Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
2453 0 пікір 22 Қыркүйек, 2021 сағат 14:00

«Отпантау 2021»: Бюджеттен қанша қаражат жұмсалмақ?

Жуырда Қазақстан армиясы «Отпантауда» әскери оқу-жаттығу өткізбекші. Бұл соңғы екі жыл ішіндегі ең ірі әскери оқу-жаттығу болмақ көрінеді. Қорғаныс ведомствосындағы ақпарат көздерінің айтуынша, ҚР Қорғаныс министрлігі тамыз айынан бастап Батыс Қазақстанда өтіп жатқан «Отпантау» стратегиялық оқу-жаттығуларының даярлық шараларын қорытындылауға кірісіп кеткен.

Бұл соңғы екі жыл аралығында Қазақстан армиясы өткізгелі отырған ең ірі әскери оқу-жаттығу болмақ. Осының алдында 2019 жылы Алматы облысында «Айбалта» әскери-стратегиялық оқу-жаттығулары өтіп, оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барып қатысқан.

Әскери саладан хабардар адам мұндай кең ауқымды әскери шаралар алдын-ала, тіпті бір жыл бұры) даярланып, жоспарланатынын жақсы түсінеді. Әскерді апарып орналастыру қаржыландыруды, теміржол пойызына алдын ала тапсырыс беруді және техникаларды даярлауды т.б. қажет етеді. ҚР Қорғаныс министрлігіндегі құзыретті басқарма басшыларының бірі, биыл өткізілетін «Отпантау» әскери оқу-жаттығуларына дайындық былтырғы көктемде басталғанын айтады.

Осыған дейін бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың Маңғыстау облысына бірнеше мәрте арнайы барып, «Отпантау» стратегиялық оқу-жаттығуларына даярлық жұмыстарын пысықтап, түрлі қару-жарақтар мен техникалардың даярлығын тексергені осыған дейін БАҚ-та жарияланған болатын.

Осы тұста айта кетерлігі, биылға дейін еліміздің батыс аймағында өткізіліп келген әскери оқу-жаттығулар «Батыс» деп аталып келген. Ал биыл, министрлік биыл бұл оқу-жаттығуларды «Отпантау» деп атап, сол арқылы әскери іс-шараға жауынгерлік һәм сакралды мағына беруге тырысқан көрінеді. ҚР Қорғаныс министрлігі бұған дейін де көпсөзді емес екені белгілі. Десе де, бұл өткізілгелі отырған оқу-жаттығулар туралы 2021 жылдың маусымында-ақ, ақпар таратып, бұрынғы оқу-жаттығулардан айтарлықтай өзгеше болатынын айтқан.

Мысалы, Арнайы операциялық күштерді (АОК), олардың шөлді аймақтағы әрекеттерін белсенді қолдану жоспарлануда. Құзырлы мекеме өкілдерінің айтуынша, еліміздің Арнайы операциялық күштері (АОК) қазір қарқынды дамуда. ҚР Қауіпсіздің кеңесінің баспасөз ақпарында, Арнайы операциялық күштерді, әскери-көлік авиациясын, сондай-ақ, әуе қорғанысы мен зымыранға қарсы қорғанысты дамыту ҚР Қарулы Күштерін дамыту тұжырымдамасына басымдық ретінде енгізілгені айтылған. Ал аталған тұжырымдаманы биылғы жылдың маусымында ҚР Президенті бекіткен.

Ағымдағы жылы ҚР Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет Ақтау маңында С-395 маркалы ауыр әскери-транспорттық ұшақтар мен стратегиялық ұшқышсыз ұшу аппараттарын автожолға қондырып, ұшыру іске асырылды.

Әскерилер Сүрия мен Қарабақтағы әскери қақтығыстар тәжірибесіне сүйене отырып, 2019-2021 жылдары жауынгерлік дайындыққа енгізген көптеген жаңа арнайы техникалар мен әрекеттерді көрсетуге уәде беріп отыр. Ол: Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану, биік нүктелерден оттегі қондырғыларымен секіру (бұл алғаш рет осы жылдың жазында іске асырылған), әскери техникаларды әуе көліктері арқылы сыртқы итарқамен тасымалдау, тікұшақтардан шабуылдаушы жасақтарды қондыру, әскери жүзушілерді суысты және жерүсті қондыру т.б.

Осы жылдың басында «Сақ қорғаны» танкілерінің жаңа әрекет ету әдістері сыналған. Олар паналар арасындағы аралықта қозғалыстағы танктерден оқ жаудырады. Сонымен қатар, осыған дейін ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2020 жылдан бастап әскери дайындық бағдарламасына армиялық-тактикалық ату мен қоян-қолтық ұрыс енгізілген болатын.

Айта кетерлігі, биылғы өткен Халықаралық армия ойындарында Қазақстандық әскерилер дәл осы сайыстар бойынша алдыңғы орындарға ие болды. Сондай-ақ, Қазақстан әскерилері «Танк биатлонында» Ресей мен Қытайға ғана жол беріп,  жоғарғы нәтижелер көрсетті. Мұның бір себебі, Ресей мен Қытай әскерилері жарысқа өздерінің модернизацияланған танктерімен қатысқан. Танкішілер командасының даянлығына алғаш рет кәсіби танкіші, Генерал А.Халиков жауапты болды.

Сондықтан, биылғы өткізілгелі отырған әкери оқу-жаттығулар айтарлықтай қызық болатынына күмән жоқ. Сенімді дереккөздердің айтуынша, ҚР Президенті «Отпантау» әскери оқу-жаттығуларына барып қатысуға ниет білдірген.

Енді жалқы сұрақ: мұндай ірі көлемдегі әскери ойындарды өткізу һәм ұйымдастыру үшін Қазақстан бюджеттің қанша қаржысын жұмсамақ? Бұл сұраққа құзырлылар жауап беруден қашқақтап отыр. Олардың айтар уәжі жалғыз: қазір өңірдегі жағдай тұрақсыз, сондықтан, еліміздің қауіпсіздігі үшін қаржы жұмсауға тура келеді.

Ал бұл оқу-жаттығуларды қаржыландыру және оның сомасы 2020 жылғы Республикалық бюджетте қаралып, мақұлданғаны белгілі. Хош, енді соның нәтижесін көрелік...

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530