Жұма, 26 Сәуір 2024
Ақмылтық 4489 7 пікір 13 Қыркүйек, 2021 сағат 14:03

Жат жұртта қазақ қалмасын!

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мәминге!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйек күні бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылу салтында сөз сөйлеп, «Енді, біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз», - деген болатын.

Бір күн өтер-өтпестен Қазақстан қарулы күштерінің арнайы ұшағы Ауғанстаннан 41 жолаушыны Алматығы жеткізді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі таратқан ресми ақпараты сол 41 жолаушының 35-і Ауғанстанда тұрып жатқан өзіміздің қандастарымыз екенін мәлімдеді.

Шынын айту керек, бұл бір таңғажайып оқиға болды. Құдайға шүкір, алғашқы сең қозғалды, «Талибан қозғалысы» ұйымының құрсауында қалып, неше күннен бері Қазақстаннан көмек сұрап көз жастарын көлдеткен этникалық қазақтардың үміт оты жанып, арманы орындалды. Ажалдың апанында қалған қандастарына Қазақстан өзінің шын мәніндегі қамқорлығын көрсете алды. Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл тарихи шешіміне деген ризалығымызды мақтанышпен, өр дауыспен айта білуіміз керек!

«Талибан қозғалысы» ұйымы билікті басып алған күннен бастап, Ауғанстанда тұратын қандастарымызды елге жеткізу мәселесі бірінші кезекке шықты. Жасыратыны жоқ, Сыртқы істер министрлігінің өкілі Айбек Смадияровтың: «Соңғы күндері Қазақстан елшілігіне өздерін қазақ деп таныстыратын азаматтардың, түрлі топтардың жүгінуі жиілеп кетті. Бірақ іс жүзінде олардың ешқандай дәлелі жоқ. Қазақ тілінде сөйлей алмайды, ата-бабасының қоныс аудару тарихы мен ру-тайпалық байланыстары туралы айта алмайды», – деген сөзі ол қазақтарды ішке тартқаннан гөрі, сыртқа тепкендей сезілгені де рас.

Бір қуаныштысы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Ауғаныстандағы қандастарымыздың алғашқы бір тобы Алматыға оралды. Мемлекетіміз қандастарын далаға тастамайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Өз басым бұл жетістікке қатты қуандым. Бірақ, бұл жұмыс осымен бітті дегенді білдірмейді.

Біз Ауғанстандағы қандастарымыздың саны мен олардың ұлтының қазақ екенін анықтау үшін Тәуелсіздік жылдары Атажұртқа оралған тегі ауғанстандық қазақтарды жұмылдырдық. Олар өздерінің Ауғанстанда тұрып жатқан туыс-туған, құда-жұраттарының тізімдігін жасап, «Nur Otan» партиясы мен «Отандастар қорына» жолдауда. Біз оларды тіркеп, Сыртқы істер министрлігіне жіберіп жатырмыз. Тағы қайталап айтайын, Ағанстандағы этникалық қазақтардың саны Сыртқы істер министрлігі айтқан 15-ке жуық қазақ отбасыдан немесе 200-ге жуық этникалық қазақтан әлдеқайда артық.

Сыртқы істер министрлігінен ол өтініштердің ресми жауабы да келіп жетті.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары У.Сәрсембеков қол қойған сол жауапта: «Департамент осы  мәселені пысықтау үшін Қазақстан Республикасының Ауғанстандағы  Елшілігіне (бұдан әрі -Елшілік) тиісті тапсырма жіберді. Бұл ретте  қазіргі уақытта Сіздің туыстарыңыз (Ауғанстан азаматтары) көшіріп әкелуге толық көлемде жәрдем көрсетуге мүмкіндік бермейтін  Ауғанстандағы қалыптасқан күрделі ішкі-саяси жағдайды ескеруді сұраймыз...», - депті.

Әрине, Ауғанстандағы қалыптасқан күрделі ішкі-саяси жағдайды бәріміз БАҚ арқылы біліп отырмыз.

Бірақ, соған қарамастан, Қазақстан қарулы күштері арнайы ұшағының Кабул әуежайына барып қонып, ондағы 41 жолаушыны аман-есен алып шығып кетуі – біріншіден, үлкен ерлік болса, екіншіден, алдағы жерде де Ауғанстандағы қандастарымызды қалдырмай, елге оралтуға мүмкіндіктің бар екенін көрсетіп берді.

Бұл – өте қуанышты жағдай!

Енді ұзақ жылдан бері көші-қон саясатымен арнайы айналысып келе жатқан маман және осы Ауғанстандағы қандастарымызды елге оралту мәселесін алғашқылардан болып көтеріп, соның басы-қасында жүрген адам ретінде, апатты аймақтан қандастарымыздың алғашқы легінің Отанына оралуы байланысымен, осы мақаланы жазуды жөн көрдім.

Менше, Қазақстанға қоныс аудару өтінішін берген бірде-бір қазақ баласы  Ауғанстанда қалмауы керек!

Мен Ауған жеріндегі және Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға көшіп келген тегі ауғанстандық қандастарымыздың біразымен тығыз байланыстамын, телефон арқылы күнде сөйлесіп отырмын. Олардың Отанға оралудың сәт-сағатын күтіп, өтініш жасап отырғандары неше мыңдап саналады. Сондай-ақ, туыстарын көшіріп алуға көмек сұрап жатқан қазақтар да аз емес.

Мен алғашқы лекте оралған 35 қандасымыздың қандай тәртіппен алынып келгенін білмеймін. Мүмкін, олардың құжаттары толық, ұлтының қазақ екіні анық болғандықтан виза беріліп, әкелінген шығар. Және олар Кабул қаласында немесе қалаға жақын жерде орналасқан азаматтар болуы да мүмкін.

Демек, бұлар – бақытты қазақтар. Ал, «бақытсыз» қазақтар туралы әңгіме тіптен бөлек және күрделі.

Ауған қазағын елге оралту жұмысы барысында туындаған сұрақтарды негізге ала отырып, оларды Қазақстанға түгел оралту үшін Қазақ үкіметінің Басшысы Асқар Ұзақбайұлынан мына мәселелерді алғашқы адымда тездетіп шешуді өтінемін.

Бірінші, Тәжірибе көрсеткендей, шеттегі қандастарымыздың басына осындай қиын жағдай туындағанда, олардың мүддесін қоғайтын Заңдық негіз бен мәртебесі заңмен бекітілген бір органның қажет екені белгілі болды. Сол үшін, «Шетелдегі қандастарымызды қолдау туралы»  арнайы заң қабылдап, этникалық қазақтармен арнайы жұмыс жасайтын «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамына мәртебе беру қажет.

Екінші, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы және көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасын дайындап, қатысты заңнамаларға құжатына ұлтының кім екені жазылмаған қандастарымыздың ұлтын комиссия арқылы анықтайтын норма енгізу керек.

Егер, ұлтын комиссия арқылы анықтайтын норма заңдасса, Тәуелсіздік жылдары Атажұртына көшіп келген қандастарымызға сүйене отырып, олардың ұлтын анықтап, тұрақтандыру жеңіл, тиімді және сенімді болмақ.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, осы Ауғанстан, Пакістан, Иран және Сауд Арабиясында тұратын қазақтардың Атажұртына көптеп кешіп келуіне басты кедергі жасаған – өзіміздің Президент әкімшілігі екенін ұмытпайық. Соңғы жылдары Көші-қонға қатысты Заң жобасы Парламентте қаралған кезде осы ұлтын анықтайтын норманы Заңға енгізуді ұсынбадық емес, ұсындық. Бірақ, Президент Әкімшілігі үнемі сызып тастап отырды. Парламент те дәрменсіздік танытты. Сөйтіп, ұлтқа зор қиянат жасалды. Бұл – кешірілмес кемшілік! Міне, енді соны түзететін сәт туды. Енді кешіктіруге мүлде болмайды!

Үшінші, Ауғанстаннан бізге хабарласып жатқан қандастарымыздың көбі Кабулдан шалғай өңірлерде тұратынын, өліп-талып Қазақстан Елшілігіне жеткендерінің мардымды жауап ала алмай, қиналып жатқанын айтуда. Сол үшін, Ауғаныстандағы Қазақстан Елшілігі қасынан немесе Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Консулдық департаменті жанынан Ауғанстандағы қандастарымызға арналған арнайы байланыс орталығын (call center) ашуы тиіс.

Төртінші, Ауғанстанда туындаған саяси жағдайға байланысты, бізге Пакістан, Иран және Сауд Арбия мемлекеттерінен қазақтар қабарласып, олар да өздерін Қазақстанға көшіріп алуды тынбай өтініп жатыр. Өздерінің айтысына қарағанда, олардың бәрі Ауғанстан қазақтары екен. Түрлі жағдайларға байланысты аталған елдерге қоныс аударыпты. Бір өкініштісі, осы үш мемлекеттің үшеуі де олардың өзге бір мемлекетке шығып кетуі үшін виза бермейтін көрінеді. Тек, Ауғанстанға қайтуына рұхсат ететін секілді. Ал, ол қазақтар Ауғанстанға барудан қорқады...

Ендеше, осы қазақтарды да Қазақстанға оралту жағын бірден қолға алған дұрыс.

Бесінші, жасыратыны жоқ, Ауғанстаннан хабарласқан қандастарымыздан жең ұшынан жалғасқан жемқорлық туралы да сыбыстар естіп қалдық. Әрине, нақты факт болмаған соң, ондай мәселеге олардың көңіл аудармауын ескерттік.

Қазақта «Бүлінгеннен бүлдірге алма!» деген киелі сөз бар. Осынау азып-төзған жұрттан ақша дәмету – арсыздық. Біздің қоғамды жайлаған жемқорлық дертінің консулдықтарымызда бар не жоқ екеніне ешкім жауап бере алмасы тағы белгілі. Өз басым, Алла біздің дипломаттарымызға нысап берсін деп тілеймін. Егер, осындай жағдай болып жатса, жамандық жерде қалмайды, ертең ол ашыққа шығады. Құдай оның бетін ары қылсын деп тілейік!

Сайып келгенде, Ауғанстандағы қандастарымызды Отанға оралту – абыройлы жұмыс.

Тәуелсіздік алғаннан бері Атажұртқа бір жарым миллионға жуық қазақ келді. Сол бір жарым миллион қазақ өзінің ыстық пейілі мен ықыласын ала келді. Қазақстанның тоқырау кезеңінен тез серпіліп шығып кетуі сол пейіл мен ықыластың арқасы.

Демек, Қазақстанға шеттегі қазақ келді деген сөз - құт пен береке оралды деген сөз! Біз шын мәніндегі Ұлттық мемлекет боламыз десек, осы ыстық ықылас пен аппақ пейілге суық су сеппеуіміз керек! Қазақстанның Орта Азиядағы көшбасшы мемлекет деген биігін сақтап қалуының ең негізгі бір шарты – осы шеттегі қазақты Атажұртына оралтуы болып есептеледі. Мемлекет өзге елде жоқ дүниені жасай алсаң немесе бар нәрсені одан асыра орындай білсең ғана көшбасшылық мәртебеге ие бола алады.

Көшбасшылыққа жету үшін, ең алдымен Президент тапсырған шаруа ешқашан аяқсыз қалмай, абыроймен орындалуы шарт!

Мен Мемлекетім мен Президентімнің әлем жұрты мен туған халқының алдында абыройының арта беруін тілеймін!

Жат жұртта қазақ қалмасын!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

7 пікір