Жұма, 19 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 4321 7 пікір 4 Қазан, 2021 сағат 12:21

Пандора ісі: Кімдер бар?

Күні кеше АҚШ-та «Пандора ісі» деген атаумен журналистердің зерттеуінің бір бөлігі жарияланды. Құжат әлем елдері бойынша офшорлық есепшоттарды ашу, заңсыз мүлік сатып алу, әскери келісімдер мен кеніштерді иелікке алу және басқа да істерге қатысты құпия мәліметтерден тұрады. Қаржылық келісімдерді құпия жасау бойынша құжаттарды зерттеуге 117 елдің 600 журналисі қатысқан. Олар жиынтығы 11,9 миллион файлды қолға түсірген. «Pandora Papers-ты» жасап шығу үшін журналистер екі жылдан астам жұмыс істеген. 

Жемқорлық пен бірлескен қылмысты зерттеу орталығының (The Organized Crime and Corruption Reporting Project, OCCRP) мәліметі бойынша, құжаттарда 100-ден астам елдің 35 басшысы мен 400-ден астам шенеуніктер бар. Бұл әзірге белгілісі, ал миллиондаған файлдардың арасында олардың саны еселеп артуы мүмкін дейді мамандар.

Что такое Pandora Papers

Құжатта соңғы жылдары офшорлық орталықтың бірі Оңтүстік Дакота штаты болғаны айтылады. Оған негізінен миллиондаған долларлар Багам және Кайман аралдарынан аударылған, ал өз кезегінде ол аралдарға басқа елдерден түсуі мүмкін. АҚШ-тағы «Baker McKenzie» құқықтық компаниясы офшорлық компанияларды қолдауға барын салғаны да белгілі болды. Олар АҚШ-тан бөлек шетелдік компанияларды да қолдағаны анықталды.

Құжатта аталған офшорлық компаниялар болса заңды негізде жұмыс істегендерін айтуда. Мысалы «Alcogal» және «Asiaciti Trust» компаниялары «The Guardian-ға» заңды негізде жұмыс істейтінін мәлімдеген. «Alcogal» офшорлық компаниясы АҚШ-тағы Панаманың бұрынғы елшісімен құрылған болатын. Компания өзі жұмыс істейтін аумақтың заңына бағынып, тиісті органдармен үнемі байланыс ұстайтынын жеткізген. «Alcogal» өз елінің қаржысын жымқыру немесе қаржыны игеру үшін заңсыздыққа баруды көздеген тұтынушылардың есепшоттары анықталса оны бұғаттап тастайтынын және ол бойынша компания тұтынушылардың еліне хабарласатын ереже орнатқан.

Ал Сингапурда орналасқан «Asiaciti Trust» офшорлық компаниясы болса Сингапур заңына бағынамыз, дейді. «Fidelity» компаниясы өзінің тұтынушылары жайлы ақпаратты аша алмайтынын жариялады.

Дей-тұра құжаттарда көптеген әлем лидерлерінің былықтары нақты көрсетілген. Олар көбіне ел басшылары мен танымал кәсіпкерлер. «Alibaba Group-тың» негізін қалаушылардың бірі Джозеф Цайдың да аты аталмыш құжаттардан табылған. «Alibaba Group-та» вице президент қызметін атқаратын Цайдың қаржысы «Forbes» бойынша 9,1 миллиард долларды құрайды. Ол жақында «Brooklyn Nets» баскетбол клубы мен Манхэттеннен 157 миллион долларға зәулім үй сатып алған.  Цайдың байлығының басым бөлігі қытайлық сату компаниясынан емес офшорлық компанияларды құрудан түскені анықталды. Цай «Alibaba Group-тың» аясында көптеген ұсақ компаниялар құрып, олардың басым бөлігін офшорлық негізде жасақтап, алайда құжат жүзінде салық төлеуші компания ретінде көрсеткен. Ол Канада азаматы болғандықтан Қытайдың технология саласына инвестиция сала алмайды, алайда ұсақ компаниялар арқылы оны жасауға мүмкіндік алған.

«Пандора ісінде» Бахрейн елінің бұрынғы премьер-министр болған, қазіргі патшаның ағасы Халиф бен Сальман Аль Халифтың да аты аталады. Аль Халифа офшорлық компанияға иелік етіп, Швейцария мен Германиядан зәулім үйлер сатып алған. Ол Британдық Виржин аралдарында құны 60 млн доллар болатын офшорлық компаниялар құрып,1996 жылы «Minto Assets Corp» компаниясы арқылы Швейцария мен Германияға қыруар қаржы аударған. Бахрейн премьері болған Аль Халифа өз елінде оппозицияны қудалау мен адам құқығын таптау, билікті шексіз пайдалану фактілерін жүзеге асырған.

Кения президенті Ухуру Кениата өзінің отбасы мүшелерімен бірге офшорлық есепшоттарған 30 миллион доллар қаржы аударған. Бұл Кения үшін аса ауқымды қаражат болып табылады. Кения аштық пен ауыз су тапшылығы бойынша көш бастап тұрған елдердің бірі. Соған қарамастан ел басшысы Ухуру жеті офшорлық компания ашықан, оның екеуі Панамада орналасса, бесеуі Британдық Виржин аралдарында.

OCCRP мәліметі бойынша, тіпті Украина басшысы Зеленскийдің өзі жеке офшорлық жүйені қолдану арқылы табыс көзін жасырып, пайда тапқан. Ал АҚШ-тың «Baker McKenzie» компаниясы Игорь Коломойскийға миллиардтаған қаржыны игеруге көмектескен.

«Пандора ісі» Латын Америка елдерін де дүр сілкіндіріп жатыр. Онда Чили, Эквадор және Доминиканның қазіргі президенттері мен бұрынғы басшылардың аттары аталады. Одан бөлек 90 ірі шенеунік пен дін қызметкерлері де құжаттарда жылтың еткен.

Құжаттарда әйгілі әнші Хулио Иглесиастың  20 компания арқылы Майамиден үй мен жеке ұшақ сатып алғаны айтылады. Әншілерден Шакира мен супермодель Клаудия Шиффердің де есімін оқып қалуға болады.

Құжаттарға қарап, сарапшылар Путиннің біраз байлығы Монакода жасырынған деген қорытындыға келіп отыр. Құжатта Путиннің жақын достары болған Светлана Кривоногих, Геннадий Тимченко мен Петр Колбиннің аты аталады. Светлана Кривоногих 2003 жылы Монакодан 3,6 млн долларға вилла сатып алғаны көрсетілген. Өткен жылы «Проект» басылымы Светлана Кривоногих Путинге екі қыз тауып бергенін жазған болатын, алайда Песков ол ақпаратты білмейтінін, ондай әйелді алғаш естіп тұрғанын айтты. Ал Тимченко мен Колбин Путиннің жақыны ретінде АҚШ санкцияларына ұрынған еді.

«Пандора ісі» бойынша қазақстандық дөкейлердің де аты аталуда. Мысалы 1999 жылы «Мисс Қазақстан» атағын жеңіп алған Әсел Құрманбаева (бүрынғы президент Н.Назарбаевпен бейресми байланысы жайлы жиі айтылады) және белгілі олигархтар Владимир Ни мен Владимир Кимның аты аталады. Құрманбаеваның офшордағы құпия келісімдер арқылы 30 миллион доллар пайда тапқаны айтылады.  Ол Британдық Виржин аралдарында компания сатуымен байланысты делінген. Ал Құрманбаеваға қаржылар 2010 жылы Владимир Ни қайтыс болған соң екі айдан кейін аударылыпты. Владимир Ким төлемнің куәсі болған. «Пандора ісі» бойынша ақпараттар солай дейді. OCCRP тілшілері экс-президент Назарбаевқа, Ким мен Нидің отбасына және Құрманбаеваға сауал жолдаған екен, жауап болмапты. Орталық Азия мемлекеттері бойынша өзге де «қызықты ақпараттар» қаптап кетуі әбден мүмкін. Себебі 12 млн-ға жуық файлдың барлығы дерлік әлі ашылмады.

Әсел Тілектесқызы Құрманбаева «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту» қорының жалғыз құрылтайшысы. «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі әрі хореографиялық труппаның даму тұжырымдамасының авторы, Қазақ ұлттық хореография академиясының көркемдік жетекшісі. Ол сондай-ақ, Қазақстанда екі мемлекеттік би институтында көркемдік жетекші қызметін атқарады, балет пен ұлттық би саласында бірнеше фирма мен қорға ие. Бұл туралы OCCRP дерегінде айтылады.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

7 пікір