Сәрсенбі, 1 Желтоқсан 2021
Көршінің көлеңкесі 3494 12 пікір 22 Қыркүйек, 2021 сағат 13:58

Собчактың сөзі һәм «орыс тілін қорғаудың» басы

Ресей жұртына ерсілі-қарсылы мінезімен танымал тележүргізуші, өткен президент сайлауында Путинге «бәсекелес» боламын деп шыққан Ксения Собчак әлгінде Қазақстанға келіп кетті. Тегін келмегені де түсінікті. «Еуразия Медиа Форумына» қатысып, спикер болды. Білген-түйгенін айтып, ақыл сатты. Сол екіарада «Жетінші арна» Ксения Собчактан сөз сұрап, Кремль айналасына топтасқан Ресейдің түрлі лауазымдағы шенді-шекпенділерінің соңғы айлардағы (тіпті, жылдардағы) Қазақстанға қарата жасап жатқан «ақпараттық шабуылы» жайлы сөйлесіпті.

Ксения Собчак өз кезегінде: «Сіздердің орындарыңызда болсам, бұл мәселеге көңіл бөлмес те едім. Біздегі әрбір сайлау науқаны басталар кезде осы мәселені көтеріп, ел көңілін бұруға, сол арқылы халықтың патриоттық сезімін оятуға тырысады. Мұның Сіздерге қатысы жоқ. Әлемдегі әрбір орыстың күйін күйттеп жүргендіктерін электоратқа көрсетудің қамы, бұл. Демек, бір аптадан кейін бұл тақырып мүлдем ұмытылады. Осы мәселе көтерілген кездерді қараңызшы, сайлаулармен тұспа-тұс», - депті.

Петербордың бұрынғы мэрі, Ресей президенті Владимир Путиннің досы һәм ұстазы Анатолий Собчактың қызы Ксения Собчак мипаздап жеткізген жарты ауыз сөзге қазақ жұрты бір қомпаңдап қалды. Қазақ ақпарат кеңістігі Ксенияның «кішіпейіл» сөздерін жат та кеп жарыса жазып, таратып, талқылап жатты. Хош...

Соңғы уақытта солтүстіктегі сойы бөлек, көрші ел тарапынан ақпараттық қысымның күшейгені ешкімге жасырын емес. Әрідегісін айтпағанда, соңғы екі жылда ресейлік саясаткерлер тарапынан посткеңестік елдерге қатысты түрлі арандатушылық сөздер жиіледі. Оның ішінде аумақтық тұтастыққа күмән келтіру мен «сыйға тартылған жер» жайында көп айтылуда. Әсіресе, Қазақстанға қарата айтқан арандатушылық сипаттағы үндеулердің қатары артты.  Бұл экономикалық одақта, әскери ұйымда бірге келе жатқан, өзара достық келісіміне қол қойған Қазақстан мен Ресейдің арасын алыстатпаса, жақындатпасы анық.

Ал Кремль айналасына топтасқан ірілі-ұсақты саясатшылардың, пұлдыауыз «білгіштердің» арагідік  «Қазақстандағы орыс тілділердің құқы мен қазақ жері» деген жауыр болған «жоқтан бар» тақырыпты от көсеумен көсеп-көсеп тұруының басы қайда?

Путин. 1994 жыл. 

Александр Глебович Рар дейтін тарихшы, жазушы һәм журналист бар. Этникалық орыс. Кезіндегі орыс эмигранттарының ұрпағы. Сол Александр Рардың 2000 жылы Мюнхенде баспа көрген «Владимир Путин: Кремльдегі «неміс»» (Wladimir Putin. «Der Deutsche» im Kreml) атты кітабы бар. Сол кітапта 1994 жылғы наурыздың аяқ шенінде Петерборда өткен бір алқа-қотан жиындағы Владимир Путиннің сөйлеген сөздері жазылыпты.

Ақпарат үшін:

КГБ-дан кеткен Вледимир Путин өзінің саяси карьерасын бұрынғы Ленинградтан бастағаны белгілі. Әуелі, Ленинград университеті ректорының көмекшісі болып жүріп, 1990 жылдың мамырында Анатолий Собчак Ленинград қалалық халық депутаттары Кеңесінің төрағалығына тағайындалғанда, Собчактың көмекшісі һәм кеңесшісі болған. Ал 1993 жылдан бастап, Собчак шетел мемлекеттерге сапарлап шыққанда, Путинді өзінің орнына орынбасар етіп кететін.

«Владимир Путин: Кремльдегі «неміс»»

Санкт-Петербор. 1994 жылғы наурыздың аяқ шені. Петербор мэриясының (әкімиятының) номерлері тағылған көліктер кортежі құрметті қонақтарға арналған сарайға қарай ағылып жатты. Халықаралық «Кербер қорының» кезекті мәжілісі болатын. Оған қорға мүше АҚШ, Франция, Англия, Германия және басқа елдердің өкілдері жиналған. Бұл Совет одағы ыдырағаннан кейін Ресей империясының астанасында алғаш рет өткізілген Бергедорф форумы еді.

Әрине, кіріспе сөзді үй иесі мәртебесіндегі Петербор мэрі Анатолий Собчак айтып, сөз бастаған. Анатолий Собчак аз ғана сөйлейді. Өз «ауылында» осыншама жоғарғы мансапты дөкейлер мен дардай-дардай саяси қайраткер тұлғаларды жинай алғанына масаттанып, мақтау естігісі келеді. Алайда, жиналған көпшіліктің, соның ішінде Германия, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Польша, Эстония секілді елдердің өкілдері қату сөйлей бастайды.

Түскі астан кейін, ызу-қызу  талқыға араласпай, оңаша шетте алдыңғы спикерлердің әр сөзін түртіп жазып отырған аласа бойлы, қату жүзді жігіт мінбеге көтеріліп, сөз алады. Ол – қала мэрі Анатолий Собчактың орынбасары, вице-мэр Владимир Путин еді.

«Совет одағы ыдырағаннан кейін Ельцин тізгіндеген Ресей билігі жаңа сыртқы саясат қандай болуы керектігін білмейді. Күйреуге бет алған Совет одағының президенті Михаил Горбачевты тақтан тайдыруға ынта-шынтасымен кіріскен Кремль басшылығы тек прагматикалық көзқарастарды басшылыққа алып, сыртқы саясатты ұмыт қалдырды», - деген шетелдік спикерлердің сөзіне шымбайына шоқ түскендей, шыңқ ете қалған Путин:

«Бұл пікірді өте-мөте қате деп түсінемін. Горбачев басшылығындағы СОКП ОК-тың саясаты Коммунистік партия мен КСРО-ны сақтап қалуға бағытталған. Алайда Горбачев өзін іске алғысыз (дарынсыз) саясаткер ретінде көрсетті. Мұның ақыры КСРО-ның күйреуіне алып келді», - дейді.

Әрі қарай, ТМД-ның келешегі мен КСРО ыдырағаннан кейін өзге елдердің аумағында қалып қойған 25 миллион орыс тілді азшылық қауымның ертеңі жайлы сөйлейді.

Путиннің айтуынша, ол орыстарды оккупант деп атауға болмайды-мыс. «Олар да Совет одағының өзге халықтары секілді, коммунистік режимнің құрбандары. Олар тарихи Ресейге тиесілі жерлерде өмір сүріп жатты. Мысалы, Қырым мен Солтүстік Қазақстанда... Ортақ бейбітшілікті сақтау мақсатында Ресей ол жерлерден бас тартты», - дейді Путин.

Онан соң: «Жаңа Тәуелсіз мемлекеттердегі орыстар ешқандай да алалаушылық көрмеуі тиіс. Оларға қос азаматтық беру керек. Әлемдік қауымдастық та ортақ бейбітшілікті сақтау үшін ештеңеге қарамастан «ұлы ұлт» болып қалатын Ресей мемлекетінің, орыс халқының мүдесін ескеруі тиіс», - деп сұңқылдайды. Путиннің бұл сөздері АҚШ пен Еуропа елдерінен келген делегацияның наразылығын тудырады. Әуелі, мінайып басталған жиын қызу талқыға ұласып, тараптар қатқыл үнмен сөйлей бастайды. Ресейлік делегацияның да ішінде Путиннің сөздеріне қарсы шыққандар болған.

Мысалы, Ельциннің ұлттар мәселесі жөніндегі кеңесшісі Эмиль Паин: «Ресей территориясынан тыс жерлерде қалған орыстарды қорғау арқылы ТМД ішінде жаңа жанжал басталады. Путиннің сөздері жағдайды ушықтыруы мүмкін», - десе, Петерборлық профессор Ватаняр Ягья: «Путиннің пікірінше, Мәскеу қандай территорияларды өз еркімен жаңа Тәуелсіз мемлекеттерге бере салыпты? Қырымды Ресей тек XVIII ғасырдың соңында ғана жаулап алды. Солтүстік Қазақстанды да өз уағында патша аннекциялап алған. Ал Путин мырзаның сөзінен империалық биліктің, ұлыдержавалық саясаттың иісі мүңкіп тұр», - дейді. Бұл позицияны қостай сөйлеп, сол кездегі ешкім танымайтын Путиннің сөздерінен «соғыс лебі сезілетінін» айтқан Ресей делегациясының кей өкілі  ұлыорыстық һәм ұлыдержавалық шовинизм пайда болмасын деген кейіс-күдіктерін білдірген.

Путиннің тағы екі сөзі

2000 жылы 26 наурызда Путин Ресей тағына отырды. Оған 39,7 миллион адам (52,94 пайыз) дауыс берген. Путин президенттік таққа отырысымен, әлемнің әр түкпіріндегі орыстың құқық қорғайтынын мәлімдеді. Қайсыбір жылдары (2012) Павлодарға да, Петропавлға да барды. Ара суытпай, әр жерлерден «орыс құқы мен орыс жері» туралы сөйлеп тұрады. Сондай сөздерінің бірі...

MOSCOW, RUSSIA - JUNE 25, 2021: Russia's President Vladimir Putin delivers a speech to congratulate school leavers. Alexei Nikolsky/Russian Presidential Press and Information Office/TASS
Ðîññèÿ. Ìîñêâà. Ïðåçèäåíò ÐÔ Âëàäèìèð Ïóòèí âî âðåìÿ îáðàùåíèÿ ê âûïóñêíèêàì ðîññèéñêèõ øêîë ñ ïîçäðàâëåíèåì. Àëåêñåé Íèêîëüñêèé/ïðåññ-ñëóæáà ïðåçèäåíòà ÐÔ/ÒÀÑÑ

2020 жылдың 21 маусымында ресейлік «Россия 1» арнасында «Ресей. Кремль. Путин» фильмі көрсетілді. Фильмде Ресей басшысы Владимир Путин Ресейдің қазіргі саясаты, Кеңес Одағынан кейінгі қалыптасу кезеңі жайлы ой қозғайды. Ол КСРО кезіндегі саясатқа баға бере отырып, Ресей территориясына қатысты да ой айтады.

«Кеңес Одағы құрылған кезде, одақтан шығу құқығы жайлы жазылды, алайда шығу үрдісі жазылмағандықтан үлкен сұрақ туындайды: Егер қандай да бір ел Кеңес Одағына кірген соң өзіне ресейдің тарихи жерінен үлкен аумағын алса, артынша Одақтан шыққысы келсе, онда қандай жермен кірді, сондай жермен шықсын. Орыс халқының сыйлығын өзімен бірге ала кетті. Оның бірде біреуі жазылмады ғой. Мен біздің Конституцияға өзгеріс енгізіп жатқанымызды дұрыс санаймын», - деді Путин.

Ал биыл Путин Украина халқына арнап мақала жазды. Мақалада ол орыс пен украин халқының талай тарихи сынақты бірге бастан кешкенін, Ресей құрамында Украинаның болғанын атап өтіпті. Большевиктердің саясатын да сөз етіпті. Онда мынадай сөздер айтылады.

«КСРО құрамындағы мемлекеттерінің арасындағы шекаралары әрине мемлекеттік деп есептелмеді, ол шартты түрдегі дүние еді, ал билік бірорталықтан басқарылып отырды. Бірақ 1991 жылы бұл барлық территориялар, ал ең бастысы адамдар басқа шекараның артында қалды. Және шындығында тарихи отанынан бөлінді...

Өз мемлекеттеріңді құрғыларың келе ме? Мархаббат. Бірақ қандай жағдай бойынша құрасыңдар? Осы сәтте Ресейдің көрнекті саяси қайраткері, Санкт-Петербург қаласының мэрі болған А.Собчактың мынандай бағасы бар. Ол жоғары білімді заңгер ретінде барлық шешімнің заңды болуын қалады, сондықтан да 1992 жылы мынандай ой айтты: КСРО құрамында болған мемлекеттер келісімді өздері 1992 жылы жойғаннан кейін, одаққа қай аумақпен кірді, сол аумақпен шығуы тиіс. Қалған аумақтар талқылау нысаны. 

Басқа сөзбен айтқанда немен келдіңдер, сомен кетіңдер. Мұндай логикамен таласу қиын», - дейді Путин өз мақаласында. Яғни осы сөзі арқылы Путин өзге посткеңестік елдермен жасасқан келісімдер мен шарттарды «талқылау нысаны» деп отыр.

Ресей басшысы және оның қосшылары аталмыш тақырыпты күн тәртібіне енгізіп қойғандай. Оқтын оқтын қайталамаса бастары ауыратындай әсер қалдырады. Бұл көршіні қорқыту әрекеті ме, әлде ішкі аудиторияға бағытталған мәлімдемелер ме?! Бізше болса, екеуі де. Жоғарыдағы Ксения Собчактың «орыстарға қысым һәм орыс жері» туралы сөздерінің де жаны бар.

Біріншіден, мұндай ақпараттық шабуылдар қашан да ЕАЭО мен Кедендік одақ саммиттерінің қарсаңында болады. Бұл болашақ қабылданатын шешімге қатысты – қысым көрсету құралы. Ресей билігі Қазақстанда немесе басқа елдердегі осындай ұлттық, ұлтаралық сипаттағы мәселелерді өз пайдасына шешіп, «спекуляция» жасаудың әккі шеберіне айналған.

Екіншіден, Ресей билігінің бұрыннан келе жатқан риторикаларының бірі – осындай саяси науқан қарсаңында Ресей азаматтарының назарын өзге мәселелерге бұру.

Үшіншіден, Ресейде қазір антипутиндік көңіл күй күшейген. Оларды ортақ бір мәселеге ұйыстыру керек деген міндет бар. Ал Ресейде «орыстарға қысым жасауда» деген ұран әркез өтімді.

«Егер өз еліңде ашқұрсақ адамдардың көтерілгенін қаламасаң, соғыс баста», - деген авторитарлы елдердің басқару жүйесіне тән сөз бар ғой. Ол Ельциннің кезінде де, басқаның кезінде де солай болған. Ресейде эконмикалық жағдай ушыққанда – ультранационалистік мәселелер талқыға шығып отырады. Оны жасаушы – Кремль билігі. Сондықтан да, бұл мәселе Ресей басшыларының деңгейінде айтылуда.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар