Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Ақмылтық 6434 5 пікір 1 Қазан, 2021 сағат 15:17

Арон Атабек бостандыққа шығады

Павлодар қалалық №2 соты Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталған Арон Атабектің жазасын денсаулығына байланысты жеңілдету жөнінде өтінішті қанағаттандырды. Бұл туралы Павлодар облыстық соты мәлімдеді.

Онда, Арон Атабектің науқастануына байланысты бас бостандығынан айыру жазасының өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазаның түріне ауыстыру туралы ұсынысы қаралғаны айтылған.

Сот анықтамасына сәйкес, А.Атабек келесі емделмейтін аурумен ауырады: «М50.0. Омыртқаның мойын бөлігі омыртқааралық дискісінің миелопатиясымен зақымдалуы (G99.2).  М50.1. Жұлынның мойын бөлімі деңгейіндегі дегенеративті - демиелинизирлеуші ауруы және т.б».

Бұл ауру Қазақстан Республиасы Ішкі Істер Министрінің 2014 жылғы 19 тамыздағы №530 бұйрығымен бекітілген науқастануына байланысты жазасын өтеуден босатудың негізі болып табылатын сотталғандардың аурулар Тізбесіне кіреді.

«Заң талаптарына сәйкес, (ҚК-тің 75 бабының 2 бөлігі), өмір бойына бас бостандығынан айырудан басқа, жазаны өтеуге кедергi жасайтын ауыр науқастан зардап шегуші адамды сот жазаны өтеуден босатады немесе науқасының сипаты, жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы, сотталған адамның жеке басы және басқа да мән-жайлар ескеріле отырып, жаза неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.

Заңда баяндалған мән-жайлар мен процесске қатысушылардың пікірін ескеріп, сотталған тұлғаға бостандығын шектеу жазасы 1 жыл мерзіміне пробациялық бақылау орнату мен міндеттерді жүктеуіне ауыстырылды.

Сот шешімімен келіспеген жағдайда сотталған тұлға және процестің басқа қатысушылары апелляциялық сот сатысына шағым түсіруіне құқығы бар»,- делінген сот шешімінде.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық бір топ қаламгерлер түрмедегі ақын Арон Атабекке араша сұрап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған. Артынша, зиялы қауымның бұл үндеуін Ресейлік құқық қорғаушы ұйымдар - ПЭН-Москва мен «Свободное Слово» ассоциациясы да қолдады.

Ал, 18 тамыз күні Азаптаулардың алдын алу жөніндегі топ өкілдері Павлодар облысындағы АП-162/1 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан саяси тұтқын Арон Атабектің денсаулығының нашарлағанын мәлімдеген.

«Екі қолым ауырады, жоғары көтере алмаймын, бүгілмейді, қаламсап ұстаудың өзі қиын. Аяғым ауырады, камера ішінде ғана жүремін, серуенге шығудан бас тарттым. Таксофонға қоларбамен барамын. Этапта соққыға жыққан кездегі жарақаттарым болу керек. Толық тексеруден өтуді ұсынды, бірақ мен одан бас тарттым. Себебі менің жасымда «облучение» алу қауіпті деп есептеймін», – деген топ өкілдерімен кездескен саяси тұтқын.

Алайда ол мерзімінен бұрын босатуға өтініш жазбайтынын, үш жылдан кейін бостандыққа шыққан соң толықтай өтемақы төлетуге шағымданатынын айтқан.

Айта кетейік, Арон Атабек 2006 жылы Алматыда болған «Шаңырақ» оқиғасына қатысқаны үшін 18 жылға сотталды. Оған оқиға барысында полиция қызметкерін өлтірді деген айып тағылып, 15 жылын Павлодардағы түрмеде өтеді.

Abai.kz

5 пікір