Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4241 0 пікір 9 Мамыр, 2009 сағат 09:32

Қазақ даласын Қошкенің рухы кезіп жүр

ХХ ғасыр басында алаштың елдік жүгін, бар ауыртпалығын мойймай көтерген үркердей ғана оқыған зиялылардың қатарында Омбы уезінде дүниеге келсе де, орыстың «ов» жалғауын жалғатпаған Қошке Кемеңгерұлының алар орны ерекше. Жан-жақты дарын иесі 1915 жылдан бастап өзі ұсталып кеткен 1937 жылға дейін қазақ тіліне, әдебиетіне, публицистика, драматургиясына, осының барлығын жинақтай келгенде қазақ ғылымына айтулы еңбектер жазумен үлкен үлес қосты. Қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ ол өз жұртының патшалық Ресейге бодан болғанына жайбарақат қарап отыра алмай, қазақтың тұңғыш жастар ұйымы – «Бірлікке» мүше болып, оның «Балапан» атты журналына редакторлық етті. 1917 жылы АлашОрданың Ақмола облыстық комитетін құруға ат салысты. Бұл аз десеңіз, дәрігер ретінде де талай жандарды өлім аузынан арашалап алып қалған қошке, қазақтың Кошкесі ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтағаны үшін басқа да алаш зиялылары секілді «Кеңес үкіметіне қарсы әрекет етуші» деген айыппен отызыншы жылдардан бастап абақтыдан абақтыға қамалып, жер аударылып, ақырында ату жазасына кесілді. Қазақ ұлты аяулы ұлсыз, қаламы иесіз, жары жесір, балалары жетім қалды.

ХХ ғасыр басында алаштың елдік жүгін, бар ауыртпалығын мойймай көтерген үркердей ғана оқыған зиялылардың қатарында Омбы уезінде дүниеге келсе де, орыстың «ов» жалғауын жалғатпаған Қошке Кемеңгерұлының алар орны ерекше. Жан-жақты дарын иесі 1915 жылдан бастап өзі ұсталып кеткен 1937 жылға дейін қазақ тіліне, әдебиетіне, публицистика, драматургиясына, осының барлығын жинақтай келгенде қазақ ғылымына айтулы еңбектер жазумен үлкен үлес қосты. Қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ ол өз жұртының патшалық Ресейге бодан болғанына жайбарақат қарап отыра алмай, қазақтың тұңғыш жастар ұйымы – «Бірлікке» мүше болып, оның «Балапан» атты журналына редакторлық етті. 1917 жылы АлашОрданың Ақмола облыстық комитетін құруға ат салысты. Бұл аз десеңіз, дәрігер ретінде де талай жандарды өлім аузынан арашалап алып қалған қошке, қазақтың Кошкесі ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтағаны үшін басқа да алаш зиялылары секілді «Кеңес үкіметіне қарсы әрекет етуші» деген айыппен отызыншы жылдардан бастап абақтыдан абақтыға қамалып, жер аударылып, ақырында ату жазасына кесілді. Қазақ ұлты аяулы ұлсыз, қаламы иесіз, жары жесір, балалары жетім қалды.

Қашанда шүкір етіп қанағатын,

Алтынның сынығы боп саналатын.

Қазақтың Қошкесінің қызы Зайра

Әкенің арқалаған аманатын,

- деген жыр жолдарындағы Зайра Қошкеқызының бүгінде жасы сексеннен асқан. Алматыда тұратын асыл әженің әкесі жайлы әңгімесін тыңдауға арнайы іздеп бардық. Қанша дегенмен, кәріліктің ат кәрілік, Зайра апа аздап ауырыңқырап қалса керек. Дегенмен, бір ғажабы, әкесі жайлы айта бастап еді, ауруынан айығып кеткендей, жадырап сала берді:

«Төртінші сыныпта неміс тілін,

бесінші сыныпта ағылшын тілін үйретем»

- Әкем – мен үшін дүниедегі ең жақсы адам. Бірақ, өкініштісі, сондай жақсы адаммен аз ғана жыл бірге тұрдық. Інім, сіңлім үшеумізден әкеміздің жанында көбірек болған мен. Тұңғышы болған соң да шығар, маған сондай бақыттың бұйырғаны, - деп бастады әңгімесін Зайра Қошкеқызы. – Олай дейтінім, әкеміз сол кездегі саясаттың кесірінен жиі-жиі жер аударылды ғой. Анамыз да әкем қайда жер аударылса, сонда бірге еріп жүрген. Алғаш Ташкентке, кейін Украинаның Ворнеж қаласының маңындағы Валуйки деген шағын қалашыққа жіберді. Сонда теміржол ауруханасында дәрігер болып қызмет атқарып жүрген әкем анама «балалардың бірін алып келші» деп өтініпті. Сонда анам балалардың ішінде естияры деп мені алып барған ғой. Сол жерде мен бірінші сыныпты бітірдім. Кішкентай болсам да, сол шақта әкемнің Воронеж қаласына жиі барып, өзі сияқты жер аударылған қазақтармен кездесіп тұрғандығы есімде қалыпты. Одан кейін әкем Алматының түрмесінде отырғанда да, анам мені арқалап апарды. Жазықсыздан жазықсыз бір жыл қамаудажатып, содан соң аштық жариялаған әкемізге НКВД түрменің ауруханасында жұмыс істеуге рұқсат беріпті. Сол кезде ол кісінің артынан іздеп барған бізді ақ халатпен қарсы алып, құшақтап сүйгені әлі күнге көз алдымда.

Абақтыда жатқандағы өзінің көңіл-күйін, басынан өткізіп жатқан қиянатты Қошке былай суреттейді:

Ашығып үш күн болды абақты үйде,

Жатырмын дым сызбастан халсіз күйде.

Осыдан олай-бұлай болып кетсем,

Жеткізер кім сәлемді біздің үйге?

Ашығып үш күн болды кетті шама,

Ауыр ой бойды билеп, жүрек жара.

Осыдан олай-бұлай болып кетсем,

Жеткізер кім сәлемді мұңлы анама...

Қошке Украина жеріндегі мерзімі бітуге таяу қалғанда анасының ауыр науқасқа ұшырағандығы жөнінде қаралы хабар естиді. Сондықтан қалайда көзі жұмылмай тұрып, анасын бір көріп қалуға ұмтылады. НКВД-ға қайта-қайта сұранып, әзер дегенде қалған мерзімін Омбы жерінде өтеуге рұқсат алып барса, содан екі ай бұрын анасы о дүниеге аттанып кеткен екен.

Содан туған жері – Омбының Шарбақкөл аудандық денсаулық сақтау бөліміндегі қарапайым нұсқаушылық қызметті таңдаған Қошке халыққа қолынан келгенше көмегін аямады. Оның жеңіл қолы талайға шипа болды. Басы ауырып, балтыры сыздағандар күн-түн демей ақкөңіл, адал азаматтың есігін қағады екен. Дәрігердің күйбең тіршілктен қолы қалт еткенде үш құлынын ойнатып, ал түн тылсымында қағаз бен қаламды серік қылған көрінеді.

- Әкем сондай жібек мінезді адам еді. Бізге не анамызға бір рет те болса дауыс көтеріп айғайлағанын естімеппін. Үнемі ақыл айтып, сабағымызды қадағалап отыратын. Маған көбейту кестесін үйреткен кезі, оқыған кітаптарының мазмұнын айтып отыратын кезі бәрі-бәрі кешегідей көз алдымда. Тіпті бүкір болып қалмау үшін орындыққа қалай дұрыс отыру керектігін көрсететін. Ұсталып кететін жылы, үшінші сыныпты оқып жүрген маған «төртінші сыныпқа барғаныңда, құлыным, неміс тілін, бесінші сыныпта ағылшын тілін үйретем» дейтін. Неміс, ағылшын, орыс тілін былай қойғанда, араб, парсы секілді бірнеше тіл білетін. Амал нешік, ол айтқандары арман күйінде қалды, өзіміз болсақ жетім-жесір боп қалдық, - осылай деп естелік айтып отырған Зайра Қошкеқызының жанарынан жас үзіліп жатты.

Аян түс – аласапыран

Қошке 1937 жылдың ортасында сонау Ташкентте жүрген кезінен бастап жазған замандастары туралы романды аяқтап, соны Алматы баспаларына жеткізудің жолын ойластырып жүр екен. Сол кезде қызы Зайраға да Алматыны көрсетпек ойы болыпты. Орындалмаған арман-ай, сол кітап кейін қолжазба күйінде НКВД қарамағына түсіп, жоқ болған.

Қошке солақай саясаттың өзін жай таптырмайтынын, түбінде бір жалмамай тынбайтынын сезгендей, балаларын сол шақта тап келетін тағдыр қиындықтарына дайындай бастапты.

- Мен он бірде, інім Нарманбет он жаста, сіңлім одан да кіші. Мені ең үлкен деп көрсете ме, бірде әкем бір тілім нанды ұстап отырып: «Мен түрмеде жатқанда осы нанды тез тауысып қоймау үшін ұсақ-ұсақ бірнеше бөлікке бөліп сақтайтынбыз», - десе, енді тағы бірде үйдің қабырғасын тақылдатып «алғашқы тұтқындалғанда тұтқындар бірімізбен-біріміз осылай сөйлесетінбіз» деді. Әрбір дыбыстың мағынасы болады екен.

Отыз жетінші жылдың бірінші тамызы. Менің туған күнім болатын. Әкем емені жетелеп, ауыл сыртындағы орманға апарып, өз қолымен жиде теріп жегізді. Соның барлығын қазір ойласам, әкем келешекте бізбен тұрмайтынын сезген сияқты, - дейді Зайра апа.

Алдарынан аласапыран заман күтіп тұрғанын қиядағыны көзі шалатын қырағы азаматтар сезбеді деу сенімсіз сияқты. 1937 жыл болмай-ақ, 1931 жылы большевизмнің құрбаны болған Аймауыттың Жүсіпбегі емес пе еді? «Ғажап іс: әр кез әр адам оянып, ілгері қадам басайын десе, өңкей жалқау ондай адамды «кері кеткелі жүр, өлтіру керек» деп ду ете түседі. Әлгілер ол адамды тас атып өлтіріп, ақырында өздері ақымақ болып қалады» деп Джек Лондоннан тәржімә жасаған жазушының өзі еді ғой. Демек, сезген. Онысын кейінгіге осылай жазып қалдыруды мақсат та тұтқан. Сол сияқты Қошке де кетерінен біраз бұрын түс көріпті. Түсінде бір қария Қошкені жаман лашыққа кіргізіп, «енді сен осында тұрасың» депті. Тар, қараңғы әрі сыздың исі мүңкіп тұрған лашықтың төбесіне көзі түскен Қошке үш терезе көріпті. Ояна сала жұбайы Гүлсімге түсін айтып, онысын өзі жорып, «көп ұзамай бір зауал төнетін сияқты, бекем бол. Бірақ түсімде көрген лашықтың үш терезесі менің үміт нұрым – балаларым болар, сірә. Сен соларды көзіңнің қарашығындай қорға» деп табыстапты.

- 1937 жылы тамыздың 7-сінде ұсталды әкеміз. Үштіктің «Қара қарғасына» мінгізіп алып, әкетіп бара жатқан жолда қатты нөсер құйып, көлік жүре алмай қалады. Содан тұтқындар аудандық түрмеде қалады. Сол кезде анамыз әкемді іздеп барады. Соңғы кездесулері екеуінің. Сонда анамызға: «Жаным, енді мен рұқсат берем, басың жас, қидым сені басқаға, қидым. Балаларды алып елге көш. Ел ішінде аштан өлмейсіңдер. Маған бұл жолдан қайту жоқ енді. Балаларымыз жас, тұрмысымыз нашар. Әйтпесе, шетелге кеткенде болар ед...», - депті.

Расында әу бастан-ақ большевиктерден безінген Мұстафа Шоқай секілді елді бір Құдайға тапсырып, коммунизм елесі бұлыңғыр шет жерге қашып кету керек пе еді? Сонда ақылдыларын асқан, ақындарын атқан, озықтарын отқа салған, қадірлілерін құрбан еткен қоғамнан құтылар ма еді? Осылай етсе, мүмкін миллетке көп пайда келтірер ме еді? Дегенмен, ісің әділ, мақсатың халық мүддесіне орайлы болса, неге Отаннан жырақ кетуге тиіссің? Елден кету әділет күшінен тайсақтағандықты көрсетпей ме? Намыс қайда? Алаш зиялыларының көбі осы намыстан аттай алмай, амалсыз ажалға басын тікті. Соның бірі Қошке де келмеске кете барды.

Аманатқа – қиянат

Ал артында қалған жары мен балаларының жайы не болды? Бұл сұрақтың жауабын Зайра әжей былайша қайырды:ъ

- Бізді ауылдан ағайындар келіп, түнделетіп елге көшіріп әкетті. Көшіріп әкетерін әкеткенмен, барған соң қиындыққа тап болдық. Ешкім үйіне тұрғызуға бата алмайды. Өздеріне зияны тиіп кетеді деп қорқады ғой. Қаңғып келген «халық жауының отбасы қайда барарымызды, кімнен пана табарымызды білмей тұрмыз. Сонда жалғыз Әлкей Тәшімов деген ағайынымыз ғана суырылып шығып, «менің жаным Қошкеден артық емес, Қошкенің балаларын далада қалдырып, тыныш жата алмаймын» деп екі-үш бөлмелі үйінің бір бөлмесін бізге босатып берді. Сол кісінің үйінде тұрдық, қашан өзіміз жетілгенше. Анам білегін сыбанып, колхоз жұмысына кірісті. Ағайындар көмек беріп отырды. Бірі картобын, бірі ұны мен бидайын берді дегендей. Әйтеуір итшілеп күнімізді көрдік қой.

Қатігез тағдыр асқар таудай әкеден айырғаннан көп ұзамай Зайра, Нарманбет, Сәулені ананың аялы алақанынан да айырды. Алғашында Қошкенің өзін ұстағанымен, жұбайына тимеген жандайшаптар соғыс басталған тұста бар уақыты мен күш-жігерін колхоз жұмысына арнап жүрген жерінен Гүлсімді тұтқынға алды. Сөйтіп, бес жылға Свердлов жеріне айдап жіберді. Анасы тұтқынға алынғаннан екі күн өткенде он алты жасар Зайра «Анаға арнау» атты өлең жазады:

Құлыптаулы қамауда

Жатырсың ба жабығып?

Қайғыменен өткен соң

Өміріңе қамығып.

Келешек шіркін белгісіз,

Бұлдырайды сағымдай

Ақ көңілің еш кірсіз

Болды ма улы жыландай?

Кең жайлауда ішкен су

Қазы-қарта ол болар.

Тас қамауда өткен күн,

Қара түнге тең болар.

Осылай балалар екі көздері төрт болып аналарын күтті, тықыр еткен дыбыс естілсе, есікке жүгірді. Өздерінің ауыздарынан жырып, жырақта жүр ғой деп, аналарына салып тұрды. Бірақ ол ортан жолда қолды болып, сары май мен азық-түліктің орнына тас толтырылған кезі болыпты. Балаларының өзіне деп сақтағанының тоналғанына емес, «анамыз осыны алғанда қалай қуанар екен» деген балалық үміттеріне қол салынғанына шыдай алмай, өксіп-өксіп жылап алады. Бірақ балалар одан бейхабар еді. Ол түгілі аналарынан хат-хабар алуға зар болды. Содан соң тұтқындалған әкесінің қайтып оралмағанын көрген қаршадай қыз енді анасымен де көрісеміз бе, жоқ па деп ойлаған болуы керек, «Ажал» атты өлеңінде сұм ажалға зілді сұрақ қояды:

Ызғарлы аждаһадай ажал шіркін,

Келерсің бәрімізге әлі бір күн.

Жасты алып, жарлыны алып, жалғызды алып,

Айтсаңшы, неге жеттің сонда сен сұм?

Кіршіксіз көңілден шыққан осындай жан күйзелісі періштенің құлағына шалынды ма, балалардың анасы араға бес жыл салып орталарына оралады.

- Аналарыңыз келген күн есіңізде ме? Сағына да сарыла күткен аяулы жан есіктен кіріп келгенде, қандай күйде болдыңыздар?

- Ол сәттегі көңіл-күйді тілмен жеткізу мүмкін емес. Бір қызығы, анам өте намысқой жан еді. Свердлов жерінде ағаш кесуші болып істеген жұмыстарына аз да болса еңбекақы алып тұрыпты. Сонысын жинап, өзіне бірсыпыра жаңа киім алып, тұтқында болған адам сияқты жүнжімей, керісінше, алыстағы курорттан оралғандай әдемі болып келді. Ондағысы досқа күлкі, дұшпанға таба болмау ғой. Қошкенің жары жүнжіп, тозып кетіпті деп ел-жұрт табаламасын дегені ғой.

Ақталу, «Алтын сақина»

Иә, солай заман алға оза берді. Кешегі өтпестей болған қаралы күндер, азалы жылдар да өтті. Бір кездері жазықсыз жазаланғандар енді біртіндеп ақтала бастады. Арадан жиырма жыл өткенде 1957 жылы 17 тамызда Сібір әскери округінің әскери трибуналы әкелерін ресми түрде ақтағанда, Зайра, Нарманбет, Сәуле тоталитаризмнің жөн-жосығын білетін саналы азаматтар еді. Сондықтан олар бұл хабарды естігенде қуанса да, бақиға кеткен әкені жоқтап жылап тұрды.

Қошкенің алды өзіне, арты ұрпақтарына жарық екен. Бір кездері қажы ұрпағы атанған әулет үбірлі-шүбірлі болды. Гүлсім ана ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Ері ақталған соң, Омбының Шарбақкөлінен шындық іздеп Алматыға келді. Сол кезде Гүлсім әжесінің қандай қиындықтарға тап болғанын, соған берілмей, өз мақсаты үшін табанды түрде күрескен ерлігін немересі Гүлнар былайша дәріптейді:

- Гүлсім әжеміз Қошке атаммыздың ақталғандығы жөніндегі қағаз қолына тиісімен, бірден оның шығармаларын жинақтау ісіне ккірісіп, сол үшін солнау Омбыдан Алматыға көшіп келді. Сөйтіп, ұлт руханиятына бей-жай қарамайды-ау деген Мұхтар Әуезовтен бастап, Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Ілияс Омаров сынды азаматтардың алдына кіреді. Сондай кездің бірінде Қошкемен көзі тірісінде сыйласып тұрған Мұхтар Әуезов Гүлсімге: «Сен мұндай іске балаларыңды жұмсама, олар ешкімнің алдына кірмесін, сағы сынады» десе керек. Солайша сегіз жыл табанынан тозып, әжем атамның «Алтын сақина» атты жинағын шығарады. Кітапқа алғысөз жазып, шығаруға қолұшын берген де Мұхаң еді. Қазір ол жағынан шүкіршілік етеміз. 2006 жылы атамыздың 110 жылдық мерейтойында толық шығармалар жинағы жарыққа шықты.

Қошке расында да, тегіне сай қазақтың көгінен Күн болып нұрын төге алатын кемеңгер ұл еді. Оның тіл, әдебиет, публицистика, драматургия саласында, агрономия, медицина секілді жан-жақты салалардағы ұшан-теңіз еңбегі өзімен бірге өлген жоқ. Сондықтан да, тәні өлгенмен, Қошкенің рухы тірі. Ол рух ұрпағының бойынан не болмаса қазақтың кез-келген бір баласының бойынан күндердің күнінде жарқырай көрінетіні хақ.

Мәриям ӘБСАТТАР

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610