Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
1774 0 пікір 20 Қыркүйек, 2021 сағат 14:59

Рафаэль Ниязбеков дүниеден озды

79 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбеков дүниеден озды. Бұл туралы ҚР Жазушылар Одағы мәлімдеді.

Рафаэль Ниязбеков 1943 жылы 24 наурызда Жамбыл облысы, Талас ауданының қазіргі Тамабек ауылында дүниеге келген.

1978 жылы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. Қазақ радиосының әдебиет редакциясында, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында қызмет атқарған.

Оның әр жылдары «Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Өркен», «Темірқазық», «Биіктей бер, тауларым!», «Бәйтеректер жел өтінде тұрады», «Тыңда мені, замана!», «Шешендер», «Тамұқ отына жанбаған», «Жүрегімде – ғасырлардың салмағы», «Махамбет майданы», «Айбозым менің», «Күркіреп өткен күндерім», «Құлагердің құлыны», «Армысың, ару дүние!», «Біз осындай елміз» (түрік тілінде) сынды көптеген жыр жинақтары, «Қызыл үй», «Тас құдай», «Тауқымет» романдары және «Отағасы», «Қызғыш құс», «Қаңтар», «Хозяин очага» (орыс тілінде) повестері, шығармалар жинағының 9 томдығы жарық көрген. Д.А.Қонаев туралы өлең-роман жазған.

Шығармалары орыс, украин, шешен, түрік тілдеріне аударылған.

М.Румянцеваның, А.Чепуровтың, Қ.Құлиевтың, Д.Кугильтиновтың, К.Туйорскийдің және басқа да ақындардың өлеңдерін тәржімалаған.

Ол Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Ерен еңбегі үшін» және Ресей Жазушылар одағының Сергей Есенин алтын медальдарының, Д.Қонаев орденінің иегері. Д.А.Қонаев атындағы университеттің Құрметті профессоры. «Шешендер» жинағы үшін авторға Шешен Республикасының ең жоғары Мемлекеттік «Ұлт намысы» ордені беріліп, Мемлекеттік сыйлығы қоса тапсырылған.

Қазақ руханиятында өшпес із, өлмес мұра қалдырған қаламгердің жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталады.

Abai.kz

0 пікір