Сенбі, 20 Сәуір 2024
Білгенге маржан 7492 4 пікір 30 Қыркүйек, 2021 сағат 11:39

Ыбырай суреттері жайында... (жауап)

Ыбырай мұрасы – игеріліп бітпейтін сарқылмас қазына. Уақыт өткен сайын ұлы тұлғалардың бейнесі биіктей беретіні сияқты, олардың өміріне қатысты ашылмаған деректер болуы да заңды. «Ыбырай аз зерттеліп, көп жазылған», - дейді ыбырайтанушы-ғалым Серікбай Оспанов.  Соңғы уақытта ағартушының өмірі мен педагогикалық қызметі жайында филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық өз зерттеу мақалаларын жариялап жүр.

Ыбырай жайында жаңа дәйекті деректер ашса, неге құптамасқа?! Алайда, бұған дейін анықталған деректерді қайта жазып, оны жаңалық деп танып жүрген Алмасбек Ахметұлы Ыбырай жайында кейбір деректердің байыбына бармай, өз болжамына сай мәлімет таратып жүр.  Мәселен, А.Ф.Чернышевтың «бес данышпан» суреті жайында жазылған мақаласында «Ондағы деректер көпшілікке және алтынсаринтанушыларға аса таныс емес» («Egemen Qazaqstan» газеті 15 наурыз, 2021 ж.) деп жазады.

Бұл сурет Алтынсарин музейі ашылған күннен бастап экспозиция залының қақ төрінде тұр. Экскурсия барысында айтылып жүргенге 30 жылдай уақыт болды. Сонда Ыбырайды зерттеуші Ыбырай музейіне бас сұқпаған-ау деген ойға қалдық.

Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінің экспозициялық залынан

Музей қорында Орынбордың тумасы, суретші А.Чернышевтың 1853 жылы қылқаламына арқау болған «бес данышпан» суретінен өзге, Ы.Алтынсариннен қалған құнды жәдігерлер – Ыбырайдың баласымен, шәкірттері мен ұстаздар арасында түскен,  отбасылық суреті сақталған. Бұл суреттердің барлығы ҚР мемлекеттік архивінде (ҚР ОМА. Оп. 2. 327 іс),  ҚР Орталық музейінде де бар.  Бұлардың бәрі – фотосуреттердің көшірмелері.  Осы суреттер жайында мағлұматтар жетіп артылады. Күні бүгінге дейін айтылып та, жазылып та жүр.

Ғалымдар Ыбырай фотосуреттері жайында «сенсация» жасағысы келсе, ешқашан, ешбір жерде жарияланбаған Ыбырай Алтынсариннің Орынбордағы шекаралық комиссия мектебін аяқтағанда түскен жас хорунжий шенін алған сәтіндегі суретті іздесе жөн болар еді. Ыбырайдың осы суреті табылса, шынымен, нағыз жаңалық – осы!

Ғ.Балғымбаев естелігінде жас Ыбырайдың бізге беймағлұм суреті жайында былай дейді: «Снимки фотокарточки (фотографии) И.А. Алтынсарина я знаю следующие:

1) Фотография в форме молодого хорунжего – снимок по окончании курса Оренбургской Киргизской школы, через год, по окончаний курса получил звание молодого хорунжего в 1858 году.» (Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қоры, «Воспоминания Балгымбаева об И.Алтынсарине», 128 б.).

Ыбырай суреттеріне қатысты «Abai.kz» ақпараттық порталында тағы да А.Әбсадықтың болжамдық негізде жазылған бірнеше мақалалары жарияланған болатын. Ол «Алтынсариннің отбасылық суреті қайда түсірілген?» мақаласында: «Ғ.Балғымбаевтың естелігіне сүйене отырып, біздер («біздер» деп кімдерді меңзеп отыр? Мақала авторы неге өз жеке көзқарасын білдіре отырып, көпшілік атынан сөйлейді?) суреттегі әкенің қасында тұрған бала Алтынсариндердің тұңғышы – Абдолла, анасының қолындағы бөбек – екінші ұлы Әбдірахман, ал бойжеткен қыз – бала күтуші деп санаймыз. Бұл отбасының үшінші баласы Шарипа аталмыш суретте бейнеленбеген: ол әлі дүниеге келмеген немесе әлде бір себептермен (құндақтаулы немесе бесікте жатуы мүмкін) фотоға тартылмаған деп болжаймыз», - деп жазады. Өкінішке қарай, бұл болжамдар (А.Ә. мақаласында «болжаймыз», «шығар», «болжауға болады», «бәлкім», «топшылаймыз», «деп санаймыз» және т.с.с. болжаулық мәндегі сөздер көп кездеседі) ақиқатында олай емес. Бұл болжауды қажет етпейтін, кімнің кім екендігі  Ғ.Балғымбаевтың естелігінде «тайға таңба басқандай» көрініп тұр.

Ғ.Балғымбаевтың естелігінен: «Фотоснимок И.А.(Ибрай Алтынсарина Ө.С.) с семьей: женой Айганыс в камчатовой шапке, сыном Абдуллой, дочерью Злихой за самоваром, снимок 1887 года или 1886 года. Эта фотография была прислана заместившим его, И.А., – бывшим инспектором А.В. Васильевым мне 1941 году была передана мною ученому секретарю общества изучения Казахстана тов. Жиренчину для переснятия» (Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қоры, «Воспоминания Балгымбаева об И.Алтынсарине», 128 б.).

Ғ.Балғымбаевтың қолжазбасы

Сондай-ақ, Ғ.Балғымбаев естелігінде Айғаныс көп уақытқа дейін құрсақ көтермей, Оспанның екі жасар Хамитбек деген баласын асырап алғанын айтады. Алайда ол ұзақ өмір сүрген жоқ, 5-6 жасында қайтыс болды. Ыбырай мен Айғанысқа бұл қаза қатты батады.1882 жылы тұңғышы Абдолла дүниеге келеді. Екі жылдан кейін 1884 жылы Әбдірахман туады. Одан екі жыл өткен соң, 1886 жылы (1887) қызы Шәрипа дүниеге келгендігін баяндайды.

Ы.Алтынсариннің тікелей туысы, Қазақстанның Халық Жазушысы Мәриям Хакімжанова: «Әбдіғали өте сауатты кісі еді. Алтынсарин туралы естеліктер жазып жүрді бір кезде. Мені өзінің қызындай көретін. Әбдіғали ағай ұзақ уақыт осы Алматы қаласында болды. Сол араласып жүрген кезімізде менің қолымдағы әр түрлі суреттерін, жинап жүрген материалдарымды ескерткішіне қосамын деп ат-түйедей қалап алған еді. Ол кезде Әбекең осы Орталық музейде қызмет істейтін. Жазған ескерткішінің кейбір данасын Қазақстан ғалымдар музейіне тіл әдебиет бөліміне өткізіпті. Академияға тапсырғандардың ішінде менен алған суреттері жоқ. Әбекең осы музейде істеп жүргенде қайтыс болды. Музейдің директоры ол кезде Әбіш Жиреншин болатын. Соңғы уақытта Әбіш Жиреншин менен алынған Ибраһимнің үй ішімен түскен бір суретін бір жақтан таптым деп газетке жариялады. Шындыққа келсек, менің Балғымбаевқа берген суретімнің бірі екені анық». («Естен кетпес бейнелер». – Алматы. 1995 жыл, «Дәуір» баспасы, 16-бет)

Алтынсарин музейі қорындағы картотекадағы жазбада «...Камзол мен қара тақия киген қыз бала тұр. Қыздың (Злиқа) жанында үстіне ұзын етекті ашық көйлек пен шапан киген, басында қара бөрікті, орта жастағы әйел (Айғаныс) жас баланы (Шәрипаны) ұстап отыр» деп жазылған.

«Ы.АЛТЫНСАРИН ОТБАСЫМЕН»
(оң жақтағы Ыбырай Алтынсарин, алдында –ұлы Абдолла, сол жақтағ жұбайы Айғаныс, қызы Шәрипа, оның артында  тұрған Оспанның қызы Злиха)

Бұл суретті біздің музейге Ғ.Балғымбаев қызмет атқарған ҚР Орталық музей бөлімінің меңгерушісі, музейтанушы Марат Әбдешов тапсырған. Картотекадағы мәлімет М.Әбдешовтың баяндауы бойынша жазылған.

Осы сурет жайлы нақты пікірімізді Ғ.Балғымбаев пен М.Хакімжанова деректері дәлелдеп отыр.

Осыдан-ақ, мақала авторының:  «анасының қолындағы бөбек – екінші ұлы Әбдірахман, ал бойжеткен қыз – бала  күтуші деп санаймыз»,  «Бұл отбасының үшінші баласы Шарипа аталмыш суретте бейнеленбеген: ол әлі дүниеге келмеген немесе әлде бір себептермен (құндақтаулы немесе бесікте жатуы мүмкін) фотоға тартылмаған деп болжаймыз»» деген болжамының дұрыс емес екендігі айтпасақ та түсінікті.

Дерек-дәйектер негізінде, бұл отбасылық суреттегі  бойжеткен – Оспанның қызы Злиха, суреттегі екі баланың бірі – Абдолла, екіншісі – Шәрипа деп нақты айта аламыз. Ыбырайдың жанында тұрған Абдолланың (1882) жас шамасын 5-6 жасар десек, Әбдірахман (1884) одан екі жас кіші болса, шамамен жас мөлшері 4 жасар болатыны анық. Айғаныстың қолындағы бала 1-1,5 жасар баладай көрінеді.  Суреттегі екі баланың дене бітімдеріне қарап-ақ,  қорытынды шығаруға болады.

Түйіндей келе, зерттеушілер белгілі дерек-дәйектерді нақты айғақтармен толықтырып немесе түзетіп жатса, оның ғылымдағы тың жаңалығы деп қабылдар едік. Алайда, анықталған айғақтан аттап, өз болжамымен жалған ақпарды жар салып жүру кімге абырой әпермек? Ия, ғылым зерттеуден тұрады, бірақ онда эмоция, қалау, көріпкелдік жүрмейді.

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ:

Алтынсарин бедерленген бір суреттің сыры

Алтынсаринның отбасылық суреті қайда түсірілген?..

Ыбырай Алтынсарин қайда жерленген?

Алтынсарин қайда жерленген? (Жауап мақала)

Салтанат Өтелбаева,

Қостанай облыстық Ыбырай Алтынсарин
мемориалдық музейі басшысының
ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары

Abai.kz

4 пікір