Сенбі, 20 Сәуір 2024
3472 0 пікір 2 Тамыз, 2021 сағат 17:39

Қазақстанда карантин шаралары күшейді

Екінші тамыздан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларында карантин шаралары күшейеді. Бұл шешім коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды.

Соған сәйкес, бүгіннен бастап осы қалаларда бірқатар шектеу шарасы енгізіледі. Атап айтқанда:

- орталық мемлекеттік органдар, әкімдіктер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәріханалар және тіршілікті қамтамасыз ету ұйымдарын қоспағанда, "Ashyq" жобасына қатыспайтын барлық кәсіпорын мен ұйымның қызметін тоқтата тұру;

- ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу;

- мемлекеттік органдар, кеңселер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйымдар қызметкерлерінің 80%-ін (вакцина салдырғандарды және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылғандарды қоспағанда) қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру.

"Ashyq" жоқ болса да, жұмыс істейді

Екінші тамыздан бастап "Ashyq" жүйесіне қосылмаған бірқатар қызметке рұқсат берілген. Олар:

- құрылыс жұмыстары;

- өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметі;

- көлік жуу;

- автокөлік, тұрмыстық техника, сағат, телефон, компьютер, аяқ киім жөндеу; тігін ательесі, кір жуатын орын; химиялық тазарту; кілт жасау, гүл сататын дүкендер, фотосалондар;

- туристік компаниялардың қызметі, бизнес орталықтардағы жекелеген қызмет түрлері: сақтандыру компаниялары, адвокат, нотариус, есепші мен консалтинг қызметі, жылжымайтын мүлік агенттігі, сот орындаушылар, айырбастау пунктері, ломбардтар және тағы басқа.

Қоғамдық тамақтану орындары тек жеткізу және алып кету форматында істейді.

Алматыда нысандар қалай жұмыс істейді

Қазақстанда коронавирус матрицасы бойынша тағы бір "қою қызыл" аймақ пайда болды. Қазір Алматы "қою қызыл" аймақта тұр.

Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің соңғы қаулысына сәйкес, Ashyq жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық нысандардың қызметіне өзгеріс енгізілді. Мысалы, қалада мейрамхана, дәмхана және кофехана секілді қоғамдық тамақтану орындары, алкогольдік ішімдікті сатпайтын асханалар, жазғы алаңдар, фуд-корттар орын санын 50-ден асырмай, толтырылуын 50% етіп, таңғы жетіден кешкі сағат сегізге дейін жұмыс істей алады.

Алайда банкет залдарының қызметіне тыйым салынған.

Сауна, монша, спа орталықтар, бассейн, спорт кешендері, спорттық-сауықтыру орталықтары және фитнес-орталықтар, йога-орталықтар, мәдениет нысандары, театр, кинотеатр, концерт залдары, филормониялар сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.

Облысаралық, қалалық тұрақты емес тасымалдарға тыйым салынды.

Бильярд, компьютерлік клубтар, боулинг, караоке 12.00-20.00 арасында жұмыс істей алады.

Көрмелер бір адамға алты шаршы метрден кем емес, бірақ бір уақытта 150 келушіден асырмай, алаңның 70%-ін толтырмай жұмыс істейді.

Марафондар, оның ішінде ашық ауада да өткізуге, спорт шараларына тыйым бар. Цирктер 30%-тен артық емес адамды толтырып, 10.00-20.00 арасында жұмыс істейді.

Отель, қонақүй, әуежай, теміржол вокзалы қызметі тоқтамайды. Халыққа қызмет көрсету орталығы 10.00-20.00 арасында жұмыс істейді. Сауда ойын-сауық орындары, базарлар 07.00-17.00 арасында ашық.

Сұлулық салондарының қызметіне белгілі бір шектеулермен ішінара рұқсат берілген.

Қалада қоғамдық көлік тоқтамайды.

Айта кетері, Ashyq жобасына қосылғандар нысандардың өзі сенбі-жексенбі қызметін тоқтатады.

Сондай-ақ Алматымен іргелес жатқан Алматы облысының Қарасай, Талғар, Іле мен Еңбекшіқазақ аудандарында да карантин күшейеді.

Нұр-Сұлтандағы ахуал

Елордада сенбі және жексенбі күндері қоғамдық көліктің жұмыс істеуіне тыйым салынады. Ashyq жобасына қатысатын сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері тек жұмыс күндері сағат 7.00 -ден 20.00 -ге дейін жұмыс істейді.

Қала тұрғындары екінші тамыздан бастап ашық ауада спортпен шұғылдану кезінде, оның ішінде 5 жасқа дейінгі балаларды қоспағанда бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты сақтау туралы талаптарды сақтауы қажет.

2 метрден кем емес әлеуметтік арақашықтықты сақтап, жеке тәртіппен және 5 адамнан аспайтын топ болып ашық ауада спорттық жаттығулар өткізуге рұқсат берілген.

Қызмет көрсету жөніндегі объектілер, "Қазпошта" АҚ бөлімшелері, екінші деңгейдегі банктер, қаржы нарығының объектілері, сақтандыру компаниялары, жылжымайтын мүлік жөніндегі агенттіктер, жарнама агенттіктері, айырбастау пункттері және мемлекеттік органдар мен ұйымдар, өндірістік объектілер, құрылыс объектілері, мәдениет және демалыс объектілері, халықтың тұруы бойынша қызмет көрсету саласындағы объектілер, жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын ұйымдар, әуежайлар, теміржол, автомобиль және су вокзалдары, өзен және теңіз порттары, автостанциялар/автоөтпе жолдар, жолаушыларға қызмет көрсету пункттері, экскурсиялық қызмет көрсететін ұйымдар және басқа да ұйымдар COVID-19-ға қарсы вакцина алмаған (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімі бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған адамдарды қоспағанда) қызметкерлері үшін күндізгі режимде жұмысқа жіберілуін шектейді.

"Ashyq" жобасына қатысатын ХҚКО Egov.kz, телеграмм-бот EgovKZBot 2.0 арқылы алдын ала брондау бойынша жұмыс  күндері сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сенбі және жексенбі күндері жабық болады.

"Қазпошта" АҚ жұмыс кестесі жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін ашық болады, сенбі және жексенбі күндері жабылады.

Жеке медициналық орталықтар, клиникала, стоматологиялар жұмыс және демалыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін ашық болады.

Талапкерлердің жоғары оқу орындары мен колледждерге түсуі үшін құжаттарды қабылдауды қашықтан жүргізіледі.

Өзге де нысандардың жұмыс уақытын мына жерден көруге болады.

Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласымен іргелес жатқан Ақмола облысының Бурабай, Целиноград және Аршалы аудандарында да карантин күшейеді.

Дереккөз: Sputnik.kz

Abai.kz

0 пікір