Жұма, 19 Сәуір 2024
Араша 3670 5 пікір 2 Қыркүйек, 2021 сағат 13:44

Түркістандықтар Президенттен көмек сұрайды

Түркістан қаласының Шілдехана көшесінің тұрғындары президент Қ.К.Тоқаевтан көмек сұраған үшбу хатын Abai.kz ақпараттық порталының поштасына жолдаған екен. «Abai.kz» ақпараттық порталы - еркін ақпарат алаңы. Ұлт мәселесі мен қоғамда болып жатқан жайттарға үн қосып, пікір білдіруге әркім қақылы. Біз Түркістандықтардың жанайқай мәселесін портал бетінде жариялағанды жөн көрдік. 


«Заң бойынша түгел құжаттардан өткен, жеріміз бен үйімізді алып қоймақшы» деп шырылдаған тұрғындардың жанайқайын тыңдар мекеме болмай тұр. 2006-2008 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының шет жағы саналатын, Яссы ауылдық округінен бірнеше адам жер сатып алады. Ал біразы әкімдіктен өзінің кезегімен алады. Ол кездегі баға әрине қазіргіден басқа еді (тиын тұратын еді), 2018 жылдан бастап облыс орталығына айналғанда аталмыш ауыл облыс орталығына айналып, Түркістан қаласы құрамындағы Отырар ауданына өткен. Қаланың орталық көшесіне таяу тұрған, Жібек жолы саябағының қасындағы Шілдехана көшесіне 2020 жылдан бастап  көз алартушылар аяқ-асты көбейіп кеткен. Түркістан облысы жер инспекциясы басқармасы талапкер ретінде,  тұрғындарды «құжаттары дұрыс емес» деп,  сотқа сүйреп жүр. Сотқа шақыру алған тұрғындар құжаттардың толық екендігіне қарамастан, тек архивке өтпеген деген желеумен жерлерінен айырылып келеді. Сондай тұрғынның бірі Ләззат Малдибекова.

2008 жылы 10 соттық жерді сатып алған, үш баланың анасы Ләззат Малдибекова құжаттарының барлығын реттеп, жыл сайынғы салығын да уақытылы төлегенін айтады. 2020 жылға дейін жан баласы мазаламаған Ләззат тұрған жеріне 15 млн қаражат жұмсап, екі қабатты үйді 10 жыл тірнектеп жинаған қаражатына салған. «Госактіде» дұрыс, кадастрлық нөмірде мәселе жоқ,  «юстициядан» тіркеу берілген, «базадан» шығып тұрған үйдің әуресі енді басталған. 2020 жылдан бастап жер бөлімінен мамандар келіп, «құжаттар архивке өтпеген» деген уәжбен сотқа шақырған. Бүгінде екі қабатты үйдің қасынан алып қойған, Ләззат Малдибекованың ұлының атына берілген жерге қатысты «қайта құжат жасатыңыз» деген сот шешімі шыққан. Осылай сотқа сүйрелген бірнеше тұрғын, «құжаттар дұрыс емес қайта жасауға бір ай уақыт береміз» деген, соттың шешімімен қайда барарларын білмей, сандалып қалған. Себебі комисия мүшелері қайта қаралуға берген жерлерге құжат мүлдем жасап жатқан жоқ.

Ләззат 10 жылға жуық жүріп салынған үйінен айырылып қаламын ба деп уайымдайды. Құрлыс заттары қымбаттаған мына заманда үй соғу да оңай емес.

Болат Айменов, Түркістан қаласының тұрғыны:

- Бұл мәселенің туындап жатқанына үш жыл болды, біздің мынау салынып тұрған мүлкіміздің (Түркістан қаласы, Шілдехана көшесіндегі үй) «легализацияларын»  «фалшывый» деп жатыр. Жалған дегенде  бұл заңдастыруларды біз істеген жоқпыз, өз уақытында сол мемлекеттік мекемелер берген. Арада 14 жыл өткесін білмеймін ғой, қандай оймен екенін, соны қазбалап-қазбалап ішінен сол архив дегенге тиісіп жатыр. Кентауда мұрағатта шешімнің (решенияның) түбірі бар, бірақ, жаңағы «легализацияның» көшірмесін архивке өткізбеген. Оны архивке сол мекеменің өздері өткізу керек, оған біздің қатысымыз қанша?.. Соған байланысты біздің құжаттарымызды қатырып (заморозит) қойған. ХҚО тіркеуге алмайды. «Госакті» бар, эскиздық техпаспорт та бар, құжаттарды 100 пайыз жергілікті ХҚО-дан алғанбыз. Басында осындай мәселесі бар біреуге 8 млн берген, кейін біз бұл ақшаға жер ала алмайтынымызды айттық.  Сотқа біртіндеп шақырып, легализацияның күшін жойып жатыр, қазір менің 4 көршімнің құжаттары солай  жарамсыз боп тұр.

2006-2008 жылдары  комисия мүшелерінің қатысуымен, әкімінің шешімімен, заңды құжаттарын жөндеп алған Шілдехана көшесінің  тұрғындары кімнен көмек сұрарларын, тұрып жатқан баспаналарының құнын кімнен сұрарларын білмей дал.

Түркістандағы негізгі Б. Сатарханов даңғылының бойында тағы дәл осындай күйді кешкен тұрғындар бар екен. Керуен сарайға жетпей, жол бойында біршама жер үйлер болған-мыс. Дәл осы әдіспен жерлерінен айырлаған тұрғындарға басқа жерден үй берілген-берілмегеннен хабарсыз. Бірақ, ол жерге екі қабатты үйлер салынып жатыр, қарапайым халықты жылы жерінен жылжытып жіберіп, жәй адамның қалтасы көтермейтін бағадағы үйлерді соғу кімнің пәрмені екен...


ӘКІМДІК ЖАУАБЫ

Осы ретте Түркістан қаласы баспасөз қызметінен Шілдехана көшесінің болашақтағы бас жоспары жайлы сұрағымызға төмендегідей жауап алдық.

«ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 25 қарашадағы №793 қауылысымен Түркістан қаласының бас жоспары бекітілді. Аталмыш жер телімі орналасқан аумақ, Түркістан қаласы әкімдігінің 30.12.2020 жылғы №2116 қаулысымен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына функционалдық аймақтарды салудың қала құрлысы регламентіне сәйкес, 3-5 қабатты тұрғын үй аумағы (Ж-2), 6-9 қабатты тұрғын үй аумағы (Ж-3), білім беру мекемелері аумағы

(С-1), қоғамдық аймақ аумағы (С-2), қалалық саябақтар мен гүлзарлар үшін ортақ пайдалану (Р-1), көлік инфрақұрылымы (Т-1) қарастырылған». 

Бас жоспардағы 3-5 қабатты котедждер, 6-9 қабатты тұрғын үйлер кімдердің қалтасын қампитары белгісіз. Белгілісі тұрғындар біртіндеп үйлері мен жерлерінің құжаттарынан архивке өтпеген деген сылтаумен сот арқылы айырылып келеді. Тұрғындар: «Соңғы үмітіміз ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлында, Сол кісі көмектеспесе, жергілікті әкімшіліктен қайыр жоқ», - деп отыр.

Аида Қожмамбетова

Abai.kz

5 пікір