Жексенбі, 5 Желтоқсан 2021
Күбіртке 4537 6 пікір 12 Тамыз, 2021 сағат 12:44

Мұсайбеков кінәлі. Райымқұлова қайтпек?..

Алматы қаласының Түркісіб аудандық соты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы вице-министрі Сәкен Мұсайбековке үкім шығарды. Кінәлі деп таныды. 

Ресми хабарламадан ұққанымыз, Мұсайбеков 190 баптың 3-бөлігі, 1-тармағы (аса ірі көлемде алаяқтық жасау) бойынша айыпталған. Сот Мұсайбековты 2021 жылдың 18-21 ақпаны аралығында (вице-министр лауазымында бола отырып) меншікке қатысты сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп таныған.

Мұсайбеков пен Алматы прокуроры орынбасарының арасында жасалған кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімге сәйкес, прокурор Мұсайбековке алған пара сомасынан он есе көп мөлшерде айыппұл (62 394 000) салуды сұраған. Сот шенеунікті кінәле деп танып, оған прокурор сұраған 62 394 000 теңге көлемінде айыппұл салған.

Жаза тағайындау кезінде, сот Мұсайбековтың өз кінәсін мойындау туралы прцессуалдық келісімге келгенін, жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілік дәрежесін, қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін факторларды, сотталушының түзелуіне және өзі мен отбасына қатысты мән-жайларды ескерген.

Айта кетейік, биыл ақпан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбековты жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен, Нұр-Сұлтаннан Дубайға ұшқалы жатқан жерінен ұстаған. Шенеунік «букмекерлік кеңсе мен жалпы патронат саласындағы мүдделерді лоббилеу үшін пара алды» деген күдікке ілінген.

Ал мамыр айында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзінің орынбасары Сәкен Мұсайбековтің пара алу фактісі бойынша қамауға алынуына байланысты сұраққа жауап беріп, егер Мұсайбековтің кінәсі дәлелденсе отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеген.

«Мен Конституцияға сәйкес кінәсіздік презумпциясы бар екенін айтқым келеді. Ең алдымен, кінә дәлелденуі керек. Егер кінәсі дәлелденсе, онда, әрине, заңға сәйкес мен жұмыстан кету туралы өтініш беремін. Бірақ бұл кінә дәлелденген жағдайда болады», - депті министр Райымқұлова.

Мұсайбеков 2020 жылдың мамыр айынан бастап Мәдениет және спорт министрлігі басшысының орынбасары қызметін атқарған.

Айта кетейік, 2020 жылдың наурыз айында мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, басшысы өз еркімен қызметтен кетуі тиіс деген Заң күшіне енді. Жаңа ережеге сай қарамағындағы қызметкері пара алған басшы сот үкімінен соң 10 күннің ішінде қызметін босатуы керек.

Abai.kz

6 пікір