Жұма, 19 Сәуір 2024
Сұхбат 3413 0 пікір 11 Қазан, 2021 сағат 16:09

Аида Балаева: Біз қазір жаһандану келе жатыр деген кезеңнен өтіп кеттік

Әйгілі жазушымыз Дулат Исабековтың бір әңгімесінде киіз үйдің іргесінде ұршық иіріп отырған кейуана феодолдық қоғамнан социолистік қоғамға қалай өтіп кеткенін білмей қалады. Сол сияқты біз де… қоғамнан қоғамға, кезеңнен кезеңге, дәуірден дәуірге жылдам өтіп жатқанымызды сезбейтін сияқтымыз. Алайда келісейік, келіспейік біз қазір жаһанданған уақыттың құшағындамыз. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызымен сұхбатымыз осы және өзге де мәселелер төңірегінде өрбіді.

Жұмысбасты болған ұнайды. Бұл қасиет маған әжемнен дарыған

– Сіздің Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметіне тағайындалғаныңызға бір жарым жылдан енді асса да, ұзақ жылдардан бері осы министрлікті басқарып жүрген адам сияқты әсер қалдырасыз. Аталған аз уақыттың ауқымында журналистермен, қоғамдық ұйым өкілдерімен қаншама кездесулер жасап үлгердіңіз. Қаншама тың бастамаларды қолға алып, жолға қойып жатырсыз. Қазіргі індет жайлаған тар кезеңнің өзінде онлайн-форумдар өткізіп, тыным таппайсыз. Айтыңызшы, жаратылысыңыздан осындай «тынымсыз» жансыз ба, әлде сіз басқарып отырған сала осылай белсенді әрі көпшіл, қауымшыл болуды талап ете ме?

– Жалпы мен туралы мені танитын адамдардан сұрағаныңыз дұрыс шығар (күледі). Біріншіден, табиғатым солай. Қазіргі ғылымда адам жаратылысына талдау жасағанда – интроверт, экстраверт деп жатады ғой. Мен соның соңғысына жататын шығармын. Үнемі ізденісте жүргенді, жұмысбасты болған ұнайды. Бұл қасиет маған әжемнен дарыған деп ойлаймын. Марқұм әжем көпшіл, ашық, адам жатырқамайтын, тік мінезді жан болатын. Екіншіден, менің мемлекеттік қызметте жүргеніме 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Еңбек жолымды сол кездегі Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Алматы облыстық басқармасында жетекші маман болып бастадым. Содан бері мемлекеттік басқару ісіндегі қай қызметімді мысалға алсақ та бірінші кезекте халықпен тікелей жұмысты, азаматтық қоғам институттарымен қоян-қолтық байланысты талап етеді. Мен қашанда, әсіресе қазіргі қызметте, осы талаптардың үдесінен шығуға тырысып келемін. Көп жағдайда қоғам біздің министрлікті тек – медиа саласымен, БАҚ бағытымен ғана байланыстырып жатады. Алайда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, атауы айтып тұрғандай, қоғамның жалпы идеологиялық саласына жауап беретін, бірнеше ауқымды бағыттарды қамтитын күрделі құрылым. Бұрын да солай болған, қазір де солай жұмыс атқарып келеді. Сұрағыңызда айтылғандай пандемияның салдары – біздің қалыпты өмір қалпымызға, әдет-салтымызға айтарлықтай өзгерістер енгізді. Карантин бұрынғы еркін жүріс-тұрысты азайтты. Алқа құрып, кең отырып ақыл қосатын жүзбе-жүз кездесулер, көпшілік болып бас қосулар шектелді. Десе де, қоғаммен жұмыс, азаматтық сектормен байланыс тоқтамау керек. Себебі қоғамдық құрылымның біреуі тоқтаса, оның салдары барлық салаға әсерін тигізетіні белгілі. Сондықтан біз бүгінгі уақыт талабы тудырған жаңа технологиялардың артықшылығын пайдалана бастадық. Басында, іс-шаралардың барлығы интернет арқылы онлайн форматқа көшті. Мұның да өз артықшылығы бар. Іс-шараларға қатысушылар саны айтарлықтай артты және оның қамту ауқымы кеңейді. Яғни, алыс өңірлерден, шалғай ауылдардан белсенді азаматтар, ауылдық ҮЕҰ өкілдері онлайн форматта үлкен іс-шараларға қатысуға мүмкіндік алды. Әлеуметтік желілерде түрлі деңгейдегі кездесулер тікелей эфирден көрсетіліп, көпшілік назарына ұсынылуда. Мысалы, қазірдің өзінде тек менің тікелей қатысуыммен өтетін 15 диалог алаңы тұрақты жұмыс істеп тұр. «Youtube» желісінде «Балаевамен 3 сұрақ» бағдарламасын бастадық, «E-gov» порталында «Ашық диалог» алаңы бар. Министр блогы арқылы да қаншама азаматтар сауал жолдап, жауап алып жатады. Оның сыртында, жеке ресми, бейресми кездесулер, түрлі бас қосулар бар. Мұның барлығы да ең алдымен қоғаммен ашық әрі сындарлы диалог құру мақсатын көздейді. Сондай-ақ, Президенттің «еститін мемлекет» қағидасын іс жүзінде орындалып жатқандығының бір көрінісі. Сондықтан әрқашанда қоғам дамуындағы барлық оқиғалардан хабардар болып, уақытылы шешімдер қабылдап отыру үшін осындай динамикада жұмыс жасау керек. Олай болмағанда, нақты нәтиже, сапалы даму болмайды.

– Аида Ғалымқызы, сіз өзіңіздің «тынымсыз» жан екеніңізді тиянақты жұмыстарыңызбен көрсетіп келе жатырсыз. Оны бәріміз, әсіресе, БАҚ өкілдері жақсы білеміз. Ендігі сұрақ. Жаһандануды біріміз мақтап, біріміз даттап жүргенде жаһанданып кеткен сияқтымыз. «Күшті де қуатты құрал табылғаннан кейін адамзат күрт дамып кетті» деген Билл Гейтс жаңа дәуірді «ақпараттық магистраль» деп атады. Бір айта кететіні, ақпараттық қоғам сипаты өз ортасының ерекшелігіне қарай әртүрлі дамитын көрінеді. Ақпараттық қоғамның жетекші теоретигі Мануэль Кастельс: «Ақпараттық технологиялар мен жаһандық экономика арасында адамдардың «алуан түрлілігі» жатыр», – дегенде, осы нәрсені меңзесе керек. Мысалы, Силикон алқабы – өнімдерін нарыққа шығаруды мақсат еткен ашық ақпараттық қоғам болса, сингапурлық модель – авторитарлық ақпараттық қоғам; финн моделі – адамдардың бақуаттылығын көздеген ашық ақпараттық қоғам. Мәселеге осындай ракурстен қарасақ, Қиыр Шығыс өркениеті қалыптасып жатқан Азия елдерінде, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстанда қандай ақпараттық кеңістік пайда болып келеді деп пайымдайсыз?

– Рас айтасыз. Қазір жаһандану келе жатыр деген кезеңнен өтіп кеттік. Барлығымыз осы процестің ішіндеміз. Сондықтан қазіргі басты мақсатымыз – жаһанданумен бірге өмірімізге дендеп еніп жатқан жоғары технологияның, робототехниканың шартында, жасанды интелектінің қарқын алып келе жатқан шағында адами болмысымызды, ішкі мәдениетіміз бен рухымызды жоғалтпау дер едім. Басқасын былай қойғанда, интернетті алайық. Бір ғана ғаламтор желісі әлемдік интеграцияға қалай әсер етіп отыр? Әсіресе өзіңіз айтқан әлемдік ақпарат саласы. Қазір жер шарының бір түкпірінде болған оқиға бүкіл әлемге көзді ашып-жұмғанша тарайды. Бүгінгі заман – жылдам, ықшам, сапалы ақпарат таратудың заманы. Сіз мысалға келтірген модельдердің барлығы да мәселенің сыртқы көрініс-келбеті. Ал олардың барлығының ішкі табиғаты бірдей. Ол – біртұтас ғаламдық, ашық ақпараттық қоғам. Сондықтан қазір жаһандану ағынының ішінде отырып, оған қарсы тұрам, басқа әлемнен бөлектеніп өмір сүрем деген ұстаным қисынға келмейді. Біздің ендігі міндет – алдағы даму бағытымызды осы жаһандану процесі жағдайында дұрыс анықтау. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу, оны өскелең ұрпақтың бойына сіңіру. Бұл істе БАҚ-тың әлеуетін кеңінен пайдалану керек. Оған біздің қазіргі ұлттық медиаданың жағдайы да, мүмкіндігі де жетіп тұр. Әлемдік деңгейдегі медиа үздіктерінен біздің ешқандай кемдігіміз де, кемшілігіміз де жоқ. Сондықтан Қазақстанның болашақ ақпарат кеңістігі, жаһандық қауымдастықтың мүшесі ретінде, барлық демократиялық құндылықтарды ұстанатын, сөз бостандығына құрметпен қарайтын құрылым болатынына сеніммен қараймын.

Сөз бостандығы – жалған ақпарат тарату емес

– Өзіңіз жақсы білесіз, әлемде ақпараттық ұлы майдан қайтадан басталып кетті. Ресей, мысалы, он-он бес жылдың шегінде АҚШ пен Еуропаға қарсы ашық ақпараттық соғыс ашып келеді. Дүниежүзі халықтарының қауымдастығында болған соң біз де бұл майданнан тыс қала алмаймыз. Бірақ Қазақстанның көп векторлы сыртқы саясаты қазақстандық баспасөзге де сан қырлы әрі салмақты болуды міндеттейді. Алайда бұқара халықтың баспасөзден көргісі келетіні басқа дүние. Ол – ашықтық, батылдық, нені болса да ащы айтып, анық жазу. Және соған орай биліктің де жігерлі қадамдар жасауын қалайды. Әсіресе бұл мемлекеттік тіл тақырыбына келгенде біліне түседі. Не істеуіміз керек? «Бағдатта тыныштық» деп отыра береміз бе, жоқ болмаса, көптің талап-тілегіне орай пәрменді қимылдарға барғанымыз жөн бе?

– Сұрағыңыздың астарын түсініп отырмын. Бүгінгі күні, өкінішке орай, сөз бостандығын ұран қылып, ұпай жинауды әдетке айналдыру белең алды. Жалпы сөз бостандығы ұғымын – түрлі деңгейде түсінуге және түсіндіруге болады. Ең бастысы Ата Заңымызда – азаматтарға сөз бостандығына кепілдік берілген. Әркім заң аясында өзінің ойын, пікірін еркін айтуға құқылы. Қазіргідей интернет заманында тіпті мәселе жоқ деп ойлаймын. Ал енді өзіңізге сұрақ қояйыншы. Мысалы осыдан 30 жыл бұрын қоғам, саяси режим қандай еді? Әрбір азаматтың еркін отырып, мемлекетті, Үкіметті, Президентті сынауға мүмкіндігі болды ма? Сын айтпақ түгілі, оны ойлаудың өзі қылмыс болып саналатын. Қазір бізде әркім өз пікірін әлеуметтік желіде, интернетте ашық айта алады. Сондықтан интернеттің игілігін пайдаланып отырған мемлекеттер қатарында біздің елді сөз бостандығы шектеліп, күшпен жаншылып отыр деу – шындыққа жанаспайды деп санаймын. Жалпы қазір бізде қоғамды демократияландыру процесі қарқынды жүріп жатқаны саяси сауаты бар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарға айқын білінеді деп ойлаймын. Мемлекет Басшысының тікелей бастамасымен құрылған бір ғана «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі» шеңберінде қаншама жаңашыл бастамалар іске асып үлгерді. Қоғамды ашық демократияға бастайтын Президенттің саяси реформалар топтамасы сәтті іске асуда. Олардың қатарында «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы», «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Заңдарды айтуға болады. Мұның барлығы қоғам тарапынан ең жиі айтылған саяси ұсыныстар болатын. Мемлекет Басшысының саяси ерік-жігерінің нәтижесінде ұсыныстар – нақты нәтижеге айналды. Сіз сұрағыңызда бұқараның баспасөзден көргісі келетіні – ашықтық, батылдық, ащы айтып, анық жазу дедіңіз. Осы жерде мәселенің екінші жағы шығады. Осы айтылған ұғымдар – әдеп, этика, жеке мәдениет сынды адами құндылықтармен үнемі ұштасып жата ма?! Сөз бостандығы – көрінеу жалған ақпарат тарату емес қой. «Ащы шындық» деген – қаңқу сөз шығарып, байбалам салып, аттандап, қоғамда дүрбелең туғызу емес. «Батылдық» – әлеуметтік желіде біреудің жеке басына тіл тигізіп, отбасының намысына тию емес. Әрине, сын әрқашан болуы керек және мемлекеттік органдар оған қашанда дайын, әрі ашық болуға міндеті. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Бірақ сынның – қисынға сыятын орынды болғаны, пікірдің – ой елегінен өткен пайымды болғаны дұрыс.

Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты біздің мемлекеттік саясаттағы ұстаным қашанда ашық әрі айқын. Бұл бағытта Елбасының осы уақытқа дейінгі жүргізген, бүгінде Мемлекет басшысы жалғастырып отырған істің барлығы да мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арналып келеді. Оған ешқандай күмән болмауы тиіс. Мемлекеттік тілдің еркін қолданылуына қатысты бізде заңдық нормативтік тұрғыда барлық жағдай жасалған. Қоғам тарапынан оның орындалуы ғана керек. Байқасаңыз, бұған қатысты түсініспеушіліктің көбі қарапайым тұтынушы мен қызмет көрсету саласында болып жатады. Бізде «Тұтынушылар құқығын қорғау» туралы заң бар. Сонда анық жазылған, «тауар сатуда немесе қызмет көрсетуде орындаушы қазақ және орыс тілдерінде ақпарат беруге міндетті» деген. Қарапайым ғана заң талабы. Конституцияда анықталған, заңмен бекітілген азаматтардың құқығы. Өкінішке орай, бізде көптеген жеке бизнес секторлар мұны ескерудің орнына клиенттермен арада тұрмыстық кикілжіңнің тұтануына жол беріп қойып жатады. Тек бизнес саласы емес, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кемінде екі тілге жетік, қазақ және орыс тілдеріне, мамандар үнемі болуы шарт. Бұл әсіресе елімізге шет елдерден келген қандас бауырларымыздың жағдайында үнемі назарда болуы тиіс. Әрине, ұлт мүддесін қорғап жүрген азаматтарды да түсінуге болады. Ұлттың құндылығын құрметтеу, оны жаңғырту мәселесі – елім, жерім деген әр адамға тән қасиет қой. Осы ретте айтарым біздегі барлық ұлттарға тең мүмкіндік берілген. Мен де өз ұлтымды сүйемін. Тілімді, салт-дәстүрімді құрметтеймін. Бірақ не нәрседе де шектен шықпау керек. Ішкі эмоцияның жетегіндегі әсіре әрекетке ұрынбау қажет. Ең бастысы, ана тілге деген құрмет ең бірінші әрбір қазақтың өзінен, отбасындағы бала тәрбиесінен басталуы керек. Тілдің қоғамдағы қолданысы туралы ұрандайтындар, үйдегі балаларының қай тілде сөйлесетініне назар аудара ма? Бұл орайда, қазір өскелең ұрпаққа мемлекеттік тілді үйретіп, ән ұран жаттатып, ел мен жерге деген патриоттық сезім қалыптастыруды балабақшалардан бастау жақсы қолға алынып жатыр. Оның нәтижесін қазіргі ұрпақ – ертеңгі қоғам тізгінін ұстағанда көретін боламыз. Біздің ең қымбат қазынамыз – ол қоғамның тұрақтылығы мен тыныштығы. Барлығымыз оның қадіріне жетіп, бағалай білуіміз керек. Біз айналаға қарақан басымыздың қамын күйттеп қана қарамай, ортақ мемлекетіміздің биігінен бажайлап, қарай білуіміз керек. Келер ұрпақты соған үйретуіміз қажет.

– Сайлаулар өткізіп, саяси партиялардың қызметіне жол ашып, баспасөзін сыртқа азат, тәуелсіз баспасөз етіп көрсететін РФ үкіметі әлеуметтік желілерді бақылайтын заң қабылдап, ыңғайсыз жағдайға қалып отыр. Ал коммунистер билігіндегі, тоталитарлық ел саналатын Қытай Халық Республикасы әлеуметтік желілердегі бейәдеп сөздер мен заңға қайшы сөздерді бұғаттауды компьютерлік бағдарламалардың өзіне табыстап, интернет басылымдардың да, әлемжелінің де қытайлық сипатта дамуына мүмкіндік беріп отыр. Бізге қайтпек керек? Бізде қоғамдық пікірді ұлттық, мемлекеттік мүддеге орайластырып, әлеуметтік желіде реттеп отырудың мүмкіндігін көре аласыз ба?

– Барлығы да адамның ішкі мәдениеті мен рухани деңгейіне байланысты. Қазір әлеуметтік желі арқылы жасалатын кибербуллинг мәселесі өте өзекті тақырыпқа айналды. Әсіресе, интернетке еркін қол жеткізіп отырған өскелең ұрпақ – бұл мәселеде өте қорғансыз. Кейбір арам ниетті, жаман пиғылды адамдар үшін әлеуметтік желілер баланың ішкі эмоциясымен ойнап, психикасына манипуляция жасауда таптырмас құралға айналды. Бұғанасы қатпаған, санасы бекімеген балалар түгілі, ересек үлкендер де бұдан зардап шегетініне аз куә болып жүрген жоқпыз. Қайбір жылдары көрші Ресейде әлеуметтік желі арқылы тараған бір ғана «Көк кит» ойыны қаншама жасөспірімді суицидке итермеледі. Сондықтан бұл салаға бақылау орнатып, тәртіптің болуын қадағалау – бірінші кезекте ұрпақ қауіпсіздігіндегі уақыт талабы деп санаймын. Мысалы, жақында БАҚ өзіңіз айтқан Қытай елінде 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қосымшасында күніне 40 минуттан артық отырмайтын шектеу қойылғаны туралы ақпарат таратты. Сондай-ақ олар түнгі сағат 10.00-ден таңғы 6.00-ге дейін телефон қосымшаларына кіре алмайды. Мұны қалай түсіндірер едіңіз? Бала құқығын шектеу ме бұл, әлде ұрпақ қауіпсіздігі мен денсаулығын ойлау ма?! Қазір балалар арасында компьютерлік ойындарға деген тәуелділік артып барады. Соның кесірінен қаншама баланың психикасы, мінез-құлқы бұзылып, туған үйінен безініп кететіндер аз емес. Жалпы біздің мемлекетімізде деструктивті ақпарат тарататын, діни экстермизмді насихаттайтын, нашақорлық пен түрлі порнографиялық өнімдер ұсынатын сайттарды, ұлтаралық жанжал тудыратын материалдарды бақылау, қажет болған жағдайда оларды шектеу мен бұғаттау тәжірибесі бұрыннан бар. Ол ешқандай да «сөз бостандығына шектеу қою» емес екендігін сауатты қоғам толық түсінеді деп ойлаймын. Әрине, әлеуметтік желі – адамдар үшін әртараптан ақпарат алуға мейілінше мүмкіндік туғызып берді. Әлеуметтік желі сияқты түрлі интернет платформалары жалпы әлемдік дәстүрлі ақпарат саласының өзгеруіне де әсерін тигізіп отыр. Қазір кейбір жекелеген блогерлер – кішігірім медианың жұмысын жасайтын жағдайға жетті. Жазылушылары көп ірі баспа басылымдар да бүгінде ресми интернет сайттан бөлек, әлеуметтік желі парақшаларын белсенді пайдаланып жүр. Мұның барлығы әрине – уақыт көшінен қалмай, бәсекеге қабілеттілікті арттыру. Дегенмен ақпарат таратудың жауапкершілігі өте жоғары. Бір ғана жалған хабармен қоғамды дүрліктіріп, тұрақтылық пен тыныштықтың берекесін қашырып жіберуге болады. «Сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деп халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан әрбір әлеуметтік желі қолданушысы осыны терең түсініп, ішкі мәдениет мәселесін үнемі естен шығармауы қажет. Пост жазу – хабар тарату ғана емес, оның ішіне – этика, мәдениет, талғам сияқты рухани құндылықтар кіреді. Адамның тікелей өміріне, азаматтық қақына, ар-ұяты мен намысына тиетін қауіптердің алдын алу, берекесіздікке жол бермеу – бүкіл қоғамның алдында тұрған талап. Бұл дегеніміз әлеуметтік желілерді жаппай жабу дегенді білдірмейді, әрине. Біз алдағы уақытта келеңсіз контентке үйір, бейәдеп сөздер жазып, жалған ақпарат тарататын аккаунт иелерімен жұмыс жасауды жүйелеуіміз керек. Қазір осы бағытта ірі әлеуметтік желі құрылтайшыларымен, басшыларымен келіссөздер жүргізіп, оны реттеудің мәселесін пысықтап жатырмыз. Сондықтан бұл мәселеде, сұрағыңызда айтылғандай, қоғамдық пікірді ескеріп, мемлекеттік мүдде мен ұлттық қауіпсіздік негізінде әлеуметтік желілерде тәртіптің, реттіліктің болғаны дұрыс деп санаймын.

30 жылдың әр күніне құрметпен қарауымыз керек

– Сөз бостандығы туралы жақсы айттыңыз. Мен сіздің: «Барлығы да адамның ішкі мәдениеті мен рухани деңгейіне байланысты», – деген сөзіңізге толық келісемін. Ал енді мына әңгімеге көшейік.

Биыл еліміздің Тәуелсіз мемлекет атанғанына 30 жыл толып жатыр. Осы 30 жылда біз әлі «Тәуелсіздік толғауын» айтып жүрген сияқтымыз. Бізге – Тәуелсіздік қымбат, Тәуелсіздігіміздің тұғырын берік ете түсетін даму – бүгінгі күні ол да қымбат. Осы екі қымбаттың тоғысар тұсында отырып не айтуға болады? Бұдан 30 жыл бұрынғы қиындықтар мен сол қиындықтардан шығатын қисынды жол іздеген күндерімізді ме, әлде күрделене түскен әлемдегі Қазақстанның ахуалы туралы ма?

– «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады» дейді халық даналығы. Біз тағдырдың сыйы өз тәуелсіздігімізге қол жеткізген соң, өткенімізді еске алып, өшкенімізді жандырып, ұмытқанымызды жаңғыртып жатқан халықпыз. Соңғы 1-2 ғасырда қазақ халқының жады қатты шайқалды. Әсіресе тоталитарлық Кеңес режиміндегі ұлтымыз бастан кешкен қиянат пен тауқыметке, саяси репрессияның салдарына әлі толық тарихи баға берілген жоқ. Ұлт ретінде жойылып кету қаупі шындап туған кезең болды. Бірақ, тәуба, осыдан 30 жыл бұрын әлем елдерімен тең тұрып, дербес әрекет етуге мүмкіндік берген – тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Сондықтан бізге оның құны да, маңызы да, мәні де өте зор. Тәуелсіздіктің осы 30 жылы ішіндегі әрбір сәтін ерекше ықыласпен еске алып, құрметпен қарауымыз керек. Ұрпақты соған тәрбиелеуіміз шарт.

Осы жылдар бізге ең бастысы не берді? Біз жаңа тәуелсіз мемлекет қалыптастыра алдық. Бұл жерде, мемлекеттік билік негізін қалаған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи тұлғасын ерекше атап өтуіміз керек. Басқасын айтпағанда, Елбасы тәуелсіз мемлекет ретінде шекараны шегендеп, әлемдік қауымдастық алдында біртұтас территориямызды белгілеп, бекітіп берді. Бұл біздің келер ұрпақ алдында шекараға қатысты даулы мәселе болмайды деген сөз. Қаншама ел бүгінде егемендікті армандап отыр. Қаншама ұлт дербес мемлекеттікке, территориялық тұтастыққа жете алмай отыр. Сондықтан бізге қазір ең маңыздысы – әлі де бұғанасы қатып, буыны бекімеген жас мемлекетімізді әлсіретіп алмай, алға жылжу. Ол үшін өнбейтін дауды қуатын елдің ұрпағындай емес, өсер елдің баласындай бір-бірімізді қолдап, қорғап жүруіміз керек.

Интернеттің игілігін пайдаланатын адам үшін ақпараттың ауқымы кең

– Мұның бәрі дұрыс қой. Айеке, осы Совет өкіметінің тұсында Қазақ радиосында «арғы беттегі» қазақтарға арналған бағдарлама болған. Ахмет Байтұрсынұлы жасаған қаріп түрінде «Шалқар» атты газет те шығып тұрды. Осылайша Қазақстан әлемдегі бар қазақты болмаса да, қытайдағы қалың қазақты ел жаңалықтарымен, әдеби шығармалармен қамтамасыз ете алды. Қазір Қытай үкіметі қазақ сайттарын бұғаттап тастаған. Қазақ радиосы мен қазақ телеарналары болса да жетпейді. Демек ол жақтағы ел бұл жақтағы жаңалықтардан хабарсыз қалып отыр. Ауғанға ауып барған қазақтар ақпараттан тіпті мақұрым ба деп ойлаймын. Ақпарат заманында халық өз тілінде ақпарат ала алмай өмір сүруі қиын емес пе? Әлем қазақтарын Қазақстандағы жаңалықтармен қамтамасыз етуді үш тілде хабар тарататын «Қазақ» арнасына ғана жүктеп қоймай, оның басқа да жолдарын қарастыруға бола ма?

– Әңгімеміздің басында интернет дәуірі, жаһандану процесі туралы туралы айттық қой. Қазіргі заман сіз мысалға келтірген Кеңес кезеңімен салыстыруға келмейтін шығар. Қазір ғаламтор әлемге ақпарат таратудың құдіретті құралына айналған заман. Сонымен қатар, мойындау керек, бүгінде баспа басылымдарының өрісі тарылып келеді. Себебі оқырман тарапынан қағазға басылған газет-журналдарға деген сұраныс төмендеп барады. Қолындағы смартфоны интернетке жалғанған оқырман үшін керек ақпаратты ғаламтордан әп-сәтте іздеп табу ыңғайлы екені түсінікті. Мысалы, радионы алайық. Қазір интернет арқылы кез келген елдің радио жиілігін тауып тыңдауға болады. Кезінде қолданысқа теледидар шыққанда, радионың шаруасы бітті деген пікірлер көп айтылған екен. Дегенмен бүгін интернет заманы, бірақ радиоға деген сұраныс артпаса, азайған жоқ. Біз биыл «Мемлекеттік радиоарналардың хабар тарату желісін дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасының» бірінші кезеңін іске қосып жатырмыз. Оның аясында Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен шектесетін мемлекеттік шекара аймақтарындағы елді мекендерге «Қазақ радиосы» мен «Шалқар радиосы» тартылып, 600 мыңнан асатын халқы бар 400-ден астам ауылға отандық радиолар қолжетімді болады. Өзіңіз мысалға келтірген «Qazaq TV» арнасы бес тілде хабар таратады. Шетелдік кабельдік/спутниктік операторлар арқылы Англия, Бангладеш, Беларусь, Болгария, Германия, Грузия, Канада, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Моңғолия, Біріккен Араб Әмірліктері, Польша, Ресей, Словакия, Түркия, Кипр, Эстония елдеріне, IPTV операторлары арқылы АҚШ, Швейцария, Франция, Әзербайжан, Болгария, Грузия, Молдова, Польша, Сингапур, Германия, Түрікменстан елдерінде көрсетіледі. «Хабар 24» арнасы спутник операторлары арқылы Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Ресей Федерациясына, IPTV операторлары арқылы Түрікменстанға тарайды. Аталған елдердің көпшілігінде қазақ қандастарымыздың үлкен қауымдастықтары бар. Мұның барлығы да олар үшін елден үнемі хабар алып отыратын ақпарат көзі. Сонымен қатар, қазір дәстүрлі медиа құралдарынан бөлек, электронды ақпарат саласы үлкен күшке ие болып үлгергенін осы сұхбат барысында аз айтқан жоқпыз. Іргедегі үлкен көршіміз Қытай мемлекетіндегі қандастарымызбен тұрақты байланыс бар. Жыл сайын ата жұртқа түпкілікті қоныс аударуға өтініш беретіндер қатарында Қытайдағы бауырларымыз қашанда алдыңғы орында. Біздегі кейбір интернет сайттар ол жақтағы ағайындар үшін ашық. Мысалы, қазақ, орыс, ағылшын, қытай және өзбек тілдерінде және төте жазу мен латын алфавитінде ақпарат тарататын «ҚазИнформ» халықаралық ақпарат агенттігі ол жақта ашық. Төте жазудағы ақпарат өнімдерін негізінен Қытай мен Ирандағы қандастарымыз пайдаланады. Сонымен қандастарды қолдау бойынша Елбасының ұсынысымен біздің Министрлік жанынан 2018 жылы құрылған «Отандастар қорының» oq.gov.kz ресми сайты, сондай-ақ, қандастар мәселесін көтеретін «el.kz», «erulik.kz» сайттары қандастар үшін қолжетімді болды. «Еl.kz» сайтында арнайы «Қандастар» бөлімі ашылған. Әзірге қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде, болашақта төте жазу үлгісін қосу жоспарда бар. «Erulik.kz» веб-платформасы мемлекеттік және орыс тілдерінде, қазақ тіліндегі төте жазу мен латын алфавитінде тарихи Отанына түпкілікті қоныс аударуға ниетті қандастарға арналған ақпарат ұсынады. Бұл бағытта, мемлекеттік порталдардан бөлек, жеке сайттар да өз үлестерін қосып жүр. Мысалы, білуімше «аdyrna.kz» сайты қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде және төте жазу мен латын алфавитінде, «аbai.kz» сайты қазақ тілінде және төте жазу мен латын алфавитінде ақпарат ұсынады. Қазақ диаспорасы тұратын елдерде қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары біздің назарымызда. Бүгінгі таңда шет елдерде біздегі мәлімет бойынша 50-ге жуық қазақ тілінде хабар тарататын БАҚ бар екен. Осының негізінде, былтырдан бастап, біздің министрліктің ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі «Үркер» ұлттық сыйлығына шет елдерде қазақ тілінде хабар тарататын үздік БАҚ номинациясын қостық. Былтырғы байқауға 10 мемлекеттен үміткер қатысып, «Ең үздік қазақ тілді БАҚ» номинациясын Моңғолия Республикасындағы «kaznews.mn» сайты жеңіп алды. Бір сөзбен айтқанда, көріп отырсыз, бүгінгі заманда интернеттің игілігін пайдаланған адам үшін мүмкіндік те көп, ақпараттың ауқымы да кең.

Кәсіби аудармашылардың үлкен армиясы жұмыс жасады

– Аида Ғалымқызы, «Қазақ әдебиеті» апталығына сұхбат беріп отырған адаммен әдебиет тақырыбына ат басын бұрмасақ болмайды. Өзіңіз кезінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған қазақ әдебиетінің антологиялары жобасының басы-қасында болдыңыз. Таяуда ғана өзіңіздің қатысуыңызбен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының таныстырылымы өтті. Дегенмен «біткен іске сыншы көп» дегендей, бұрнағы жылдары жоба іске асып жатқанда оның аудармасының сапасына көңіл толмаған сындар айтылды. Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Смағұл Елубаев, Қойшығара Салғара сынды қазақтың белгілі жазушыларының көркем туындылары «гугл аударма» деңгейінде деп баға бергендер де болды. Осы жайында не айтар едіңіз?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша іске асқан ең ауқымды жобалардың бірі – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы болды. Оның аясында проза және поэзия жанрындағы 60 автордың таңдаулы шығармалары ағылшын, испан, араб, қы­тай, француз, орыс тілдеріне аударылды. Бұл жерде бір жайтты анықтап алу керек. БҰҰ-ның ресми 6 тіліне аударылған шығармалардың негізгі орындаушысы – «Ұлттық аударма бюросы». Бұл жоба барысында, ең бастысы әрбір аударманың сапасына, тілінің шұрайлы, оқуға жатық болуына үлкен мән бердік. Сәйкесінше, әрбір аударма тілі бойынша сол мемлекеттердегі жетекші университеттермен, әдеби институттармен, мәдени-білім орталықтарымен, ең мықты, ең танымал баспалармен әріптестік орнаттық. Шетелдік аудармашы мамандарға Қазақстанға келіп, қазақ авторларымен жеке сұхбаттасып, аударма барысында туындаған сұрақтар қоюға, пікір алмасуға мүмкіндік берілді. Басты мақсат – әрбір аударманың түпнұсқа мәтінге мейлінше жақын болуы, көркем шығарманың маз­мұ­нын сол қалпында көркем жет­кізу, өз деңгейінде беру болды. Бір сөзбен айтқанда бұл жерде кәсіби аудармашылардың үлкен армиясы тыңғылықты жұмыс жасады. Сондықтан біздің «Ұлттық аударма бюросы» арқылы жарыққа шыққан аудармалардың сапасына қатысты сынды мен естімедім. Сіз айтып отырған жазушы ағаларымыздың шығармаларының аудармасы туралы білемін. Кітап авторларының реніштері де жаңалықтардан айтылды, әлеуметтік желіге де жазылды. Бірақ біздің ол жобаға ешқандай қатысымыз жоқ. «Сапасыз аударма болды» деп сын айтқан шығармаларды басқа мекеме аударған. Өкінішке орай, көпшілік осы екі жобаны шатастырып, Ұлттық аударма бюросының еңбегіне сын айтып қалады. Біз жасаған жоба ауқымды болды. Ұлттық әдебиетіміздің жауһарларын әлемнің 6 тіліне аударып қана қоймай, оны кең көлемде тарату – бұрын-соңды болмаған иігілікті іс. Аудармалар 90-нан астам елдің 23 мыңнан аса ірі кітапхана, оқу орындары мен ғылыми орталықтардың кітап қорына енгізілді. Бұл әрине үлкен жұмыс. Ең бастысы осындай сапалы еңбектер арқылы біз әлемге әдебиетіміздің биік әлеуетін, руханиятымыздың тереңдігін таныстыруға мүмкіндік алдық.

– Әдебиет туралы әңгімені әріқарай жалғай түсу үшін сізге әдеби апталықтың дәстүрлі сауалын қойғым келіп отыр. Кітап оқып жүрсіз бе? Бір уақыт көркемфильмдерді көрудің өзі жанға ләззат сыйлайды ғой. Ең бастысы осы екеуіне: кітап оқып, кино көруге уақыт таба аласыз ба?

– Дәурен, өзіңіз білесіз ғой – біз Кеңес өкіметінің кезеңінде өскен буынбыз. Оқушы кезден кітап оқуға құмар болдық. Оқу бағдарламасынан бөлек, әрбір жазғы демалыс басталар алдында бізге кітаптар тізімі берілетін. Жазғы демалысымыз кітап оқумен өтіп, күзгі сабақ маусымына келгенде, олардың мазмұнын бір-бірімізге қызыға әңгімелеп беретінбіз. Соның арқасында оқушы кезде-ақ, қазақ әдебиетінің, орыс әдебиетінің, әлем әдебиетінің үздік классикаларымен таныстық. Негізі бала кезден сіңген әдет, қалыптасқан дағды адам бойында өмір бойы қалады екен. Біздің буынның бойында осы кітап оқуға деген құмарлық бар. Мен әлі де мазмұнды, қызықты, танымды кітаптарды, көркем әдебиет туындыларын оқығанды жақсы көрем. Өлең оқығанды ұнатам. Қазір орыс классигі Антон Чеховтың шығармаларын уақыт тауып қайта оқып жүрмін. Сол XIX ғасырдың қоғамын суреттеген әңгімелерде айтылған дүниелерді ой елегінен өткізіп отырсам адам табиғаты, қоғам танымы еш өзгермегендей көрінеді…

Кітап оқу – әсіресе баланың көңіл көкжиегін кеңейтеді, зейін-зердесін көтереді, өмірлік көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан біздің міндет қазіргі өскелең ұрпақты кітап оқуға қызықтыра білуіміз керек. «Кітап – ақылдың азығы, білімнің бұлағы» деп тегін айтылмаған ғой. Мектепте ұстаздар, үйде ата-аналар қазіргі заманның интернет пен гаджетке әуес балаларына кітап оқу дағдысын үйретуді басты назарда ұстаса – баланың тәрбиесіне де, танымына да, мінезіне де пайдасы зор болар еді.

Кино көруге қатысты айтар болсам, қызықты кино туындыларын, танымды деректі фильмдерді уақыт болғанда қарауға тырысамын. Алайда, өкінішке орай, күнделікті жұмыстан оған жиі мұрша бола бермейді. Қазіргі жаңа фильмдердің ішінен биыл шыққан фантастикалық жанрдағы «Дюна» фильмі туралы жақсы пікір айтып жатқандарды естіп жүрмін. Енді уақыт тауып, сол фильмді көруді ойға алып жүрмін.

– Аида Ғалымқызы, сізге қоятын сауалдарымыз бұдан да мол еді. Өйткені сіз басқаратын сала көптің көз алдында. Әркім-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрімен жүздесіп, сұхбаттасқысы, ой бөліскісі келеді. Әйтсе де біз біраз мәселенің басын шалып әңгімелестік-ау деп ойлаймын. Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

– Сіздерге де рахмет. «Қазақ әдебиеті» газетінің көзі қарақты оқырмандарының қатары көбейе берсін.

Сұхбаттасқан Дәурен Қуат

Abai.kz

0 пікір