Сенбі, 23 Қазан 2021
1109 1 пікір 11 Қазан, 2021 сағат 10:52

Қазақстан - БАӘ: Жаңа жобалар құны $6 млрд-дан асады

2021 жылғы 9-10 қазанда ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапарымен барып, жалпы құны $6 млрд-тан асатын бірлескен жаңа жобалар жөнінде келіссөз жүргізді.

Абу-Даби қаласында ол БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министр шейх Мансұр бен Заид әл Нахаянмен, сондай-ақ Abu Dhabi Developmental Holding Company (ADQ) холдингтері және  мемлекеттік даму институттары мен БАӘ-нің басқа да жетекші компанияларының басшылығымен кездескен.

«Өткізілген келіссөздер қорытындысы бойынша экономиканың басым салаларында жобаларды дамыту бойынша ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылды. Құжат ҚР ұлттық экономикасының энергетикалық, агроөнеркәсіптік, көлік-логистикалық, фармацевтикалық және қаржы секторларындағы жобаларды іске асыруға бағытталған, инвестициялардың жалпы көлемі $6 млрд-тан асады»,- делінген хабарламада.

Одан бөлек, тараптар сауда-экономикалық, қаржы-инвестициялық, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп және басқа да салалардағы бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын және екіжақты ынтымақтастық перспективасын талқылаған.

Қазіргі уақытта әмірлік компаниялары Қазақстанда жалпы құны $3,5 млрд-тан асатын 11 ірі инвестициялық жобаны іске асыруға қатысуда.

Келісімді іске асырудағы Қазақстанның негізгі әріптесі өңдеу және өндіру өнеркәсібі, АӨК, көлік және логистика, қаржы, туризм, медиа және энергетика сияқты секторларда кеңінен ұсынылған Абу-Даби ADQ егемен қоры болады. Қордың басқаруында $175 млрд астам көлемдегі активтер бар.

Келісім аясында «Самұрық-Қазына» АҚ ADQ-мен стратегиялық ынтымақтастық орнатып, жаңартылатын және дәстүрлі энергетиканы дамыту жөніндегі бірлескен энергетика холдингін құруға ниетті. ҚР-да қуаты 5 ГВт болатын күн, жел және су электр станцияларын салу бойынша бірлескен жобаларды және т.б. іске асыру жоспарлануда.

«Kazyna Capital Management» АҚ және ADQ ІТ, қаржы технологиялары, агротех, В2В және В2С, телекоммуникациялар, азық-түлік өнімдерін өндіру технологиялары, платформалық шешімдер және цифрлық трансформация және т. б. салаларда бірлескен стартап-жобаларды қаржыландыру үшін $100 млн-ға бірлескен венчурлық қор құрады. ADQ ҚР-да көтерме-тарату орталықтары желісінің құрылысына қатысады. Компания сондай-ақ Қазақстанның етті мал шаруашылығы, құс шаруашылығы және жеміс бағбаншылығында бірқатар ірі жобаны іске асыру мүмкіндігін қарастыруда.   «СҚ-Фармация» ЖШС мен Rafed ҚР фармацевтика өнеркәсібін дамытуда ынтымақтастық орнатады. Сапар аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, Sembol және Abu Dhabi Fund for Development компаниялары ҚР ШҚО-да «Катонқарағай» туристік кешені құрылысының жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастықтың базалық шарттары туралы келісімге қол қойды»,- делінген ақпаратта.

Сонымен қатар, сапар аясында Мамин «EXPO 2020 Dubai» халықаралық көрмесіне барып, онда Қазақстан, БАӘ, РФ және т.б. ұлттық павильондармен танысты.

Айта кетейік, дүниежүзілік көрмедегі қазақстандық павильонды күтіп ұстауға 488 миллион теңге жұмсалады.

Abai.kz

1 пікір