Сәрсенбі, 22 Қыркүйек 2021
46 - сөз 1941 1 пікір 13 Қыркүйек, 2021 сағат 12:31

Сіз мұғалімсіз бе, ұстазсыз ба?

Мұғалімді ұстазға, оқушыны шәкіртке айналдыру - білім саласын реттеудің төте жолы!

Ойымды дұрыс түсінулеріңіз үшін:
МҰҒАЛІМ - бала оқытушы, білім беруші.
(Тек, сабақ беруші. Алдына келген елдің баласын өзгенің баласы деп қарап, олардың білімді болғандары мен болмағандарының өзіне ешқандай пайда-зияны жоқ деп түсінеді. Берілген сағатында оқушыларға программа бойынша сабағын өту, айлығын алу. Басқасында шаруасы жоқ. Ешкімнің оған да қояр кінәсі жоқ)

ҰСТАЗ - білім беруші, шәкірт тәрбиелеуші.
(Алдына келген елдің баласын шәкіртім, орнымды басушы, болашақ ел мен ұлтқа қызмет етуші азаматтар деп қабылдап, оларды үлкен өмірге бейімдеу мен білім беруді өзінің міндетім деп сезінетін адам. Берілген сағатында біліммен қатар тәрбие де беруді өзінің "жазылмаған міндеті" етіп алған. Сондықтан, кей кездері шәкірттерін тәрбиелеудің "қатқылдау методикасын" да қолдануы мүмкін. Ол "методикасы" біреулерге жағып, біреулерге жақпауы мүмкін. Білім беруді өзінің кәсібі ретінде емес, өмірлік ұстанымы деп қарайды.)

ОҚУШЫ - Мұғалімді өз пәні бойынша өзіне дәріс беруші, келесі сабаққа тапсырма беріп білімін бағалаушы деп қана түсінетін, мектептен тыс уақытта мұғалімді өзге қызмет түрлерімен айналысатын кәсіп иелерімен(құрылысшы, сатушы т.б.) бірдей көретін дәріс алушы.

ШӘКІРТ - Мұғалімді өзін өмірге бейімдеуші ұстазым деп қабылдап, тіпті ата-анасымен бірдей құрметтейтін, тапсырмасын ұстазына деген құрметінен(ұялғаннан) барлық ынтасымен дәріс алушы.

Менің берген анықтамам арқылы әуегі(тақырыптағы) ойымды түсінген болсаңыздар, бәріңізге арналған екі сұрағым бар.
1-ші сұрақ ата-аналарға:
Сіз мектепке дәріс алуға оқушыны әкелдіңіз бе?
Әлде, шәкірт әкелдіңіз бе?

2-ші сұрақ дәріс берушілерге:
Сіз мұғалімсіз бе?
Әлде, ұстазсыз ба?

Білім саласының басшылығын осы мәселе көбірек толғандыру керек деп ойлаймын. Өйткені, соңғы кездері мұғалімдер мен оқушылар арасындағы қатынас шиеленісіп бара жатқаны қатты толғандырады.
Мұғалім мен оқушының арасындағы қатынасты реттемей тұрып, сапалы білім мен үлкен өмірге бейімдеу жайлы сөз қозғаудың өзі артық секілді.

Рүстем Ашетаев

Abai.kz

1 пікір