Жұма, 26 Сәуір 2024
Дін 5114 13 пікір 6 Тамыз, 2021 сағат 14:00

«Мүфтияттағы трайбализм»: ҚМДБ не дейді?

Бүгін әлеуметтік желі мен БАҚ-та «Мүфтияттағы трайбализм» атты «Демос» ҚБ төрағасы Тұрарбек Құсайыновтың мақаласы жарияланды.

«Трайбалистік идеяның жетегінде кетіп, сепаратизмге шақырғаным үшін жазаланып, өзімнің кінәмді мойындаған,яғни жақсы мен жаманның не екенін түсінген мен үшін қазіргі бас мүфти Наурызбай Өтпеновтің саясаты мен азаматтық ұстанымы күмән туғызып жүр. «Ауруын жасырған адам өледі» деген мақал бар. Дін саласындағы келеңсіз жағдайларды айтпасақ, қоғамға және қазақтың тұтастығына зор нұқсан келеді», - деген Тұрарбек Құсайынов Бас мүфти Наурызбек қажы Тағанұлы діни басқарманың төрағасы болып сайланғалы бері мүфтият молдалары мен мешіт қызметкерлерінің шыққан тегін анықтайтын анкета енгізді деп айыптайды.

«Кадр іріктеуде Бас мүфти енгізген бұл ноу-хау(жаңашылдық) бекер емес екен. Бас мүфти оңтүстіктің тумасы екені өмірбаянында айтылады, бірақ ол кіші жүздің тама руынан екенін көп адам біле бермейді.  Наурызбай Өтпеновтың «діни элита» арасында беделі жоқ, бұл жағдайды сарапшылар оның білімі мен шариғат мәселесін жіліктей алмайтын орашолақтығымен байланыстырады. Ол бар болғаны еліміздегі саяси биліктегі кейбір шенеуніктерге жағынып, соларға арқа сүйеп алған. Бұл оның «діни элита» мен қарапайым намазхандар ортасындағы беделін көтеріп тұрған жоқ. Сондықтан ол өзінің позициясын мығымдай түсу үшін трайбализмге жүгініп, өзінің айналасына рулас немесе кіші жүздің өкілдерін жинай бастаған секілді», - дейді мақала авторы.

Әрі қарай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының басшылығы тұсында балған бірлі-жарым тағайындауларды мысал етеді. Тұрарбек Құсайыновтың бұл мақаласы қазір қоғам ішінде қызу талқылануда. Біз Қазақстан мүсылмандары діни басқармасына хабарластық. ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы аталған мақалаға жауап беріп, ҚМДБ жауабын Abai.kz порталына жолдады. Мархабат, мәртебелі оқырман...


ҚМДБ жауабы: «Мүфтияттағы трайбализм»

Осындай тақырыппен мақала шығыпты. Марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлінің кезінен (2011 жыл) бастап қызмет етіп келе жатқан біздің де авторға дәйекті түрде айтарымыз бар...

Діни басқарма дін кадрын тағайындауда трайбализмге жол берген емес. Бұған біз де куәміз. Діни салаға лайықты азаматтар өзінің туып өскен өңіріне жауапты қызметке тағайындалуда, яғни мешіт молдалары жергілікті діни кадрлар арасынан іріктелуде. Қызметке қабылдау барысында болашақ имамның біліміне, тәжірибесіне, мінез-құлқына аса мән беріледі. Мұндағы мақсат – жамағаттың жүрегіне жол табу.

Мақала авторы Ершат Оңғар, Ғылымбек Мәжиев, Қайрат Құрманбаев, Шәмшадин Керім, Нұрбек Есмағанбет, Ерболат Жүсіпов сынды азаматтарды Бас мүфти «өз маңайына шоғырландырып» алғанын алға тартыпты.

Ең алдымен айтарымыз, Наурызбай қажы Тағанұлы 2020 жылы Бас мүфти лауазымына сайланды. Ал мақалада аты-жөні көрсетілген азаматтар бұған дейін ұзақ жылдар бойы Діни басқарма жүйесінде қызмет етіп келді, әлі де жұмысын жалғастыруда.

Атап айтқанда, Ершат Оңғар 2007 жылы 16 шілдеде қызметке қабылданып, 2019 жылдың 18 қазанында наиб мүфти болып тағайындалды. Ал Ғылымбек Мәжиев 2013 жылдың 26 ақпанынан бастап ҚМДБ Аппарат жетекшісі қызметін атқарып келеді. Ал 1997 жылдан бастап бірнеше аймақта бас имам болған Нұрбек Есмағанбет 2018 жылдың 19 қаңтарында Діни басқарма жанындағы «Дін істері және талдау» бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Ерболат Жүсіпов те бұған дейін, яғни, 2019 жылы 15 тамызда «Әзірет Сұлтан» мешітіне наиб имам қызметіне бекітілген. Қайрат Құрманбаев 2013 жылы «Нұр Мүбарак» университетіне ұстаз қызметіне қабылданып, 2018 жылы аталған оқу орынның проректоры болып тағайындалды. Шәмшадин Керім діни салаға 2001 жылы 4 сәуірде келген. 2018 жылдан бері «Әбу-Ханифа» атындағы ғылыми-зерттеу орталығында қызмет етуде.

Төртінші мүфтидің баспасөз хатшысы ретінде тағы да айтарым: Мүфтият басшылары дін қызметкерін ру мен жерге бөліп, жұмысқа қабылдаған емес. Еліміздің әр өңірінен келген білімді азаматтар Діни басқармада бір үйдің баласындай бірлігін танытып, жұмыс істеуде. Кез-келген дін маманын жұмысқа алу барысында ең басты талап ретінде оның кәсібилігі мен біліктілігі назарға алынады. Ал, имамдарға анкета таратып, руын сұрау сынды іс-әрекеттер жалған ақпарат екенін осыған дейін ресми мәлімдедік.

Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти болған кезде де Мүфтият қызметкерлері толық құрамда өз орнында қалып, әлі күнге дейін дініміз бен еліміздің игілігі жолында қызмет етіп келеді. Бұған мен және әріптестерім куә...

Мүфтиятқа қарсы «ақпараттық шабуыл» жасау бұрыннан келе жатқан «үрдіс». Сол «ақпараттық шабуыл» ақиқатпен жанаспай жататыны жанға батады. Осындайда «біз сөз жауапкершілігінен қорықпайтын хәлге жеткеніміз бе?» деген ойға батасың...

«Әй мүміндер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» («Хужурат» сүресі, 6-аят). Біздің де айтарымыз осы...

Ағабек Қонарбайұлы,

ҚМДБ баспасөз хатшысы

Abai.kz

13 пікір