Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Мәселенің мәні 4518 8 пікір 11 Тамыз, 2021 сағат 15:00

Вакцина һәм Үкіметке деген сенім референдумы

Соңғы деректерге сәйкес, Қазақстан халқының 30%-ы ғана вакцина алған екен. Бүгінгі ақпарат: Қазақстанда вакцинаның бір компонентін алғандар саны – 5 979 016 адам болса, екі компонентті толық алғандар саны – 4 505 662 адамға жетіпті. Ал Covid-19 статистикасына көз жүгіртсек, қазірге дейін елімізде 656 777 адам індет жұқтырғандар тізімінде болса, одан емделіп шыққандар саны 540 850 адам екен. Қайтыс болғандар саны 7103 адам.

Ал әлемде ше? АҚШ-та халықтың 58, Германияда – 62,1, Францияда – 66,1, Италияда – 64, Испанияда – 68, Ұлыбританияда – 69,3, Канадада – 72,2 пайызы вакцинацияланған екен.

Соған қарамастан елімізде антиваксерлердің агитациясы күшейіп барады. Себеп әртүрлі. Бірнешеуін мысал етейік...

ХАЛЫҚТЫҢ БИЛІККЕ ДЕГЕН СЕНІМСІЗДІГІ

Билік тарапынан ұсынылатын кез келген ақпарат (соның ішінде вакцинациялау мәселесі де бар) бірден жалған немесе манипулияциялық ақпарат ретінде қабылданады. Қазір ел билігіне деген халықтың сенім кредиті таусылар болған. Оның басты себебі – әлеуметтік және саяси факторлар. Яғни, халық ресми ақпарат беруші саяси тұлғаларға немесе мемқызмет өкілдеріне сенуден қалған. Бұл сенімсіздік – адамның өзін-өзі сақтау инстинктінен жоғары боп тұр. Сарапшылар айтпақшы, вакцинация мәселесі – үкіметке деген сенім референдумына айналып кеткендей...

ҰЛТТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ IQ ТЕСТ

Әлеуметтік желіде әртүрлі әңгіме, гу-гу сөз желдей есуде. «Вакцина белсіздікке, бедеулікке т.б. әкеледі екен», «чип салады екен», «өйтеді екен де, бүйтеді екен» т.б. көп сөз.  «Менің бір танысымның туысы айтты. Ол больницада істейді», - деп (солай десе сенімдірек болады деп ойласа кере) басталатын бірсарынды әңгімелерді айтушылардың дені шындап келгенде әлемде неше түрлі вакцина бар екені, оларды кімдер шығарғаны, қандай ғалымдар әзірлегені, олардың бір-бірінен артықшылығы мен кемшілігі қандай екені туралы тұщымды ғылыми немесе ақпараттық материалдарды оқымаған болуы әбден мүмкін. Біреу келісер, біреу келіспес, бірақ қоғамның кейбір өкілдері (әсіресе антиваксерлер) медицинаның, ғылымның жетістіктерін жоққа шығару, чип туралы мифтерді тарату және басқа да «қастандық теорияларын» алға тарту арқылы интеллект пен сыни ойлаудың орташа деңгейінде екенін көрсетуде.

Ал вакцинациялау ісінің бұлайша сипат алуының басты себебі – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының дұрыс әрі жүйелі жүргізілмеуі! Бұл іске тікелей жауапты – Үкімет, оның құрамындағы құзырлы министрліктер.

ПОПУЛИЗМ

Сосын әрине популизм. Антиваксерлер осы арқылы өздерінің танымалдылығын арттырып жатқаны да шындық. Сарапшылар 10 антиваксердің желідегі аккаунттарын шолып шығыпты. Жалпы аудиториясы – 6,2 млн адам екен. Қорқынышты сандар. Қазақстанда бірде-бір саяси партияның мұншалықты аудиториясы жоқ. Олар бірінші кезекте жоғарыдағы халықтың билікке деген сенімсіздігін өз агитацияларына сәтті пайдалануда. Яғни, біздегі ақ жағалы шенеуніктердің біліксіздігі мен қабілетсіздігінен халықтың наразы тобын өз аудиторияларына тартуда.

Президент Тоқаевтың антивакерлер туралы сөзінен кейін, вакцинациялауға қарсы кейбір кісілер Денсаулық сақтау вице-министріне қол көтеруге дейін барғанын БАҚ жарыса жазды. Осындай кейбір азаматтардың әлеуметтік желілерде жастар үшін үлгі тұтарлық тұлғаларға айналып бара жатқандығы өкініш тудырады.

ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛІГІНІҢ ТӨМЕНДІГІ

Рас, әлеуметтік желілердегі ел-жұртқа сөзі өтетін біраз жұрт вакцинация тақырыбын айналып өтуге тырысады. Себеп – аудиториясынан айырылып қалмау. Өйткені, біздің қоғам сондай. Егер кімде-кім билік тарапынан ұсынылған қандай да бір (мейлі дұрыс болса да) бастаманы қолдайтын болса, желі қолданушылары оны әп-сәтте жер-жебіріне жеткізіп тастауға дайын. Осыдан қорқады. Сондықтан аз жазуға, мейлінше көпгшілік көңілінен шықпайтын бұл тақырыптыайналып өтуге тырысады.

Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы, профессор, жоғарғы санаттағы инфекционист дәрігер Динагүл Баешева ханым бізге Қазақстанда қандай вакциналар бар екені, вакцинациялаудың тәуекелдері һәм ықтимал салдары жайлы әңгімелеп берген еді. Қараңыз:

Бүгінгі таңда вакцинациялау – әлемдік пандемияны тоқтатудың жалғыз жолы екені рас. Балама нұсқа жоқ. Ал ұжымдық имунитетті табиғи жолмен қалыптастыру үшін халықтың 75-80 пайызы ауырып шығуы керек екен. Бұл үлкен қауіп.

ВАКЦИНАНЫҢ ӘСЕРІ

Инфекция табиғи жолмен жүретін болса, ағазада тірі вирустар көбейіп, адам науқасқа айналады. Өйткені антиденелер шығарылмағандықтан ағзада ешқандай реакция болмайды.

Әуелі вакцинаның бірінші дозасын салады. Бұл – бөтен ақуыз. Ол иммундыұ жүйедегі бастапқы реакцияны дамытады.

Екіншілік реакция мен иммунитетті ояту үшін екінші доза салынады. Бұған уақыт қажет. 21 күн. Сондықтан, мамандар вакцинаның бірінші дозасынан кейін эпидшектеулерді сақтауға, той-томалақтарға бармауға т.б. кеңес береді. Өйткені, бұл кезеңде ағзадағыантиденелер әлі толық жетілмеген боп саналады.

Иә, вакцина инфекциядан 100 пайыз қорғамайды. Бірақ, бұл індеттің жаппай таралуының алдын алады.

ӘЛЕМДЕ ҚАНДАЙ ВАКЦИНАЛАР БАР?

Бүгінгі таңда әлем елдерінде ұзын-саны 265-тен астам вакцина әзірлену кезеңінде екен. Ал клиникалық зерттеу кезеңінде 83 түрлі, тәжірбиеде қолданылып жатқан 23 түрлі вакцина бар. Біздің қазақстандық және көрші қытайлық вакциналар – тұтас жасушалы вакциналарға жатпайды, олар тірі емес.

Векторлық вакцина – ол Sputnik V. Оны әзірлеуші – Н.Ф.Гамалей атындағы орталықтың басшысы Александр Гинцбургтың әңгімелеуі бойынша вакцина 2012 жылы жасалған. Ал коронавирус індеті тараған уақытта, олар тек иммунитеттің қалыптасуына жауап беретін антигенді бөліп алған. Сөйтіп, вакцина әзірленген.

РНҚ-вакциналары – ол Pfizer. Гендік-инженерлік вакцина. Pfizer-ді сатып алудың қиындығы, оны сақтаудың арнайы шарттары қажет екен. «Бұл өте төмен температура – минус 80-90 градус. Ал мұндай тоңазытқыштарды барлық елдерде бірден жасау мүмкін емес. Олар тек ғылыми зертханаларда бар», - дейді мамандар. Десе де, аталған вакцина Қазақстанда жүкті әйелдер мен балаларға ерікті түрде егілетінін күні кеше ғана министр Йой мәлімдеген еді.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНДАЙ ВАКЦИНАЛАР БАР? 

Қазақстан Үкіметі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ресми тіркеген, қолданысқа рұқсат берген және келіссөздер жүргізіп жатқан вакциналар:

Қазақстан: QazCovid-In, QazCoVac, Гам-Ковид-Вак (Sputnik V);

Ресей: Sputnik V, Sputnik лайт;

Қытай: Hayat-Vax, Coronavac, Sinovac;

АҚШ: Pfizer.

ВАКЦИНА САПАСЫНА КЕПІЛДІК БАР МА? 

Мамандар не дейді? Қараңыз: Вакцинаны жасау – күрделі процесс, әрбір вакцина мұқият бақыланады, қауіпсіздігі, белсенділігі, фармакологиялық тазалығы тұрғысынан тексеріледі, сондай-ақ әрі қарай бақылап отыру үшін әр партияға сәйкестендіру коды беріледі.

Вакцинаны жасап шығару екі кезеңді қамтиды: эксперименттік бөлімі – бұл барлық қауіпсіздік кезеңдері: жедел, созылмалы, иммунологиялық жүзеге асырылатын клиникаға дейінгі кезең. Осыдан кейін 4 фазаны қамтитын клиникалық сынақтар бар.

Бірінші фаза – қауіпсіздік, дені сау еріктілер, оларды қабылдау қажет.

Екінші фаза – мақсатты топты іріктеп алу, онда доза таңдалады және вакцинация қауіпсіздігі қарастырылады.

Үшінші фаза эпидемиологиялық жағдайды бағалайды. Ол 180 күнге созылатын негізгі фазаға бөлінеді, кемінде 2 мың ерікті қабылданады, олармен келісімшарт жасалады және кезең аяқталғаннан кейін құжаттар мемлекеттік тіркеуге өткізіледі.

Қазіргі кезде қол жетімді барлық вакциналар осы кезеңдердің бәрінен өткен. Демек, олар қауіпсіз деуге негіз бар.

Бірақ соған қарамастан, әрі қарай вакциналарды қолдану клиникалық зерттеулердің үшінші кезеңі ретінде қарастырылатын болады, себебі пациенттердің жас диапазоны артады, әр түрлі категориялар қосылады. Бұл эксперименттік зерттеулер емес, клиникалық сынақтар. Ал қолданысқа жіберілген вакцина мемлекеттік тіркеуден өткен. Нарықта бар, оны басқа елдер сатып алады, ал өндіруші өзіне жауапкершілік алды.

АЗАМАТТЫҚ ШТАБ

Вакцинаға кімдер қарсы шығып жатыр?

Бүкіл әлемде вакцинацияға қарсы адамдар бар және бұл әдеттегі қалыпты жағдай. Көбінесе бұған білім деңгейі мен ақпараттың жетіспеушілігі әсер етеді. Олар кімдер? Бірінші – «қастандық теориясының», чипизацияның фанаттары. Екінші - мәселені мұқият зерттемейтін, өздерінің үстірт білімдерін өз мақсаттары үшін қолданатын білікті жалған интеллектуалдар.

Бүгінгі күнде вакцинация жөніндегі түсініктер әртүрлі. Бұған үзілді-кесілді қарсы шыққандар бар, олардың саны өте аз. Көбі – күмәнмен қарайтындар. Бұл тенденция Қазақстанда да байқалады. Сол үшін де жуырда Қазақстанда азаматтық вакцинация штабы құрылды. Бастамашыл топтың құрамына қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дәрігерлер, журналистер кірген. Мақсат біреу - азаматтық ақпараттық науқан құру, халықты Covid-19 және вакцинация туралы сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету.  Бұл қатарға кез келген Қазақстан азаматы қосылады алады.

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ НЕ ІСТЕЙ АЛАДЫ?

Сіздің мүмкіндіктеріңізге байланысты екі сценарий бар: Сіз штабтың жұмысына толықтай қатса аласыз немесе сенімді ақпаратты жинап, оны өз деңгейіңізде (туыстарыңызға, достарыңызға, таныстарыңызға, көршілеріңізге  әріптестеріңізге және т.б.) тарата аласыз.

«Мәселені шешу жолдарын және әрекеттерімізді жоспарлау  үшін «Facebook», «Whatsapp» пен «Телеграм» тобына қосылуға шақырамыз...

WhatsApp: https://chat.whatsapp.com/BnndOxlw0UPITwPjDT3edf...

Telegram: https://t.me/joinchat/6h4KGZYk43tlYjli

Facebook:  https://www.facebook.com/groups/1515116602176278

Біз барлығыңызды идеологиялық алауыздықтан арылып, бірігіп әрекететуге шақырамыз. Енді біздің алдымызда жаппай вакциналау міндеті тұр, оның шешімін таппасақ, ешқандай реформалардың, талқылаулардың мағынасы болмайды», - дейді Азаматтық штаб өкілдері.

Әзірлеген Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2251
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3504