Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Қырдағы әңгіме 7194 23 пікір 15 Тамыз, 2021 сағат 22:59

Ауған билігін Талибан алды. Тоқаев жиын өткізді...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы Қазақстан азаматтары мен дипломаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде күштік құрылым басшыларымен шұғыл жиын өткізгенін мәлімдеді. 

Сондай-ақ, ондағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген Президент, ПӘ мен СІМ-ге тиісті тапсырмалар берілгенін хабарлады.

«Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда.

Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру тапсырылды. Кабулдағы Қазақстан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр»,- деп жазды  президентТоқаев.

Айта кетейік, 15 тамыз күні түстен кейін «Талибан» қозғалысының өкілдері (Қазақстанда тыйым салынған) Ауғанстанның бүкіл аумағын басып алғанын хабарлады.

Тәлібтер Кабулдағы президент сарайына барып, билікті беру үшін мемлекет басшыларымен келіссөздер жүргізді. Одан соң, Ауғанстан президенті Ашраф Ғани биліктен кетуге келісіп, Тәжікстанға ұшып кеткен.

Ғани Тәжікстаннан ары қарай басқа мемлекетке баратыны хабарланған. Алайда, қайда баратыны әлі нақты белгілі емес. Экс-президентке оның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Хамдулла Мухиб пен аппарат басшысы Фазл Махмуд Фазли еріп жүр.

Сондай-ақ, қазір Ауғанстан әкімшілігі уақытша кеңеске берілді. Жаңа кеңес құрамына Ұлттық татуласу жөніндегі Жоғарғы кеңестің басшысы Абдулла Абдулла мен бұрынғы президент Хамид Карзай кірген. Уақытша кеңес билікті «Талибан» қозғалысының өкілдеріне өткізіп береді.

CNN-нің хабарлауынша, АҚШ Кабулдағы елшілік қызметкерлерін сейсенбіге дейін эвакуациялайтынын мәлімдеді. Қазір АҚШ тікұшақтары дипломатиялық қызметкерлер мен АҚШ әскерінде жұмыс істеген ауғандықтарды елшіліктен Кабул әуежайына жеткізген.

«Талибан» қозғалысының өкілдері жақын арада президенттік сарайдан Ауғанстан Ислам Әмірлігінің құрылатынын жарияламақ.  Бұл туралы қозғалыс өкіліне сілтеме жасап Associated Press хабарлайды.

(Тәлібтер Кабулдағы президент сарайында)

(Кабул әуежайы) 

Фотолар: Reuters

Abai.kz

23 пікір