Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Деп жатыр 24434 13 пікір 24 Тамыз, 2021 сағат 16:24

Президентке хат: «Кеген ауданының әкіміне сенбейміз»

Халық қордаланған мәселелерді шешпей отырған Талғат Байеділовты қызметінен алып, жаңа әкім тағайындауды сұрайды.  

Алматы облысы, Кеген ауданының 500-ге жуық тұрғыны аудан әкімі Талғат Баеділовке сенімсіздік вотумын жариялап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазды. Аталған үшбу хат пен сенімсіздік вотумын Abai.kz ақпараттық порталының электронды поштасына да жолдаған.

Тұрғындардың өкілдері Алматыға арнайы келіп, хатты қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанға тапсырған. Хатты қабылдап алған белсенді халықтың өтінішін Президент әкімшілігіне жеткізетінін хабарлап, тұрғындармен бірге әлеуметтік желіде тікелей эфирге шықты.

Хатқа қол қойғандардың пікірінше 2018 жылы Кеген ауданыны қайта құрылғаннан бері аудан әкімі Талғат Баеділов халықтың сеніміне ие бола алмаған.

Тұрғындар: «90 пайыз экономикасы ауылшаруашылығына тәуелді ауданға бұл саланы түсінбейтін адамның әкім болып отыр. Әкім халықпен диалогқа келуге тырыспайды, халықтың және мемлекеттік қызметкерлердің пікірімен санаспай, авторитарлық режимді ұстанды, аудан басшылығының жұмысында ашықтық жоқ, дөрекілігі мен халықты басқара алмауы, билік пен халық арасында жік тудырды, халық арасындағы ең өзекті мәселе – жер мәселесін дұрыс шеше алмады», - деп отыр.

Хатқа қол қоюшылар мәселенің дені осы жерден шығып отыр дейді. Ең шұрайлы жер телімдері инвесторларға сатылып кеткендіктен мал жаятын, шөп шабатын жер таппай отыр.

«Ол жердің бірқатары заңды, бірқатары заңсыз берілген. Алайда аудан, облыс деңгейінде мәселе шешімін таппай отыр. «Казмясо» деген компания 14 мың гектар жерді қоршап алған.  Инвестор деп аталғанымен, инвестиция салып отырған жоқ. 10 адамға жұмыс беріп, мың адамды жерден айырып жылатып отыр. Аудан билігі аталған компанияға қолдау білдіріп, халыққа қараспайды. Облыс, аудан басшылары, Нұр-Отан партиясының өкілдері аузымызды жабуға тырысады. Сондықтан, аудан әкіміне сенімсіздік вотумын жариялаймыз. Аудан әкімі өзінің жұмысына шамасы жетпейді. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Президент әкімшілігінен, құқық қорғау органдарынан комиссия жіберіп, халыққа көмектесуді сұраймыз», - дейді аудан тұрғыны Мақсат  Нүптекеев.

Бұдан бөлек ауданда Сырт, Тақия төбе, Таңбалы тас, Тұйық, Шырғанақ, Бөлексаз, Алғабастың Далашық  жайлауларындағы жер де жекеге сатылып, халық пайдалана алмай отырғанға ұқсайды.

«Құр Қарқара мен Жел Қарқара жайлауларының орталығынан арық тартып, оған үлкен көлемдегі каналды сол жерде орналасқан өзенді бұрып алмақшы. Егер осы жағдай орын алатын болса, онда болашақта экологиялық апат орын алады. Жерге қатысты мәселе тек бұл ғана емес, инвесторлар мен олардың қамқоршылары жер жекеменшігіміз деп білгенін жасауда. Ал әкімдер болса соларды қолдап отыр», - дейді тұрғындар.


Ашық хат

Қазақстан Республикасы Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

Көшірмесі
 Мұхтар Болатханұлы Тайжановқа

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Үстіміздегі 2021 жылы қуаңшылық зардабы дендеп тұрған кезде, жергілікті тұрғындарға шабындық жер қажеттілігі туындады. Осы қажеттілікті шешу мақсатында бұрын Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандары халқының қажеттілігін толық қамтамасыз ететін жерлерге, яғни жайлаудағы шабындық жерлерге (Тасбұлақ, Мыңжылқы, Шайтансай, Таңбалы тас) барғанда ол жерлерді ЖШС «КазМясо» толық иемденіп, қоршап алғаны анықталды. Осы жерлердің ішінде 4,0 мың гектар жерді кезінде ЖШС «Ажар» сатып алған. Ол жерлерді ЖШС «Ажар» шетел азаматтарына (арабтарға) заңсыз сатып жіберген, кейін заң қызметкерлерінің араласуымен арабтардан қайтып сатып алған. Алайда, бұл жерлерді пайдаланбай, 3,0 мың гектар жерін ЖШС «КазМясо-ға» сатқан. Ал ЖШС «КазМясо»  4,0 мың гектар жерді толық қоршап алып, ешкімді кіргізбей отыр. Сондай-ақ,  мына төмендегі мәселелер де шешілмей отыр.

Қырғызстан Республикасымен шекаралас жерлер де күмән келтіреді, сондай-ақ, шекарадағы бейтарап (нейтральный) жерлер де жеке адамдарға сатылып кеткен фактілер де үлкен мәселе туғызуда.

Ауданның Сырт, Тақия төбе, Таңбалы тас, Тұйық, Шырғанақ, Бөлексаз, Алғабастың Далашық  жайлауларындағы кейбір жерлер жеке адамдарға беріліп кеткен фактілерін анықтап, аудан халқына қайтарып, ортақ пайдалануға шығарып беру мәселесі де өткір болып отыр.

Орман қорындағы жайылымдық жерлерді шаруаларға, серіктестіктерге, жеке адамдарға ұзақ мерзімге емес бір жылға беру мәселесі де шешілмей отыр.

Ірі-ірі жерлерді иемденгендер жермен жұмыс істемей, өз малдарын өсірмей, тек жалға, субарендаға беру фактілері де шешілмеген.

Ақсай, Ұзынбұлақ, Жылысай аумағындағы жерлердің экологиялық зардап шеккенін анықтап, оған шара көру мәселесі де шешілмеді.

Ауданға келген инвесторлар аудан халқына экологиялық қауіп төндіруге дейін баруда. Мәселен, Бөлексаз ауылыдағы «Meat Prossesing and Servise» ЖШС-ның мал бордақылау алаңында мал өлекселері дер кезінде алынып тасталмай, өздеріне ыңғайлы уақытта ғана тазалайтын фактілері ауаны ластап, халықты зардап шектіріп отырғаны белгілі. Ауыл халқы сол мал бордақылау орнынан шыққан жағымсыз иіске наразылығын білдіруде. Сондай-ақ, Қытай инвесторларының қарамағындағы Тұйық кен орнында туннельдер өткен ғасыр технологиясымен, өте қауіпті жағдайда пайдаланылуда. Оны тексерген облыстық еңбек инспекторының дабылы аяқсыз қалды.

ЖШС «КазМясо-ның»  айдалмалы жерге мал жайып қана қоймай, шабындыққа да мал жайып жүрген фактілеріне ешкім шара қолданбай отыр. Бұл серіктестіктің заңды Мемлекеттік актісі бойынша  2944,41 гектар, сатып алған 3,0 мың гектар, барлығы 5944,41 гектар жері бар. Алайда ол 20,0 мың гектар жерді қоршап алып, пайдалануда. Нақтысы беймәлім, аудан халқының талабы осыны анықтау болып отыр.

ЖШС «КазМясо» тарихи құнды қорымдарды да қоршап алып, соқамен жыртып, ел тарихы құндылықтарының жойылуына да жол беріп отыр. Ал, оған шара көру ешкімнің қолынан келмейді, себебі оларға ешкімді жолатпайтын жоғарыдан қарап отырған күштер бар деген қауесет ел арасына тарап, бұл мәселе шешімін таппай, ел наразылығын тудыруда.

Ауданға келген инвесторлар өз міндеттерін орындамай отыр:

Қуаңшылық уақытында «Казмясо» ЖШС өздері пайдаланбай отырған жерлерді халыққа маусымдық шабыс ретінде беруден бас тартып, диалогқа келмеуде;

Құр Қарқара мен Жел Қарқара жайлауларының орталығынан арық тартып, оған үлкен көлемдегі каналды сол жерде орналасқан өзенді бұрып алмақшы. Егер осы жағдай орын алатын болса, онда болашақта экологиялық апат орын алады. Сол жайлауларды мал бағатын шаруалардың жағдайларын қиындатады;

Аудандағы жер пайдалану мәселесі Заң жүзінде ойдағыдай атқарылмай отырғаны аудан халқын алаңдатуда. Осы жағдай дұрыс шешемін таппаса, салдары халыққа да, мемлекетке де қиындық тугызуы мүмкін.

Сондықтан жоғарыда көрсетілген мәселелерді түбегейлі шешу қажет. Халық аудан әкімінің осы жағдайларды шеше алатынына сенбейді. Осыған орай билікке, яғни республика, облыс, аудан билігіне бағынышты емес, өз қадағалауыңызбен ғана жұмыс атқаратын тәуелсіз комиссия жіберуіңізді сұраймыз.


Редакциядан:

«Abai.kz» ақпараттық порталы - еркін ақпарат алаңы. Ұлт мәселесі мен қоғамда болып жатқан жайттарға үн қосып, пікір білдіруге әркім қақылы. Мақала редакция ұстанымын білдірмейді. Жоғарыда аттары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге мүдделі болса, олардың да пікірін жариялауға әзірміз.

Abai.kz

13 пікір