Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
1435 2 пікір 20 Қыркүйек, 2021 сағат 15:09

Қытай Қырғызстанға 100 млн доллар бөледі

Қытай Қырғызстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау мақсатында 650 млн юань (шамамен 100 млн доллар) бөлуге әзір. Бұл туралы Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И 16 қыркүйекте Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездесуде мәлімдеді.

Олар Душанбеде жүздескен. Тәжікстан астанасында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің саммиті мен ШЫҰ-ға мүше елдер басшылары кеңесінің отырысы өтіп жатыр.

Қырғызстан басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар Қырғызстан мен Қытай қарым-қатынасын дамыту мәселелерін талқылаған. Сонымен бірге кездесуде қауіпсіздік пен қорғаныс, сауда және экономика салаларындағы әріптестік, инвестиция тарту мәселелері сөз болған.

Садыр Жапаров "Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан" темір жолы құрылысы мәселесін де көтеріп, бұл жобаның Қырғызстанға ғана емес, бүкіл аймақ үшін маңызды екенін, қырғыз тарапы осы мәселе бойынша белсенді диалог жүргізуге дайын екенін айтқан.

Ван И болса Қытай үкіметі Қырғызстанға 650 млн юань мен коронавирусқа қарсы вакцинаның бір млн дозасын беруге дайын екенін жеткізген.

Abai.kz

2 пікір