Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 13813 44 пікір 12 Тамыз, 2021 сағат 13:47

Ақордаға қысым: Ресей неге ашулы?..

Ресейдің Мемлекеттік Думасы тағы да тулап жатыр. Бұл жолғы мәселе «Орталық Азиядағы орыстілділердің құқығын қорғау» екен. Орталық Азияда орыс тілділердің құқығы тапталып жатпағанын олар жақсы біледі. Керісінше аймақ халқының басым бөлігі өз жерінде өгей тілде сөйлеп жүр. Алайда Мәскеу үшін бұл қысым көрсету амалы болып қала бермек. Себеп жоқ жерден себеп іздеуге таптырмас тақырып.

Ресей арналары тоқтаусыз шабуылды бастап кетті. Ресейлік сайттар жаппай Қазақстандағы ұлтшылдар орыстілділерді қыспаққа алуда деп шуласа жазуда. Әрине, ақпаратты бұрмалап, Ресей аудиториясына ыңғайлап беруде. Кремльдің пропагандалық Lenta.ru сайты кеше «В Казахстане националисты организовали «языковые патрули» атты мақала жариялады.

Онда сайт басшылығы «Қазақстанда орыстілділерді қыспаққа алатын арнайы топтар пайда» болуда деген жалған ақпаратты жазады. YouTube-тағы «Til Maydani онлайн партиясының» роликтерін көрсетіп, «міне қысым» деген негізде көрсетеді. Ал ол бар болғаны тұтынушының мемлекеттік тілді талап еткен роликтері ғана болатын.

Ресей билігі тіпті, ары кетіп, бас арнасынан 5 минуттық сюжет те көрсетті. Сюжет тақырыбы былай: «Гастарбайтеры с Воронежа»: националисты Казахстана нанесли удар по русскому языку» деп аталады. Барлық соғыс пен агрессияны ақтап алудың, Ресейдегі шовинистік көзқарастың дамуының негізі болып табылатын «Россия 24» арнасының дәл осындай дүниені шығаруының астарында үлкен мән жатыр. Бұл бір жағынан Ресей қоғамына Қазақстанды қарсы позицияда көрсету болса, екінші тұстан бұл Ақордаға ақпараттық қысым екені анық.

Ресейдің Мемлекеттік Дума депутаты Леонид Калашников былай дейді: «Біріншіден, біз отандастарымызды елге қайтару туралы заңды қабылдауға кірісуіміз керек. Біз қазірдің өзінде үш заңнамалық актіні қабылдадық, бірақ әр түрлі деңгейдегі шенеуніктермен күресу үшін төрт жыл қажет болды. Біз, мысалы, ЛНР, ДНР (сепаратистік аймақты айтуда), Украина тұрғындарына біріншісінен бас тартпай екінші азаматтық беру туралы айтып отырмыз. Егер бұл заң 90 -шы жылдары қабылданған болса, қазір Украина мен Қазақстанның жартысы бізбен бірге болар еді. Сондықтан Германия, Израиль сияқты оралман туралы заң қажет. Халықты қорғау үшін. Сонымен қатар, мемлекет президент әкімшілігі деңгейіндегі экономикалық және саяси шаралар қабылдауы керек», - дейді.

Яғни, Ресей билігі ашықтан-ашық қос азаматтық мәселесін қозғап отыр. Қазақстанда оған тыйым салынғанын білесіздер. Осылайша олар жоқ мәселені ушықтырып жатыр.

Ресей билігін Қазақстанның латын әліпбиіне өтуі, тарихи оқиғаларды қайта зерттеуге ынтасы қатты алаңдатады. Олар ең соңғы сенімді одақтастарының бірі уысынан шығып кететініне алаңдайтындай.

Ка Мырза

Abai.kz

44 пікір