Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 1463 0 пікір 13 Тамыз, 2021 сағат 19:54

Көп партиялыққа өтудің соқтықпалы да шырғалаң жолы

Қазақстан Республикасы Парламентінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы орайда 2020 жылдың 21 қазаны күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуінде: «Біздің ортақ миссиямыз – Қазақстанды өркендету, азаматтарымыздың игілігі үшін қызмет ету. Қазақстан халқы аса маңызды тарихи сындарлы сәттерде бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Халқымыз осы жолы да елімізді жан-жақты жаңғырту бағытындағы жаңа тарихи миссиясын лайықты атқарады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында еліміз кемелдене түсіп, дамудың жаңа кезеңіне шығатынымыз анық» деп тағылымды сөз айтқан болатын.

Өткен ғасырдың 20-шы жылдары Жалпыұлттық «Алаш» және Солшыл либерал жастарды маңына топтастырған «Үш жүз» партиялары бәлшебектер тарапынан күшпен таратылған соң, қазаққа дербес саяси ұйымдарын құруға 1991 жылдың 7 қыркүйегіне дейін тоқтау салынып келгені де жасырын емес. Неге 7-ші қыркүйек!? Енді осыған егжей-тегжей тоқтала кетейік.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз жаңа Конституция қабылдау арқылы Жоғары Кеңестің бет-бейнесін өзгертіп, елімізде саяси-экономикалық реформаларды іске асыру үшін заманауи заңдарды қабылдайтын қос палаталы кәсіби Парламент құрылды» деп орынды сөз еткен еді.

Биыл ҚазКСР Коммунистік партиясының тарағанына 30 жыл толады. Бұл шешім 1991 жылдың 7 қыркүйегіндегі аталған партияның кезектен тыс XVIII съезінде шығарылды. Осылайша 1921 жылдан бастап өз күшіне мінген 70 жыл қазақ елін жеке дара бір өзі саяси билеп төсеген жалғыз партия тарих сахнасынан кетіп, көппартиялық жүйені қалыптастырудың іргетасы қаланды. Бәрі де айқын емес, отаршылар күшпен таңған жалған интернационализммен жадысы уланғандар, орыс әсіре империялық  менменшілігімен ауырғандар және ұлттық санасы 1986 жылдың желтоқсанында қайыра жаңғырып оянған республикамыз бойынша үлес салмағы 40 пайызға да толмайтын титулды ұлттың патриоттары арасында қантөгіссіз ел іргесін сақтап қалудың жолында бірлесе мәмілеге келіп, ауызбіршілікпен көппартиялық жүйені өмірге әкелудің жаңа дәуірі басталды.

КӨП КЕЛБЕТТІЛІКТІ ЗАҢДАСТЫРУ

Осы бір айшықты да, тарихи сындарлы мезетті зерттеуші тарихшларымыз бен саясаттанушыларымыз елімізде көппартиялық жүйені өмірге әкелудің ілкі алғышарттары мен ілкі процестері 1980 жылдардың екінші жартысында горбачевтік қайта құрудан бастау алды деп орынды атап көрсетіп жүр. Бастапқысында бұндай 1987 - 1990 жылдардағы саяси қозғалыстардың баршасы экологиялық немесе тарихи-мәдени бағыт-бағдарды ұстанды. Ең алғашқылардың бірі болып, Павлодар қаласында энтузиастер тобы «Инициатива» бірлестігін құрып, осы қалада салынатын белок-дәрумен концентратын шығаратын комбинат қоршаған ортаны ластайды деп өз қарсылықтарын білдірді.  Одан кейін сол кездегі астанамыз Алматы да Балқаш пен Арал тағдырына алаңдаулы бірлестіктер мен Қоғамдық комитеттер өмірге келді. Оралда жікшілдік пиғылдағы казак қозғалысы өз қызметін бастады.  Республикалық деңгейдегі «Табиғат», «Әділет», «Қазақ тілі», «Мемориал», «Азат», «Желтоқсан», адам құқығын қорғаудың Қазақстандық қоғамдық комитеті, Жастар «Форумы», Қазақстандағы тәуелсіз қоғамдық ұйымдар Ассоциациясы (ҚТҚҰА//АНООК) және басқалар ел өміріндегі саяси-қоғамдық істерге араласа бастады. Олар тарих тағылымы, қазақ тілінің дамуы, ұлттық салт-дәстүрлерді қалпына келтіру, қуғын-сүргін құрбандарын ақтап алу, зорлықпен жер аударылған халықтар, жеке тұлғаның құқығы мен еркіндігі сақталуы үшін күресті.

Еліміздегі саяси ұйымдардың қалыптасуына Қызыл Империя астанасы Мәскеуде КОКП 1988 жылғы маусымда  өткелі жатқан ХIХ конференциясында дейінгі дискуссиялар түрткі болды. Бұл  конференция қарсаңында коммунистер демократтар және консервативтік күштер болып жіктелініп үлгерген еді. Алматыда, Павлодарда, Петропавлда, Ақмолада, Шымкентте басқада еліміздегі ірі қалаларда түрлі ұстанымдағы пікірталас клубтары өмірге келіп, онда тек қана қоғамдық қана емес, саяси проблемалар да көтеріле бастады.

Жамбыл облысының Кентау қаласында ленинградтағы өз аттас қоғамдық бірлестіктің мақсат-мүддесін айна-қатесіз қайталған «Перестройка» саяси ұйымы өз қызметін 1988 жылдың шілдесінде бастады. Ел тарихшылары бұл оқиғаны қазақ жеріндегі КОКП ықпалынсыз әрекет еткен алғашқы саяси ұйым деп бағалап отыр. Бұл кезде өзге де одақтас республикадағы орыс тілділер арасында «қайта құру» идеяларымен қуаттанған өздері кертартпа деп санайтын «консервативтік» кеңестік партиялық аппаратқа қарсы шыққан өздерін бейформалдар атаған топтардың іс-әрекеттері кең белең алды.

Шын мәнісінде бүкіл орыс тілді көпшілік және қазақ тілді азшылықтың басын қосқан Шыңғыстау жеріндегі атом сынағы палигонын жабуға үндеген жалпыұлттық және ықпалды қоғамдық ұйым «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы болды. 1989 жылдың ақпанының соңында Жазушылар одағының басшысы Олжас Сүлейменовтың бастамасымен құрылған  ұйым санаулы айлардың ішінде миллиондаған жақтаушыларға ие болып, ел ішінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі саяси құбылысқа айналып үлгерді.

Қозғалыстың кең қанат жоюынан үрейленген Қызыл Империя оның белсенділерінің ел атынан айтқан талабы «Семей атом полигонын» жабуға үзілді кесілді қарсы шығып, өз отаршылдық пейілін ашық танытты. Бірақ та саяси қозғалыстың ерен еңбегі еш кетпей араға екі жыл салып, 1991 жылдың 29 тамызында президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен тажал ошағы мәңгіге жабылды. Бұл оқиға Мәскеудегі сәтсіздікке ұшыраған ГКЧП төңкерісінен кейін және ҚазКСР Компартиясының таратылуына дейін орын алды.

Тарихшыларымыз 1991 жылдың басында республикамыз бойынша тіркелген және тіркелмеген басым көпшілігінің КОКП ұстанымына іш тартпайтын 100 аса қоғамдық ұйымдардың болғандығын алға тартады. Ал араға жарты жыл салып, Республиканың Жоғарғы Кеңесі 27 маусым күні бірінші рет еліміз үшін айырықша маңызы бар сол жылдың 1 қыркүйегінде өз күшіне енетін «Қазақ КСР қоғамдық бірлестіктер туралы» тарихи Заңын қабылдады. Осылайша тұңғыш рет пікірлері мен ұстанымдары КОКП жүргізіп отырған саясатымен еш үйлеспейтін азаматтарға саяси партиялар мен қозғалыстарға мүше болуға және оларды құруға рұқсат берілді.

БІР АЛҚАНҒА ЖҰМЫЛДЫРУШЫЛЫҚТЫҢ КЕЛМЕСКЕ КЕТУІ

Мәскеудегі 1991 жылдың 19 - 21 тамызы аралығындағы мемлекеттік  төңкерістің сәтсіздікке ұшырау кеңес қоғамындағы бірден бір «қозғаушы және бағыттаушы» күштің одан ары өмір сүруіне толық нүкте қойды. КОКП өз өмір сүруінің соңғы күндерінін бастан өткерді. Шын мәнісінде, Қазақстандағы өз маңына 800 мыңдай коммунистерді топтастырған республикалық Компартияның екі аптадай билік құруы ғана қалған еді.

23 тамызда президент және Қазақстан Компартияның бірінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың КОКП ОК Саясибюросының құрамынан шығатындығы туралы мәлімдемесі жарық көрді. Республика басшысы партияның жоғарғы жұмыс органы «путч кезіндегі іс-әрекеттерімен дәрменсіздік танытуы арқылы өзінің атына кір келтірді» деп атап көрсетті.

25 тамыздағы Елбасымыздың «Қазақ КСР территориясындағы КОКП мүлкі туралы» атты Жарлығына сәйкес  республика көлеміндегі барша мүлік мемлекеттік меншікке айналды. Қазақстан Компариясы ОК 28 тамыздағы Пленумында Назарбаев республика коммунистерінің басшысы міндетінен бас тартып, ОК іс-әрекетінің тоқтағандығы жайында және қыркүйекте Қазақстан Компариясының XVIII (кезектен тыс) съезін шақыруға қаулы қабылдады.

Араға төрт күн салып, 29 тамызда ресми баспсөз бетінде ҚазКСР халық депутаттары тобының республика көлеміндегі барша  партұйымдардың қызметін тоқтатуға шақыруы жарық көрді. Бұған дейін сол кездегі қазақ жеріндегі 19 обкомның бесеуі және 46 қалакомның үшеуі өздерінің жабылғандығы туралы мәлімдеген болатын.

Жалғасы бар...

Abai.kz

0 пікір