Сенбі, 20 Сәуір 2024
Аласапыран 6924 24 пікір 6 Қыркүйек, 2021 сағат 16:30

Империя моласы: Келесі кезек кімдікі?

15 тамызда Талибан армиясы Кабулды соғыссыз басып алды. АҚШ пен НАТО-ға арқа сүйеген президент Ашраф Ғани асығыс-үсігіс, буынып-түйініп үшінші ел арқылы Дубайдан бірақ шықты. Сонымен өркениет, кісілік құқық, демократияны армандаған, өзінің менталитетінен, дәстүрінен, тілінен, дінінен алыстап, аталмыш ортақ құндылықтарға арқа сүйеп, шетел армиясына сенген ауған билігі мен армиясы ислам фундаментализмын құндылық етіп, қарулы күреске сенген, сәлдесін қабат-қабат орап, сақалы беліне түскен, тәпішке сүйретіп, автомат асынған тәліптердің қолына өтіп, әлем жұртын таң-тамаша қалдырып, өкіндірді, күрсіндірді. «Ауған армиясы мен билігінде еркек кіндікті қалмаған ба» деген сөз әркімнің көкейінде сайрап тұрды.

16 тамыз күні АҚШ президенті Джо Байден: «АҚШ-тың Ауғанстанға әскер кіргізудегі мақсаты бұл елде жаңа мемлекет құру емес, халықаралық терроризмге соққы беріп, тамырына балта шабу, ол мақсат Усама Бен Ладеннің көзі жойылуымен орындалды. Ауған үкіметі мен армиясы өз билігі мен халқын қорғауға ерік-жігері жетпеген мынадай жағдайда АҚШ текке бодау бермейді. Ауған әскеріне озық қару-жарақтың бәрін бердік, жан-жақты әскери жаттығулардан өткіздік бірақ олардың бойына жеңіске деген сенімі мен жігерді бере алмадық. Сондықтан барлық жағдайға Ауған үкіметі мен армиясы кінәлі», - деп айрықша мәлімдеме жариялады. Әрі ауғаннан әскер шығару мәселесі Трамп үкіметі кезінде келісілгенін, қазір сол келісімді атқарып жатқанын ұмытпай ескерте кетті.

«11 қыркүйек» оқиғасынан кейін АҚШ солтүстік альянс әскерлерін бастап, Ауғанстанға басып кіргенде, 46 мың адамнан тұратын Талибан армиясы сұрапыл соққыдан кейін тау-тасты паналай қашып, 2008 жылға келгенде небәрі 11 мың әскері қалған-ды. 2014 жылы қайтадан 60 мың адамға жетті. Ал милитаристер мен тайпа-ұлыс көсемдерінің қармағында қырық темірдің қылауы болған ауған әскері ұзын саны 300 мыңға жететін әрі АҚШ пен НАТО-ның қолдап, қуаттауында әлемдегі ең озық әскери техникаға ие болды. Дәп өткен ғасырдағы 1946 жылғы Қытайдағы жағдай қайталанды. Сол замандағы теңіз-әуе армиясы бар АҚШ-қа арқа сүйеген Гоминь үкіметінің 2 миллион армиясы бас аяғы бес жылға жетпейтін уақытта ірі қалаларда көтеріліс жасап, JinGangShan-да база құрып, Yan-аn да тыныстаған, ауыл-қыстақ арқылы қаланы қоршауға алған коммунистер жағынан тас-талқан болып жеңілген еді. Коммунистер көп айтатын «мемлекеттің нақты жағдайын біліп, ақиқатты халық арасынан іздеу керек. Халықтың деңгейі мен дәстүрін, тарихы мен салт-санасын сезіну лазым» деген пропагандасында бір сиқыр бар сияқты. Тарихта «империялар моласы» атанған Ауғанстан тағы да жұрт назарын аударып, көкейімізде көп сұрақ кептеліп тұрып қалды. 2019-2020 жылғы Ауған орталық санақ мекемесінің санағына жүгінсек, Ауғанда 32 миллион 200 мың адам өмір сүреді, олардың 7 миллионы қалада қоныстанса, қалған 23 миллионы ауылда тұрады. 1,5 миллионы көшпелі тайпалар. Ұзақ жылғы соғыстан халқының ¼ жан сауғалап, жан-жаққа ауып кеткен, олардың ішінде 2 миллион 700 мыңы босқын мәртебиесіне ие. Халықтың 40%-нын пуштын ұлты ұстаса, тәжіктер 25%-нын құрап екінші орында тұр. Одан кейін өзбек, түрікмен, хазар сияқты 20-дан астам ұлттар мен ұлыстар өмір сүреді. Теңізден алыс, құрлық мемлекет, ауа-райы да жанға жайлы емес, жан-жағын қоршаған тау мен тас, меңіреу жартастар сыртпен қарым-қатынастың мүмкіндіген мейлінше азайтып, тұйықталып қалған. Дін мен дәстүр бұл елдің қос қанаты десек те болады. Халқының 86%-ы исламның суннит жолын ұстанса, қалған 13%-ы шейіттер, 1%-ы ғана өзге діндер ұстанады.

Ауған хандығы 1747 жылы құрылып бір мезгіл дәурен сүрген. 19-ғасырдың соңында әлсірей бастады. Сол кезде Орта Азия келесі империяның жүрегіне айналады деген таным «мұхит билігі» деген теорияның көлеңкесінде қалғанда, Оспан империясы мен Қытай Цинь империясынын арасындағы осы өңір орыс пен мұхитты бағындыра бастаған елдер арасындағы «бейтарап, бос жер» саналды.  1892 жылы ауған патшасы пуштындардың көсемі Әбдухадыр Рахман өзін хан деп жариялағанымен, оның билігі Кабулға ғана жүрді, әр шатқалдың кірер қақпасына күзет қойып алған тайпалар мен ұлыстардың өз ақсақалы, жасағы және молласы болды. Осыдан кейін Ауғанстан Ресей мен ағылшындардың өз ықпалын жүргізуге ұмтылатын, сол үшін өліспей-беріспейтін нүктесіне айналды. Ағылшындар 1838-1919 жылдар аралығында ауғандармен 3 рет соғысып, үшеуінде де оңбай жеңілді. Империялар соғыста жеңілсе де бітім кезінде есесін қайтаратын әдеті бойынша, Ауғанстаннын әкімшілік аймағын және кейін Индия мен Пакистанның шекарасын белгілеуде көміп кеткен «жасырын миналары» қазірге дейін жарылып келеді.

Ауғанстан халқы, хан әулеті және әр кезеңдегі саяси тұлғалар елдегі жетекші ұлт – пуштындардың айналасына топтаса отырып тұтас мемлекетті бірлікке келтіріп, тәуелсіздікке қол жеткізуге әрі саяси, экономикалық, заңдық бағыттағы реформалар жасауға талпынып келеді. Бірақ бәрі де сәтсіздікке ұшырады. 1906 жылы Түркия, 1908 жылы Қытай мен Иран конституциялық реформа жасағанда, 1923 жылы жеңімпаз Аманолла хан Түркиядағы жас түріктердің ықпалымен «Тәртіп кітәбін» жариялады. Кейінгілер ауғанның тұңғыш Ата Заңы атап кеткен осы заңда жазылған кейбір тармақтар қазірге дейін орындалмаса да құнын жойған жоқ. Онда «барлық ауған халқы ислам шариғаты мен мемлекет заң алдында тең құқылы.

Шейіттер, еврейлер және христиандардың құқығы қорғалады. Тән жазасы, мәжбүрлі еңбекке жегу күшін жойып, әйелдер «екінші дәрежелі мұсылман» деген аттан құтылады. Көп әйел алу күшін жойып, қыз баланың мектепке баруына рұқсат беріледі». Осыдан кейін жаңа заңға қарсы көтеріліс бүкіл ауғанды шарпып, бұлғақтың соңы ханды тақтан тайдырды. Азия, Африка, Латын Америка елдерінің тәуелсіздікке деген талпынысы сол кездегі солшыл, тәуекелсіз жастарды коммунизм қозғалысынан шығар жол іздеуге бағыттады. Билікті қолға алған Мохаммед Дәуітхан, Мұстафа Кемаль Ататүрк, Ли Гуанг Яу сияқты тегеурінді билік жүргізіп, заң мен діннің арасын ашып, саяси-экономикалық реформалар жасауға ұмтылған еді. Ақыры саяси төңкерістің құрбаны болды. Бұл кезде ағылшындар үш реткі жеңілістен кейін «империя моласынан» шегініп саяси ойынның сақасы АҚШ пен Совет одағы сынды екі алып державаның қолына өткен. АҚШ-та білім алған 28 жастағы Хайзолла Аминь мен АҚШ-тағы ауған дипломаты Нұрмұхаммед Тарази коммунизм дертімен ауыра бастайды. Олар еліне келген соң Советтің ықпалымен ауған халықтық демократиялық партиясын құрып, М.Дәуітханмен бірлесіп патшаны тақтан тайдырады. Келесі саяси күресте М.Дәуітхан қастандыққа ұшырайды. Сонымен демократия, кісілік құқық, еркіндікке қол жеткен саясаткерлер қырық пышақ болады. Еркіндік бар, қалай сайраса өз еріктері ойыншы көбейді. Египеттен аспирантура оқып келген теолог Нияздың айналасына Раббани, Хикметияр сияқты біраз діншілдер жиналып, университет аумағында паранджа кимеген әйелдерге күкірт шашып, саясатқа араласып, өз саяси танымдарын әйгілей бастады.

Орыстың пиғылын сезіп, оның қол жаулығы болғысы келмеген Хафизолла Аминь қайтадан Құрама штаттан қолдау іздеп, Н.Таразиді өлтіріп, саяси бағытын өзгертуге ұмтылады. 1978 жылы желтоқсанның 12-сі күні Совет одағы десанттар жіберіп Х. Аминьді бала-шағасымен қырып тастап, Бабарак Кармалды билікке алып келеді.

Егес енді басталды. Екі алып держава жаңа қаруларын сынап, бір-біріне кеткен есесін ауған жерінде қайтарады, есесіне ауған халқының қаны су шағып, тыныштық кетеді. Тұс тұстан милитаристер бас көтеріп, аштық, соғыс, наркотик Ауғанстанның өмір дағдысына айналады. Он жылға таяған Совет шапқыншылығы о баста қырық пышақ болған ауғанды оңдырған жоқ. Бүлінгеннен бүлдірге аламын деп жүріп өзі де оңбады. АҚШ бастаған Батыс елдері қатаң экономикалық санкция салды. Араб, Иран, Ирак, Пакистан, Египет, Түркия елдерімен бірлесе отырып моджахедтерді қолдады, әскери курстан өткізді. Әрине бұл әрекеттер кейін өзіне таяқ болып тиерін білмеді. Мұнайдың 1 баррелін 10 долларға түсіріп, Мәскеу олимпиядасына қатысудан бас тартты. Совет одағы таптық күрес, жер реформасы сияқты байырғы мақсаттарын жайма шуақтап, өркениет пен теңдікті, ғылым мен білімді жан сала насихаттаса да, ауған халқының жүрегіне жол таппады. 10 жылда Ауғанстанда әйел судьялардың салмағы алғашқы 10%-ға жетпейтін көрсеткіштен 70%-ға дейін жоғарыласа да, ауған әйелдерінің, зиялы қауымның қолдауына ие бола алмады. Міне, осыдан құлдық психологияның қаншалық тереңге тамыр жайғанын көруге болады. Қызыл империя соғыстан, әскери бәсекеден әбден титықтап, 1988 жыл сәуірдің 4-і күні амалсызлан «Женева келісіміне» қол қойып, соғысты тоқтатуға мәжбүр болды. 1989 жылы 15-ші желттоқсанда соңғы Совет әскері шегініп шыққанша 12,210 солдатынан айырылып, 35,480 адам жарадар болып, 311 әскер іс-түссіз жоғалып кетті. Бұл дағдарыс созыла келе Совет одағының ыдырауына әкеліп соқты, ауғанның тау-тастыры мен шың-құздарында орыс таңкілерінің қалдықтары мен ракета ПЗРК «Стингер» атып түсірген тік ұшақтардың сынығы ұйылып қалды.  1988 жылы Совет одағы ауғаннан шегіне бастағанда ауылды жердің 90%-ы моджахедтердің қолына өткен еді. Сол кезде Кандагардағы жас молла Мохаммед Омар суннитерден құралған 800 шәкіртті бастап «милитаристердің көзін жойып, мемлекетке тәртіп орнатайық» деген ұранмен майданға шықты. Міне, бұл тәліптер еді. Пакистан арнайы қызметінің қолдауына ие болған тәліптер тез көтерілді. Экономикасы бір шама жақсы аумаққа барғанда «коррупцияны жойып, экономиканы қайта құрамыз» деп үндеу салды. 1996 жылы 27-і қыркүйекте Кабулды басып алып, Ауған ислам әмірлігін құрды. Тәліптер 1998 жылы Мазар шәріпті басып алғанда, солтүстік альянстың қолбасшысы, Панджемір арыстаны атанған Масут Шах аралыққа жүріп, өзіне премьер министр қызметін ұсына келген елшілерге бас киімін лақтырып жіберіп: «Осы доппамдай жер қалғанша күресемін, өйткені біздің көзқарасымыз түбірінен ұқсамайды. Ауған ислам әмірлігінің барлық тәртібіне қарсымын», - деген еді.

2001 жылы қыркүйектің 9-ы күні журналист болып жасанып келген жанкешті жағынан өлтірілді. Іле-шала тәліптер Бамьян шатқалындағы II – V ғасырлардағы алып Будда ескерткіштерін талқандап, әлемдік өркениетке өлшеусіз зиян келтірді. Мұның соңы Нью-Йорктағы «11-қыркүйек» оқиғасына жалғасып, Аль-каида ұйымының атаманы Усама Бен Ладен тәліптерге келіп паналады. АҚШ террористерге пана болған әмірлікті қатаң жазалап, тау-тасқа қуып тықты. 2003 жылы АҚШ пен НАТО күштері ауғанға басып кіріп, Хамит Карзайды сайлау арқылы билікке алып келеді. Тағы да тарих қайталанды. АҚШ әскери күшпен бір мезгіл тыныштық орнатқанымен тау-тасқа барып бекініп алған талибанды түп тамырымен құрта алмады. Ауғанда жиырма жыл әскер тұрғызу АҚШ-қа оңай түскен жоқ. Сана-сезімін, діни наным-сенім жаулап алған, ешқашан бастары бір қазанда піспейтін, мемлекеттік санадан гөрі тайпалық сананы құнды көретін, биліктің үш бұтағын айқындап, заңға жүгініуден гөрі тайпа көсемі мен моллаға көбірек сенім артатын, құрал ұстағандардың тоқсан пайызы сауатсыз елде жас сарбаздарының басын бәйгеге тігіп, өркениетке жақындатудың мүмкін еместігіне құрама штаттың билігі әбден көзі жеткен сияқты. АҚШ қазір жоғары технология мен әлемді шырмауықша шырмаған ақпарат кеңістігіне сүйене отырып көзге шыққан сүйелдей болған жауларын жер шарының кез-келген нүктесінен жоя алатын деңгейге жетті. Сондықтан да бөтен елде әскер ұстаудың қажеті азайып барады. Бұл соғыста 2448 сарбазынан айырылып, 20772 жауынгері жарақат алды. Жалпы соғыс шығыны 2.26 триллион АҚШ доллар болды. Бұл дегеніміз армияның әр күнгі шығыны 300 милион доллар деген сөз. Аш пәледен қаш пәле деген осы шығар. Ауғандардың мақалына жүгінсек «ағайынды екеуіміз немере туысты орнына қойдық, немере туыс үшеуіміз жатты жалпасынан түсірдік, ешкім қалмағанда өзара қырылыстық». Міне, осыдан-ақ, ауған халқының «жауынгерлік қуатын» түсінесіз.

Бұл соғыста жеңімпаз жоқ сияқты. Қырғын, аштық, босқын тарихта таңба болып қалды. Екі ғасырдан бері «империя молласы» атанған бұл өңір жаралғалы, басына ноқта түспеген халық емес, буддизм мұраға қалдырған пұттар ел есінен әлі көтерілген жоқ. Арийлер бұл жұртты бағындырып, парсы тілін мұраға қалдырса, арабтар ат ойнатып ислам дінін мұраға қалдырды. Ғұндар келіп тұлпарын суарып, қайқы қылышын жарқылдатты. Гректерде жәй адасып келген жоқ. Шыңғысханның атты әскері де жайпап өте шыққан, Бабыр бабамыз Бадақшанды басып өтіп, Үнді мұхиттың жағасынан бірақ шыққан.

Бұл «молланы» АҚШ-та жиырма жыл жалынан сипап, арқасын қағып көрді. Бірақ нәтижесі мынау. Қайта шапқан жау жаман десең де Талибан етек-жеңін түріп қайта оралды. Осындайда «халқы қалай болса көсемі де солай» деген батыс тәмсілі еске түседі. 2021 жылғы халықтың ішкі өнімі әрең 500 $ құрапты. Екі ғасыр алдындағы  апиын соғысы кезіндегі Қытайдың ішкі өнімі 600 $ болған екен. Бүкіл өркениет әлемі айыптап отырған оны десең, Талибанның саяси платформасына кірген коррупцияға тоқтау бола ма? Шетелден келген соншама гуманитарлық көмек, қазба байлықты игеріуге тартылған инвестиция милитаристер мен ақсақал, моллалардың жемсауына түсе бере ме? Бүкіл халықтың санасына сәуле түспесе, дүние танымы өзгермесе, баяғы жартас сол жартас болып қала бермей ме?!

Ойын қайта басталған осы жирма жылда халқы миллиардтан асатын Қытай мен Үндістан Ауғанстанда табылған қазба байлыққа ең көп қаржы салуға ұмтылыс жасағаны айтылып жатыр. Сақалдары беліне түскен талибан көсемдері Пекин мен Мәскеуді бір-бір айналып шығып, ДАИШ пен Шығыс Түркістан террористеріне ауғанда орын жоқ екенін бірнеше мәрте қайталап айтты. Тәліптер Қабулды ала сап, Индия азаматтарына қысым жасап, тұтқындай бастады. 26 қыркүйектегі Кабулдағы жанкешті жасаған екі жойқын жарылысты ДАИШ өз мойнына алды. Орта Азиядағы елдерді бауырына басқан орыс ісімен де, сөзімен де өз ықпал көлеміне ешкімнің тұмсығын сұқпызпайтынын айтып, айбаттанып қояды. Мирасқор механизмін қалыптастырып үлгірген Түркімен мен Тәжіктің жаны мұрнының ұшында тұр. Өзін Ауған билігінің заңды жалғасы деп жәриялаған вице президент Амиролла Салих Панджемір шатқалына барып солтүстік альянсстың көсемі Масуд Щахтың ұлы Ахмед Шахпен бірікті. Пакистан Талибан үкіметін мойындауға даяр. Ал Қытай Таліптерге кет ары болмаса, Үндістан ата жауы Пакистанға қарама-қарсы жұмыс жасары сөзсіз. Енді құрылған қақпанға Азиялық екі алып түсе ме түспей ме? Әлде Тәліптер Қытай коммунистері сияқты соғыстан қажыған Ауғанды күшпен біріктіріп, милитаристерді орнына қойып, біріккен әмірлік құра ма? Әлде этносаралық жанжалдың көкесі басталып, тәжік, өзбек, түрікмен этностары Орта Азияға лап қойса не істейміз?  Тәжік пен Өзбек өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап тыныш кетіп, әсіресе, радикалдар орайлы сәтті күткелі қашан. «Бостандық аралы» атанып саяси, экономикалық реформалардыт сәтті бастаған Қырғыз қызды-қыздымен Манас әуе жайын АҚШ армиясына жалға бергеннен бастап тынышы кетіп түрлі-түсті төңкерістен көз ашпады. Еліміздің оңтүстік, батыс аймақтары да дін атын жамылған тәуекелшілдер мен орайшылдардың базары жүріп тұрған сияқты. Комсомалдан шыққан ауыр салмақтағы саясаткеріміздің зейнетке шыға сап, Сауды арабиядан белгі беріуі ненің сигналы? Сақалдылардың Парламент төрінен вакцинаға қарсы тұруы, хиджаб дауын қыздыра түсіуі, қысқа балақтылардың пандемия кезіндегі шектеуге ашық қарсы шығуы бізді ойландырса керек. Әсіресе, Ауғанның, Иранның өткен ғасырдан бергі тарихы мен тағдыры ешімді бей-жай қалдырмағаны жөн. Е.Карин бастаған саясаткерлердің «Жусан» операциясы өз өнімін беріп жатыр. Бірақ «Асыл» арнаның мемлекеттік меншікке қайтарылуы, Абу-Даби плазаның Қазақстан плаза атануы, Хусейін бен Талал даңғылының Ұлы Дала даңғылына айналуы санаға дендеп еніп, тез жайылған удың бетін толық қайтаруы мүмкін емес. Жан санымыздың 70% пайызға жеткенін қанағат қылумен бірге біздің де менталитетіміздің Азиялық екенін, дәстүр-салтымыздың шектеулерін, отарлық езгінің қалтырған зардабын ұмытпағанымыз жөн. «Ақымақ өз қателігінен сабақ алса, ақылды өзгенің қателегінен сабақ алады» деген нақыл кәперімізде болсын.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

24 пікір