Сенбі, 23 Қазан 2021
Қайнайды қаның... 7672 27 пікір 8 Қазан, 2021 сағат 14:26

Аяғымен келіп, арбаға таңылып қайтты...

«Үлкен жер кіші жермен үндес екен»,
«Аяғымен келіп, арбаға таңылып қайтты...»,
«Алланың ризалығы үшін емес, Қытайдың ризалығы үшін...»,
«Қандастарымыз қазақ-қытай дипломатиясының құрбаны болмауы керек!»...
«Апалар ісі Елбасына жетті»,
«Апалар ісі АҚШ-та да көтеріліп жатыр»...

Менің жазып отырған осы мақалама Нұргелді Әбдіғаниұлы осы тақырыптардың қайссын қойса да лайық, құп жараса кеткелі тұр.

Сөз Қытай геноцидіне ұшыраған туыстарының дерегін білу үшін Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына келген аналар туралы.

Алаштың ақиық ақыны Таңжарық Жолдыұлы Гоминдаң үкіметі жағынан тұтқындалып, Құлжадағы зынданға қамалады. Қытай-орыс тергеушілері Уголин мен Фалинов бір жылға жуық  кезек-кезек тергейді, адам төзгісіз қинаудың неше түрін қолданады. Ақыры түк шығара алмаған соң, ақынды Үрімжіге жөткейді.

Зуладық машинамен ертең ала,
Құлазып, мұңайып тұр тау мен дала.
Қоштасты арыздасып бірге жылап,
Бар екен сол сақшыда Торғай бала.

Мұңайып тұрған кезде, қайғым артып,
Жаныма, тоқтау айтып, жақын тартып,
Әкеліп темекі-шай, бірге жылап,
Сол бала бір туғаннан болды артық...
(Т. Жолдыұлы)

Құлжа сақшысында істейтін біздің Торғай руының бір баласы кездесіп, қимастықпен жылап-еңіреп, аттандырып салады.

Бұл – өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының басында болған оқиға.

Азаптың неше түрін көрген Таңжарық Жолдыұлы өзінің Үрімжіге айдалып бара жатқанын біліп, бір жағы іштей қуанады. Құлжаға қарағанда Үрімжі үлкен жер ғой, онда ӘДІЛДІК бар шығар деп үміттенеді.

Бірақ, жағдай Тәкең ойлағандай болмай шығады.

Жүргенде Үрімжіге қуанып ем,
Көңілге Шың дубанды бу алып ем.
Үлкен жер ақиқатын тексерер деп,
Құрғатып көздің жасын уанып ем.

Үлкен жер ақихаты мұндай болды,
Бір басқа бәле деген құмдай болды.
Кешегі кердеңдеген қайран Тәкең,
Бұл күнде жорғалаған құрдай болды.

Өмірдің таусылмайды бір егесі,
Үзілмей арман-үміт тұр елесі.
Үлкен жер кіші жермен үндес екен,
Соғылған бір Гоминдаң керегесі...
(Т. Жолдыұлы)

Енді көз алдыңызға елестете беріңіз...

Қытай геноцидіне ұшыраған туыстарын босатуды, босағандарын отбасына оралтуды талап еткен оншақты ана туыстарының суретін көтеріп алып, тұп-тура 225 күн бойы Алматыдағы Қытай Консулдығының алдында тұрды. 225 күннің 27 күнін көрпе-жастығын апарып, сол Консулдықтың алдында түнеумен өткізді.

Иә, аналардың Алматыдағы Қытай Консулдығының алдында тұрған кездегі аянышты жағдайын тәптештеп айтып жату – бұл жерде артық. Әлеуметтік желі мен интернетті ақтарсаңыз, аналардың басынан өткен қорлық пен қасірет әлеуметтік желі арқылы бүкіл әлемнің алдына жайылып салынды.

Өздерінің айтуына қарағанда, Алматы соты оларға үлкенді-кішілі он сегіз мәрте айыппұл салған көрінеді.

Оның жалпы көлемі екі миллион теңге болыпты.

Қайырымды жандардың көмегімен ол айыппұлды түгел төлепті...

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасының тақырыбын – «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деп атаған еді ғой. Байқұс аналар қаншама қасыретті күндерді басынан кешіріп жүрсе де,  Қасым-Жомарт Кемелұлының сол «Әділдік» деген сөзін құлақтары шалып қалса керек, Алматыдағы әрекеттерінен түк нәтиже шықпаған соң, әділдік іздеп, «үлкен жер» - Нұр-Сұлтанға келді.

Өкінішке орай, Таңжарық Жолдыұлы айтқандай, «кіші жер» Алматымен «үлкен жер» – Елорда да үндес болып шықты.

Туыстарының дерегін білу үшін Қытай Елшілігінің алдына барғаны сол еді, Алматы ауданының полиция қызметкерлері үш автобуспен келіп, байқұс аналарды  шыңғыртып, көкпарша тартқылап ала жөнелді.

Жай полиция емес, қара маска киген арнайы жасақ!

Мекемесіне апарып, сұраққа тартты.

Сот болды.

Әрбіріне жүз екі мың теңгеден айыппұл арқалатты.

Арнайы жасақтың бұл әрекеті астанада бір емес, екі мәрте қайталанды.

Таңжарық Жолдыұлын Гоминдаң жендеттері «құрдай жорғалатса»,  Елорданың арнайы жасағы аналарды көлікке «допша» лақтырды.

Соның кесірінен, Алматыдан өз аяғымен жүріп келген 67 жастағы Қалида Ақытқанқызы мүгедектер отыратын арбаға таңылды.

Мырзан Алмахан мен Қазыбек Гүлфия қан қысымы көтеріліп, жүрегі сыр беріп, жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр болды.

Алматы аудандық полиция бөлімінің тұтқынан жарым түнде зорға босаған Қалида Ақытқанқызының ашынғаны соншалық, есік алдындағы орындыққа отыра кетіп, «Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза! Сіз бір жағы қайным боласыз. Мен жеңгеңіз боламын. Мен Жалайырдың қатынымын...» деп, зарлағанын естігенде сай-сүйегіміз сырқырап кетті.

Әрине, Қасым-Жомарт Кемелұлының бәрін қарап отыратын уақыты жоқ. Ал, бер жағындағы Президент Әкімшілігі жасы жетпіске таяғанда үш бірдей құлыны мен үш келінінен, он төрт немересінен тірі айырылып, көкірегі  қайғы мен шерге толған Қалида апаның зарына бір мәрте болса да құлақ түретін жөндері бар-ақ еді...

Ең бір қорлығы – сол, он алты күн бой соның бәрін көріп отырып, билік бұтақтарынан бір басшы шығып, оларды кабинетіне шақырап жағдайын сұраған жоқ. Сенат саңырау, Мәжіліс мылқау күйде отырды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қандастар мәселесіне келгенде жүрмейтіні тағы бір мәрте дәлелденді.

Сондай-ақ, мемлекеттік БАҚ-та жұмған аузын ашқан жоқ.

Тіпті, Қытайдан оралған жерлестері де қасынан табылып, бес минут болса да төбе көрсетуге жарамады...

Тек, «Nur Otan» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі  қабылдап, арыз-арманын тыңдады. Өтініштерін тіркеп, құзырлы органдарға жолдады;

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Сенат депутаты, Мұрат Бақтиярұлы түскі асқа шақырып, қамқорлық танытты, өтініштерін қабылдады;

Тіркелмеген «Ел Тірегі» партиясының Төрағасы Нұржан Әлтаев мырза екі мәрте барып, жағдайын сұрады. Нұржан Бауыржанұлы құры қол барған жоқ, полиция қызметкері сүйрелеп жүргенде аяғы зақымдалған Қалида Ақытқанқызына мүгедектер арбасын алып берді;

 «Азаттық радиосы» үзбей ақпарат беріп отырды;

Тағы бір Торғай жігіт – Ауыт Мұқибек атын атамауды өтінген кәсіпкер ағаларының қолдауымен кафеге апарып, кешкі тамақ берді, қолында бар достарына айтып, 170 мың теңге жинап берген болды...

Апалардың әрекетінен пайдаланып, мен ұпай жинаудан мүлде аулақпын, билік өкілдерін мұқатайын деген де ойым да жоқ. Бар болғаны, дәл осындай қасыретті жағдай біздің әулеттің де басынан өткендігі ғана. Қызыл Қытай билікке келе салып, ұлттың қаймақтарын қиша сыпырды. Сол қатарда, 1950 жылы Қорғас ауданының Сарбұлақ ауылынан Мұқибек, Бөгіс, Қазақын, Мұқабай, Ян бастаған азаматтарды түгел тұтқындайды. 1951 жылғы мамырда «Қазақ-Қырғыз ұйшымасының» төрағасы, Шығыс Түркістан Республикасы Білім министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Мұқабай атам атылады. Қалғаны түрмеде жатады. Шешем Бүбүжанды диханшылық майданына айдап әкеліп, бау-башның арам шөбін жұлғызады. Ертерек барып, көбірек жұмыс істесем, жолдасым аман қалама десе керек, апам байқұс таң бозынан барып, көктеп тұрған пиязды түгел жұлып тастап, одан ары сөгіс естиді, бәлеге қалады. Себебі, өмірі мал бағумен өткен апам байқұс шөп пен көкөністі ажырата білмей, бәрін арам шөп деп ойлаған ғой. Көрші-қолаң тұрмақ, жақын туыстардың өзі біздің үйден іргесін аулаққа салған сол ауыр күндердің қасіретті әңгімесін Бүбүжан апам айта-айта менің құлағыма құйып тастаған.

Сол қанды жылдардың хикаясын естіп өскендіктен болса керек, менің алдымдағы дәулеті асып-тасыған мырзалардан гөрі, артымдағы арып-ашқан жандарды демегім келіп тұрады.

Екінші жағы, азып-тозған аналарымыз ӘДІЛДІК іздеп, Нұр-Сұлтанға келгенде, алдынан бір қазақ шықпай қалып, Қытдың табасына қалмасын деген жігіттік намыс!

Апалардың туыстарына түрлі-түрлі айыптар тағылып, Қытай заңы бойынша сотталғаны айтылып жатыр. Көбі «экстремизм мен терроризмді нәсихаттағаны үшін...» деген баппен ұзақ жылға түрмеге жабылған. Алды түрмеде өлтірілген.

Бірақ, Шыңжаңдағы қазақтарда бұрын-соңды «экстремис» және «террорис» деген ұғым болған емес. Бұл – жай ғана себеп әрі жала. Әлемнің ең ықпалды елдері Қытайдың бұл әрекетін «геноцид» деп бағалауда.

Ал, кім туысының, бауыр ет баласының нақақ сотталып кеткенін қалайды және оған шыдап үнсіз отыра алады?!

Адамды былай қойып, шетелдегі қымбат мүліктері мен ақшалары бұғатталып қалғанда, біздің жерлестеріміз бәрін тастап салып, соған жүгірген жоқ па еді?!

Сондықтан, апаларымыздың әрекетінен соншалықты бір тәртіпсіздік іздеу дұрыс емес деп ойлаймын. Қайта, құқық қорғау органдарының кейбір әрекеттері бізді басқа бір ойларға жетелейді.

Мысалы, осы жолғы ең бір сорақы жағдай – арнайы жасақтың екі көлікпен келіп, 1 қазан күні жалдап жатқан үйінің алдынан ұстап әкеткені болды.

1 қазан – Қытай Коммунистік партиясының билікке келген күні – Қытайдың мемлекеттік мерекесі.

Қазақстан полиция қызметкерлерінің дәл осы Қытайдың мемлекеттік мерекесі күнгі тұтқындау әрекетін аналар да, былайғы жұрт та Қытай Елшілігіне жасаған ерекше «Құттықтау» және арнайы «Сый-құрмет» ретінде бағалады.

Туысқандарын жоқтаушы азаматтар тура осындай жағдайды 1 шілде күні Алматыда да басынан кешірген болатын.

1 шілде – Коммунистік партиясының туған күні. Биыл ҚКП-ның құрылғанына 100 жыл толды.

Екі ретінде полиция қызметкерлері Қытайға «Міне, біз Сіздер үшін қазақты аяғалы тұрғамыз жоқ!!!» дегендей, азаматтарды еш әрекетсіз отырған жерінен ерекше айбынмен, жойқын күшпен келіп тұтқындады. Полиция бөлімінде таңнан кеш батқанға, тіпті түнге дейін ұстап отырды.

Қысқасы, біздің билік Алланың ризашылығы үшін емес, Қытайдың ризашылығы үшін жұмыс істеп жатқандай көрінді бізге!

Әрине, мен екі дүнедегі жалғызым – Қазақстанымды кешегі Таңжарық Жолдыұлы өмір сұрген замандағы, Гоминдаң билік жүргізген кездегі Қытай мемлекетімен салыстырудан аулақпын.

Бірақ, арада сексен жыл өтсе де, Тәуелсіз мемлекеті бола тұра,  оның айбынды Елордасына келген апаларымыздың құқық қорғау органдары жағынан  экономикалық және рухани жақтан Алматыдағыдан бетер қатты соққы алғанын, тағы да көпар болып тартылғанын, сөйтіп Таңжарық Жолдыұлының кейпін кигендігін атап өтпеске амалым қалмады! Басқа емес, тәп Қытайдың Мемлекеттік мерекесі қарсаңында еш әрекетсіз тұрған жерінен шырылдатып сүйрей жөнелгені, машинаға жұлқылап тиеуі – мені осы сөздерді айтуға еріксіз мәжбүрледі! Полиция қызметкерлері жаймен айтса, олар өздері-ақ бірден беріле кететін еді ғой. Елге күлкі, дұшпанға таба болмас едік қой...

Құдайға шүкір, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев іргетасын қалаған Қазақстан бұл күндері Орта Азиядағы көшбасшы мемлекет саналады. Әлемдік қауымдастықта өз орнын ойып тұрып алған, 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынас орнатқан, Заң салтанат құрған Қазақстан қазір «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» ұранымен алға кетіп барады.

120-мемлекеттің ішінен бөліп айтсақ, «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартты бекіту туралы» Заң қабылданған.

2019 жылғы дерекке сүйенсек, Қазақстан-Қытай қатынастарының шарттық-құқықтық базасы әртүрлі салалар бойынша 250-ден астам үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерді қамтиды екен.

2002 жылы желтоқсанда Бейжіңде қол қойылған Татукөршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт, Стратегиялық әріптестікті белгілеу және дамыту туралы бірлескен декларация (2005 ж.), сондай-ақ 2015 жылы қабылданған Жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынастарының жаңа кезеңі туралы бірлескен декларация секілді құжаттардың маңызын дипломаттар аузынан тастамай айтып жүр...

Солай бола тұра, Қытай қысымына ұшыраған қазақтардың мәселесінің төрт жылдан бері шешілмеуі – Тату көршілік, достық және ынтымақтастықтың шынайы көрінісі емес.

Ал, Қытайдың мемлекеттік мерекелерінің қарсаңында, Консулдық пен Елшілік алдына барып үлгірмеген оншақты ананы шырылдатып, ДИПЛОМАТИЯНЫҢ ҚҰРБАНДЫҒЫНА ШАЛУ – өте өкінішті жағдай!

Мен жақсы білем, ол аналардың мемлекетке де, билікке де зәредей қарсылығы немесе өкпесі жоқ. Тек, өз мемлекеті, өз президенті болған соң, оған арқа сүйеп, өздерінің өтініштерін айтуы – әбестік болмаса керек.

Сондағы өтініштерін көрсең, өте қарапайым.

Бар болғаны, Сыртқы істер министрлігі арқылы Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі  Чжан Сяо жолдаспен тіке кездесуін ұйымдастырып беру және полиция қызметкерлерінің малша сүйреп, допша лақтыратын зорлықты күшінен құтқару ғана екен!

Егер, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Өзінің Twitter-не дәл осы өтініш бойынша екі ауыз сөз жазып, Сыртқы істер министрлігіне тапсырма беррдім десе, Қытай Елшісі  Чжан Сяо жолдас құрша жорғалап, қаңбақша ұшып барып, Мұхтар Тілеубердінің есігін қағып тұратын еді!

Апалардың қасыретін бүкіл әлемнің медиялары жазып жатыр. Қазақстандағы АҚШ Елшілігі «АҚШ дипломатиялық миссиясы #Шыңжаңдағы жақындары туралы ақпарат іздеп жүргендердің бейбіт және еркін жиналу құқығын қолдайды деп бірнеше рет айтқанбыз.» деп, ескерту жасады...

Амал не, Президент Twitter-інің бір парағы біздің осы шеркөкірек  апаларымызға бір бұйырмай-ақ қойды ғой!

Шеркөкірек аналар осы өтінішпен Президентті және бір-екі министрдің атына хаттар жазды. Біраз Шетел дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелерінің қақпасын қақты. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдігі мен Еуропалық Одақтың кеңсесіне де ат басын тіреді...

Соңында, дәрмендері құрып, таулары шағылып, сүйретіліп Назарбаев Орталығына барып, өтініштерін тапсырды.

Әлеуметтік желі арқылы көріп отырдық, Назарбаев орталығының соктор меңгерушісі Пакирдинов Бауржан Мұхамеджанұлы шығып, оларды қарсы алды.

Әділеттігін айта кетуім керек, өз басым Бауржан Пакирдинов мырзаға қатты риза болдым. Өте тәрбиелі, қайырымды азамат екен Бауыржан бауырымыз. Текті әулеттен шыққаны бірден көрініп тұрды. Аналардың өтінішін қабылдап, оларды жеке-жеке сөйлетіп, арыз-арманы мен көрген қорлықтарын жарты сағатқа жуық тік тұрып мұқият тыңдады. Аһылап-үһілеген Қалида Ақытқанқызының білегінен ұстап, анаға деген құрметі мен жанашырылғын көрсетіп жатты. Бауыржан мырзаның ыстық ықыласын көріп, апалар да кәдімгідей көңілденіп, үміттеніп қалды.

Соңына, Бауржан Мұхамеджанұлы апалардың өтінішін Елбасына жеткізетінін айтып, уәдесін беріп, изетпен шығарып салды.

Бүгін Елбасы Кеңсесі Басшысы Хатшылығының меңгерушісі Асқар Молдағаринов ағамыздан Бауржан Пакирдиновтың телефон номерін алып, өзіне хабарластым. Биік адамгершілігі, мәдениеттілігі және қамқорлығы үшін, оған риза болғанымды жеткізіп, рахметімді айттым.

Бауржан Мұхамеджанұлы апаларға берген уәдесін орындағанын, олардың өтінішінің Елбасының қолына тигенін айтып, мені де қуантып тастады.

«Апаларға сәлем айтыңыз, олардың өтініші қазір Елбасының қолында. Сәл сабыр сақтасын...» деп, мен арқылы өз сәлемін айтты.

Сонымен, аналардың өтініші Елбасымыздың қолына тиді!

Бұл – осы жолғы он алты күндік аналар сапарының үлкен олжасы.

Мен үнемі айтып та, жазып та келемін, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның Президенті ғана емес, әлемдегі барлық қазақтың қамқоры бола білді. Елордада сергелдең күй кешіп жүрген шеркөкірек аналардың ең соңынада, амалы әбден таусылғанда,  Нұрсұлтан Әбішұлына барып көз жастарын көлдетуі – тағы сол Елбасымыздың қазақтың арқасүйері, панасы екенін анық көрсетті!

Әлемдік сипат алған Қытайдағы қазақтардың бұл мәселесіне Ұлт Көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың бей-жай қарамасы анық. Сөзсіз бір нәтиже шығады деп сенемін!

Тағы бір жағынан, қазір АҚШ-жүрген Қытайдағы қазақтар мәселесін әлемдік темаға айналдыра білген Серікжан Біләшұлы да, жігіттік танытып, ішінара араздықтар мен арандатуларға қарамастан, «Апалар ісін» күнтәртіптен түсірмей, өз жұмысының маңызды тақырыбы ретінде халықаралық деңгейде жалғасты көтеретінін жеткізді.

Бұл да қуанарлық және риза боларлық жағдай!

Біздікі – азап шеккендер бостандық алсын, бөлінген-жарылғандар қосылсын, сөйтіп «Нұрсұлтан бастаған нұрлы көш» жалғасын қайта тапса екен деген арзұ тілек пен арман ғана!

Иләһи, солай болғай!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

27 пікір