Жұма, 29 Наурыз 2024
Осы ғой енді... 8966 5 пікір 2 Қыркүйек, 2021 сағат 12:31

Бюджеттің миллиардтары: Есебін кім береді?

Біздегі ешқашан емі табылмай жүрген «аурудың» бірі - бюджет қаржысын өз әкесінен мұра болып қалған мол қаржы көріп, оны ешбір есепсіз, оңды-солды жұмсай беру. «Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа» болмаған соң, бұл «сырқат» біздегі биліктің барлық сатысына жұққан. Әсіресе, облыстың әкімдері мұндай «мырзалық» танытуда алдына жан салмайды...

Бұл негізінен еліміздің кәсіби спортына қатысты мәселе. Еліміздің беделі тек спорттың осы түрінен ғана танылып, аты шығады деп ойлайды ма екен, кім білсін, бұл саладағы жұмсалып жатқан миллиардтаған теңгенің обалы туралы ешкім басын қатырған емес. Қайта, бюджет ақшасын бей-берекет шашуда бірімен-бірі бәсекеге түсе ме деп ойлап қаласың.

Енді жақында ғана осы саладағы тағы бір былықтың беті ашылып, ертеңін ойламайтын «Атымтай жомарт» есебінде тағы да әлемге күлкі болдық.

«Sports.kz» сайтының ФИФА-ның ресми сайтына сілтеме жасай отырып хабаралауына қарағанда, Қазақстанның футбол клубтары трансферт бойынша адам айтқысыз қып-қызыл шығынға ұшырапты. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде еліміз шетелдерден 989 футболшы сатып алған. Ал қайта сатқандары 636 спортшы. Бұған бас-аяғы 29 клуб қатысқан. Егер ақшаға шақсақ, талай қызыққа батады екенбіз. Қазақстанның клубтары әлгіндей ойыншыларды сатып алуға 34,1 миллион доллар жұмсаған да, ал тапқан пайдасы небәрі 6,4 миллионды құрап отыр. Таза шығын анау-мынау емес, тұп-тура 27,7 миллион долларға бір-ақ жеткен.

Ал енді мұны өзгелермен салыстырып көрелік. Біз сараңдық танытып жатпай-ақ, жоғарыда айтқандай 34,1 миллионды сөзге келместен бере салдық. Ал британдық клубтар болса, оған небәрі 12,5 миллион ғана жұмсаған. Нидерландықтар болса, футболшыларын шетелдерге сатуға келгенде өзгелердің барлығын да шаң қаптырып кетті. Олар бұл бизнестен тапқан таза пайдасы - 2 миллиар доллардан асып кеткен. Міне, мықты есепке құрылған үнемшілдік деген осы.

Жалпы, осы кәсіби спортқа бөлінетін қаржыны барынша азайтып, оның орнына бұқаралық спортты дамыту қажеттігін еліміздің президенті Тоқаев мырза талай айтты да. Алайда облыстарда өздерін «жарты құдай» санайтын әкімдер мұны құлақтарына да қыстырған жоқ. Мәселен, өзгесін былай қойғанда біздің Қостанайдың «Тобол» футбол командасы еш уақытта қаржыдан таршылық көрген емес. Биыл да оның жылдық бюджеті 3 миллиард теңегеге жуықтап қалды. Оның үстіне, оларға тағы да қосымша 600 миллион теңге бөлінетіндігі туралы тендер жарияланып отыр.

Ал енді біздегі бұқаралық спортқа келер болсақ, оның жағдайы мүлдем мәз емес. Мәселен, облыс орталығындағы балалар мен жасөспірімдер мектебінің 115 баласы жеңіл атлетикадан жаттығу жасайтын орын болмағандықтан, осындағы №7 орта мектептің аядай ғана жертөлесін паналауға мәжбүр. Қыста қапырық, іші еш уақытта желдетілмейтін, әбден ескірген, аядай жерде жаттыққан балалардан бір нәтиже күту де қиын. Ата-аналар тиісті мемлекеттік органдарға неше рет арыз жазса да, оған көңіл аударып жатқан ешкім жоқ. Бұл бір ғана факті. Ал жалпы жеңіл атлетикадан басқа, велоспорт, триатлон, пауэрлифтинг, кикбоксинг секілді спорт түрлерінен өздерінің жаттығатын орынның жоқтығынан, олар әртүрлі ғимараттарды жалға алып, амалдап жүр.

Мұндай мәселелерді шешеуге жергілікті спорт басқармасының ешбір мүмкіндігі жоқ. Олардың айтуынша, жеңіл атлетикалық манеж салуға бірнеше миллиард теңге керек көрінеді. Мемлекеттік жеке-меншіктік серіктестік шеңберіндегі жобаларға қатысуға инвесторлар да ниет білдіре қоймайтын көрінеді.

Шындығында, мұнысы жай ғана шығарып салмалық сылтау ғана. Әйтпесе, бұқаралық спортқа келгенде таптырмайтын инвестор да, мол қаржы да кәсіби спорт дегенде ылдам-жылдам табыла кететіндігін қайтерсің?.. Мәселен, бізде осыдан үш-төрт жыл бұрын 3,2 миллиард теңге тұратын «Тобыл-арена» жабық стадионы бой көтерді. Оның сыртында қазіргі таңда құны дәл осындай Мұз сарайының құрылысы да қарқынды жүріп жатыр.

Демек, мәселе қаржыда емес, ниетте екендігі белгілі ғой. Мінекей, бұқаралық спортты дамытуда шынайы жанашырлық жетіспегендіктен бұл сала әбден ақсап тұр. Оның бой түзеп кетері жақын болашақта байқала қоймайды.

Жайберген Болатов

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2272
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3585