Жұма, 19 Сәуір 2024
4049 8 пікір 11 Қазан, 2021 сағат 13:00

Тарс етті тағы жарылыс...

26-тамыз күні Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймалар жарылып, 16 адам қаза тапты. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы жарылыс емес еді. Аза тұту күнін жариялауға себепкер болған қайғылы оқиғадан кейін мұндай оқиға қайталанбайды деп сенген едік. Алайда араға екі ай салмай жатып, Тараз халқы тағы да жарылыстың тарс еткен дауысын естіді. 10-қазан күні тағы да жарылыс болды. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. 

Жарылыс жайлы еліміздің қорғаныс министрі ресми түрде былай деп мәлімдеме таратты: "2021 жылдың 10 қазанында сағат 7.20 шамасында Жамбыл облысының Сарыкемер ауылындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттар өртенді.

Жарылыс салдарынан оқ-дәрілердің қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпаған. Бұл жұмыстан тыс уақытта орын алды. Жақын жерде адамдар болмаған. Ғимараттар мен құрылыстар зақымдалмаған. Аудандағы ахуал тұрақты.

Алдағы уақытта да бұндай жағдайлар орын алу мүмкін. Одан бөлек, қойма аумағында қауіпті оқ-дәрілердің бақыланатын жарылыстары жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта а.ж. 26 тамызында өртенген қойманың техникалық аумағын жарылғыш заттардан тазарту жұмыстары жалғасуда" деді. Министрліктің жауабындағы "алдағы уақытта да бұндай жағдайлар орын алуы мүмкін" деген мәлімдемесі алаңдатарлық.

30 жылдың ішінде әскери қоймаларда онға жуық жарылыс болғанын есепке алсақ, мәлімдеменің мәнін түсінуге болатын шығар. Мысалы біздегі әскери қоймалардың өртке орануы мен жарылуын қарап көрелік.

2001 жыл, 8-тамыз. Қарағанды облысы, Балқаш қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан Тоқрау ауылындағы әскери қойма 1 аптадай өртке оранған болатын. Ол жерде Ауған соғысынан қалған Кеңес әскерінің снаряд пен миналары, 1998 жылы Арменияда болған ірі жер сілкінісі салдарынан мәжбүрлі түрде көшірілген әскери құралдар сақталған еді. Өрттің қатты болғаны соншалықты ешқандай өрт сөндіру көліктері жақындай алмаған. Ал сол кездегі премьер-министр Қасым-Жомарт Тоқаев Тоқрау ауылынан 35 шақырым қашықтықта оперативті штаб құрып, жұмыс істейді. Бұл оқиғаға биыл жиырма жыл толғанын ескерсек, екі ондықтан кейін де қоймаларда қару сақтау мәселесі түбегейлі шешілмегенін түсінуге болады.

2009 жыл, 20 наурыз. Арыс қаласынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан “Қазарсенал” ЖШС қоймасында әскери снарядтарды утилизациялау барысында 3 жарылыс болып, оқиға салдарынан 4 адам көз жұмды, 16 адам ауруханаға түсті. Бұл Арыс маңындағы алғашқы ірі жарылыс болатын. Арыс халқы араға жылдар салып тағы бірнеше жарылыс болатынынан хабарсыз еді.

2009 жыл, 8 шілде. Алматы облысы, Іле ауданына қарасты Қараой поселкесінде ҰҚҚ қарасты шекаралық қызметтің әскери қоймасындағы жарылыстан 20 жастағы әскери қызметші қаза тапқан. Бұл іс жайлы нақты ақпараттар аз, оны қойманың ҰҚК-ге тиесілі болуымен түсіндіруге болатын шығар.

2013 жыл, 27 тамыз. Жамбыл облысы Қордай ауданының "Отар" станциясында орналасқан "Қазақжарылысөнеркәсібі" АҚ аумағында оқ-дәрілерді жою жұмыстарын жүргізу барысында жарылыс болды. 8 адам ауырлығы әртүрлі термиялық күйік алып, оның 4-уі көз жұмды.

2014 жыл, 26 маусым. Арыс қаласындағы "Қазақжарылысөнеркәсібі" акционерлік қоғамы аумағында жарылыс болып, сол мекемедегі 32 жастағы әйел мен 26 жастағы ер адам қаза тапқан. 1 адам жарақат алды. Қаза тапқандардың отбасына - 1 млн теңге, зардап шеккенге - 200 мың теңге көлемінде ақша берілді. 2015 жылы қарашада Арыс қаласына қарасты полигон аумағында жарылыс болып, 1 адам мерт болды. 2019 жылы,  24 маусымда Арыс қаласынан бірнеше метр ғана қашықтықта орналасқан әскери қоймадағы жарылыс күллі Қазақстанды күңірентіп кетті. Жарылыстан 4 адам қаза тапты. Экономикалық шығын ондаған млрд теңгеге дейін жетті. Араға екі жыл салып 2021 жылдың, 26 тамызында Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Қайнар ауылынан 1 шақырым қашықтықта орналасқан әскери қойманың жарылысынан 16 адам қаза тауып, 98 адам жарақат алды. Бұл адам шығыны бойынша ең ірі жаралыс болды.

Енді міне тағы жарылыс. Оқиғадан ешкім зардап шекпесе де, оқиғаның қайталануы билік органдарының жүйелі жұмысына деген ел сеніміне селкеу түсіретіні анық. Еліміздегі қоймалардың сапасы қандай? Әлемдік стандартқа сай ма? Қойманың өртке қарсы құрылғылары қашан жаңартылған? Елді-мекендерден қоймаларды толықтай алыс қашықтыққа орналастыру қашан іске асады? Жарылыс бойынша шенділер жауапқа тартылды ма? Мысалы Байзақтағы өртке оранған қоймаға өрт сөндірушілерді жіберген басшылардың бұйрығы қаншалықты заңға сай? Сұрақ көп, жауап аз, тіпті кейбіріне мүлде жоқ.

Мысалы Таразда жойқын жарылысқа соқтырған әскери бөлім мен инженерлік оқ-дәрілер орны 1972 жылдан бері бар. Ал, республика аумағында 58 қару-жарақ сақтайтын нысан болса, соның 18-і елді мекендерге жақын орналасқан. 18 қойма ел тұратын ауыл мен ауданға қабыстыра жайғасқан. Яғни 18 аймақ күкірттің үстінде отырғандай күй кешуде деген сөз. Министрлік бұл мәселелерді шешемін дегенше, тағы бір жарылыс тарс етпесе болғаны.

Айтпақшы Байзақтағы жарылыстан кейін қорғаныс министрі болған Ермекбаев өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш жазған болатын. Екі жылда екі бірдей жарылыс болғанын ескерсек, министрдің бұл шешімін түсінуге болады. Ал Арыс жарылысында сөгіс алып, Байзақ жарылысында министр тізгінін ұстаған су жаңа қорғаныс министрі Бектанов Мұрат Кәрібайұлы кешегі жарылыс жайлы әлі үнсіз.

Abai.kz

 

8 пікір