Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Әдебиет 8430 11 пікір 19 Тамыз, 2021 сағат 13:26

Сүйінбай мен Қатағанның айтысы турасында...

Интернет желілерінен осы айтысты ерекше шабытпен жырлағандарды жиі көріп қалам, солардың көп сөздеріне күле қараймын да... Неге дейсіздер ғой, онда өздеріңіз де зер сала қараңыздар, әлхисса, әлгі «шабыттанғыштар» сөздерін былай бастайды: «...1847 жылы қырғыздың белгілі манабы Орманхан шешесіне ас беріп, соған Тезек Төре, Бөлтірік шешен, Сүйінбай ақын барған екен. Асты патшадан шен алған Қара Бәйтік басқарып жүр екен...Сүйінбайға ботам депті...Әй Тезек, ана аққұба бала Сүйінбай емес пе...Тезектен бұрын сөз бастапты...Қазақтар алдында орыстың генералын өлтіріп, бес мың әскерін қырып тастапты...Сүйінбай булығып қалғанда Бөлтірік, әй төрем, не Сүйінжан сөз таппай отыр дейсің бе, қане айта ғой депті-мыс...», қойшы т.с.с. мыс-мыстар... Ең керемет-қызығы соған жауап-коммент жазғыштардың «бәрекелде, ата сөзі...аруағыңнан айналайын...» деп еліретіндері!

Айналайындар-ау, сәл ойланып сөйлесеңдерші! Бұл біріншіден ауыз әдебиеті, тарихи нақты сілтеме бола алмайды! Ол кезде ешкім де диктофон ұстап, камераға түсіріп алған жоқ, ұрпақтан ұрпаққа жырлаушылардың айтуымен жеткен, сондықтан көптеген қоспалардың болуы заңдылық та. Бірақ, оларды мүлде жоққа шығаруға да болмайды, өйткені әр аңыздың түбінде, бастауында бір оқиғаның тұрғаны анық, сондықтан халық сөзіне құлақ сала отырып, оны тарихи құжаттармен салыстыра зерттеген жөн. Сүйінбайдың нағыз жыр сүлейі екендігіне ешкім де күман келтірмейді, себебі, Жамбыл бастаған бір топ ақындар оны өздеріне ұстаз санап кетті емес пе!

Айтыстың алғашқы қағаз бетіне түскені үшін (1935), жинақтаған Ілияс атамызға рахмет айтуымыз керек! Онда Қатаған адам аты ма, ру аты ма, нақты жауап берілмеген және «қырғыз ырчысы ырласа, қырғыз, ал, қазақ жыршысы жырласа қазақ жеңді деп айтады» делінгені де бар. Қазіргі нұсқалары сол нұсқаның өзгертілген, өңделген, «шабыттандырылған» түрлері.

...Хош делік, қазіргі «айтқыштардың» басты қателіктеріне көз салып көрелік! Айналайындар-ау, біріншіден уақытқа қарасаңдаршы, 1847 жылы Кенесары, Наурызбай бастаған 2000-нан астам сарбаз сол жақта шейіт болып жатса, көптеген жігіттер, қыз-келіншектер тұтқын болып қолға түсіп жатса, қайдағы ас, қайдағы той!? Ол уақытта Ресейдің Қоқанды, Қазақ-Қырғызбен қосып жаулау соғыстары жүріп жатса, қайдағы шен-шекпен?

Екіншіден, қазақ-қырғыз,  ата салт бойынша, әйел адамға ат шауып, айтыс ұйымдастырып «Ас» бермейді, ондай астар жасы келген, сыйлы ақсақал адамдарға ғана арналады. Үлкен астар ел-жердің даулы мәселесін де келісіп шешетіндей мәмлеге ыңғайлыстырып жиын-съезд түрінде ұйымдастырылады.

Үшіншіден, Сүйінбай (1815-1898) жасы отыздан асқан жігіт ағасы болса, қайдан бала болады? Ол кезде отыздан асқан дегеніңіз орта жас деген сөз! Ондай жастағыларды бала деп жүргендер қазіргі мына жетіле қоймаған біздер!

Төртіншіден, қайдағы генерал, қайдағы бес мың орыс солдаты, ол кезде, Кенесары опат болған соң, біздің елдер өмір ағысынан қалып, ерлігін жоғалтқан халықпыз, мойындауымыз керек, жалған намыс қажет емес! Мысалы, бүткіл Ташкент қамалын алуға жасалған бірінші шабуылда 1550 солдат, ал, екінші қала құлаған шабуылда 1920 солдат пен казак-әскері қатысқан, ондағы бар шығын 25 солдат. Ойланып қойыңдар!

Бесіншіден, Тезек Төреге, яғни, дүйім елді басқарып алып барған басшыларына  «әй, өй...» деп, «қарамай бірінші сөз бастапты...» дегендер, ата-баба салтымызда жоқ, анайы-дөрекі мәдениетсіздік болар еді! Ондайға қазақ баласы ешқашан бармаған, бірдеме айтқанда, өзімізге, бар халқымызға келетін ұятымызды сақтай білейік!

...Үлкен астың да болғаны, онда Сүйінбай Қатаған-Арыстанбек ақынды жеңіп, жүлделі қайтқаны да рас болар, ел бекер айтпайды ғой, тек қана уақытына, айтылған сөздерге ойлы түрмен қараған абзал!

Меніңше, ондай ас қазақ-қырғыз арасы жақсарып, жалпы Орысқа толықтай бағына бастаған 1870 жылдарда өткен болар! Татуласуға да екі ағайындас ел әрқашанда ниетті ғой, сондықтан айтыста Кенесары-Наурызбай оқиғасы айтылуы мүлде мүмкін емес!

Біздің Алтынемел өңірінің шалдары да айтатын ол әңгімелерді, осыдан елу жыл бұрын естігеніміздің қысқаша нобайы былай: «...Кенесарыдан кейін бірталай уақыттан соң, қырғыз-қазақ өзара келісімге келу ниетімен Хан Тезекке «қырық жылдық жаулық жаулық болмас, екі елдің арасын татуластыралық» деп сөз салып, Шабден батырдың әкесіне (атасына) арналған үлкен асқа сауын айтып шақырыпты. Тезек Төре мақұл көріп, айтысқа Сүйінбайды, күреске бауыры Әкімбектің (Аблай-Құланның ұлы) Серғазысын алдын-ала шақыртып, әбден дайындапты. Алтын Емел еліндегі белгілі жүйрік «Арда күрең» түрікпен-Сыбанқұлдың аты екен, соны бапкер жағалбайлы-Төребай мен Сырғабай сыншы жаратыпты. Атының бәйгеден озып келуі дегеніміз, ол кезде кімге болса да үлкен абырой, атақ. Ол дегеніміз ханның абыройы деген сөз, өйткені, төре тұрғанда нақты шын ат иесінің есімі ондайда ауызға да алынбайды!

Атқа арнаулы киіз үй тігіліп, күзетші қойылады, оны көрген қырғыз сыншылары «Тезектің аты шын жүйрік, бірақ бәйгеден келер-келмесі екіталай. Өйткені, бұл аттың туған ағасы бар екен, екеуі қосыла шапса, еш бәйгенің алдын бермес», - депті. Ол сөз сол сәтінде ханға жеткізіледі.

Әлгі сөзді естіген төре сол түні жігіттерін елге аттың ағасын алып келуге аттандырыпты. Ол аттың ағасы деген расымен бар екен, бірақ үйірде жүрген айғыр екен. Төреге қарсы сөйлеу, қарсы тұру деген ол кезде болмайды. Сонымен, айғыр жеткізіліп, атқа арнап тігілген үйде біраз демалтылады...

Ат айдалып кеткен соң, айтыс, күрес басталғанда қырғыз ақыны қатты кетіп, Сүйінбай жауап қатпай біраз отырып қалыпты. Ел күле бастағанда шыдамаған Тезек: «Сөйле, қорықпа!» деп қамшымен салып жібергенде, Сүйінбай «қашырма төрем қаныңды»... деп сарнай жөнеліп, қырғыздар әрең тоқтатып, бас жүлдені беріпті.

Серғазы палуан да қырғыздың түйе паруанын жеңіп шығып, бас жүлдені алыпты. Бәйгеден екі ат құйрық тістесіп қатар келіпті, бірақ әбден зорыққан айғыр ақыры оңалмай, Іледен бері сүйретпе-салмен өткен жерде құлап, содан тұрмапты. Тезек оны сонда көмгізіп, басына тас үйдіріпті. Сөйтіп, бар қазақты бастап барған Тезек Төреге палуаны жеңіп, аты бәйгеден келіп барлық үлкен абырой бұйырған екен...»

...Шынымды айтсам, мына қазіргі «жыршы-ырчылардың» сөздеріне қарағанда сол қарапайым шалдардың, адам аттарын да ұмыт қалдырмай айтқан сөздері құлаққа нанымды, тарихи оқиғаларға да сай келеді. Қараңыз, Кенесары оқиғасынан кейін де Ыстықкөлге таласқан қырғыздар өзара бір-бірімен жақсы болған жоқ, мына қазіргі біздікілер айтып отырған сарыбағыш-Орман манап, 1853-54-терде «Бұғылардың» қолынан қаза тапты. Ал, Шабден батырға келсек, береке-бірлікке қырғызды ғана емес, қазақтарды қоса шақырған, ондай үлкен ас ұйымдастыруы әбден мүмкін, негізі, 1912 жылы қайтыс болған, белгілі адам.

...Қазіргі айтысты жырлаушылардың Тезек Төренің жеке басына тіл тигізіп, бір шалып, «кемсітіп» қалуға құмартуларының еш қажеті жоқ дүние! Оның бәрі кешегі «Қызыл идеологиямен» кеткен сөздер, алдымен, соның сарқыншақтарынан әлі ада бола алмай келе жатқан өз миымызды тазартып алғанымыз жөн ау!

Жалпы, ақындардың төрені «масқаралап-жамандағандарына» келсек, тура солай «айтты» деген ақындардың басқа шығармаларында «айналайын хан ием, аруақты ердің баласы...т.с.с..» деген сияқты сыйласымды сөздерді кездестіреміз. Олай болса, асыл мен масыл сөздердің жігін ажыратып, ойланып сөйлегеніміз дұрыс болар.

Коммунистік үгіт арқасында, Тезекті «жамандағыш» ақындардың бірі Бақтыбай ақын деп жазылып, құлағымызға сіңірілді, алайда, жалпақ «Жалайырдың» бас ақыны дейтіндей, ата-баба салтын, дәстүрін бойына сіңіріп өскен Бақтыбай, өзі тұрмақ, әкесінен де әлдеқайда жасы үлкен адамға тіл тигізіп, дөрекілік көрсетуі мүмкін бе? Қалай ойлайсыздар, сондай көрсоқыр, надандардың қатарына сөзі жарқылдаған, есті Бақтыбай ақынды жатқызуға бола ма? Жоқ дер едік, ол кезде де, қазір де көзі қарақты, әдеп сақтаған қазақ баласы ондай әдепсіздікке мүлде бармайды!

Тезектің «абыройын аймандай етіп төкті» деп құлағымызға құйған ақындардың бірі – Сүйінбай дегеннің де түк те мағына-шындығы жоқ! Ел айтатындай, Сүйекең сезді ме екен, төремен соңғы кездескенде «Төрем ау, жерде де үн, көкте де үн жоқ, Сайраған өліп кетсек қызыл тіл жоқ...» - деп қимай қоштасқан екен. Ал, төре бұл өмірден қайтқанда жырлаған жоқтаулары ерекше, сөзі ащы өкінішке толы, драмалық поэма дейтіндей өте күрделі шығармалар. Осы жоқтаулардағы адамның сай сүйегін сырқыратып, Тезек Төренің бар өмірін жіпке тізгендей етіп «қайран менің хан ием» деп жырлаған Сүйінбай ақынның сөздерінен екеуінің арасындағы қаншама қимастық ниетті бірден байқайсыздар!

Осы үрдіс, кезінде  жалғасын тауып, Тезектің өзі айтқандай «Сүйінбай, маған сенің өзің керек, Шындықты бетке айтатын сөзің керек...» дегеніндей Сүйінбай да, Сапарғали ағамыз жазғандай, төрені өле-өлгенше аузынан тастамай «Отызда орда бұзған дүлдүл едім, Әли менен Тезектің бұлбұлы едім...» деп еске алып, қимас сезіммен жырлап өткені анық.

Қазіргі кездегі билік басындағылар мүлде айта алмайтын, өзін сынағандарды көтере алмайтындарға Тезектің өзін мақтағанды «...мақтауымды келістірдің, енді датта...» деп бұйыратыны, сынды көтере алатыны, одан қорытынды шығара алатындығы дәп қазір ерекше үлгіге айналуға тиіс деп ауыз толтыра айта аламыз!

Тезек Төренің өзі де үлкен ақын, көп жағдайда өзіне өлең айтқан ақындардың шама-шарқын, сөз барысын сынап, байқау үшін, бастырмалатып, мысқылдап, түрлі-түрлі, көп жерлерде өр дәрежедегі өлеңдерімен бұрқырата құйындатып отырғандығын да сезіне білген жөн. Міне, сондай сынақтардан сүрінбей өткен шын жыр сүлейлердің бірегейі де Сүйінбай ақын! Олай болмаса, Тезек Төре оны халықаралық деңгейде дейтіндей айтыстарға апарып, қырғыз ақындарымен айтыстырар ма еді?! Сол үшін жаңа көзқараспен зерделеп қарау, өтірік пен шындықтың арасын таба білген тура.

Бұл жерде «Ілиястың төрені қанаушы ретінде көрсетіп жазғандары да шындыққа жанаспайды ма?» деген сұрақ туындауы әбден мүмкін! Ойланыңыздар, Ілиястың 1935-37 жылдардағы өмірі, ол кездегі саясат қандай еді! Социализмді дәріптегеннен басқа бір ауыз сөз айтуға болар ма еді? Бірде қызығып, 1940-50 жылдары шыққан «Орман шаруашылы» оқулығын оқығаным бар, сонда «ағаштар да капиталистер сияқты өмірге-дүниеге таласып, бір-бірін тұншықтырады...» дегенде қайран қалдым! Арнайы ғылыми-оқулықтың өзі соншама саясиландырылса, мәдени-саяси-әдеби тақырыптарда қалай жазу керек болды десеңізші!

Биыл, Тезек Төренің 200 жылдық қарсаңындағы жазбаларымды оқыған қырғыз ағайындардан төренің әйелі Төретайдың Мамырқұл атты бауырының ұрпақтары хабарласып, менімен жолығып, басына барып дұға етіп қайттық. Солар: «Мен айтылуу Тезек Төрөнүн кыргыз айели Төрөтайдын төркүнү инилеринен болобуз. Биз Ыстык-Көлдук бугулардан болобуз. Тезек Төрөө биздин жездебиз...» деді. Сонау 200 жылға жуық уақыт бұрын ұзатылып кеткен әпкелерін әлі ұмытпай, шежірелерінде «Қазақтың атақты сұлтанына ұзатылған әпкеміз екі елдің ауыз бірлігіне дәнекер болған...» деп осы уақытқа дейін естерінде ұстап жүрген қырғыз ағайындардың қаншылдығына, бауырмашылдығына тәнті болдық! Ал біз ше, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» дегендей, кейбіріміз сол асыл бабамызға қырын қарап, қисық сөйлеуге құмармыз.

...Қалай болғанда сол замандағы осы Жетісудың бар игі-жақсысының есімі Тезек Төремен байланысты айтылатынын естен шығармаған абзал. Бұның бәрі де сол заманғы аталарымыздың етене сыйлас болып, бір-біріне әрқашан қол ұшын созуға дайын болғандықтарының белгісі. Аталарымыздың төресін «алдияр» деп сыйлағаны, Шыңғыс дәуірінен жалғасып келе жатқан үрдісі емес пе?! Біз қазақ ежелден аруақ сыйлаған, оның ішінде аты шыққан аталардың аруағын ерекше пір тұтқан халықпыз! Сондықтан, ата-салтымызды сақтай білейік! Кейбір ойы таяздар сияқты, төре десе тыжырына қалмай, ата-бабамыздың қалыптастырған дәстүрімізге сай, бұрынғы төре әулетінен шыққан асыл тектілерімізді де ардақтай білейік! Қазіргі күнде төрелердің тек қана жалпақ қазағымыздың бір құрамдас бөлігі, сол қазақты құрайтын, ажырамас бір руы екенін түсіне білейік.

Ешкім де хандыққа таласып жатқан жоқ, тек қана өткен аталар аруағына тіл тигізбегей, сол асыл дәстүрді сақтай отырып, жастарды ғылым-білімге тәрбиелегеніміз дұрыс болар. Өткен өтті, қазіргі күнде еліміздің ғылымдық-техникалық прогресс жолына түсуі үшін, еңбек ету алдыңғы кезекте! Оған қосымша, барымызды бағалай біліп, келер ұрпаққа асылдарымызға шаң жуытпай, кірлетпей, есімдерін ардақтап жеткізуге де міндеттіміз...

Азкен Алтай

Жетысуский

Abai.kz

11 пікір