Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Ақмылтық 8139 41 пікір 10 Қыркүйек, 2021 сағат 13:05

Қош бол, Цифрлық Тәуелсіздік!

Әуелі ақпарат:

Қазақстан Үкіметі Ресейдің СБЕР компаниялар тобымен келісім жасасып,  «электронды үкімет» (eGov) платформасын жасайтын болыпты. Яғни, енді Қазақстанның «электронды үкіметі» Ресейлік компанияның бақылауында болады деген сөз.  Ал дәл Ресейлік компаниямен келісім жасасудың басты себебі – СБЕР компаниясы біздің Үкіметке бастапқы кодттарды беруге келісіпті.

Бұл туралы күні кеше ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрі Бағдат Мусиннің өзі мәлімдеген.

Министр Мусин «Atameken Business» арнасының эфирінен неге Ресейлік компания қызметіне жүгінгенін түсіндіруге тырысыпты.

Министр Мусин не дейді?

«Біз бұл мәселеге дәйекті әрі жүйелі түрде келдік. Әртүрлі кейстерді зерттедік. Соның ішінде, Араб Әмірліктерін, Сингапурды қарастырдық. Олар негізінен Moicrosoft-ты қолданады.  Біз Қазақстан атынан 2017 жылы Microsoft-пен келіссөз жүргізбек болғанбыз. Олар бастапқы кодтарын ашса, біз онда не жазылғанын бір рет болса да көріп алсақ, басқару үшін емес, сертификациялау үшін ғана дегенбіз. Бірақ олар бас тартты. Сондықтан, біз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің талаптары мен Ақпараттық қауіпсіздік туралы заңнамаларға сәйкес келетін өзге амалдарды қарастырдық.

Ешқандай бетбелгілер жоқ екенін көз жеткізуіміз үшін бізге ашық бастапқы кодтар керек екенін меморандумға анықтап тұрып жаздық. Хакерлер бұл жүйеге бұзып кіріп, біздің мәліметтерімізді өзге мақсаттарға пайдаланбауы үшін керек», - дейді министр Мусин.

Оның айтуынша, бұл мәселе ҚР Ұлттық ауіпсіздік комитетінде, Үкімет пен Президент Әкімшілігінде ақылдасып шешілген.

Бағдат Мусиннің және бір айтқаны: «Электронды үкіметті» жаңағы СБЕР ұсынған бағдарламалық өнімді пайдаланғанда деректерді бақылау мен беруді тек қазақстандық мамандар жүзеге асыратын болады. Ал Ресейлік мамандарға тікелей рұқсат берілмейді, қолжетімділік жоқ-мыс.

«Ақпараттар базасы Қазақстан аумағында, қорғалған инфрақұрылымда сақталады. Ол Ресейлік мамандарға қолжетімді болмайды. Бұл меморандумда анық жазылған. Тіпті, қандай да бір техникалық қолдау керек бола қалғанның өзінде, ол біздің мамандардық бақылауымен ғана жүзеге асырылады», - депті министр Мусин.

Министр Мусиннің айтуынша, екі тараптың құқық-құзыреттері түгел жазылатын аталған келісімге келесі жылдың наурыз-сәуір айларында қол қойылмақ көрінеді. Жоба 5 жылға жоспарланған. Құны – 500 миллион долларды құрайды.

Президент Тоқаев не дейді?

3 қыркүйек 2021 жыл. Шығыс экономикалық форумы аясында ҚР Үкімет басшысы Асқар Мамин мен СБЕР басшысы Герман Греф меморандумға қол қойды. Оған Қазақстан президенті Қ.Тоқаев пен Ресей президенті В.Путин куә болды. Ол бойынша, екі тарап Қазақстанның цифрлық трансформациясы бойынша жобаларды жүзеге асыру, «Data-Driven Government» концепциясы мен цифрландырудың платформалық моделін жасау қарастырылған.

«Бұл жоба біздің елдеріміздің өзара сенімін білдіреді. Сондықтан, шын мәнінде стратегиялық сипатқа ие. Біздің нарығымызда 15 жылдан бері сәтті жұмыс істеп келе жатқан «СБЕР-дің» Қазақстанның мемтех-інің институционалды негізін жасауға қатысуы – Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасын онан әрі жан-жақты етеді», - депті президент Тоқаев сол жиында.

Президент Путин не дейді?

Ал Ресей президенті Путин: «Қазақстан Үкіметі мен «СБЕР» компаниялар тобы арасында аталған сала бойынша бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімге қол қойылуы – екі ел арасындағы қарым-қатынастардың өте жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Бұл барлық сала бойынша, соның ішінде цифрландыру бойынша да солай», - депті.

Сарапшылар не дейді?

Қазақстан - Ресейдің ақпараттық боданы

Мұхтар Тайжан:

- Министр Бағдат Мусиннің IT нарық, «СБЕР-мен» келісім жайлы дискуссиясын көріп шықтым. Мен IT маманы емеспін, бірақ, бірқатар методологиялық ескертпелерім бар:

Келісімнің тиімділігі, оны дамыту жоспары туралы дискуссияларды келісім жасалып, құжаттарға қол қойылып болған осң емес, келісім жасамай тұрып талқылау керек!

Естеріңізде болса, Кедендік одаққа кірерде де осылай болған. Әуелі кіріп алып, артынан оның «тиімділігі» жайлы түсіндіруге тырысқан. Ақыры не болды? Біз көп мәселе бойынша экономикалық егемендігімізден айырылып қалдық. Біздегі көптеген сала тұтас күйреп қалды.

2015 жылдың күзі. Дәл осылай, ешкіммен ақылдаспай, ешкімге айтпай, жер утралы заңдарды қабылдап жіберді. Оның аяғында  2016 жылы не болғанын білесіздер. Содан бері жерге қатысты ешбір заңнамалар мен түзетулерді біржақты қабылдамайды. Ол дұрыс та! Арты әлеуметтік дауға ұласпауы үшін алдын-ала келісіліп, талқыланғаны дұрыс.

Сол секілді, IT саласына қатысты да солай болуы керек. Алдымен ақылдасып, талқылап, сосын барып келісім, меморандум немесе заң етіп қабылдау керек.

Ал мынау «СБЕР-ге» қатыст айтар болсам, маған бұл идея ұнамайды. Мен бұл саланың маманы емеспін. Сарапшылар кеңесін құру керек. Оған тек мамандар ғана емес, тәуелсіз сарапшылар да кіруі керек. Және ондағы ірбір мәселе қоғамға ашық жариялануы керек.

Нұрлан Жанай, IT маманы:

- Соңғы күндері «еGov платформасын Ресейдің СБЕР-і жасайды деп бір топ белсенді шулап жүр. Осындай шу туғызып, дәл осы уақытта бұндай ақпарат шығып, халық мән-жайды білмей шулап жүргеніне не себеп екенін түсіне алмадым. Сонда да бұл тақырыпқа бес тиынымды қоса кетейін.

Таза факт үшін айта кетейін, Қазақстандағы біраз сайттың серверлері Ресейде жатыр. Яғни Қазақстанның көптеген қолданушыларының мәліметін Ресей беске біледі. Неге серверлер Ресейде деген сұраққа жауап, себебі арзан, ыңғайлы, сервисі жылдам.

Бұдан бөлек елдегі қаншама мемлекеттік мекемелердің, кейбір әкімдіктердің, тіпті біраз баспасөз хатшылардың ресми жұмыс пошталары mail.ru-да ашылған. Kaspi-дің продакт менеджері Tinkoff деген Ресейдің банкінен келген. Kaspi иесі Ломтадзе де Baring Vostok деген Ресейдегі танымал венчурлық компанияның партнеры болған.

Орта білім саласындағы мектептердегі оқушылардың бәрінің бағасын тіркейтін Kundelik.kz деген монополиялық компанияда да құрылтайшылардың бірі Ресейдің Дневник.ру компаниясы. Біздің өсіп келе жатқан ұрпақтың қалай оқитынын, қай облыста қандай бала, қалай оқиды, қай тілде оқиды, қай сабақтан қанша алады, барлық мәліметке Ресейдің қолы жетіп тұр.

Жалпы жыл сайын Қазақстанда 100 мыңдай оқушы мектеп бітірсе, оның 20 мыңға жуығы Ресейге оқуға кетеді (Әр жылғы статистика шамамен осылай). Олардың ішінде басы істейтіндер сол елде қалады, тіпті азаматтығын алуы да мүмкін. Ресейдің университеттері дарынды мектеп бітірушілерін өздеріне қалай тартатыны бөлек әңгіме.

Бұлардың бәрінен шығатын қорытынды, Қазақстан - Ресейдің ақпараттық боданы. Бізде интернетте не ақпарат бар, бәрін ресейліктер біледі. Біз ақпараттық қауіпсіздік жағынан баяғыда «қораға кіріп» кеткенбіз. Енді қанша шуласақ та, жағдай түзелмейді. Еуразиялық Одақ аясында деп кез келген меморандум келісім жасала береді…

Осы кезге дейін барлық мәліметті біліп-білмей беріп қойсақ, енді еGov-ты СБЕР-ге қос қолдап тапсыру деген масқара жағдай. Қазақстан да еGov-ты жасауға маман да, ақша да, уақыт та, басқа ресурс та жетіп артылады. Тек ниет мен Ресейге «жоқ» деп айтатын рух керек!

еGov-ты СБЕР алатын болса, Қазақстандағы халықтың көңіл-күйін, әл-ауқатын, арман-мақсатын, тіпті, болашағын біледі деген сөз. Қазіргі заман ақпараттық-технологиялық ғасыр болғандықтан, ресми түрде елді басып алмай-ақ, елдің халқының ақпаратын алса, халықтың санасын улауға мәлімет жетеді. Ресей өзінің идеологиясын басымызға әңгір таяқ ойната береді.

Жалпы біздегі Tengrinews бастаған ақпараттық агенттіктердің бас бетіндегі жаңалықтарға қарап-ақ, қай елдің сойылын соғатынын білуге қатты ақылды болу шарт емес. Ресейшіл белсенділер де осы Facebook-та жетіп артылады. Негізі орыс тіліне әңгіме айтпаңдар дегеннің өзі «артты қысыңдар, қазақтар» деп бетке тіке айтқан месседж ғой.

Марат Шибутов, саясатшы:

- Өзімшелеп, қарапайым тілмен айтсам, кеше Бағдат Мусин Қазақстандық IT мамандары көп жылдан бері мемлекеттен жақсы тапсырыс алып келе жатса да, сан жағынан да, сапа жағынан да дами алмады дегенді айтты.

Мен де бір жүрген «оңбағанмын» ғой, министрдің айтқандары қаншалықты рас екеніне көз жеткізу үшін, мемлекеттік сатып алу порталынан танымал IT компаниялардың қандай келісімшарттар жасағанын, қанша ақша алғанын қарап шықтым. Кімнің-қанша алғаны бәрін қызықтырады ғой...

«Arta Software» ЖШС – 2016 жылдан бері 19 келісім жасалыпты. Жалпы сомасы – 412 миллион теңге. Оның 17-сінің келісімшарты біркөзден жасалған (145 млн теңге).

«Prime Source» ЖШС(Прайм Сорс) – 2018 жылдан бері 10 келісіс жасалған. Жалпы сомасы – 533 млн теңге. Барлық келісімдер ашық конкурс арқылы жасалған.

«ТАМУР» ЖШС – 2016 жылдан бері 89 келісім жасалған. Жалпы сомасы – 3 миллиард теңге. Оның 84-і біркөзден алынған (1,877 млрд теңге).

«OPEN SYSTEMS DEVELOPMENT» ЖШС – 2016 жылдан бері 22 келісім жасалған. Жалпы сомасы – 2,593 миллиард теңге. Оның тек 2-еуі ғана біркөзден (126,75 млн теңге).

«Helios Soft» ЖШС – 2018 жылдан бері 1070 келісім жасалған. Жалпы сомасы – 794 миллион теңге. Барлығы да біркөзден жасалған.

Меншіктік бағдарламалық қамтамасыз етулер аз-аздан сатылған, алайда клиент көп.

«Azimut Solutions» ЖШС – 2017 жылдан бері 24 келісім жасалған. Сомасы – 1,172 миллиард теңге. 5 келісім біркөзден жасалған (184,65 млн теңге).

«ESEPSHI.KZ» ЖШС – 2016 жылдан бері 65 келісім жасалған. Сомасы – 3,826 миллиард теңге. Оның 20-сы біркөзден (1,091 млрд теңге).

«InesSoft» ЖШС – 2016 жылдан бері 98 келісім жасалған. Сомасы – 6,556 миллиард теңге. Оның 20-сы біркөзден (966,5 млн теңге). Барлық келісімдер біркөзден. Оқу орындары (колледждер мен ЖОО-лар) барлығы дерлік осы жйүені сатып алуда.

«Alora IT Solutions» – 2017 жылдан бері 24 келісім жасалған. Сомасы – 3,174 миллиард теңге.

Бұдан біз не көреміз? Отандық ІТ мамандары мемлекетпен бірлесе отырып, қажырлы еңбек етуде деген сөз. Олар өз тауарларын сатып қана қоймай, қызметтік сервистерді де жүйелі атқаруда. Осы жерде ескере кететін бір жайт – олардың негізгі шығыны – қызметкерлердің шығыны мен компютерлерді, серверлерді сатып алу. Сондықтан, олардың пайдасы өндірістегілерден гөрі айтарлықтай жоғары. Онда да жаңағы компаниялардың қызметкерлері аса көп емес. көбісінде әрі кеткенде оншақты адамнан ғана. Сонымен қатар, мемлекеттен ғана емес, жеке сектордан да тапсырыс бар екенін және ескеріңіз. Сондықтан, біздің ІТ мамандар қаражаяу емес!

Тақырыпқа тұздық:

Айта кетейік, Қазақстан Үкіметі Ресейлік СБЕР компаниялар тобымен келісім жасасып, «электронды үкімет» платформасын жасайтын болды. Бұл келісімге екі ел президенттерінің, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің көзінше қол қойылған. Аталған келісім туралы осыған дейін еш жерде, ешбір саяси, қоғамдық мінберлерде, ешбір ақпарат көздерінде айтылған жоқ, талқыланған жоқ. Сондықтан да, қазақ қоғамы, Қазақстан қоғамы, аталған сала мамандары бұл жобаға қарсылық білдіруде.

5 ақпан 2021 жыл. Үкімет басшысы Асқар Мамин «Digital Almaty» форумына қатысып:

«Цифрландыру экономика саласында да, адам өмірінде де өте маңызды мәселе екенін айта кеткен жөн. Барлық жерде жұмыс, білім беру саласы қашықтан жалғасып жатыр. Бұл цифрлық экономиканың айтарлықтай маңызды екенін көрсетеді. Пандемия Қазақстанның экономикасы тұрақты екенін көрсетті. 2020 жылы Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша 29 орынға тұрақтады. Біз ары қарай да цифрландыруды дамытуды мақсат етіп отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, біз қазіргі таңда мемлекеттік органдарды толығымен цифрландыру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Ақпарат жинау және анализ жасау жолында цифрлық инновацияларды қолдана отырып, жаңа жүйелерге жол бастайтын боламыз. Алдағы бес жылда Қазақстанның барлық облыстары мен аймақтары 5G интернетпен қамтамасыз етілетін болады.

Шектеулерге қарамастан, біз цифрлық инфрақұрылымның қол жетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша күш-жігерімізді жеделдеттік. 2020 жылы біз 20 мың шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желілерін салудың МЖӘ жобасын аяқтадық. Мыңнан астам ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылды, бұл аймақтардағы технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде бүгінде Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды», - деген еді.

Премьер-министрдің бұл сөзі қоғам арасында үлкен дау тудырды. «99 пайыз халық интернетпен қамтылған», деген сөзі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Пандемия халықтың шынайы тұрғыдан қанша пайызы интернетпен қамтылғанын көрсетіп берді. Өкінішке орай, Қазақстан Үкіметінің цифрландыру деп аталатын көпжылдық бағдарламасы бос әңгіме, жай ғана ұрлық болып шықты. Оның дәлелі - Қазақстаның «электрондық үкіметін» Ресейлік «СБЕР-ге» жасату туралы шешім. Сонымен, Қазақстан Үкіметі Ресейге, Ресейлік компанияға 500 миллион доллар төлеп, «Қош бол, Цифрлық Тәуелсіздік!» дегелі тұр.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

41 пікір