Жұма, 26 Сәуір 2024
Асқанға - тосқан 8366 17 пікір 18 Тамыз, 2021 сағат 13:40

Тұрғымбаевтың министрлігі қай тілде сөйлейді?

ҚР Ішкі істер министрі
Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаевтың назарына!

Дәл қазір қазақ қоғамындағы қызуы қайнап тұрған тақырып – тіл мәселесі. Қазақтар Қазақстанда қазақша сөйлегені, қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткені әлгі солтүстіктегі сойы бөлек, салты басқа, сотқар көршіміз – Ресейге, оның айтақтаған иттей арсылдаған көбікауыз айташыларына, түрлі лауазымдағы саясаткерлеріне ұнамай қалған екен. Сөйтіп, жоқ жерден дау шығарып, өзге мемлекеттің ішкі шаруасына ашықтан-ашық араласты.

Ойы бұзық одақтасымыз: «Қазақстанда ұлтшылдық белең алып барады. Орыстарға қысым жасап жатыр» - деп, қайта ойбайға басты. Сала-құлаш сайттарды айтпағанда, федералдық телеарналар прайм-таймнан уақыт бөліп, Кремль ауласындағы бірлі-жарым «білгішті» сөйлетті. Ұлыжержавалық шовинизмнің айықпас дертіне шалдыққан олардікі не, әдеттегідей көгеріп-сазарып сөйледі.

Оны естіген Ақорда ылдым-жылдым ақталудың әлегіне түсті. Президент әкімшілігінің өкілі Дәурен Абаевтың «тұрпайы ұлтшылдық» немесе «үңгірдегі ұлтшылдық» туралы айтқан екі ауыз сөзі, орыс ақпараты үшін іздегенге-сұрағанның нақ өзі болды. Сөйтіп, бұл мәселе қазақ қоғамының қызу талқысына түсті. Жә, осымен тәмам.

Назарбаевтың 95 пайыз қазақшасы - 90 пайыз орысша боп кеткен бе?

Біздің назарымызды бұрған – мына бір сөз болып тұр.

«Біздің елімізде халықтың 90%-ы орыс тілін біледі. Менің ойымша, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мүмкін, Ресей және Беларусьтан кейінгі көрсеткіш шығар, бұл», - деді Абаев мырза.

Қайсыбір жылы экс-президент Назарбаев Үкіметке тапсырма беріп, саяси бағдарлама қабылдаған еді. Ол бойынша 2025 жылға қарай Қазақстан халқының 95 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген болуы тиіс-тін.

«Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді», - дегенді де, «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді «Қазақ мемлекеті» деп атайтын боламыз», - дегенді де, «Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Оған көңіл де, қаржы да солай бөлінеді. Ана тілін білмеу қазақ азаматы үшін ұят саналуға тиіс. Мемлекеттік тілге құрметпен қарамауы оның қызмет бабында өсуіне де әсер ететін болуы керек», - дегенді де Нұрсұлтан Назарбаев айтқан.

Назарбаев қойған меже – 2025 жыл еді. Биыл 2021 жыл. Біз әлі күнге «халықтың 90 пайызы орыс тілін біледі», деген жылтыр, жалтақ сөзді ақталудың аргументі етіп жүрміз...

Тақарыпқа орай, біз бүгін Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев басшылық ететін ҚР Ішкі істер министрлігіндегі реформа һәм ондағы мемлекеттік тілдің ахуалы жайлы сөз етпекпіз.

ІІМ қай тілде сөйлейді?

2019 жылдың ақпаны. Қазақстанның Ішкі істер министрі ауысты. Қалмұханбет Қасымов сегіз жыл тапжылмай отырған креслоға Ерлан Заманбекұлы келіп қонжиды. Сөйтіп, Қасымовқа қош айттық та, Тұрғымбаевты төрге шығардық. Ел-жұртқа сүйеудей сүйкімі қалмай бара жатқан соң, Елбасы өзгеріс жасауды тапсырғанда, форма ауыстырғаннан әрі аса алмаған қазақ полициясына министрдің ауысуы оң әсер етер дедік. Өкініштісі, баяғы жартас – сол жартас күйінде қалды.

Біз осыған дейін Ерлан Заманбекұлы басшылық ететін «ұрда-жық» министрліктің біраз мінін жазып, соқырға таяқ ұстатқандай көрсеттік. «Қазақ полициясының имиджін қалай көтеремін» деп, дал болған Тұрғымбаевқа дөп басып, дәл себебін көрсеттік. Тұрғымбаев тарапынан «ләм-мим» деген жауап болмады. Онан соң, Тұрғымбаев командасындағы «ардагерлер» армиясын да cынға алдық.  Міз бақпас министріміз бұ жолы да жауап жазбады.

Жә, одан да өттік. Енді міне... Қазір Тұрғымбаев басқаратын ІІМ сынның астында отыр. Қайсыбір жылы әйдіктеп айтқан реформа – полицейлердің формасы мен «кросовкасын» ауыстырудан әрі асқан жоқ. Қазақстан полициясына айтылар сын көп. Олардың ұрда-жық саясаты мен әкірең-мінез әңгіртаяқшыл, әлімжеттік әрекеттері туралы әлемдік ақпарат жазып, Халықаралық ұйымдар сынның төпесіне алып жатқаны өтірік емес. Оған себеп те жоқ емес! Соның ең маңыздысы – мемлекеттік тілдің, қазақ тілінің қызметтік қолданыс тіліне айналмауы.

Бүгінгі ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметтік тілі қай тіл? Әрине, ресми тіл! Көрші елдің мемлекеттік тілі! Орыс тілі! Олай деп топшылауымыздың бір себебі мінекей:

Игорь Владимирович Лепеха деген - ҚР ІІМ аппаратын басқаратын адам. Былайша айтқанда ІІМ ішінде кадр мәселесін бақылайтын дәу бастық. Қазақстанның Қарағандысында туып, Ресейдің ІІМ академиясында оқып келген генерал. Биыл қарашада 59-ға толады. Еңбек өтілі – 1986 жылдан басталады.

Немесе Калайчиди. 58 жаста. Тұрғымбаевтың тап қасында бақандай екі жыл орынбасар болып жүріп, биыл шілдеде ғана Президент әкімшілігіне ауысқан. Алексей Дмитриевич Калайчиди ССР-дың ІІМ академиясында, сосын Қарағандыда білім алған. Қызмет жолын қырғыздың Токмағында бастаған. Ол ІІМ орынбасарлығында жүргенде дәл осы кадр мен тіл саласына жауапты басшы болған. Былайша айтқанда, ІІМ-ді қазақша сөйлетпей кеткен адам десек те болады.

Немесе полковник Варго Сергей Леонидович. Ресей Федерациясының Горький қаласында дүниеге келген. 2002 жылғы қыркүйектен бастап ҚР ІІМ орталық аппаратында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 2020 жылғы қарашадан бастап ҚР ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы болып тағайындалған.

Енді осы аты дардай шенділер күн сайын жиын-кеңестерін қазақша өткізеді дегенге сенесіз бе? Біздің білуімізше, Тұрғымбаев мырза тізгендеп отырған министрліктегі селекторлық жиындардың дені ресми тілде өтеді екен. Есептік, қызметтік құжаттар ресми тілде толтырылады-мыс. Баяндамалар және орыс тілінде жасалады. Бұл тіпті талап болмаса кәне... Аталған ақпараттың анық-қанығын министрлік айта жатар. Айтса әрине. Өйткені, осыған дейінгі жазған сыни материалдарымыздың ешбіріне «ләм-мим» деген жауап болмаған еді...

Шындығына келгенде, аталған министрлікте жалғыз Лепехалар мен Варголар қызмет етпейді. Оңтүстік жақтағы қазақи өңірлерден шыққан азаматтар да жоқ емес. Тек, орыс тілінсіз тәрбиеленіп келген бұл жігіттердің министрліктің дәу дәліздеріндегі әрі қарайғы карьерасы сол орыс тіліне келіп тірелетіні өкінішті-ақ... Былайша айтқанда, қазақ тілді қазақ полицейлері өзге тілде өмір сүруге мәжбүрленеді. Бұл қаншалықты әділдетті?

Бұл жалғыз Тұрғымбаев министрлігіне тән дерт емес. Қазақстан халқының 80 пайыздан астамы қазақ тілінде сөйлейтінін біз де, Ақорда билігі де айтты. Ендеше, Тұрғымбаев министрлігі қазақ аудиториясымен қай тілде сөйлескені тиімді? Әрине, қазақ тілінде! Өкінішке орай, жоғарыдағы Лепехалар мен Варголардың қазақ тілінде сұхбат беріп, елге қайрылу жасағанын көрген емеспіз. Осыдан кейін, кеңестік жазалау тәсілін қандарына сіңіріп, тоталитарлық жүйенің торына шырмалған бүгінгі Қазақстанның Ішкі істер министрлігі халықпен қазақ тілінде диалог орната ала ма деген күмән туады. Күн сайын көршінің тілінде сөйлеп үйренген министрлік қазақ тілді жұрттың проблемасын шешпек түгілі, сөзін түсінуге дәрменсіз. Екі тарап - екі тілді. Мұндай жағдайда әрине – диалог орнамайды.

Ел сенімінен айырылған ІІМ-ді осы жолғы реформа құтқарады деп сенсе, әуелі Тұрғымбаев та, Варго да, Лепеха да қазақша сөйлеуі керек! ІІМ-не қазақ тілді кадрлар келмей диалог орнамайды! Бұл факт!

Зейнеткерлер реформа жасай ала ма?

 

Сосын бұл салаға тиімді реформа жасау үшін алдымен зейнеткелер мен потенциалды зейнеткерлер еңбек демалысына кетуі керек!

Қазақстанда «Құқық қорғау қызметі туралы ҚР заңнамалық актісіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу» туралы туралы 2013 жылдың 21 мамырындағы №93-V Заңы бар. Ол Заңның 82-бабында Құқық қорғау органдарының еңбек жасы соқырға таяқ ұстатқандай жазылған. Қараңыз:

*майор шенділерге дейін және кіші кеңесшіліктегі қызметкерлерге – 48 жасқа,

*подполковник шенділерге және кеңесшілерге – 50 жасқа,

*полковник шенділерге және жоғарғы кеңесшілерге – 55 жасқа,

*жоғарғы басшылық құрамдағы азаматтарға – 60 жасқа дейін қызметте болуға рұқсат етілген.

«Құқық қорғау қызметі туралы» 2011 жылдың 6 қаңтарындағы № 380-IV ҚР Заңында да осы ақпарат жазылған.

Ал Ерлан Тұрғымбаев министрлігінде және өңірлердегі полиция департаменттері басшылығында қанша адам зейнет жасына жетсе де, қызметін жалғастырып отыр? Қараңыз:

Сөнтаев Қайрат Иматұлы

Шені – Генерал-майор. Толық жасы – 60-та. 2020 жылғы 13 наурыздан бастап – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары.

Жоғарғы басшылық құрамдағы азаматтарға – 60 жасқа дейін қызметте болуға рұқсат етілген.

Сәрсенова Галина Ордабайқызы

Шені – Полиция полковнигі. Толық жасы – 56-да. 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі орталық аппаратында жұмыс істейді. Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары.

Полвокник шенділер 55 жастан зейнетке шығуы тиіс.

Сералиев Әлібек Болатұлы

Шені – Генерал-майор. Толық жасы – 60-та. 2020 жылдың 17 қыркүйегінен бастап Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары.

Жоғарғы басшылық құрамдағы азаматтарға – 60 жасқа дейін қызметте болуға рұқсат етілген.

Садықов Серік Айтбайұлы

Шені – Полковник. Толық жасы – биыл желтоқсанда 58-ге келеді. ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментінің бастығы.

Полвокник шенділер 55 жастан зейнетке шығуы тиіс.

Үмбетқалиев Қамза Бақтығалиұлы

Шені – Полковник. Толық жасы – биыл қыркүйекте 58-ге келеді. Атырау облысы Полиция департаментінің басшысы.

Полковник шенділер 55 жастан зейнетке шығуы тиіс.

Аймағамбетов Бекет Иманұлы

Шені – Генерал-майор. Толық жасы – 61-де. Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы.

Жоғарғы басшылық құрамдағы азаматтарға – 60 жасқа дейін қызметте болуға рұқсат етілген.

Нашарбеков Әбдували Абдуллаұлы

Шені – Полковник. Толық жасы – 55-те. Алматы қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары.

Полковник шенділер 55 жастан зейнетке шығуы тиіс.

Жанбеков Ризахмет Жаркенұлы

Шені – Полковник. Толық жасы – 55-те. Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.

Полковник шенділер 55 жастан зейнетке шығуы тиіс.

Ынтықбаев Ардақ Қабыкенұлы

Шені – Полковник. Толық жасы – 55-те. Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары.

Полковник шенділерге және жоғарғы кеңесшілерге – 55 жасқа дейін қызметте болуға рұқсат етілген.

Дүйсембеков Қайрат Сыздықұлы

Шені – Полковник. Толық жасы – 58-де. Қостанай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары.

Полковник шенділерге және жоғарғы кеңесшілерге – 55 жасқа дейін қызметте болуға рұқсат етілген.

Дәулетбаев Қапез Қазиұлы

Шені – Полковник. Толық жасы – 56-да. СҚО ПД бастығының орынбасары.

Полковник шенділерге және жоғарғы кеңесшілерге – 55 жасқа дейін қызметте болуға рұқсат етілген.

Халықов Бағлан Ануарбекұлы

Шені – полковник. Толық жасы – 57-те. Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары.

Полковник шенділерге және жоғарғы кеңесшілерге – 55 жасқа дейін қызметте болуға рұқсат етілген.

Түйін. Біз жоғарыда Ерлан Заманбекұлы тізгінін ұстаған министрліктегі жоғарғы лауазымды басшылардың бірсыпырасының есім-сойын ерекше жазып, көрсеттік. Бұл аталған азаматтар Заңда көрсетілген зейнет жасына толса да, Заң ережесін өрескел бұзып, қызметтерін жалғастырып келе жатқан адамдар.

«ҚР Құқық қорғау қызметкерлері туралы» Заңынан нақты дәлел келтірдік. Оған сүйенсек, жоғарыда біз аттарын атап көрсеткен азаматтар неге ҚР Заңында көрсетілген мерзімде зейнетке жіберілмеген? Біз Ішкі істер министрлігі мен департамент сайттарындағы ашық дереккөздерінде көрсетілген бірлі-жарымын ғана жаздық. Іздей берсең әлі талайын табуға болары анық. Заңға бағыну алдымен министрдің міндеті емес пе?..

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан полициясына реформа қажет» екендігін қадап айтты. Ал Ерлан Тұрғымбаев қарамағындағы бұл зейнеткер басшылар мен потенциалды зейнеткерлер Президент міндеттеген реформаны жүзеге асыруға қауқарлы ма? Бізше болса жоқ! Біз реформа күтеміз. Президент реформа күтеді. Егер министрлік ішкі істер саласына реформа жасауға дайын болса, алдымен министрлікті мемлекеттік тілде сөйлетуі керек. Екінші кезекте зейнеткер басшылардан құралған көне армияны еңбек демалысына жіберуі керек. Үшіншіден, Тұрғымбаев мырзаның орынбасарлығына қазақы тәрбие көрген, қазақша білім алған, қазақтың тілін ғана емес, тұрмыс-салтын, өмір сүру этикасын түсінетін азаматтар келуі керек. Осылай істегенде ғана, ІІМ мен халық арасында диалог процесі алға жылжитын болады. Осымен сөз тәмам.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

17 пікір