Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 4154 1 пікір 6 Қазан, 2021 сағат 12:40

Жанармай тапшылығын қалай шешпексіз, министр мырза?..

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі, С.Ерубаев ҚР Энергетика министрі М.Мырзағалиевке депутаттық сауал жолдап, елдегі жанармай бағасының күрт өсуі мен жүргізушілер наразылығын шешудің бірнеше жолын ұсыныпты. Біз аталған депутаттық сауалды оқырман талқысына ұсынбақпыз...


Құрметті Мағзұм Маратұлы!

Соңғы күндері еліміздің бірнеше өңірінде жанармай құнының өсуіне, сондай-ақ дизель отынының тапшылығына байланысты кәсіпкерлердің, жүк тасушылар мен жүргізушілердің наразылық акциялары орын алып жатыр.

Мұнай өнімдерінің бағасына экономикамыздың барлық салалары тәуелді екені жасырын емес. Оның бағасы, қарапайым тұтыну тауарларынан бастап, стратегиялық маңызы бар шикізаттың құнына да тікелей әсер етеді. Яғни, дизель бағасының көтерілуі, біздің кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін төмендететіні анық. Ал, дизельдің саудада болмауы, тіпті экономиканы тығырыққа әкеліп соғатын тура жол.

Мұнай өнімінің маусымды тапшылығы, жыл сайын қайталанатын көрініс болып кетті. Дәл, көктемгі егін егу немесе күзгі астық жинау кезеңдерінде біздің мұнай өңдеу зауыттары жөндеу жүргізуге тоқтайтыны бір дәстүр сияқты.

Қазақстанда халық санының ұлғаюы, экономиканың өсуі, автотранспорттың көбейуі, жұмыс істеп тұрған Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуаты жеткіліксіз екендігі байқала бастаған кезде, төртінші зауытты салу мәселесі қызу талқыланған болатын. Бірақ, бұндай шешім қабылданбай, қолданыстағы зауыттарға жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Алайда, жаңғырту жұмыстарын жүргізгеннің өзінде, өндіріс қуаты жеткіліксіз болып қалғандығын уақыт көрсетті.

Тіпті, көмірсутек шикізаты жоқ мемлекеттердің өзіңде био-дизель өндірісі өріс алуда. Ал біз, мұнай экспорттаушы мемлекет бола тұрып, мұнай өнімдерін импорттауға мәжбүр болып отырмыз.

Өкінішке орай, Министрлік өз деңгейінде отандық дизельмен ішкі нарық сұранысын қамтамасыз ете алмайтындығын мойындап отыр.

Осыған байланысты, мұнай өңдеу бойынша қосымша қуаттарды құру мәселесі алдыңғы қатарға шығып тұр.

Қазіргі кезде дизель бағасының 189 теңгеден 240-285 теңгеге көтерілгенің көріп отырмыз. Халық арасында бұл бағаның өсуі, жасанды емес па деген ой туғызады. Осы орайда, монополияға қарсы өкілетті органдарға сұрақтар бар.

Ал, қосымша тағы мұнай өндірісін дамытсақ, біз мұнай ғана емес, мұнай өнімдерін экспорттаушы мемлекет бола алар едік. Оған объективті негіздер бар, өйткені, қазақстандық бензин мен солярканың бағасы көрші елдерден әрдайым төмен.

Мемлекет Басшысының Жолдауында отандық өнеркәсіп үшін шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы керек делінген. Осының негізінде, мұнай компанияларынан шикізат құнын төмендету жөнінде талап қою жолымен жанар жағар май бағасын одан да төмендетуге жол ашылар еді.

Құрметті Мағзұм Маратұлы, «Ақ жол» фракциясы:

- қалыптасып отырған күрделі жағдайды шешу жолдары ретінде, бензин және дизель шығара алатын тек мемлекеттік мұнай өңдірушілерге қарап қалмай, осы бағыттағы жеке меншік кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуді ұсынамыз. Ондай жобалар бар, бірақ тиісті қолдау таппай, қажетті деңгейге шыға алмай отыр;

- сонымен қатар, дизель отынның тапшылығында және оның қымбаттауында картельдік сөз байласу фактілері, сондай-ақ, қаншалықты рынок механизмінің ықпалы бар, ал қаншасы заңсыз монополияның ойындарымен негізделген, соған тексеру ұйымдастыруды сұраймыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

Abai.kz

1 пікір