Сенбі, 20 Сәуір 2024
Саясат 30184 4 пікір 6 Тамыз, 2021 сағат 14:33

Орталық Азия басқосты: Талқы қандай?..

Түркіменстанда Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары басқосты. Бейресми форматта. Оған бір жыл ішінде сан түрлі себептер де жиналып қалған еді. Коронавирус пандемиясы, аймақтағы мемлекеттер арасындағы шекаралық дау, су мәселесі мен Ауғанстандағы әскери жағдайдың тым нашарлап кетуі. Бейресми кездесуде не айтылмақ?

Орталық Азия елдері үшін пандемия аса ауыр өтіп жатыр. Қазіргі таңда әлем бойынша вирусты жұқтырғандар саны 200 миллионнан асты. Ал вирустан көз жұмғандар саны 4.3 млн адамды құрайды. Қазақстанда коронавирус пен вирустық пневмонияны жұқтырғандар саны 681 мың адамды құрайды. Індеттен 9909 адам көз жұмған. Өзбекстанда 134 мың адам індет жұқтырып, 910 адам қайтыс болыпты. «Бұл көрсеткіш шындыққа жанаспайды», дейді тәуелсіз сарапшылар. Қырғызстанда коронавирус 167 мың адамнан анықталыпты, оның ішінде 2400 адам көз жұмған. Тәжікстанда 15500 адам вирус жұқтырып, оның ішінде 122 адам індеттің құрбаны болған. Шілденің ортасында Тәжікстан президенті Рахмонның қарындасы вирустың құрбаны болып, Рахмонның жиендері денсаулық сақтау министрін соққыға жыққан еді. Аталмыш оқиғаға қарап-ақ, Душанбе вирус бойынша шынайы көрсеткішті жасырып отыр деуге толық негіз бар. Орталық Азиядағы ең жабық мемлекет саналатын Түркіменстанда ресми түрде коронавирус жоқ, алайда себебін түсіндірместен Ашхабад түрлі шектеулер енгізіп, маска киюді халыққа міндеттеп отыр.

Вируспен күресу Орталық Азия елдерінің экономикалық көрсеткіштеріне қарай әртүрлі. Вакцина алу мен оны өндіру мүмкіндігі де дәл солай. Қазақстанда вакцина алғандар саны 29,08%-ға жетті. Қырғызстан халқының 7,65%-ы вакцина алған. Тәжікстанда халықтың 4,73%-ы екпе алса, Түркіменстанда ол белгісіз, алайда вакцина алу фактілері бейресми түрде анықталған. Өзбекстан халқының 15,39%-ы індетке қарсы екпені ектірген екен. Бұл көрсеткіштер бірнеше есе аз болуы да мүмкін, себебі вакцинация паспортын жалған негізде жасату аймақ елдерінде кеңінен таралуда.

Осындай қиын кезеңде аймақ басшылары өзара көмек көрсету мәселесін де талқылайтыны анық. Мысалы Қазақстан өткен аптада «ҚазВак» вакцинасының 25000 дозасын көршілес Қырғызстанға жіберді. Дәл сол сияқты басқа да елдерге көмек көрсету мәселесі талқыланатыны анық. «Береген қолым алаған» дегендей, гуманитарлық көмек арқылы шешуі қиын мәселелердің күрмеуін шешуге де болатынын тарих талай дәлелдеген.

Массовая вакцинация против COVID-19 начнется в Узбекистане после Новруза

Коронавирустан бөлек, аймақтағы тұрақтылық мәселесі де өткір тұр. Сәуірдің соңы мамырдың басы қырғыз-тәжік арасында қақтығыс болып, соңы екі күндік атысқа ұласты. Қарулы қақтығыстан қос тараптан 100 тарта адам қаза тауып, 500 жуық жан жарақат алды. Үйлер қирады, ғимараттар өртенді. Бұл 1991 жылдан бастап аймақтағы мемлекеттер арасындағы ең ірі қақтығыс еді. Жағдайдың ушығып кетуі аймақ мемлекеттері үшін аса қауіпті екенін сезген Қазақстан, Өзбекстан басшылары тараптарды келіссөз басына отырғызып, мәселені бейбіт ретттеуге барын салды. Солай болды да. Алайда қырғыз-тәжік шекарасы әлі де тыныш емес. Шілденің ортасында шекара маңында тағы да атыс болып, үш адам қаза тапты. Бұның барлығы Орталық Азияның бейбітшілігіне кері әсерін тигізеді. Бейресми кездесу барысында бұл мәселе де сөз болары анық. Өйткені шекаралық дау тек қырғыз бен тәдік арасында емес, тәжік-өзбек, қырғыз-өзбек арасында да бар.

В Баткене горит погранзастава Кыргызстана. Фото

Ауғанстандағы ұрыс қимылдары мен тәлібтердің блицкригі де Душанбедегі кездесуде айтылмайды емес, айтылады. Вашингтон Ауғанстаннан өз әскерін әкететінін жариялаған сәттен бастап, Талибан Ауғанстан аймағында ірі операциялар өткізіп жатыр. Қазірдің өзінде ол елдің 80%-ға жуығын өз бақылауына алып, Орталық Азиямен шекараласатын аймақты толық бақылауына алды. Түркімен, тәжік, қырғыз шекараларында «Талибан» қозғалысының туы ілініп тұр. Орталық Азияға тәлібтер тарапынан тікелей қауіп төнбесе де, тәлібтерден қашып, бас сауғалаған босқындар саны артуда. Қазірдің өзінде Тәжікстанда 2 мыңнан астам әскери мен 3 мыңға жуық ауған босқыны пана тапты. Олардың саны АҚШ әскері Ауғанстаннан толық кеткенде еселеп артатын болады. Міне, бұл мәселені бес ел бірлесе шешуі тиіс. Қазақстан үшін босқындарды өз жерімізге өткізбей, материалдық тұрғыдан көмек көрсету нұсқасы тиімді болмақ. Келіссөз барысында бұл мәселе де сөз болары анық.

«Тәліб басып алады» деген түймедей қауіпті түйедей еткен Мәскеу де аймақтағы өз ықпалы мен әскери рөлін арттыруды ойлап отыр. Тәжікстанда Мәскеу-Ташкент-Душанбе әскери жаттығуы өтіп жатқаны соның бір дәлелі. Оған 2500 сарбаз бен 500 әскери техника қатысуда. «Талибанды» алға тартып, Өзбекстан мен Түркіменстанды ҰҚШҰ (ОДКБ) ұйымына кіргізуді жоспарлап отырғаны да байқалады. Ташкент қазірдің өзінде ол ұсыныстан бас тартатынын айтса, түркімен бейтарап позиция сақтайтынын жеткізді. Яғни Кремльдің аймақтағы ықпалының артуы да ақырын дауыспен айтылып, ыммен талқыланбақ.

Своих солдат на убой не пошлём»: Некрасов — о перспективах обострения в Афганистане и на границах со странами СНГ — РТ на русском

Аймақтағы өткір мәселелер көтеріліп, шешу жолдарына ұсыныстар айтылатын бұл басқосуда сауда қатынасы, су мәселесі мен еңбек мигранттарын қабылдау жағы да талқы болмақ.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

4 пікір