Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жауап 3369 5 пікір 15 Қазан, 2021 сағат 12:36

Павлодар қазақ тілін дамыту үшін не істеп жатыр? (Жауап)

13 қазан күні, осыдан екі күн бұрын Abai.kz ақпараттық порталында «Тіл жанашырын кім соттамақ, неге соттамақ?» атты мақала жарияланды. Онда Керекудегі қоғам белсендісі, мемлекеттік тілдің жанашыры Руза Бейсенбайтегінің үстінен іс қозғалып, полиция қамауға алғаны, кейін босатқаны және сол күні сот өтетіні туралы егжей-тегжейлі жазылған.

Біз Әбілқайыр Сқақов басқаратын Павлодар облыстық әкімдігін, Павлодар қалалық әкімдігі мен облыстық Көші-қон полициясын атап, облыста мемлекеттік тілді дамыту барысында не істеліп жатқанын білмек болдық. «Көрінгеннен жәбір көріп жүрген Рузаға неге көмек қолын созбайды? Жоқ, әлде оларға мемлекеттік тілдің қажеті жоқ па?» деп сұрадық.

Бүгін порталымыздың электронды поштасына Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы үшбу хат жолдап, аталған мәселеге қатысты түсініктеме жазып жіберіпті. Abai.kz - еркін ақпарат алаңы. Біз Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының жауап хатын қаз қалпында оқырман талқысына ұсынамыз.


Жауап хат

Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ағымдағы жылы 13 қазанда «Abai.kz» ақпараттық порталында «Тіл жанашырын кім соттамақ, неге соттамақ?» тақырыбында шыққан мақалаға келесідей түсініктеме береді.

8 қазанда Павлодар қаласының көші-қон полиция бөлімінде қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегімен болған мәселе бойынша Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы осы мекеме ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының негізгі талаптарын сақтау қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес барлық көрнекі акпараттарды Заңға сәйкес орналастыру, мекеменің барлық ішкі құжат айналымын екі тілде жүргізу қажеттілігі және бөлім қызметкерлеріне жыл сайын ұйымдастырылатын тегін қазақ тілі курстарына жазылуға кеңес берілді. Осы мекемедегі көрнекі ақпараттар екі тілді ресімделгені анықталды.

Қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегін Полиция қызметкерлері қамауға алды деген ақпарат теріс таралғанын хабарлаймыз. Себебі Руза Бейсенбайтегін тек осы аталған мәселе бойынша 12 қазанында сағат 13.30-да онлайн сотқа қатысу үшін Павлодар қаласының оңтүстік полиция бөліміне жеткізілген. Адвокаттың өтініші бойынша бұл сот отырысы 13 қазанға сағат 17.00-ге ауыстырылған. Алайда сот отырысы 13 қазанда өткізілмей, кейінге шегерілді.

Жалпы өңіріміздегі тiл саясаты жәнe ocы бaғыттaғы өзгe жұмыcтap ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы мен ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылуда. Аталған мемлекеттік бағдарламаның бағыттары бойынша бірталай шаралар кешені жүзеге асырылды. Жалпы облыс бойынша 2021 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 4159 адам мемлекеттік тілге оқытылды.

Биылғы жылы қол жетімді қазақ тілі жобасы аясында көпшілік орындарда «QR-Қазақ тілі» кодтары орнатылды. Жоба арқылы қазақ тілін үйренуге ниет білдірген облыс тұрғындары жаңа форматта мемлекеттік тілді тегін оқып, меңгеруге мүмкіндік алады. Осыған қоса қазақ тілін үйрену үшін «Ana tili» мобильдік қосымшасы қолданылуда.

Сонымен қатар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы мен Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Аталған Меморандумның мақсаты ел бірлігінің негізгі факторы ретінде мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданыс аясын кеңейту бойынша Тараптардың арасындағы ынтымақтастықты жетілдіру және осы бағытта бірлескен іс-қимыл жасау тетіктерін анықтау болып табылады. Осыған байланысты Меморандум негізінде облыстық Кәсіпкерлер палатасының базасында шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған әдістемелік көмек көрсету бойынша фронт-офис кабинетін ашу жоспарлануда. Сонымен қатар қаламыздағы ірі сауда орталықтарының қызметшілеріне арналған қазақ тілі сыныптары да жұмыс жасайтын болады.

Павлодар облысының мәдениет,
тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы

Abai.kz

5 пікір