаштылау әсем жігіт бізді құшақ жайып қарсы алды. Төкен ағаның ғана емес, менің де сыртқы киімімді өзі шешіп, өзі ілгенін есіме алсам, осы күнге дейін ұяла жымиямын.

Төкен аға алдын ала хабарласып қойған болу керек, тіпті, дастархан жасалып, өзім сол сәтте ғана танысқан Клара апайдың шәйі де бұрқылдап қайнап тұр екен. Отыра қалдық. Әңгімелестік. Төкен аға маған екі-үш өлең  оқытқызды. Өлеңдерім Роллан ағаға қатты ұнады. Мен мәзбін.

Біздің одан кейінгі кездесуіміз менің соңғы курста оқып жүрген кезімде, күзде, тағы да Төкен ағаның арқасында болды. Ол жолы Роллан аға Төкен ағаның досы Асқар Сүлейменовті ертіп келген екен. Төкен аға институтқа қоңырау шалып, мені шақыртып алды. Сол кісінің үйінде отырдық. Менің шаруам – әңгіме тыңдау, өлең оқу, ағалармен рөмке түйістіріп, ішіп қою.

Төкен ағаның үйі Ертіске жақын. Дастарханнан соң, түнделетіп өзен жағасына бардық. Сол жерде менің оқу бітіргеннен кейін не істейтінім туралы да әңгіме болды. Ол кезде біз үшін оқудан соң екі жыл мұғалім болып жұмыс істеу міндет болатын.

Роллан аға: «Мұны қалайда Алматыға алдыру керек!» деді.

Төкен аға: «Жоқ, бұл осы өзінің Семейінде жүріп-ақ жаман болмайды» деді.

Асқар аға: «Мынау өз қалауымен жүретін бала сияқты ғой. Өзі шешсін! Семейде жүрсе, ортадан алыстап қалады дейтін емес. Бұл – ұлылардың қаласы. Ал, Алматыға барса, бұзылады да кетеді» деп осқырынып, пысқырынып алды.

Мен: «Маған жолдама қай жаққа берілсе, сонда барамын. Ел көремін, сабақ беремін, өмір танимын» деп, шабыттана саңқылдап едім, үш ағам да менің бетіме тесіле қарап біраз тұрды да, алға қарай жүріп кетті.

(Айта кетуім керек, мен ол кезде үйленіп алған болатынмын. Жұбайым Гүлзия – Абай ауданының тобықтысы. Қазақша айтсақ, Роллан ағаның қарындасы. Әлгі ағаларыма берген уәдемді орындап, екі жыл мұғалімдік өтеуімді өтедім. Құдай жар болғанда маған жолдама Алматы облысына берілген. Одан соң «Балдырған» журналына орналысып, әдеби ортаға сіңдім де кеттім).

Роллан аға мен Асқар аға Алматыға қайтып кеткеннен кейін менің жүріс-тұрысыма көңілі тола бермейтін Төкен ағам сәл қит етсем болды: «Ана Роллан ағаңа қарашы. Не деген өр талап, не деген ізгенімпаз! Өзі мына инженер-технология институтын бітірді, Сонсоң облыстық комсомол комитетінің хатшысы болды. Сонда бес жылдай істеп, Мәскеудегі әдебиет институтына түсіп алды. Енді, міне, жап-жас болса да Бүкілодақтық жазушылар одағында, Мәскеуде отыр. Ал сенің жүрісің – мынау» деп жерден алып, жерге салатын. Сол Төкен ағамның маған риза болғаны үш-ақ рет қой деймін. Біріншісі – үшінші курста оқып жүріп үйленгенімде, екіншісі сол жылы «Бастау» сериясымен кітабым шыққанда, үшіншісі – қызыл дипломмен оқу бітіргенімде. Аруағыңнан айналайын ағам-ай десеңші! Мені туған бауырындай көруші еді ғой! Екеуміздің ешқандай туыстығымыз да жоқ еді. Бірақ жанымыз бір еді...

Роллан аға Мәскеуден келген сайын мені жанынан тастамайтын болды. Театрға, жазушы ағалардың үйіне, мейрамхана, кафелердегі басқосуларына апарады. Мен сол кісінің жетелеуімен Оралхан Бөкей, Өтебай Қанахин, Ақселеу Сейдімбек сияқты ағаларымның үйлеріне бардым. Иранбек Оразбаев, Смағұл Елубаев сияқты ағаларыммен де жақын таныстырды. Ылғи бірге жүретінімізге қарап, кейбіреулер мені Роллан ағаның туыс інісі деп ойлайды екен. Бір күні бастығым Мұз-ағам (Мұзафар Әлімбаев) мені шақырып алып: «Әй, Әбубәкір, мына жұрт сені Роллан Сейсенбаевтың інісі деп жүр ғой. Сен найман емессің бе? Әлде тобықтысың ба!» деді. Мен: «Иә, інісімін. Мен семейлікпін ғой» дедім. Мұз-ағам: «Е – е – е! Солай екен ғой. Дұрыс» деп, әлденеге көзі жеткендей болып, креслосына шалқайыңқырап отырып қалған.

Иә, Роллан ағам осы күнге дейін туған ағамдай болып, қолынан келген бар шапағатын төккісі келеді де тұрады. Есіме түсіп отыр, баяғы сол жас кезімде қасына ертіп жүріп, мені ЦУМ-ға алып барды. Өзіне бірдеңе алатын шығар деп ойладым. Біз шалбарлар тұратын бөлімге кіріп, шалбар қарай бастадық. Бір кезде бір ақ шалбарды алып: «Міне, мынау саған келеді. Киіп көрші» деді. Мен: «Мұныңыз не? Мен шалбарсыз жүргем жоқ» деп намыстанып қалдым. «Ки, давай! Ақындар ақ шалбармен жүруі керек!» деп зекіңкіреп тастаған соң, айтқанын істедім. Маған шап-шақ екен. Көз мөлшерінің дәлдігіне таң қалып әрі қуанып тұрмын. Шалбардың ақшасын төлеп болған соң, әлгі шалбар өлшейтін жерге барып, жаңа шалбарды киіп алдым. Өзімнің тәп-тәуір шалбарымды да тастамай, біраз уақыт көтеріп жүрдім-ау деймін.

Бір кездескенімізде басыма төбесі шоп-шошақ, етегі далиған ши қалпақ киіп жүр едім, «Ақын мынандай қалпақ кие ме екен?! Шешіп тасташы» деген соң, ыза болып, әлгі қалпақты көше бойындағы ағаштардың басына қарай лақтырып кеп жіберіп едім, бір бұтақтың басына барып ілінді де қалды. «Басымнан да биік жерде тұрсын!» деп едім, Роллан аға мәз болып күлді де:

«Бойыңды түзесең, ойыңды түзейсің. Дұрыс киін» деді.

«Жазушының жауы – жалқаулық»

Роллан аға Кеңес Одағы күйрегенге дейін Мәскеудегі қызметінде болды да, Алматыға келген соң ұлттық арнада «Абай әлемі» деп аталатын тамаша бір бағдарлама жүргізді. Одан кейінгі уақытта бір-екі жылдай Президенттің кеңесшісі қызметін атқарды-ау деймін.

Төкен ағам айтқандай, бұл кісі, шындығында, өр талап, ізенімпаз екен. Әсіресе, 1995 жылы, Лондонда «Абай үйін» ашуы – айтарлықтай тарихи оқиға болды емес пе?! Жаңа ғасырдың басынан бастап тындырған істері – ұлан-ғайыр. Бұл ағамыздың Семей қаласында «Халықаралық Абай клубын» ашуы, халықаралық «Аманат» журналын шығаруы, осы істерді тындыра жүріп, Қазақ ұлттық университетіндегі Әлем халықтары әдебиеті институтының директорлық қызметін атқаруы – бір адамға аз жүк емес екендігі біз айтпасақ та түсінікті.

Егер Роллан ағаның алған марапаттары мен сыйлықтарын тізіп жазатын болсам, осы эссенің көлемі тым ұлғайып кетеді-ау деп қорқып та отырмын. Алайда, бұл ағамыздың шет елдерде кітаптары ең көп аударылған жазушылардың бірі екендігін ескерте кеткенім жөн...

Роллан ағаның шығармашылықтағы бір ерекшелігі өзімді қатты сүйсіндіреді. Ол – жазу мәнерінің, стилінің ерекшелігі және тұрақтылығы. Егер маған бірнеше жазушының шағын мәтіндерін қатар қойып, авторын құпиялап, солардың ішінен Роллан Сейсенбаевтың мәтінін тауып бер десе, айнытпай танимын. Әрине, жазушы ретінде ғана қарап, шығармалары туралы пікір айту бұл эссенің мақсаты емес және ондай шаруа менің қолымнан келе де бермейді.

Өзім ойлаймын: осы Роллан ағамның дарыны мен қарымы жазушыға тән болғанымен, жан-дүниесі ақын ба деп. Олай деп ойлайтын себебім – жүріс-тұрысын былай қойғанда, поэзияны тез және таза түсінетін осындай жазушыны өте сирек көріппін. Оның үстіне, бүкіл әлем ақындарын дәл осы кісідей жетік білетіндер – тым аз. Қазақ ақындарының да қайсысы қандай екенін біліп отыратын – осы кісі. Мәселен, менің өлеңдерімнің тәуір тұсын да, кейбір кемшіліктерін де дөп басады. Өзім де күмәнданып жүрген тұстарын қолмен қойғандай етіп айтып бергенде, ұялықырап та, қуаныңқырап та отырамын. Жақсы шығармаға Роллан ағадай шаттанатын қаламгерлер де көп емес.

Мен бір күні ағама «Кенесары» деген дастан жазайын деп жүргенімді айттым. Ол кісі: «Талабың өте дұрыс. Сен жазасың. Бірақ Хан Кененің қасиеті мен рухына маңайлап бару өте қиын. Оған жақындау үшін өн бойыңдағы барлық қабілетіңді, барша күш-жігерің мен төзіміңді сол бабамыздың рухына арнауың керек», – деді. Айтса – айтқандай, мен Кенесарының рухына жақындаймын деп ұзақ әурелендім. Зерттедім. Алуан түрлі тәсілдер қарастырдым. Ең ақырында сара жолын тауып, өте көлемді (компьютермен сексен бет) тарихи дастанды жазып шықтым. Ең алдымен Роллан ағаға оқыттым. Ол кісі оқып бола сап, қатты риза болғаны соншалық, «Аманат» журналына өзі алғы сөз жазып, бірден жариялап жіберді. Сол алғы сөзде де Роллан аға былай деп жазыпты: «Бірде Әбіш дастанды жырлап тастауға бекініп, бір айға жұмыстан демалыс алып, оңаша ойға берілген. Бірақ Кене хан ақынға алдырмады. Атойлаған ұлы рух, қаншыл намыс сырын бермей, сұлқ қалды. Көңіліне қаяу түскен ақын ініме сол күндері: «Әбіш – жан, Хан атаңның жолы ауыр ғой. Ойлан. Жырла. Күндіз де, түнде де ханмен сырлас. Сөзге тарт. Ханға ақындық ақ жүрегіңді аш. Әр дүниенің, әр асылдың жарқырап ашылатын сәті болады. Ол – Алланың сәт сағаты.

Алланың сағаты соққан тұста сенің жүрегіңе енген, жаныңа жайлы қонған Кене хан өзі-ақ дауылдата көкірегіңді соғады. Бостандық тілейді. Тек жазуға үлгеріп бақ»...

Роллан аға бастаған істің қайысша созылып жүріп алғанын еш жаратпайды. «Жазушының жауы – жалқаулық» деген нақыл сөзін алғаш естігенімде, маған арнап айтып тұр ма деп, қатты қысылып қылғаным бар.

«Қиыннан бастасаң – қиналмайсың»

Өзімнің ойымша, Роллан Шәкенұлы – тумысынан ұлттық тәрбиені бойына сіңірген, өз халқының ауыз әдебиетімен ауызданып, кәусарынан қанып ішкен, сонымен қатар, тым жас кезінен-ақ орыс және шетел классиктерін таңдап, елеп-екшеп оқи білген жазушы. Бұл кісінің нағыз қазаққа тән көркем мінезі мен келісті келбеті, құлаққа өте жағымды естілетін қою, қоңыр дауысы ішкі жан дүниесінің зор зияттылығын әр сәтте паш етіп тұрады. Бірбеттілік пен шешімталдық, шыншылдық пен қиянатқа төзбестік сияқты қасиеттері де бір басына тегіннен тегін орнай қалған жоқ шығар. Барлығы – тәлім мен тәрбиенің жемісі. Әрине, бұл тараптан келгенде, аялап өсірген ата-ананың орны бөлек екендігі өзінен-өзі белгілі.

Роллан ағаның әкесі Шәкен Сейсенбаев – совет заманында қазақ халқы бастан кешкен барлық зұлматтарды көзімен көріп, көкейінде сақтаған, Екінші дүниежүзілік соғысты кешіп өткен, бүкіл Семей қаласы мен Абай ауданының бастарына көтерген бірегейі, қайраткері болған адам. Өзі ылғи басшылық қызметте жүрсе де, әдебиеттен ешқашан қол үзбеген көзі ашық, көкірегі ояу, нағыз елжанды азамат екен.

Жидебайдағы – Абай, Ералыдағы Еңлік-Кебек ескерткіштерін орнату жұмысының басы-қасында жүріп, бастан-аяқ басшылық жасап, орындап шыққан осы кісі екенін «Тағылым» дейтін Шәкен Сейсенбаев туралы кітаптан оқыдым. Әкесінің қайтыс болғанына жиырма бес жыл толуына орай Роллан аға шығарған сол кітапта бүкіл еліміз білетін ақын жазушылар – І.Есенберлин, С.Мұратбеков, Ә.Әлімжанов, М.Мағауин, О.Сүлейменовтердің Шәкен аға туралы естеліктері жарияланыпты. Осы қаламгердің бәрі Шәкеңнің елден ерекше ғажап адам екендігін таңдай қаға отырып, әңгімелеп беріпті.

Шәкен атамыздың өзі жазып қалдырған күнделік беттері ол кісінің терең білімді, нағыз зиялы адам болғанын анық білдіріп тұр.

Шәкен атаның жұбайы, Роллан ағаның анасы – Рәшида Нұрбайқызы тоқсан жастан асып барып дүниеден озды. Иманы жолдас болғай!

Біз осы бір аяулы адамдардың аруағына бас иеміз, рухтарымен жүрек отын тұтатамыз. Қазақ халқының маңдайына біткен тамаша талант, жиһангер жазушыны тәрбиелеп, өсіргендері үшін алғыс жаудырамыз!

Мен Роллан Шәкенұлының тәрбиелілігіне емес, тәрбиешілігіне таң қаламын. Оған себеп – шығармашылық жолында жүріп, шынығуым мен шыңдалуыма көп септігін тигізген осы кісі. Алдына отырғызып қойып ақыл үйретпей-ақ, әлдекімдер сияқты әсемдеп, бипаздап уағыз айтпай-ақ біз сияқты соңына ерген інілерін өз іс-әрекетімен, айтқан әңгіме, естеліктерімен байқатпай тәрбиелейтін тәсілқой ұстазымнан айта қаларлықтай ұстанымдар үйренгенім үшін қуанам. Соның бірі – бастаған істі тиянақты түрде аяқтап шығу үшін сол ісіңнің қиын да күрделі тұстарына ерекше назар аударып отыру және оның өзіңе ыңғайлы әдіс-тәсілдерін меңгеру. Сенімді бастау.

Бірде Роллан аға мені шақырып алып, поляк елінің айтулы ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Чеслав Милош өлеңдерін аударуымды өтінді. Ең алдымен танысып алайын деп қарасам, сұмдық, өте қиын. Менің шошып кеткенімді байқаған Роллан аға қарқылдап күлді. «Милош өлеңдерінің ішкі мәнінен емес, сыртқы формасынан қорқып тұрмын» деп едім, «Жүрегі таудан-тастан қайтпайтын қазақ ақынының поляк ақынынан қорққанын ешкім естімей-ақ қойсын. Мына өлеңдерді алып, үйіңе бар да, зерттеп, зерделеп оқы. Жалықпай айналыса берсең, формасын да, нормасын да келтіресің» деді. Мен «Тым қиын екен» деп тағы да қашқалақтап едім, «Қиыннан бастасаң – қиналмайсың. Егер мынадан қорқсаң, бұдан да оңай істерді тындыра алмайтын боласың» деді.

Маған ағамның «қиыннан бастасаң – қиналмайсың» деген даналық сөзінің қатты ұнап кеткені соншалық – Милошты көтеріп, үйіме жөнелдім.

Роллан ағаның айтқаны айдай келіп, әлгі күрделі өлеңдерді қазақша сөйлетудің амалдарын көп ұзамай-ақ тауып алып, бір айдың ішінде аударып шықтым. Бұл жұмысым ағама ұнады. Сөйтіп, Чеслав Милоштың ең таңдаулы бір талай өлеңдері «Жеңілмейтін жыр» деген атпен кітап болып шықты. Бұл 2011 жыл еді. 2013 жылы көктемде ғой деймін Роллан аға маған тағы қолқа салды. Вислава Шимборская деген тағы бір поляк ақыны бар екен. Бұл да Нобель сыйлығының лауреаты. Соны аударуым керек. Бұл жолы тайынбай кірістім. Бұл аудармама Роллан аға бұрынғыдан да қатты риза болды. Мен өркештеніп қалдым. В.Шимборскаяның да «Исаактың жазығы неде?» деген кітабы жарық көрді.

Сөйтіп, Роллан Шәкенұлы менен тәп-тәуір аудармашы ақын жасап шығарды. Француздың Луи Арагоннан бастап он екі ақынының отаншылдық өлеңдерін аударғанда, кәдімгі тәжірибелі аудармашыдай қаламым жорғалап отырды-ау деймін!

Шындығымды айтсам, осы бір кездерден кейін бұрын өзіме қиын болып көрінетін жазу жұмыстарымды қалайда орындап шығу үшін үстел басында ұзақ сарылып отыруға үйрендім. Келіп тұрған өлеңдерімді теп-тез-ақ жазып тастап, орнымнан тұрып кетуге үйренген жеңілтек басым қазіргі уақыттарда салмақты да салауатты бола бастаған сияқты. Бойыма дари бастаған бұл жағымды өзгерістерімді өлеңдер емес, новеллалар жазып отырғанымда көбірек аңғаратын болыппын...

Жасы жетпіс беске келіп отырған осы бір асыл ағам туралы ойласам, талай тауды асса да, талай жерді басса да, тұяғы кемірілмей, тұрқы кемімей келе жатқан тумысы бөлек тұлпарды көз алдыма елестетем. Оның өшпес іздеріндей болып көрінетін жазылған, жазылып жатқан шығармаларынан қазақ деген халықтың қасиеті мен қасіреті, қуанышы мен жұбанышы атой салып, тасқа қашалған таңбалардай уақыт өткен сайын құдыретті құпиясын аша түседі деп сенемін. Қайсар рух пен өр намыстың жығылмас туын қашанда биікке көтеріп ұстайтын осы жазушының еңсесі төмендеп, қайраты қажыған сәттерін ешкім көрген жоқ шығар.

Қазақтың Роллан Сейсенбаев деген жазушысын қартайған шағында қайта-қайта қинай берейін дегендей, тағдыр тырнағы жанын жұлмалап, ет жүрегін езгілеп келе жатыр. Кейінгі жылдардың ішінде ең алдымен аяулы інісі Асқар дүниеден озып, одан көп ұзамай Серікқали інісі де аяқ астынан бақи кешті. Екі бауырының енді ғана топырағы кеуіп, жүрек сыздауы бәсеңдей бастағанда кейуана анасы да көз жұмды. Енді, міне, жақында ғана жан жары Клара апай – атақты кәсіби аудармашы, қазақ, орыс, ағылшын, түрік, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген теңдессіз полиглот Клара Серікбаева келмеске кетті.

Роллан аға бұдан көп жылдар бұрын Гүлнар деген қарындасынан, Мұхтар деген інісінен де айырылып еді ғой.

Мен ойлаймын: сырқат жүрегі сыр беріп жүргеніне қарамастан, Дешті Қыпшақтың дауылпаз қыраны самғауынан жаңылмас, мәрт жігері майырылмас, серпінінен айырылмас деп.

Рас, жазған шығармалары Жер шарын аралап кеткен Роллан ағаның әдебиет әлеміндегі дауысы – ғасырлар бұрын бүкіл ғаламды елеңдеткен Дешті Қыпшақтың дабысындай болып сезіледі маған. Күні кешегі ТМД елдері ғана емес, дүние жүзінің әр түкпіріндегі достары мен таныс-білістері, өзін сүйіп оқитын оқырмандары Көне Дешті Қыпшақ пен соның заңды мирасқоры бүгінгі Қазақстанның дабысын да, даңқын да Роллан ағаның достық пейілінің үзілмес арқауы арқылы естіп те, сезіп те жатыр...

Әкем Рахметтолла ұлы бабасы Шәкі бидің мына бір сөзін жиі қайталап отырушы еді: «Өзі мырза, өзі құл жігіт қайдан табылар! Өзі жорға, өзі жүйрік күлік қайдан табылар!» Сол би бабам Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев сияқты алмауыт азаматтарды армандаған болар.

Қорғанбек АМАНЖОЛ

ДЕГДАР

(Роллан Сейсенбаевқа)

Қасиеті қара нарға жүк-ау Шыңғыстау,
Оңай ма, сірә, Хан биігіндегі туды ұстау?!
Абайым алып, Шәкәрім анық болғанда,
Мүмкін емес-ау балқыған сырлы нұр құшпау.

Алаштың рухын аманат етсе Шыңғыстау,
Оңай ма, сірә, ордалы ой мен шынды ұстау.
Алыбың сарық, анығың танық болғанда,
Мүмкін емес-ау жарық жалғанда мұң құшпау.

Жалбыз жаныңның Саят қорасында бұл күнде,
Жалғыз жүрекке жапа шектірмеу мүмкін бе.
Бұғалық шалып бұқтырып қояр сен емес
Шу асаудай бұлқынған жүрек шіркінге.

Тілекті таста, жүректі сақта дейміз бе?
Гөй-гөйлеп кетер шуылдақпыз-ау әй, біз де.
Мысық тілеулі мимырттан безіп, одан да
Орда кейіпті, ормандай нулы ойды ізде.

Әлемді шарлап аралаған жүрек Алашын,
Ақиқаттың таласына талқы саласың.
Қайшылықтар мен қарсылықтардан тауып жарасым,
Қат-қабат дүние сырына дендеп қанасың.

Кең даладай кемел, сақи жүректі сақасың,
Толғаныстардың кенен тұңғиығына батасың.
Қолтығыңа Шыңғыстау байлаған самғау қанатпен
Мұхиттардан асып, құрлықтарды басып бара жатасың.

Иә, солайсың.
Жидебай жырды жалғаған жүрек жаһанға,
Жойқын толқындарда жұтылмайсың сүрей наһанға.
Жеңісті жорықтарыңнан оралып тағзым етесің,
Патшасы Сөздің – Абайдай асқар қаһанға.

Әбубәкір Қайран

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3534