Жұма, 29 Наурыз 2024
Көршінің көлеңкесі 7378 18 пікір 24 Тамыз, 2021 сағат 15:21

Тіл дауы: Қазақстанға қауіп төнді!

Ана тіліміздің жанашыры, белсенді Қуат Ахметов еліміздің бірнеше қаласында мемлекеттік тілдің хал-жағдайын анықтауды мұрат еткен «тіл патрулі» деген шараны өткізгеннен кейін көршіміз жерден жеті қоян тапқандай, баяғы сол пәле іздеген ұлыдержавалық шовинизм ауруына басып, «Ойбай, Қазақстанда орыс тілділерді қудалдап жатыр» деп, Қазақстаннан бұл «бейбастықты» дереу тыюды қатаң талап етті. 

Обалы не, біздің билік те мұны сағыздай созбай, жеделдете үн қатты. Еліміздің Президенті әкімшілігінің бірінші орынбасары Дәурен Абаев мырза салғаннан-ақ, мұны «үңгірлік ұлтшылдыққа» бағалап, олар заңға сәйкес жауапқа тартылатындығын айдай әлемге жар салды.

Әрине, мұны дипломатиялық дәстүрмен «өкінішке қарай, қай елде де кездесіп қалатын «тұрмыстық ұлтшылыдық», біз мұны жауапсыз қалдырмаймыз» деп, сыпайы ғана жауап беруіне болар еді. Амал не, «болары болды, бояуы сіңді». Енді айт не, айтап не, той өткен соң, даңғыра.

Ал енді біз болсақ, «ақталып болдық, қанағаттанатын жауабын бердік, осымен мәселе тынған болар» деп ойладық. Оның үстіне Ресейдің де Сыртқы істер министрлігі біздің өз «кемшілігімізді» мойындағанымызға «үлкен қанағаттылық» танытыпты.

Кім болса, соған сенгіш халық емеспіз бе, қай елде де кездесіп қалатын мұндай ұсақ-түйек дүниеге нүкте қойылған шығар деген ойымыз мүлдем қате болып шықты. Ресейдің шовинстері бұл тақырыпты үлкен бір науқанға айналдырып, Қазақстанды тағы бір нұқып қалуды мақсат тұтқан сыңайлы.

Өткенде You Tube-та Романов деген блогер осы тақырыпты жеріне жеткенше қаузап, «Қазақстанды таза ұлтшылдар мекені, онда орыс тілділердің құқығы үнемі бұзылады» деген сарында байбаламға салып, бір дүрліктірді.

Жә, мұны қатардағы бір хайп құмар блогердің кезекті бір сандырағы дегенге саялық. Алайда мәселенің үлкені алда екен. Еді бұған атынан ат үркетін мықты бір қауымдар қосылыпты. Жақында ғана нақтырақ айтқанда, күні кеше ғана яғни 23 тамызда «RT на русском» деген арнасында Ресей офицерлері Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, үндеу жариялап, Қазақстандағы орыстілді азаматтарға шабуыл жасаған кінәлілерді жауапқа тартуға шақырыпты.  (Орысшасы тіпті қатаң естіледі. «Офицеры России» обратились к президенту Казахстана Касыму-Жомарту Токаеву с просьбой привлечь к ответственности виновных в нападениях на русскоязычных граждан республики).

Бұл үндеуде «Ресей офицерлері» қоғамы президиумының төрағасы, Ресей батыры Сергей Липовой дегеннің ТАСС агенттігіне: «Кейінгі кездері бірқатар БАҚ пен қоғам ішінде Қазақстандағы орыстілді азаматтарға шабуыл жасау мен ұрып-соғу секілді шектен шыққан бірнеше жағдайды қызу талқылауда. Жәбірленушілер мен куәладрдың айтуынша мұндай қылмыстар ұлттық және діни негізде жасалған» деп, ешбір дәлелсіз, ешбір фактісіз үзілді-кесілді түйін жасайды. Және осы арандатушылық сөздерін анау-мынау емес, Президенттің өзіне жолдайды. Демек, өздерін қатардағы қоғам емес, Ресейдің күш-қуаты асып-тасқан қарулы күштерінің қатарына қосатын секілді. Сірә, олар үшін қазіргі таңда Дүниежүзін дүрліктіріп жатқан Ауғанстандағы тәлібтер емес, Ресей үшін аса қауіпті жау біздің елдегі аты-жөні белгісіз фашистерге бергісіз «ұлтшылдарымыз» секілді.

Енді бұдан кейін мұны тәуелсіз елімізге жаңадан бір қауіп төніп келе жатқандығының айқын белгісі демеске лаж жоқ.

Жайберген Болатов

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1575
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3577