Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақиқатқа қиянат 6058 26 пікір 13 Тамыз, 2021 сағат 14:42

Халық санағы: Билік қазақтың санын қолдан кемітпесін!

Ағымдағы жылдың қыркүйек және қазан айларында Қазақстанда кезекті, үшінші ұлттық санақ жүргізілмек. Маусым айының басынан бастап бұл аса ауқымды шараға дайындық кезеңі басталып та кетті.

Қазақстан Статистика агенттігінің ұйымдастыруымен үкімет деңгейінде өтетін халық санағының мәні мен маңызы өте жоғары. Себебі, ұлттық санақ деректері мемлекеттік экономикалық, әлеуметтік (әсіресе, ауылдық жерлердегі тұрғындардың қаншасы тұрақты жұмыс істейді немесе «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» т.с.с.), миграциялық (оның ішінде ішкі миграциялық процестер де бар) және демографиялық (мектеп, балабақша т.б.) бағдарламаларды жасау үшін де аса қажет.

Дегенмен ортаға салар мәселелер де аз емес. Халық санағы – үлкен саясат. Дәл осы халық санағына байланысты биліктің ұлттық саясатының стратегиясы өзгеруі аса қажет. Себебі бұдан он екі жыл бұрын болған халық санағындағы атышулы оқиғалар әлі де ел есінде. Халық санасында ақша қайда болса жемқорлық та сонда деген ұғым қалыптасқаны қашан. Жоғары жақтан мол қаржы бөлінген мемлекеттік бағдарлама қабылданып жатса оның астарын іздеп зор күмәнмен қарайтын болдық. Ал бұл жолы санаққа қарағанда жеті есе көп ақша бөлініп отыр екен. Осыдан келіп не үшін деген сұрақ туындайды. Себебі, 2009 жылғы санаққа бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлініп, соның 700 млн теңгесі ұрланып, статистика комитетінің сол кездегі басшысы Анар Мешімбаева кінәлі деп танылып, ол 2014 жылы жеті жылға сотталғанын ел әлі ұмыта қойған жоқ.

Санаққа байланысты қажетті мәліметтер негізінен статистика агенттігі сайтынан табылады, әрі бұл мәліметтерді қазіргі жағдайға байланысты оңлайн түрде өткізуге болады ғой, сондықтан осыншама қаржыны бөлу қандай қажеттіліктен туындап отыр?

Келесі бір маңызды мәселе - ресми билік елдің басым санын құрайтын қазақтың санын кемітіп көрсетпеуі өте маңызды. 2009 жылғы санақ қорытындысында 10 млн 98 мың адам болғаны атап көрсетілген. Бұл елдегі жалпы халықтың 63,1 пайызы болса, қазір кейбір сарапшылар «елдегі мемлекет құраушы ұлттың үлесі басым бола бастады, қазақтың саны 72-75 пайызға жетті» деген болжамды айта бастады. Қазақстанда бар-жоғы 3,5 миллион орыс тұрады, бұл – халықтың жалпы санының 18,4 пайызы ғана. Демек, барған сайын орыс халқының саны кеміп барады. Орыстар өздерінің тарихи отаны – Ресейге өз еркімен кетіп жатыр.

Әрбір азаматтың өзінің тарихи отанына оралуы объективті құбылыс, табиғи заңдылық. Алайда кетіп жатқандардың көбісі жастар. Болашақта Қазақстанда қартайған зейнеткер орыс ұлтының өкілдері ғана қалуы мүмкін. Бірақ, алаңдайтын бір мәселе бар. Солармен қоса, Қазақстанның солтүстік бөлігіндегі қазақ жастары да оқу немесе жұмыс деген желеумен Ресейге кетіп жатыр. Бұл туралы осыдан төрт-бес жыл бұрын да жазғанбыз. Өкінішке қарай, бұған құлақ түрген кім бар?.. Ал оңтүстік өңірден солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы да тығырыққа тірелгендей, нәтижесі көрінбейді. Жемқорлық індеті мұнда да көрініс тауып отыр. Шетелден біздің қандастарымыз да елге келіп жатыр ғой деп көңіл жұбатар болсақ, онда да баяғы тоқсаныншы жылдардағыдай қарқан да, ұмтылыс та жоқ баяулап қалған.

Қазiргi кезде Қазақстанды «полиэтникалық мемлекет» деп атау үрдісі өрiс алып бара жатыр. Ешкім талап етпесе де, Қазақстан халықтары Ассамблеясы дегенді өзіміз қолдан жасадық, ал одан не ұттық?..

Мемлекетті «полиэтникалық» деп атау үшiн қандай критерийлерге сүйену керек, ұлттардың сандық ара-қатынастары қандай болуы керек және олардың Қазақстанда тұрған тарихи мерзiмi қаншалықты болуы керек?

«Қазақстанда 130-дан астам ұлт тұрады» деген сөз Кеңес Одағы кезiнде, нақтырақ айтсақ, өткен ғасырдың ортасында, соғыс жылдарындағы депортация («сенімсіз» ұлттарды Қазақстанға жер аудару) және жаппай тың игеру (астары славян тектес халықтарды Қазақстанға жаппай қоныстандыру) саясатымен байланысты пайда болды.

Жазушы Д.Исабековтың «Социализм зәулімі» деген әңгімесінде сипаттағандай бір эскимос, бір чукча немесе бір камчадал болса да бір ұлт дедік. Ол кезде Қазақстанда ұлттар санын көбейту саясаты жүрдi. Таяуда ғана президентіміз Қ. Тоқаев «Комсомольская Правда» газетіне берген бір сұхбатында: «Қазақстандағы орыс өкілдері диаспора емес, олар ұлттық азшылыққа жатпайды», деген түсініксіз пікір білдірді. Астарында не бары бір Аллаға ғана аян. Арада қаншама жылдар өтсе де Кеңестік саясат өзгермепті, сол қалпы. Сонда отыз жыл бойы дәріптеп келе жатқан дербестігіміз бен тәуелсіздігіміз қайда қалды?..

Дәуренбек Ескекбаев, 

тарих ғылымдарының кандидаты, тарихшы-этнограф

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610