Жұма, 19 Сәуір 2024
Билік 4418 3 пікір 31 Тамыз, 2021 сағат 13:14

Ақорда: Ермекбаев қызметінен босатылды

Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі ресми парақшасында хабарлады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың қызметтен босату жөніндегі рапортын қарастырып, оның өтінішін қабылдады», -деп жазды Берік Уәли.

Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан кейін қазақ қоғамы, Қазақстан қоғамы ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың отставкасын талап еткені белгілі. Бұл туралы егжей-тегжейлі жаздық.

Министр Нұрлан Ермекбаевтың өзі де БАҚ-қа екі мәрте пікір білдіріп, доғарысқа кетуге әзір екенін, бірақ шешімді Жоғарғы Бас қолбасшы қабылдайтынын айтқан.

Бірінші жолы:

«Менің қазіргі басты міндетім жарылыс салдары мен зардабын жою, ал отставкаға келетін болсақ, жарылыс жайлы ақпарат алған сәтте-ақ, отставкаға кету жайлы шешім қабылдадым. Мен отставкаға беремін, шешімді жоғары жақ қабылдайды», - деді.

Ал екінші жолы:

«Бір жағынан "министр кінәлі" деп айту - надандық. Өйткені сауатты адамдар біледі, Қарулы күштер ол - кіші мемлекет деп айтуға болады. Барлық жүйелер бар, Қарулы күштердің ішінде. Білім беру жүйесі, денсаулық сақтау жүйесі, жауынгерлік даярлау, солдаттарды үйрету... Бұл өте күрделі механизм. 

Әрине, бір адам бәріне қарап, қадағалау өте қиын. Бірақ, бізде сондай бір қағида бар. Бірінші жетекші бәріне жауап береді. Сол сияқты мен кінәсіз болсам да, жеке өзім жазықсыз болсам да, мен бәріне жауап беремін.

Оның үстіне офицерлік, генералдық ар-намыс деген ұғым бар. Соған сәйкес, мен әрине, отставкаға беремін. Отставка сұраймын. Бірақ, Жоғарғы Бас қолбасшы және мемлекет басшылары қандай шешім қабылдайды, оны мен айта алмаймын», - деп сөйледі.

26 тамыз күні Жамбыл облысындағы Байзақ ауданында орналасқан әскери қоймадан өрт шығып, арты жарылысқа ұласқан. Шетін оқиғадан 15 адам қаза тауып, жүзге жуығы түрлі дене жарақаттарын алған. Президент Тоқаев шұғыл жиын өткізіп, арнайы комиссия құрылған. Ал 29 тамызды Жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялаған.

Abai.kz

3 пікір