Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Айқай 3571 4 пікір 14 Қазан, 2021 сағат 15:09

Санкция сергелдеңге салмасын

11 қазан күні Еуропарламент қабырғасында үлкен отырыс өтті. Отырыс тақырыбы "Еуроодақ және Қазақстан". Жиын парламентаралық әріптестік тақырыбы аясында өрбіген болатын. Оған Қазақстан атынан Линник, Сарым, Сқақова, Айтпаева сынды депутаттар қатысты.

Еуропарламенттегі жиын жайлы parlam.kz сайты қазақ тілінде қысқа ғана ақпарат берді.

"Мәжіліс депутаттары Айгүл Құспан, Снежанна Имашева, Айдос Сарым, Айжан Сқақова және Андрей Линник Бельгияда өткен "Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ" (ҚР-ЕО) парламенттік ынтымақтастық комитетінің кезекті 18-ші отырысына қатысты. Іс-шара барысында ҚР-ЕО желісі бойынша болашақ ынтымақтастық үшін бірқатар перспективалық бағыттар туралы айтылды. Атап айтқанда, экономика, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, экология және су ресурстары салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Мәжіліс депутаттары еуропалық әріптестерін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі саяси бастамалары, коронавирус пандемиясы жағдайындағы Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралар кешені, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметі жайынан хабардар етті. Өз кезегінде, Еуропалық Парламент депутаттарының тарапынан еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға, өлім жазасын жоюға, сайлау заңнамасын жетілдіру сияқты қазақстандық саяси реформаларға жоғары баға берілді", - деп жазды.

Ал орыс тілінде табақтай етіп мақала шығарды. Онда Еуропарламент қабырғасында не айтылып, не талқыланғанына дейін нақты көрсетілген. Мемлекеттік тілде қысқа ақпарат қана беріп, орыс тілінде толықтай мәлімет бергеніне қарап-ақ мемлекеттік тілдің жағдайын бағамдауға болатын шығар.

Кездесуді Қазақстан тарапы барынша жақсы форматта өтті десе де, Еуропарламент бірқатар сұрақтардың жауаптарына қанағаттанбаған сияқты. Мысалы адам құқығы мәселесі бойынша. Еуропарламент депутаты Руза Тун өз Твиттер парақшасында кездесуден кейін былай деп жазба қалдырды.

“Кешегі кездесу: Еуропарламент депутаттары мен қазақстандық депутаттар. Олар (Қазақстан депутаттары): Адам құқығына кепілдік берілген. Мен: Бүгін 13 саяси белсенді сотқа тартылды ғой.
Олар: Біз түрмедегі жағдайды жақсартып жатырмыз.
Мен: Неге қамалған белсенділер “жүрек талмасынан” көз жұмады?! Біз әріптестікті қалаймыз, алайда біз санкцияны талап етуге мәжбүрміз”.

Еуропарламент депутатының сөзіне қарап, олардың Қазақстандағы адам құқығына қатысты көңілдері толмайтынын аңғару қиын емес.

Бұл Руза Тунның "Қазақстанға санкция салу керек" деген алғашқы мәлімдемесі емес. Бұған дейін де ол Қазақстандағы адам құқығының өрескел бұзылуына байланысты бірқатар тұлғаларға санкция салу керек деген ойын айтқан болатын.

"Кеше мен Қазақстанның Әділет министрі Марат Бекетаев мырзамен кездестім. Ол реформалар бойынша үлкен жоспарын таныстырды. Мен оған саяси тұтқындардың және қудалауға ұшыраған белсенділердің тізімін ұсындым. Біз әріптестікті қалаймыз, бірақ адам құқығын бұзушыларға санкцияны талап етеміз", - деп өз Twitter парақшасына 30-қыркүйекте жазба қалдырған болатын.

Санкция салуға қатысты Қазақстан депутаттары өз пікірлерін білдірді. Қазақстан Халықтық Партиясының өкілі Айқын Қоңыров былай дейді:

"Олардың өз мәселелері жетерлік қой, менің ойымша олар өздерінің сайлаушыларының назарын, мүмкін тұтас қоғамның назарын басқа бағытқа бұру үшін осындай бастамаларды көтеруі мүмкін. Мен адам құқығы мәселесі бойынша бірқатар кемшіліктер барымен келісемін. Бізге жиі арыздар келіп түседі. Біз оларды қарап, барынша шешуге тырысамыз. Ал екінші жағынан бұл мәселелердің Еуропарламентте көтерілуі олардың қалауында. Олардың ондай құқығы бар. Әрине әлемдік дағдарыс кезінде, әсіресе Еуропа барынша дағдарысқа еніп жатқан сәтте олар алдымен өз мәселесін реттеп, артынша бізге қарағаны дұрыс сияқты. Өйткені Еуроодақта екі түрлі стандарт бар, оны Еуропарламенттен де көруге болады", - деді ол.

Жамбыл Ахметбеков болса былай дейді:

"Егер Қазақстан халықаралық құқықты таптаса, онда әрине санкция салу керек. Алайда біз құқықты бұзған емеспіз. Егер санкцияға іліксем мен қапаланбаймын. Егер мен заңды бұзсам, онда заң алдында жауап беруге тиіспін".

Соңғы уақытта Қазақстандағы адам құқығы мәселесі Еуропарламент қабырғасында жиі айтылатын болды. Белсенділер жекелеген тұлғаларға санкция салынуы тиіс десе, билік Батысқа "барынша реформаны іске асырамыз" деп уәде етуде.

Ка Мырза

Abai.kz

4 пікір