Жұма, 19 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 10376 23 пікір 30 Қыркүйек, 2021 сағат 12:59

«Кош бол, Алматы!» - «Добро пожаловать, Алма-Ата!»

Редакциядан: Осыдан бірлі-жарым апта бұрын ақын Олжас Сүлейменов Алматы атауын «Алма-Ата» деп өзгертуді қайта ұсынғаны белгілі. Сүлейменовтің бұл ұсынысы қазақ қоғамында, Қазақстан қоғамында ызу-қызу талқыланды. Шындығында, Олжас Омарұлы Алматы атауын өзгерту жайлы кеше-бүгін ғана айтып жүрген жоқ. Бұл әңгіме Сүлейменов және Сүлейменов пікірін жақтаушылар тарапынан әлсін-әлсін талқыға түсіп отыратын. Әр жолы не билік тарапынан, не қоғам тарапынан қолдау таппаған. Десе де, Олжас Сүлейменов осы жолы бұл ұсынысты қайта айтыпты. Хош...

«Алматыны» қайтадан «Алма-Ата»» дегізу «жорығы» 2004 жылы бір талқыға шығып, іске аспай тынған еді. Біз жазушы Ғаббас Қабышұлының сол кездегі жазған мақаласын оқырман талқысына ұсынғанды жөн санадық...


Жазушының мұрағатынан

Құрметті «АЗАТ»!

Осыдан екі ай бұрын өзіңде «Өлердей өкінулі екен» деген мақалам  жарияланды ғой. Ол мақалада Алматы қаласының әкімі В.Храпуновтың  «Алматыны» қайтадан «Алма-Ата» деп атауға құлшынып, оны Қ.Тоқаев, Д.Әлібеков, Р.Орынбеков, З.Ғалымжанова деген қазақтардың, Г.Лунев деген орыстың қуана қостағандары айтылып еді. «Аргументы и факты. Казахстан» апталығы бастап (№22. 2003 г.), әкім мен әкімшілдер қолдап жатқан ол теріс әрекетке сенен басқа ешбір гәзет: «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш», т.б. елең етпегені де мені қатты ойлантқан. Мына гәзеттердің ләм демегенін де түсінгенмін, себебі: әлгі апталықта «Алматыны» қайтадан «Алма-Ата» деуге президент Н.Назарбаев қарсы емес екен, «өздерің ойланып көрерсіңдер» депті дегендей бір пікір қылаң берген еді. Билікшіл баспасөз сонсоң ауыз ашпай қалды-ау, сірә?! Олар   «Президент сөйдепті» дегенге жығыла салатын әдет тапқалы қашан!

Енді, міне, «Вечерний Алматы» гәзетінің  осы қазан айының 18-і күнгі санында Алматының әкімі В. Храпунов мырзаға ашық хат жарияланды. Ал одан бұрын, 15-нші қазанда, гәзет академик Болат Құспанғалиевтің «Вернуть старое название» деген талап-пікірін шығарған болатын. Ол Храпуновтардың көздеген нысанасын айқындай түсуге жасалған барлау екен, оны мынау Ашық хат шындап ашып берді. Хат қаланың атын «Алма-Ата» деу асығыстау болды емес пе екен деп алдаусыратып басталады да, қала гәзетінің «Вечерняя  Алма-Ата» деген ғажап жылы аты «Вечерний Алматы» деген түсініксіз, құлаққа түрпідей тиетін атқа ауыстырылғаны дұрыс болмады, соны әлі де қабылдай алмай қор болып жүрміз дегендей «жоқтауға» ұласады. Бүкіл алматылықтар «Вечерняя Алма-Атаны» оқығанда жүректері елжіреп, жандары жадырап, жұмақта жүргендей бір рахат сезім құшағында болушы еді дегенге ұқсас «аңсауды» сезесің. Хатқа қол қойғандар Храпунов мырзаға жалбарына өтініш жасап, гәзеттің бұрынғы атын қайтаруды сұрапты. Храпуновқа керегінің өзі «сыныққа сылтау» ғой?! «Алматыны» қайтсем «Алма-Ата» етем деп жүрген оның аузын бағушы бір байғұс мына Ашық хатты ұйымдастырды да берді. Бүйтіп «коллективтік хат жазу» - кеңестік билік кезінде табылған тәсіл, билікқұмарларға ауадай керек жол. Хатқа қол қойғандардың кімдер екенін қараңыз (қазақ тілінің қадірін біледі дегендерді ғана атап отырмын):  Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы Сейітқазы Матаев; Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов; Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов; жоғарыда аталған ғалым Болат Құспанғалиев; Қазақстан Мемлекеттік силығының лауреаты, көркемөнерге еңбегі сіңген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері, суретші Әбдірашит Сыдыханов; СССР Кинематографиясының үздігі, Қазақ ССР көркемөнеріне еңбегі сіңген қайраткер Дариға Тінәлина; Қазақ ССР Халық әртисі, Мемлекеттік силықтың лауреаты Әмина Өмірзақова. Бұған қазақша сауаты қаншалықты екені өзіме беймәлім, алайда мен де сырттай қатты құрметтейтін ағамыз - Совет Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдіновтің қол қойғанын қоса айтуға тиіспін. Сөйтіп: орысы, ұйғыры, татары, кәрісі бар - жиыны 18 кісі қол қойған.

Ары тартқанды бері тартуды, қисықты тезге салуды ойлап жүрген қазақ болсайшы! Өйтіп тілімізді, тарихымызды силайды, құрметтейді деп білетін «сүт бетіндегі қаймақтарымыз», мінеки, Храпуновтың ығын сағалап, қабағын  бағып, аузына қарап отыр. Әлде Президент Н. Назарбаев, Премьер-министр Д.Ахметов мырзаларға да керегі осы ма екен? Егер олай болса, бүгін гәзет атын «Вечерняя Алма-Ата» деп, ертең қала атын «Алма-Ата»  деп өзгертуді күтелік. Неге көнбеген, нені көрмеген, кімге жағынбаған қазақпыз?!.

(«Азат» гәзеті. 2004 ж., маусым.)

Ғаббас Қабышұлы,

жазушы

Abai.kz

23 пікір