Сенбі, 23 Қазан 2021
Алашорда 2689 20 пікір 17 Қыркүйек, 2021 сағат 10:57

Ұлт ұстазының 150 жылдығы: Үкіметке ұсыныс...

Ақымет Байтұрсынұлы – ұлттық дамудың талай жыл әбден тот басып қараусыз қалған, тіпті қараң қала жаздаған тегершігін бір өзі айналдырып көріп, мігірсіз қозғалысқа қосып берген, ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруының сырын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз еңбек етіп, мәңгі ескірмейтін ағыл-тегіл мол үлес қоса алған қайраткер қазақ топырағында оған дейін де, одан кейін де болған емес. (Әбіш Кекілбаев)

Осыдан ширек ғасыр бұрын Ақаңның 125 жылдық мерейтойына арнап үлкен жиын өткізілген еді. Сол жиында бас баяндама жасаған Әбіш ағамыз: «Қазақ тілінің дамуына жер жаралып, су аққалы бергі қалған қазақтың қосқан үлесі бір пара да, Байтұрсынұлының бір өзінің сіңірген еңбегі бір пара. Сол арқылы түркітануға да келелі үлес қосты. Жаңа жазу. Жаңа әліппе. Тұңғыш емле. Тұңғыш фонетика. Тұңғыш грамматика. Тұңғыш синтаксис. Тұңғыш терминология және әдістеме. Тіл ашарлар. Тіл танытқыштар. Тіл жұмсарлар. Ұлттық тіл біліміне түпкілікті темір қазық болар мәңгілік үлестер. Кейде күллі бір ұлттың талай ұрпағының қолынан келе бермейтін келелі істерді бір-ақ адамның тындырғаны танданбасқа болмайтын жәйт. Кейде, шіркін, сол сабаз қазір тіріліп келсе ғой дейсің» - деген болатын. Бәріміз солай танимыз ба Ақаңды? Танымауымызға не себеп?

Келесі жылы Ақымет Байтұрсынұлының 150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту жоспарлануда. Иә, қазақ үшін жүрек майын шам қылған кешегі арыстар біздің бүгінгі науқандық думандатуымызға зәру емес. Қазақ мәңгілікке қазақ боп тұрса, олар да мәңгі бірі күн, бірі шолпан, бірі ай боп тұра берері хақ. Керісінше «вещизмге» салынған, материалдық байлыққа бас ұрған бүгінгі қоғам олардың кешегі істеген әрбір ісіне зәру. Бүгінгі мектептен шығып жатқан жас өркенге кешегі 37-нің зұлматы тиген азаматтардың бәрі бірдей көрінеді. Адасқан кім, адастырған кім? Ұстанатынымыз қай жол, кімді үлгілейміз? Бүгінгінің оқу бағдарламасы оны жас ұрпақтың санасына бөлектеп, жіктеп құюға дәрменсіз. Мәселен, жаңартылған бағдарламада бүкіл орта мектептің әдебиет пәні бойынша Ақаңның екі-ақ өлеңі кірген («Адамдық диқаншысы», «Егіннің бастары»). Қазақ тіл білімінің бастауында тұрған, әдебиет ғылымының негізін салған, Алашорда үкіметін құруға мұрындық болған, қазақ жазуына реформа жасап, өлмес Әліппе жазған, онысы бүгінгі ХХІ ғасыр мектебіне қайта кіріп жатқан тұлғаны елемеу – көрсоқырлық. Жұртым дейтін баланы қайдан аламыз, бүгінгі балам дейтіндердің өзі біреудің қаңсығын таңсық қылып, сырттан оқу бағдарламасын тасымалдап жүрсе...

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 2021 жылдың 3 қыркүйегінде ҰЛТ ҰСТАЗЫ, ҰЛЫ РЕФОРМАТОР АҚЫМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА арнап семинар кеңес өткізді. Мақсаты – келесі жылғы өтетін шараларды азаматтық қоғам тарапынан пысықтап, ресми орындарға ұсыныс жіберу. Жиынға белгілі алаштанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, А.Байтұрсынұлы атындағы барлық ұйым, институт, мұражай және мектеп басшылары қатысып, ұсыныстарын ортаға салды. Нәтижесінде мынадай қарар қабылданды:

1. Ұлт ұстазы Ақымет Байтұрсынұлының 150 жылыдығына арналған іс-шаралар оның тілші, әдебиетші ретіндегі еңбектерін ғана қамтымауы керек. Жас ұрпаққа оны ұлттық рухты қалыптастырушы, ірі саясаткер, мемлекет қайраткері, алаш идеясының бастаушысы ретінде үлгі етуге бағытталған үлкен стратегиялық жоспарлар құрылуы керек. (Мәмбет Қойгелді, Берік Әбдіғали)

2. Ақымет Байтұрсынұлының жазған еңбектерін ХХ ғасыр басында әлемнің ірі ғалымдары талдап, жоғары бағалаған. Бүгінгі күні оның еңбектерін орыс, ағылшын, түрік және басқа тілдерге аудару жұмыстарын қолға алу арқылы Ақыметтану ғылымының ауқымын барынша кеңейту керек. (Мәмбет Қойгелді, Әбдіуақап Қара)

3. Өскелең ұрпаққа Алаш идеясын сіңіру мақсатында орта мектептің тарих, әдебиет, тіл пәндерінің бағдарламасына Ақымет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының еңбектерін жүйелі түрде сатылап кіргізуді қолға алу. (Оразкүл Асанғазы, Айгүл Ісмақова, Анар Салқынбай)

4. Ірі алаштанушы ғалымдар Берік Әбдіғали, Тұрсын Жұртбай, Мәмбет Қойгелдиев және т.б. тарта отырып, Ақаңның саяси қызметін жан-жақты зерттеп, соның нәтижесі бойынша алынған тұжырымдарды Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарына енгізуді қолға алсын. (Мәмбет Қойгелді)

5. Ақымет Байтұрсынұлына қатысты жәдігерлердің барлығын (Торғайдағы туған үйі, Алматыдағы музей-үйі, Орынбордағы «Қазақ» газетінің редакциясы және т.б.) мемлекеттің қамқорлығына алу. Оларды заманауи интерактивті құрылғылармен жабдықтау бойынша шетел тәжірибесіне сүйену, музей-үйлердің базасында ғылыми зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру. (Қазыбек Иса, Райхан Имаханбет, Сәуле Таикешева, Әділет Ахметұлы)

6. Өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін қазақ ғылымының басында Ақымет Байтұрсынұлы бастаған Алаш азаматтары тұрды. Одан бергі рухани өмірімізге саясат араласты. Бүгін Ақаңның әліппесін қайтардық. Енді басқа да ғылыми-әдістемелік мұраларын қайтару ұлттық дамуымыздың тірегі болмақ. (Оразкүл Асанғазы, Бижомарт Қапалбек)

7. Ақымет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған шаралар аясында еліміздің ірі қалаларында (Нұр-сұлтан, Алматы, Қызылорда) Алаш галереясын ашу, Ақаңа арнап еңселі ескерткіш қою. (Мәмбет Қойгелді, Райхан Имаханбет)

8. Ақымет Байтұрсынұлының еңбектерінің академиялық басылымын шығару, шетелдердегі мұрағатттардан материал жинау. Осы мерейтой қарсаңында ғана емес, Ақыметтануға қатысты тарих, әдебиеттану, тіл білімі, саясаттану, экономика және т.б. гуманитарлық пәндер бойынша тұрақты түрде ұзақ мерзімді ғылыми-әдістемелік зерттеулер жүргізу. (Ерден Қажыбек, Анар Салқынбай, Әділет Ахметұлы)

9. Ақымет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, музей-үйі, Қостанай университеті және еліміздегі Ақаң атындағы барлық орта мектептердің басын біріктіріп, ұлт ұстазының 150 жылдығы аясында оның ғылыми-әдістемелік мұраларын жас ұрпаққа насихаттаудың сатылы бағдарламасын әзірлеу. (Бижомарт Қапалбек, Райхан Имаханбет)

Халықаралық «Қазақ тілі»
қоғамының вице-президенті

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

20 пікір