Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7062 8 пікір 6 Қазан, 2021 сағат 11:46

Тегеранның тулауы: Иран Әзербайжанға соғыс аша ма?

Оңтүстік Кавказ аймағында тағы да тыныштық бұзылды. Бұл жолы Армения мен Әзербайжан емес, Иран мен Әзербайжан арасында қырғи қабақтық пайда болды. 

Иран билігі Қарабақты азат ету соғысында Израиль күштері Кавказға кіріп алды деген ойда. Олар дәлел ретінде Әзербайжанның басқыншыларға қарсы Израильда шығарылған дрондар мен түрлі зымыран кешендерін кеңінен қолдануын айтуда. «Біз өз шекарамызда сионистік жүйенің гүлденуіне жол бермейміз», - дейді Иран билігі.

Иран Әзербайжанға ескерту ретінде Түркия мен Әзербайжан шекарасының маңында, яғни Нахичевань түбінде аса қауіпті маневрлар жасауға көшті. Тіпті тікелей ескертпелер жасаудан да тайсалар емес. Атап айтқанда дәп қазір Иран мыңдаған әскер, танк, ұшақтар мен тікұшақтар, зымыран кешендерін жылжытып шекара маңында әскери жаттығу бастады. Әскери жаттығудың атауы да ерекше. «Хайбарды бағындырғандар» деп аталады. Бұл 7 ғасырда пайғамбардың Медине қаласының маңындағы еврейлер тұрған тұрақты басып алған шайқасының атымен аталуда. Жаттығудың неге олай аталғаны да түсінікті.

Иран Қарабақ соғысында Әзербайжанға Израиль әскерилері кіріп алды деген күдігіне жауап. Баку Израиль қаруларын сатып алғаны рас, зымыранға қарсы кешендер, дрондар мен өзге де әскери техникаларды алды. Енді Тегеран «Әзербайжан аумағынан Израиль бізге соққы жасауы мүмкін, оған жол бермейміз», деп отыр. Әзербайжан Израильмен ондай келісімге бара қоюы екіталай. Бірақ Тегеранды ол қызықтырмайтын сияқты. Соңғы уақытта Израиль арнайы жасақтары Иранның ішінде және Таяу Шығыста парсыларға бірнеше соққы берді. Ядролық саладағы мамандар мен Иранның әскери зауыттарына қарсы бағытталған арнайы операциялардың артында Изриаль күштері тұрғаны да анықталып жатыр.

Иранның әскери әрекетіне Түркия мен Әзербайжан бірлесе жауап бермек. 5 қазан күні екі елдің «Мәңгі бауырластық-2021» деп аталатын біріккен әскери жаттығуы Нахичеваньда басталды. Оған арнайы жасақ күштері, соққы жасаушы дрондар, артиллерия мен танктер қатысып жатыр. Түркия мен Әзербайжан арасындағы әскери ұшақтардың жоспардан тыс ұшуы да артқан. Түркия Иран шекарасының маңында барлаушы дрондарының санын арттырған.

Ал күні кеше Иран өзінің әуе кеңістігін Әзербайжанның әскери ұшақтары үшін жапқаны белгілі болды. Тегеран әуе кеңістігін жауып қана қоймай, Әзербайжанды стратегиялық қателіктер жасаудан аулақ болуға шақырды. Ал Әзербайжанда Иранның рухани көсемі Саид Әли атындағы орталық жабылды. Оны Баку елдегі пандемиялық жағдаймен түсіндіруде, алайда сарапшылар оның артында саяси қадамдар жатыр деген ойда.

«Иранның әрекеті үркіту мен қорқыту, бар болғаны ескерту жасау ғана. Басқа пиғылы жоқ деп ойлаймын. Әскери қақтығыс болуы екіталай», дейді ағылшын әскери сарапшысы Джейк Мэллис. Иранның ішкі экономикалық әлеуеті де қиындап кеткен. Атап айтқанда биыл Иранда ауыз су тапшылығы мен құрғақшылық рекордтық деңгейге жеткен, ал коронавирустық шектеулер халықтың жағдайын тіпті нашарлатып жіберді. Билік халыққа «біз мықтымыз» ұранын тағы бір көрсету үшін оқыс қимылдар жасауда. Түркия мен Әзербайжанның әскери одақтастығы да Тегеранды алаңдататыны анық. Дей-тұра Тегеранның үрей салу қимылы алдымен өзіне зиянын тигізуде. Жаттығу барысында үш жауынгер тікұшақтан құлап, алты жауынгер артиллериялық соққыдан көз жұмғаны белгілі болды.

Abai.kz

8 пікір