Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 5267 2 пікір 30 Шілде, 2022 сағат 12:00

Бала бағбаны болу деген...

Жарққа шыққанына 20 жыл толған «Айгөлек» балалар журналының авторы, ҚР Мәдениет қайраткері, Түркі әлемі ақпарат саласының үздігі, ақын Қымбат Әбілдәқызы туралы сөз.

«Айгөлекті» шәкірттері мен немерелеріне оқып, пайдасын түсінетін астаналық ұстаз Рахат Омарова «Қымбатжанға» деген өлеңін сөз өнерін кие тұтқан белгілі ақын Қ.Әбілдәқызына арнапты.

...Өн бойыңнан өнеге байқалып шын,
Әділ бидей өткір сөз айта алыпсың.
«Балдырғанда» жоқ деген көп керекті,
«Айгөлегің» арқылы қайтарыпсың.

Ізің жатыр Арқаның әр тасында,
Алатаудың шың-қия,жартасында.
Оттай лаулап,жарқылдап жүре берші,
Еркелеткен еліңнің ортасында.

Өлеңіңмен өрнекте жыр алабын,
Елге істеген ісіңді құп аламын.
Сенің атың естілсе биіктерден,
Өзім тауға шыққандай қуанамын.

Адалдықтың ақ жолын аттамадың,
Бәйгеде тұлпар кілең баптағаның.
Мен сені сөзім жетіп мақтамаймын,
Атақтан зор даңқыңмен мақтанамын,- деген жыр жолдарында «Айгөлек» балалар журналының директор-бас редакторы Қымбат Әбілдәқызының барлық шығармашылық тұлғасы, кісілік келбеті, ұлтжандылық қасиеті тұтас танылады. Бір-екі ғана жанкешті қызметкерімен  баласындай мәпелеген «Айгөлекті» 18 884 данамен республиканың түкпір-түкпіріндегі балаларға таратып жүрген Қымбаттың қиын да қасиетті, ұрпақ пен ұлт тәрбиелеудегі еңбегін осылай бағалауы бейне бір бүкіл қазақ жұртының алғысын аңғартатындай. Шынында да, жыл сайынғы төмендемесе өрге өрмелемей тұрған өмір мен қаржының қиыншылығына қарамай Қымбаттың: «Мен бүкіл ауыртпалықты өз мойныма алып, ел баласы үшін бұдан 5 жыл бұрынғы жазылу бағасын өзгертпедім. Енді не істеуім керек, қаным мен жаным Қазаққа?», – деген жанайғайын өзге болмаса да, баспасөздің басы-қасында жүрген жұрт, ұрпақ тәрбиесіне алаңдаулы әрбір ата-ана жақсы түсінеді.

Жыл бойына «ұшарын жел, қонарын сай білетін» қаңбақтай болып республиканың аяғы жеткен жердегі бүкіл қазақ мектебін аралап, «Айгөлектің» мақсат, міндетін түсіндіріп, әр қазақ отбасы бүгінгі ұрпақ, ертеңгі тұтастай ұлт тәрбиесінен қалыс қалмауына  ары мен жанын жұмсап жүрген Қымбатты қазір қай қиырда да танымайтын қазақ жоқ десек артық айтқандық емес. Қашанда әр ұлт үшін ұлы мәртебелі мүдде – бала тәрбиесіне қатысты қандай да бір телехабар болсын, мерзімді басылымдағы сұхбат, жиын-мәжіліс болсын жанашырлығын шырқыраған шындығына қосып шешендікпен шешіле сөйлегенде назар аудармайтын адам жоқ та шығар,сірә. Оның ойлы да орнықты, айшықты да ажарлы сөздері сөз киесін түсінетін жұрттың жүйесін босатып, еріксіз елең еткізеді. Шар тараптың шешуі қиын шаруасы - бала тәрбиесін басына басыбайлы байлап алған Қымбаттың енді шегінер жері жоқ. Өз өмірінің өзегі мен өнерінің түп қазығы еткен ұрпақ тәрбиесі оның ұлтқа қызмет етуінің басты ұстанымы екенін мойындау керек.

Қай заманда болмасын адамзат алдындағы ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – салауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеу екендігі әмбеге аян. Олай болса, ұрпақ тәрбиесі «Айгөлектің» де басты мұраты. Мектеп жасындағы барлық оқушыларға арналған журнал – баланы қазақтану, әлемтану, ортатану, дүниетану, адамтануға үйретеді; дара баланы танытып, дана қазақ болуға бастайды. Баланы алдамай, аялай тәрбиелейтін бұл балалар басылымы жан-жақты тақырыптарды қамтитын көркемдігі жоғары, экологиялық таза, балалар шығармашылығына зор мән беруімен дараланады. Ақындығынан гөрі осы тәрбиелік миссияны алға шығарған Қымбат  келешек қоғамдағы қазақ қамын ойлап, жаңа қауым иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өресі озық азамат етіп тәрбиелеуге терең мән береді. Бала бағбаны атанған жан «Жер астында жатқанды-қазбай қарап тіл табар», – деп, саналы сөзді сол сары уыз балапандарды тәрбиелеуге бағыштап, журналды пәрменді құралы ете білген.

«Ақыл-ойдың асыл қоймасы» деп танылған ұлттық тәрбие, ұлттық ойын, салт-дәстүр, түрлі жанрдағы әдебиет үлгілерін журналдың басты айдарларына айналдырып, бүгінгі ұрпақтың тегін танитын, елі мен жерінің тарихын білетін дүниетанымы кең, әр кезең сайын өзгеріп, жаңарып отыратын  руханият керуеніне ілестіріп отыруды көздеген Қымбат Әбілдәқызының өр рухы, жан әлемі журналдың әр санындағы беттерде жарқырап тұрады.Мысалы: «Ұлылар ұлағаты», «Ұлт мақтанышынан қолтаңба», «Отанымның тарихы», «Атақты адамдар өмірінен», «Қазағымның сөздері-ай», «Білімдіден шыққан сөз»,  «Айгөлектің қонағы», «Ақыл-ой сабағы», «Ата-анаңмен бірге оқы!», «Алуан түрлі жүйрік бар», «Өнердің бір жұлдызы», «Айгөлектің кітапханасы», «Балаларға базарлық», «Біз күткен шығарма», «Айгөлектің ән сабағы», «Қазақша-ағылшынша үйренейік!», «Арифметикалық есептер», «Кім тапқыр, кім табуға шақ тұр?», «Сен қалай бояр едің?», «Кішкентайлар математикасы», «Хаттар, хаттар, хаттар..», «Комикс», «Бәрін білгім келеді», «Күлдіре біл, күле біл!», «Ойнайық та, ойлайық!», «Біз сурет саламыз» т.б. секілді жан-жақты тақырыпты мықтап қамтыған басылымның авторлық концепциясына тәнті боласыз. Осы тақырыптарда мәтін оқыған баланың ертең елім деп өсеріне сенесіз.

Өткенді жақсы білмейінше, келешекке сапар шегудің мүмкін еместігі әмбеге аян. Халқымыздың сан ғасырлық ғибраттарын, құндылықтарын, философиясын сақтаған салт-дәстүр, ана тілі мен ұлт мәдениеті – ұлттық сезімді  ұрпақ санасына сіңіріп тәрбиелеуде темірқазық болатынын Қымбат осы айдарлар аясындағы мәтіндер мен суреттер арқылы жүйелі насихаттап келеді. Ай сайын жарық көретін, 36 бет болып рухани байлық сыйлайтын журналда бала-патшаның оқуына, көңіліне тоқуына қажеттінің бәрі бар. Зеріктірмейді, жалықтырмайды, шашыраңқы сөйлем де кездеспейді. Ал, кез келген бастауышта оқитын ұл мен қыз үшін «Айгөлектің ботақандары» айқара бетіндегі материалдың нақтылығы мен баланың ойына шақтылығы бір құнды сабақ десе болғандай.

Қымбаттың «Балада да көңіл бар» деген сөзі – ісіне сай. Редакцияға келген әр баланың хатын мейірлене оқып, өзі қорытып, талабымен танылған ұл-қыздарды жақын досына айналдыратыны да өмір шындығы. Оған 9-сынып оқушысы, атыраулық Алтын Палатованың мына арнауын мысал етсек те болады:

Таулардың шыңы көрінер сонау алыстан,
Қырандар сонда қалады мәңгі қоныстап.
Алқалы топта айбарлы болған апайым,
Тұрады әркез балғын жүрекке жол нұсқап.
Бала көңілмен еріксіз жырым төгіліп,
Сенімге білем, қосылды тағы мол үміт,
Қазып алғандайсыз қат-қабат жердің астынан,
Байқаусыз жатқан қабілетімізді көміліп.

Тап-таза бала жүрегі бар мейірімін өздеріне арнаған рухани анасын осылай бағалайды. Мұндай арнау жырлары мен жас суретші балалар салған неше түрлі Қымбаттың портреттері қаншама десеңізші?!

Өз өмірінің мән-мағынасына айналған мақсаты жөнінде ол: «Алладан жұмсалған құлдай ел баласына еңкейіп қызмет етуді жаным сүйді. Бала жүрегінің адалдығы жіпсіз байлап, осы әлемнен артық биіктікті ойлатқан жоқ. Меніңше, бұл да – тағдыр...», – депті бір сұхбатында. Расында, балаларға рухани тәрбиеші болуға бар өмірін арнау – екінің бірінің қолынан келе бермейді, ол өзінше бір қасиет. Өзі айтпақшы, бұл салада тек фанаттар ғана табандап жұмыс жасай алады. Өйткені бүгінгі бала тәрбиесінің қиындығы әр отбасы ғана емес, мемлекеттік деңгейдегі күрделі  мәселе. Жыл сайын көбейіп отырған толық емес отбасы балаларының тағдыры, тірі жетімдер, тастанды балалар, күні-түні  интернет, телефонмен уақыты өтіп жатқан ұрпақ, айта берсек жаның түршігер шетін мәселелер өзекті өртейді. Осындайда, «Айгөлектей» мазмұны бай, көркемсуретті басылымның болғаны, ондағы көңіл жадыратар материалдар, періштедей пәк, таза сезімді балалардың өз туындылары журналды қолына алатын қатарластарына ой салары сөзсіз. Бала түгілі ата-ана да, ұстаз да қызыға оқитын танымдық, тарихи мәнді шығармалармен баланың санасын тәрбиелеу – ұлт болашағы мен қазақтың намысы үшін баптау дегенді мұрат тұтады. Әрине, әр мәтіннің астарында «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген даналық қағида, ұлттық педагогиканың ұлы міндеті тұр. Халық даналығы: «Талантты бала-талпынған құстай, құмары қанбас - аспанға ұшпай» дегеніндей, «адам болатын бала – алысқа қарайды» деп Қ. Әбілдәқызы ақ жүректерін армансыз қанаттандырады. Періштедей пәк балалармен жұмыс жасау үшін солардай таза, адал да бауырмал болуың міндет. Қымбаттың ақындығы, қаламгерлік қуаты, адами қасиеті арлылығы мен адалдығында жатса керек.

«Ақын дегеніміз – мәңгі бала. Олардың даналығы мен балалығының арасында шекара жоқ», – депті дара ақын Қадыр Мырза Әлі. Қымбат пен балалардың, ақындығы мен «Айгөлектің» арасында да шекара көрінбейді. Баланы сүйе алмаған, оның ой-пікірімен санаса білмеген адам – шынайылықтың шырынын татып көрмегенмен бірдей.

Өзі де баламен бала болып ойланатын ақын-ана Қымбат Әбілдәқызының шығармашылығы соңғы жылдары қазақ руханиятында әрдайым кешеуілдеп немесе кем жүретін балалар әдебиетіне, оның олқы тұстарының орнын толтыруға бет алғанын біреу білсе, біреу білмейтіндей. Ол үшін де бөлек мінез және артық уақыт керек қой...

«Айгөлектің» әр санында жарияланып, балаларға қуаныш сыйлайтын нақышты ой айшықтарының стильдік өрнектері де, тілдік қолданыстары да сол бала танымына тиесілі тәсілде, деңгейде . Мәселен, тілі енді шыққан бүлдіршіндерге арналған «Әйәй мен кәкәй» өлеңін оқиықшы:

Томпаңдаған Айдана,
Біледі екі сөз ғана.
Екі сөздің мәнісін,
Айыруға ол – дана.

Көңіліне ұнасаң,
«Әйәй» - дейді сүйсініп.
Қолындағын сұрасаң,
«Кәкәй» - дейді күрсініп.

«Әйәй» деген не десең –
Көрсетеді өзін.
«Кәкәй» деген не десең –
Түсінбейсің сөзін...

Өлеңмен салынған сурет қой. Тап-таза сәбидің табиғаты. Ал, сөз таныған, сөз арқылы қазақтың дәстүр-салтын, әзіл-қалжыңын ұққан балалар үшін «Әкесінің құрдасы» атты мына өлеңдегі ойды қараңыз:

- Сен кімнің баласысың?

- Әкемнің.

- Әкең кімнің баласы?

- Жәкеннің.

- Ағасы ма Тәкеннің?

- Иә, ағасы Тәкеннің.

- Інісі ме Сәкеннің?

- Иә!..

- Өзі неше ұлы бар Жәкеннің?

- Сіз бәрін біліп тұрсыз ғой...

- Әй, сен неге жөніңді айтпайсың,

Жаман ұлы Кәкеннің.

- Сіз-ақ жақсы болыңызшы,

Мылжың құрдасы әкемнің.

Бұл мысалдар баланың мінез-құлқын, түсіну, сезіну қабілеттерін дамытуға ықпал етпей қоймасы анық. Енді «Күз суреті» деген өлеңін алайық, Мұнда Табиғат-Ананың толысып-піскен, құт-берекесі мол кезеңінің сап-сары  алтындай әдемі алқапқа ие көрінісі керемет кестеленген.

Қызық күздің суреті,
Кілең қошқыл бояулар.
Жасырынып күн беті,
Есінейді ояулар.

Қалт-құлт етіп қалтырап,
Жерді жапты жапырақ.
Қызғылт,сары, күлгін түс,
Сыбдыр-сыбдыр атырап...

...Жылы жаққа аман-сау,
Жетті ме екен құстарым?
Қоштасарда қиқулап,
Білем қимай ұшқанын..., – деген шуақты шумақтардағы балаларды түрлі ойға жетелейтін танымдық түсініктер, сауалдар күздің келбетін берер көркем суреттермен көмкеріліп, әдемі әсермен әрленген. Журналдың бітпейтін шаруасы мен ауыр жүгін жалғыз жүріп көтерген жанның осылай ой толғап жыр жазуға уақыт табатынына таңқаласың. Алайда, баламен, басылыммен бүкіл болмысы бүтіндей бірігіп, біртұтас болып кеткен ақын балалар үшін қолы қалт етсе, сөз құнарын құйылтып жыр жазады, сәтіне қарай сазгерлермен бірге ән мәтінін жазуға да уақыт табады. Жүрекке жылы, айтуға жеңіл, ұрпаққа ұғынықты, қарапайым тілмен жазылған ән мәтіні – мазмұнды. Тыңдасаңыз, жан  баурайтын саз бен жан қуантар сөз сізді де сезімнің сан алуан көңіл-күйіне бөлейді.

Тарыдай болып тар есіктен еніп, бар әлемнің жұмбағын шешуге талпынбайтын бала жоқ, соның арман-қиялын балажан Қымбат ақын қалай жырлайды?

...Елдің атын жазамын,
Жердің атын жазамын.
Туған тілге тазамын,
Батаңды бер, қазағым.
Мен мектепке барамын,

Таудай биік талабым,
Шырқап әнге саламын,
Салты менен сәні бар,
Менде дала, қаланың.
Мен мектепке барамын, – деген өлеңді естіген ата-ана ұл-қызының алғаш мектеп табалдырығын аттаған күнін, әр бала өзінің оқушы атанған сәтін шаттанып еске алары ақиқат. Қазақтың  сөз құнарынан қанып ішкен Қымбаттың шешендігі, өрнекті сөзге ұсталығы әр өлеңінде өріс алады. Бала табиғатына тән тілдік қолданыстарды, таным түсінігіне лайықтап дәл бере алғанымен ойлары – айшықты, сөздері – ажарлы.

Осындай жан-жақты өнер саласын меңгерген Қымбат та нағыз ұстаз секілді баламен бала болып ойлайды, ойнайды, сөйлеседі, ән айтады. Енді бірде журналдың бар жүгін арқалап жүріп, журналист болып тұрақты айдарларына сай елге танымал тұлғалармен сұхбаттар құрып, ұлт пен ұрпақтың қамын бірге толғанады.

Бір өзі бір басылым, бір сала, бір дара мектептің міндетін атқаратын қазақтың асыл қыздарының бірі, ақын, қоғам қайраткері, әйел-ана, тәлімгер-басшы Қымбат Әбілдәқызының ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі ересен десе болғандай. Тәжірибелі бала бағбанын балалар журналистикасы мамандығына әлі күнге дейін мән берілмеуі, мемлекет тарапынан қамқорлық көрсетілмеуі қатты алаңдатады. Тәуелсіздік алдық дегеннің өзінде ұлттық құндылықтарымызға деген көзқарастың да немғұрайлылығы бала мінезді ақынның жанын жабырқатып, жүрегін ауыртады. Сондықтан да ол: «Бұрын ел-ерге қараушы еді, қазір ел-жерге қарайды» деген сөзді жиі айтады, өлеңіне де қосып өкініш білдіреді. Ақынның «Соғады боран, соғады» өлеңінде:

«Борансыз қыста мінез жоқ,
Біледі оны бар бала!
Сілкінтіп боран сананы,
Аппақ боп кетті айнала», – деген жолдар сәби сананы сілкінтіп, аппақ арманға оранған балалардың болашағы бұлдыр емес, айқын болса деген үкілі үмітті оятып, өзгеге де, өзіне де жігер береді. Бүгінгідей рухани құндылықтарға шекеден қарайтын шенеуніктермен тіл табысу, журналға жазылу науқанында қызу, қауырт, табанды еңбек ету, газет-журнал оқымайтын мұғалімге, тәрбиешіге, ата-анаға тасқа түскен таңбадан келер таным мен тәрбиенің қасиетін түсіндіру – жүйкеге салмақ емес деп кім айта алады!?

Мың жерден жаңашыл болсаң да, интернетпен ауыстыра алмайтын ақыл-ой кені оқуда екендігіне көз жеткізу, әр баланың сөз өнеріне, әдебиетке, білімге деген қызығушылығын оятудың өзі қаншама күш-жігерді, жанкештілікті талап ететінін жай сөзбен жеткізу оңай болғанымен, бастан кешкен іс басындағы кейіпкеріміз үшін ұшы-қиыры жоқ шаруа. Алайда, сол қиыншылыққа өзіне тән қайсарлықпен қарсы тұрып, сүйген ісі мен бала аманатын адалдықпен атқарып жүрген Қымбат Әбілдәқызы қым-қуыт қарбаласы мол, азабы мен ғажабы араласқан күрделі шығармашылық үрдісте  бүгінгі күн талабымен үндесіп, жас қазақтың  ертеңі үшін есепсіз еңбек етіп жүрген жанкешті жан. Ұстазы болған Қадыр Мырза Әлінің: «Қымбатжан, бүгінгі ақынның көбі-жүре ақын болғандар. Сен туа ақын болғаныңды білемісің? Мынау журналистік қара жұмыс өмірі бітпейді, жеп қояды. Өзің орташа істеуді де үйренбегенсің. Сен өлең жаз, өлең жаз!..», – деген дана сөзін еске ұстаса да, уақыт шіркінді жеткізе алмайтыны өкінішті. Бар өлеңінің өзі шашылып, осы кезге дейін жарық көре алмауы да оның балалар басылымына басы бүтін берілгендігінен десек қайтелеспейміз. «АБДИ» кеңсе тауарлары дүкендерінің президенті Әбдібек Бимендиевтің демеушілігімен балаларға арналған «Ай сайын өсіп келемін» өлеңдер жинағынын шыққанына да 17 жылдан асты. Одан бергі жазғандары да бірнеше кітапқа жүк болары анық. Жиырма жылдан бері «инемен құдық қазғандай» бейнетпен  шығаратын «Айгөлектегі» еңбегін де, ет жүрегі елжіреп жазған жырларын да бағалау мен елеп-ескеруде мемлекет тарапынан әділетті көзқарастың жоқтығы, белгілі сала билігі өкілдерінің кімнің не істеп жүргенін білмейтіндігін білдіреді. Дұрысы, орыс ақыны Иосиф Уткин айтқандай:  «Ақын дегеніміз – өзіне ештеңе тілемейтін, ал оның бойынан ештеңені тартып алуға келмейтін адам». Қ.Әбілдәқызы дәл сондай жан.

Оның тәңір сыйы – ақындығын «Айгөлекке», ел мүддесіне қызметке құрбан еткені болмаса, өлеңдері іздеп-оқитындай деңгейде.Айталық, «Қайран ана» деген жырын тебіренбей, толғанбай оқу мүмкін емес.

Сағыныштың ауырлатып салмағын,
Кетті өмірден Ана деген ардағым.
Қою қара бұлт жапқандай аспанды,
Салқын тартып бара жатыр жан-жағым.
Дауысымды бір естімей күніне,
Тілек қоспай шаршаңқылау үніме.
Ұйықтамайтын жаны бөлек жалғызым,
Шырақ боп бар түпсіз қара түніңе..., – деген жолдардағы ана мен бала арасындағы адал, мөлдір махаббаттың тазалығына тәнті боласыз. Өмірдегі ең өкінішті қайғы-қасірет – анадан айрылу, оның аялы алақанынан қағылу, мейірімі мен махаббатынан бөліну.Оны  ақынның сырлы сезім, құнарлы ой, көркем кестелі өлеңіндегі  ана образының  биіктігінен танимыз. «Барыңа біреу қуанса» деген жырынан бүкіл қазаққа тілектестігін, ақын жүректің алыптығын, пейілдің кеңдігін көресіз.

...Барыңа біреу қуанса,
Үлкен бе, әлде кіші ме;
Сен де оның  қуан барына,
Тілегін тіле, кішіре!..

Ал, «Бар адамды сағындым» деген өлеңі әлемді жайлаған пандемияның санаға салған салмағына арналады:

Қасірет қой адамдардан бөлінген,
Мына жаза ауыр, тіпті, өлімнен.
Адамдарсыз адам қалай күн кешпек,
О, адамдар, айналайын, бәріңнен!
Үйде отырып бар адамды сағындым,
Сағыныштан сары орамал жамылдым,
Адам деуге жарайтынды сақта деп,
Жаратқанға жалбарындым, жалындым, – дейді. Бүгінгі өмірдің өзекті мәселесі, мұң-шері өлең тілінде де шынайы, таза, табиғи!

Белгілі ақын, журналист Қымбат Әбілдәқызының қазақ поэзиясындағы өзіндік өрнегі мен көркемдік ерекшеліктері туралы қазақ баспасөздерінде біраз айтылып жүргендіктен, біз тек еліміздің ертеңі саналатын ұрпақ тәрбиесіндегі өзі жетекшілік жасайтын «Айгөлек» журналының атқарып отырған абыройлы ісі мен өзінің «бала бағбаны» ретіндегі табанды еңбегіне баса мән бердік. Бала бағбаны дегеннен шығады, ақынның мынадай бір өлеңі бар-ды:

Сендер менің жүрегімді қопарар,
Сендер мені жұмаққа да апарар.
Сендер менің мәңгі жасыл көктемім,
Бағбаның боп жүрегенім сол, боталар!

Бұл – автордың ар сөзі, адал ісіне лайық сөзі. «Баталы сөз – сүйек балқытады» «Иіні түскен ауырар, үмітті жан сауығар» демекші, біздің тілегіміз де, үмітіміз де – еліміздің ертеңі балғындарда, солардың көрікті келешегінде, бақытты болашағында. Олай болса, Қымбат Әбілдәқызы басқаратын «Айгөлекті» оқып ой түзеген балаларымызға  сенбеске амалымыз жоқ. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Ұл туып, ұлы жолда қызмет етсең, онан зор ұлтқа бар ма, ырыс деген?» – өсиетін еске алсақ, біздің балаларымыз қазақы абырой, ұлттық намыс кернеген, халқым деп арда туған ұл-қыз болуы үшін «Айгөлектей» балалар басылымына ел болып көңіл бөлгеніміз жөн. Ұлт жанашыры, майталман маманның ел баласына деген есепсіз еңбегін баласы бар әр қазақ пайдалана білсе, тұрақты оқырманы болса, ертеңгі қазақ үшін алаңымыз азаяр еді.

Гүлзия Пірәлі,

әдебиеттанушы, ф.ғ.д., профессор, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері

Abai.kz

2 пікір