Дүйсенбі, 6 Желтоқсан 2021
Дей салдым-ау 3061 14 пікір 16 Қыркүйек, 2021 сағат 14:11

Пономарев: Уақыт өте қазақ тіліне қажеттілік те өсе береді

Жуырда Мәскеулік бір басылым (БАҚ) Қазақстандағы этникалық орыстардың тұрмыс-тіршілігін сұрап-білмек болып, Қазақстандық журналист, блогер һәм публицист Глеб Пономарев дейтін азаматқа хабарласыпты. Әуелде әңгіме басы бейсаяси сұрақтармен басталып, арты «орыстарға қысым жасалуда ма» деген арандатушылық ауандағы сұрақтарға ұласқан.

Бұл туралы Глеб Пономаров өзінің Instagram-дағы жеке парақшасында жазыпты.

«Қазақстанда орыстарға қысым жасалып жатыр ма?

Өткен аптада маған Мәскеулік бір басылымның журналисі хабарласып, Қазақстандағы этникалық орыстардың тұрмысы жайлы сұрады. Маған сұрақтарын жіберді. Басында қитұрқы сұрақтарсыз басталған: сіздің ата-бабаңыз Қазақстанға қалай келді? Сіз не қызмет істейсіз?..

Ал содан соң, қызық басталды: сізге, сіздің туыстарыңызға қысым жасап жатыр ма? Алалаушылық бар ма?..

Қысым жасау туралы сұрақ (әртүрлі сипатта) бірнеше мәрте қайталанды. Менен редакцияға керек жауап алғысы келгендей сезілді.

Менің қазақ тілі мен мәдениетіне деген көзқарасымның қандай екенін менің аудиториям жақсы біледі. Менің тіл үйрену туралы әдістемем де, менің домбырада ойнағаным да әлеуметтік желілерге тарап кеткен.

Қазір мен Мәскеулік басылымға берген жауабымды жариялаймын, сосын әрі қарай не болғанын айтамын. Өйткені, бұл оқиғаның аяғы күтпеген жерден жалғасты», - деп жазды Пономарев.

Пономароевтың жазбасынан ұққанымыз, Мәскеулік БАҚ спикердің аузынан «Қазақстанда этникалық орыстарға қысым жасалуда» деген сөзді естігісі келген. Бір сұрақты бірнеше мәрте қайталап қойып, «Этникалық орыстар қазақ тілін білуге міндетті ме», деген тақырыпты қаузағысы келген.

Біз Глеб Пономаревтың өзі жариялаған сол сұхбатты қазақшаға аударып, оқырман талқысына ұсынғанды жөн көрдік...


Мәскеулік БАҚ-тың сұхбаты:

– Қазақстанда қай уақыттан бері тұрасыз? Сіздің ата-бабаңыз бұл жаққа қалай келген? 

– Мен Алматыда тудым және өмір сүріп келемін. Шешемнің жағынан туыстарым (аталарым-ред.) XIX ғасырдың соңында, Верныйға келген. Әкемнің ата-анасы соғыстан кейін келген. Бір атам Республикаға белгілі фотограф-натуралист болса, екінші атам ҰОС мен репрессиялар туралы бірнеше кітап жазған.

– Қазақстанда екі ресми тіл бар – қазақ және орыс тілдері. Сіз осының қайсысын қолданасыз? Мұның себебі не?

– Алдымен нақтылап алайық: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі. Біздің елімізде ондаған этнос өкілдері өмір сүріп жатыр: корейлер, ұйғырлар, дұңғандар, шешендер және басқалары. Тек қазақтар мен орыстар ғана емес. Және кез келген Қазақстандық өзіне ыңғайлы тілде еркін сөйлей алады.

Мен өз жұмысымның жағдайына байланысты еліміздің барлық аймақтарын аралап шықтым және қандай да бір тілді қолдану ол – өңірлердің жағдайына байланысты екенін сенімді түрде айта аламын.  Алматы мен Астана секілді мегапоистер екі тілді. Бұл жерлерде орыс тілін барлығы біледі. Ал батыс пен оңтүстік негізінен қазақ тілді. Бірақ, сіз диалогты орыс тілінде бастасаңыз, әрине, сізге сол тілде жауап қайтарады. Тіпті, ол адам орыс тілін білмеген күннің өзінде (мен ондайларды сирек кездестірдім) сізге асықпай, түсіндіріп береді. Бір-біріңізбен түсінісу үшін қазақ тілінің мектептік бағдарламасының өзі жеткілікті-ақ!

Еліміздің солтүстігі көбіне орыс тілді. Десе де, қазақ тілінің үлес салмағы барлық аймақта ұлғайып келе жатқанын ескеру керек. Бұл табиғи демографиялық әрі мәдени процесс.

– Этникалық орыстарға қазақ тілін білу міндет пе?

– Бұл жерде де өңірлерге, қызмет саласына байланысты. Мысалы, қызмет көрсету саласы, өндіріс пен медицина салалары ақырындап қазақыланып келеді. Жуырда менің бір досыма операция жасаған хирург орыс кісі, бірақ, медбикемен қазақ тілінде еркін сөйлеседі.

Өзіме қатысты айтайын, Алматы мен Астанада тұрып, орыс тілін ғана қолдана аламын. Бірақ, мен қазақ тілін үйренуге белшешіп кірістім. Біріншіден, әрбір азамат өз елінің мемлекеттік тілін білуі керек деп түсінемін. Екіншіден, уақыт өте келе тілге деген қажеттілік те өсе береді. Үшіншіден, тағы бір тілді білген артықтық етпейді.

– Сіздің айналаңыздағылар тарапынан орыс тілінде сөйлеуіңізге қарсылық болып па еді? Сізден қазақ тілін талап етіп пе еді?

– 34 жылдың ішінде берде-бір рет мұндай жағдай болған жоқ. Сіз не айтпақ болып отырғаныңызды жақсы түсінемін. «Тіл патрульдері» жайлы мен алғаш рет жаңалықтардан естідім. Онда да Қазақстандық емес, Ресейлік жаңалықтардан. Парадокс. Жаңағы «патрульді» ұйымдастырып жүрген жігіттің youtube арнасы туралы осыған дейін ешкім білмеген еді. Мүмкін аудиториясы аз болған шығар. Мысалы, мен күн сайын әлеуметтік желілерде отырамын. Бірақ бірде-бір рет ол туралы естіген емеспін. Ал енді Ресейлік БАҚ ол туралы бірінен-соң бірі жаза бастады.

Шетелдік журналистердің Қазақстандықтардың өмірі жайлы Қазақстандықтардан гөрі жақсырақ білетіні қызық. Сөйтеді де, ол дауға саясаткерлер араласа бастайды. Саясаткерлер араласқан соң, кез келген тақырып індетше қозып кетеді. Дәл осындай тәсілмен коронавирусты калотерапиямен емдейтін друиданың  youtube арнасын да жарнамалап жіберуге болар еді.

Дәл осы тақырыпты кім қоздырып отырғанын айту қиындау, өйткені Ресейде қазір көптеген маңызды оқиғалар болып жатыр: Мемлекеттік Дума сайлауынан бастап, стендапер, әзілкешті елден қуып шығаруға дейін...

Меніңше, Қазақстанның ішкі мәселесіне қатысты кез келген бағаны Қазақстандықтардың өздері бергені дұрыс! Алаңдағандарыңыз үшін рахмет, бірақ бұл мәселені біз өзіміз шешіміз. Менің білуімше, «патруль» ұйымдастырған жігітке ұлтаралық араздық қоздыру бабы бойынша іс қозғалған.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы орыстардың қазақ тілін үйренуге қатысты көзқарасы қандай? Қандай да бір ішкі қарсылық бар ма?

– Сіздің сауалыңыз Мимино секілді естіледі екен: Тіл әрқашан да мәдениетпен тығыз байланысты. Мысалы, біздің көбіміз ағылшын тілін музыка мен фильмдер арқылы үйрендік. Сол арқылы американдық өмір сүру образын енуге тырыстық. Бұл қазақ тіліне де қатысты. Бүгінгі таңда поп-мәдениет пен сапалы контенттің артуына байланысты қазақ тілінің де сұранысы артуда. Бұл құры бос мембағдарлама емес, шоу-бизнестегі бәсекелестіктің нәтижесі.

Біз көпшілік жастың үлгі тұтарына айналған Қазақстандықтарды білеміз. Скриптонит, Ирина Кайратовна, Нұрлан Сабуров, Иманбек... Шетелдік бір әзілкештің. «Неге осы қазақтардың қолы тигеннің бәрі күшті боп кетеді», - деп әзілдегені бар. Бұл бірсыпырасы ғана. Қаншама, қазақ тілді актерлер, режиссерлер бар. Олардың жасағандары кез келгеніңізді таң қалдырады. Сіз көз жеткізу үшін, тиктоктан Қазақстандық орыс блогерлерді іздестіріп көріңіз. Олар да контенттерін қазақ тілінде жүргізеді. Ондайлардың қатары көп және ол жақсы да.

– Сіз немесе сіздің туыстарыңыз этникалық жағынан қандай да бір алалаушылыққа тап болдыңыздар ма?

– Осыдан бірнеше апта бұрын Ресейден бір туысым жазды. «Тіл патрульіне» қатысты жаңалықты бөлісіп, «сендерде бәрі жақсы ма», - деп сұрады. Мен оған жауап ретінде: «иә, бізде бәрі дұрыс. Ал сендерде ше», - деп Ресейлік жаңалықтардың бірнеше сілтемесін салып жібердім.

Мен өзімнің Instagram-дағы парақшамда еліміздің әлеуметтік проблемалары жайлы айтамын. Ондай проблемалар аз емес, өкінішке орай. Ол – жемқорлық, әйел құқы, отбасындағы зорлық-зомбылық т.б. Ал енді этникалық дискриминация дегенді көрген емеспін.

Бір орыс бес қазақ істейтін компанияға бара қалса, барлығы автоматты түрде орысша сөйлесіп кетеді. Ал ол орыс өз кезегінде әңгімені қазақ тілінде жалғастыруға тырысады. Бұл адамдар арасындағы қарым-қатынас және құрмет. Бұл дегеніңіз тіл төңірегінде хайп қуған бір ғана жағдай емес.

Қазақ халқы тарихтан үш жүзден құралатынын білетін боларсыз. Міне, орыстарды кейде төртінші жүзге теңеп жатады. Яғни, өздерінің бір бөлшегі. Өйткені, біз қаншама қиындықты бірге көрдік. Осының өзі-ақ бізді біртұтас Қазақстан халқына айналдырды. Оның үстіне, Ресейлік орыстар мен Қазақстандық орыстардың таным-түсінігі де өзгеше екені ешкімге құпия емес.

Кәсіппен айналысуда, қоғамдық қызмет істеуде ешқандай да этникалық мәселе жоқ. Әрине, мен өзімді Қазақстан Президенті бола алмайтынымды түсінемін. Бірақ, бұл тақырыпқа Ресейде татар немесе башқұрт Президент бола алатын кезде оралайық...

Түйін. Бірнеше күн бұрын маған осы сұрақтарды жолдаған жуналист қыз Алматыға кепті. Мен жеке кездесіп, жүзбе-жүз сөйлесейін деп шештім. Маған «орыстарға қысымды» айтып шабуылдай ма деп, тастүйін дайындалып бардым. Сөйтсем, журналист қыз: «мен Қазақстанда бірнеше күннен бері жүрмін. Мұнда адамдар керемет екен. Біздің БАҚ бір мақсатты көздеп, әдейі жасап отырған сыңайлы. Меніңше, бұл бір үлкен ойын секілді», - деп тұр.

Біз жақсылап сөйлестік. Кетерінде: «редакциядағылар Қазақстандықтардың жауаптарына көңілі толмайтын шығар. Өйткені, дәл бұл тақырып қазір редактордың жеке бақылауында. Ал менен негатив қосуды талап етсе, қызметтен кетемін», - деді.

Бұл журналист қызға көп рахмет. Оның өтініші бойынша, БАҚ атауын жазбадым. Менің жауаптарым Мәскеулік БАҚ-қа шықпай қалуы мүмкін, шықса да бұрмаланып кетпесін деп, өз жауаптарымды осында жарияладым.

Тақырыпқа тұздық:

Соңғы уақытта солтүстіктегі сойы бөлек, көрші ел тарапынан ақпараттық қысымның күшейгені ешкімге жасырын емес. Әрідегісін айтпағанда, соңғы екі жылда ресейлік саясаткерлер тарапынан посткеңестік елдерге қатысты түрлі арандатушылық сөздер жиіледі. Оның ішінде аумақтық тұтастыққа күмән келтіру мен «сыйға тартылған жер» жайында көп айтылуда. Әсіресе, Қазақстанға қарата айтқан арандатушылық сипаттағы үндеулердің қатары артты.  Бұл экономикалық одақта, әскери ұйымда бірге келе жатқан, өзара достық келісіміне қол қойған Қазақстан мен Ресейдің арасын алыстатпаса, жақындатпасы анық.

Әуелде «Орталық Азиядағы орыстілділердің құқығын қорғау» деген ауаны агрессияға толы агитациялық әңгімелерді Соловьев, Киселев, Скабеева, Зейналова секілді орыс телеэфирінің айтақтағы айташылары ауыздары құрғағанша айтып, таңды-таңға ұрып сөйлеуші еді. Кейін, бұл әңгімеге Богдасаров, Затулин, Кедми, Шахназаров, секілді Кремльдің ауласын қорыған пұлдауыз «ақылгөйлері» (саясаткерлері) араласатын болды. Онан қалса, Ресейдің Мемлекеттік Думасы тулайтынды шығарды. Никонов, Федоров, Калашников, Жириновский т.б. қатарлы федералдық ауқымдағы депутаттар бірінен соң бірі: «Қазақстанда орыстар мен орыс тілділерге қысым жасалуда. Олардың құқық біз қорғауымыз керек», «Қазақстан – Ресейдің жері. Жерді қайтаруын талап етеміз», - деген ашықтан-ашық агрессиялық мәлімдемелер жасауға көшті. Енді қазір бұл риторика Ресейдің президенті Владимир Путиннің, премьер-министрі – Михаил Мишустиннің, Сыртқы істер министрі – Сергей Лавровтың, РФ СІМ-нің ресми өкілі – Мария Захаровалардың ауыздарынан айтыла бастады.

Путин не айтты, Жириновскийлер не деді, біз бұған дейін егжей-тегжейлі жаздық. Ақорда тарапынан, Қазақстанның бірлі-жарым шенді азаматтарының үнқатуларын естідіңіздер. Қайталап жатпайық...

Жалпы, Орталық Азияда орыс тілділердің құқығы тапталып жатпағанын олар жақсы біледі. Керісінше аймақ халқының басым бөлігі өз жерінде өгей тілде сөйлеп жүр. Алайда Мәскеу үшін бұл қысым көрсету амалы болып қала бермек. Ресей билігін Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі, тарихи оқиғаларды қайта зерттеуге ынтасы қатты алаңдатады. Олар ең соңғы сенімді одақтастарының бірі уысынан шығып кететініне алаңдайтындай.

Дайындаған Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

14 пікір