Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4138 0 пікір 31 Мамыр, 2012 сағат 11:47

Құдайдан қорықпай, адамнан ұялмай...

Бұл не деген заман болды?! Құдайдан қорықпай, адамдардан ұялмай, бiздiң қазақта өз халқын өзi жамандайтын, өз ұлтын өзi кемсiтетiн, "қағынан жерiген құлан" нигилистер көбейiп барады. Ондайлар аяқтары аспаннан салбырап өздерi түсе қалғандай, қазақ деген халықтың сан ғасырлық тарихы бар ел екенiн де, сол елдiк жолында сандаған ата-бабаларының құрбан болғанын да бiлмейдi, яки бiлгiсi де келмейдi. Ең жаманы - заманнан заман озып, дүние де, қоғам да өзгерiп жатқанына қарамастан, ондайлар әртүрлi ұрпақтардың буынында да бар болып шығып отыр...

Жақында, "Время" газетiнiң 26-сәуiрдегi санында, өзiн саясаттанушы деп есептейтiн, кейiнгi буын өкiлi Данияр Әшiмбаев дейтiн жiгiттiң "Казахи за независимость не боролись" деген сұхбаты шықса, одан жиырма шақты күн бұрын (дәлiрек айтқанда, биылғы сәуiр айының 6-сы күнi) Оралда, орыс тiлiнде шығатын "Пульс города" апталығының қосымшасында, аға буын өкiлi Нәжiмеден Есқалиевтiң "С историей надо быть честными" дейтiн сұхбаты жарық көрдi. (Бұл - жай қосымша емес, кәдiмгi Орал қалалық "Пульс города" газетiнiң iшiндегi "Вестник Уральского городского маслихата" дейтiн ресми қосымша!)

Сонымен... "Орал қалалық мәслихатының Хабаршысы" не дейдi?!

Бұл не деген заман болды?! Құдайдан қорықпай, адамдардан ұялмай, бiздiң қазақта өз халқын өзi жамандайтын, өз ұлтын өзi кемсiтетiн, "қағынан жерiген құлан" нигилистер көбейiп барады. Ондайлар аяқтары аспаннан салбырап өздерi түсе қалғандай, қазақ деген халықтың сан ғасырлық тарихы бар ел екенiн де, сол елдiк жолында сандаған ата-бабаларының құрбан болғанын да бiлмейдi, яки бiлгiсi де келмейдi. Ең жаманы - заманнан заман озып, дүние де, қоғам да өзгерiп жатқанына қарамастан, ондайлар әртүрлi ұрпақтардың буынында да бар болып шығып отыр...

Жақында, "Время" газетiнiң 26-сәуiрдегi санында, өзiн саясаттанушы деп есептейтiн, кейiнгi буын өкiлi Данияр Әшiмбаев дейтiн жiгiттiң "Казахи за независимость не боролись" деген сұхбаты шықса, одан жиырма шақты күн бұрын (дәлiрек айтқанда, биылғы сәуiр айының 6-сы күнi) Оралда, орыс тiлiнде шығатын "Пульс города" апталығының қосымшасында, аға буын өкiлi Нәжiмеден Есқалиевтiң "С историей надо быть честными" дейтiн сұхбаты жарық көрдi. (Бұл - жай қосымша емес, кәдiмгi Орал қалалық "Пульс города" газетiнiң iшiндегi "Вестник Уральского городского маслихата" дейтiн ресми қосымша!)

Сонымен... "Орал қалалық мәслихатының Хабаршысы" не дейдi?!

Әлгi Д.Әшiмбаев дейтiн қандасымыз "Қазақтар тәуелсiздiк үшiн күрескен емес" десе; бала емес, шаға емес, өмiрдiң бiраз ыстық-суығын көрген, кезiнде ел билеген, жұртқа ақыл айтқан аға буын өкiлi Нәжiмеден Есқалиев мырза тiптi одан да асырып жiберiптi.

"Революцияға дейiн қазақ дейтiн ұлт тiптi болған емес! - дейдi ол нығыртып. - Патша тұсында бiздi "қырғыздар" немесе "қырғыз-қайсақтар" деп атады" (Орысшасында: "До революции не было такой национальности - казахи. При царе нас называли киргизами или киргиз-кайсаками" делiнген).

Мұнымен тынбай, газет тiлшiсiне:

- Менiң үйiмнiң ауласында тұрған Лениннiң бюстi есiңде ме?! - дейдi әлдеқандай бiр мақтанышпен. - Бiр кәсiпорынның қоймасында шаң басып жатқан жерiнен оны маған балаларым әкелiп берген.

- Есiмде болмай ше?!

- Онда не деп жазып қойғанымды бiлемiсiң? "Қазақ, есiңде болсын, Ленин болмаса, сенiң ұлтың да, мемлекетiң де болмас едi", - деп жазылған...».

"Мiне, тарихи факт осы! - дейдi, 1986-91 жылдары Орал обкомының бiрiншi хатшысы, 1992-93 жылдары Орал облысының әкiмi, 1993-94 жылдары Көкшетау облысының әкiмi, 1994-99 жылдары Қазақстанның Өзбекстандағы, Украинадағы елшiсi, ал 1999 жылдан ТМД елдерi атқару комитетiн­дегi Қазақстанның уәкiлi болған дардай кiсi!!!

"Жер астынан жiк шықты, екi құлағы тiк шықты", ал бұған не деуге болады?!

Ештеңе де!!!

Есқалиевше айтқанда, "революцияға дейiн мүлде болмаған қазақ дейтiн ұлттың" Октябрь социалистiк револю­циясынан кейiн бiр түнде пайда бола қалмағанын, жалпы, ұлт дегеннiң пайда болуы, қаз тұрып, қалыптасуы, өсiп-өркендеуi ғасырларға созылатын ұзақ тарихи процестердiң нәтижесi екенiн, ол тiптi Есқалиевтiң "Ленин" дейтiн шексiз билiкке ие әлгi көсемiнiң қол қойған декретiмен де орнай қалмайтынын, ал жат жұрттар таңған этноним ешбiр халықтың нақты атауы бола алмайтынын, т.с.с. ежiктеп, Есқалиевке де, одан өзгелерге де түсiндiрiп жатудың түкке қажетi жоқ! Ондайға сөз шығындаудың өзi артық нәрсе! Ал, ғылым алды былай тұрсын, тiптi аз-маз сауаты бар жұрттың алдында ол туралы айтып жатудың өзi ұят! Бiрақ қайтерсiң...

Әрине, түсiнiгi осындай болған соң, "қазақ деген ұлт революцияға дейiн болған емес!" деп отырған кiсiге, ол халықтың тарихы да, тарихи тұлғалары да неменеге керек?! Керек емес, әрине! Сондықтан, халық тарихындағы айтулы тұлғаларға тiл тигiзу, ғайбаттау - мұндай адам үшiн түкке тұрмайды.

Ендi оның өз аузымен айтқан сөзiн естiгiңiз келе ме?! Тыңдаңыз!

«- На месте памятника Ленину установим памятник Сырыму Датову, и даже площадь получила его имя. Честно говоря, выбор этот не совсем понятен... - деп, мәймөңкелеп келедi де: - Сырым был... преводителем антиханского движения (???); в борьбе за власть над казахами (???) изгнал хана Нуралы, убил хана Есима, народ предал его анафеме (???)" - деп газет тiлшiсiнiң алдында сайра-а-ап отыр.

Мұнан соң оның:

« - Установка на центральной площади Уральска памятника человеку, которого народ изгнал (???), выглядит несколько странно. Исторический абсурд"...- дегенiне таңданудың тiптi жөнi жоқ! (Мен Есқалиевтiң сөзiн қазақша келтiруге орысшам жетпей отырғандықтан емес, ертең: "Мен олай деген жоқпын, былай деп едiм" деп бас тартпасы үшiн әрi сөз саптасынан көкiрегiндегi ойы анық сезiлiп тұрсын деп, әдейi түпнұсқа күйiнде берiп отырмын - Қ.М.).

Иә-ә, "естiмеген елде көп" деген, тегi, рас сөз. Шыбын жанын шүберекке түйiп, патша өкiметiнiң отарлау саясатына қарсы он төрт жылдай талмастан күрескен арысымыздың қадiр-қасиетiн халқына қалай жеткiземiз деп аласұрып жүрсек, сол отаршылдардың сойылын соққан хан Нұралымен де, оның төңiрегiндегi жандайшаптармен де ымырасыз күрескен батырды "Ол - халық лағнет айтқан адам" ("Народ предал его анафеме") деуге, Есқалиев мырзаның аузы қисайып кетпей, қалай барғанына таңғалмасқа әддiң жоқ!

Қашанда "жақсының артынан сөз ередi"... дейдi халық. Сырым туралы да жақсылы-жаманды сөз, әрине, бұрындары да талай айтылған. Достары да айтқан оны, дұшпандары да айтқан. Алайда оның өмiрi мен қоғамдық қызметi туралы егжей-тегжейлi зерттеулер жасап, терең ғылыми еңбек жазған, сол үшiн Кеңес өкiметiнiң қылышынан қан тамып тұрған кезiнiң өзiнде I дәрежелi Сталиндiк сыйлық алған М.Вяткиндi, 1924 жылы "Совет­ская киргизия" журналының 10-санында "Батыр Сырым Датов" деген зерттеу мақала жазған А.Рязановты, Кеңес өкiметiнiң алғашқы жыларында "VII-ХVIII ғ.ғ. Қазақстандағы феодалдық қатынастардың тарихына" деген еңбегiнде Сырым қозғалысын да сөз еткен А.Чулошников секiлдi ғалымдарды былай қойғанда, патша өкiметiнiң өзiнiң шенеунiктерi мен ғалымдары А.Левшин, М.Красовский, Л.Мейер, берiгiректе Ф.Лобысевич, А.Добросмыслов, М.Терентьевтердiң бiрде-бiрi ол туралы дәл мұндай қиянат та, ғайбат та сөз айтып көрген жоқ едi. Осындай сөздi Ол - әрi батыр, әрi би Сырым, - мiне, бiрiншi рет өз қандасының аузынан естiп отыр...

"Сөз сөзден туады; сөйлемесе қайдан туады?!" деген. Осы ретте менiң есiме қазiр екi түрлi әңгiме ерiксiз түсiп отыр. Бiрiншiсi - дәл осындай жағдайды көзi тiрiсiнде басынан кешкен ұлт көсемi, қайран Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) күйiне отырып, өзiнiң "Көк есектерге" деген өлеңiнде ашына жазғаны.

 

Не жазып ем, Құдай-ау,

мен қазаққа,

Мұншама ғып салғандай

бұл азапқа...

...Қинамайды абақтыға

жапқаны,

Қиын емес дарға асқаны,

атқаны!

Маған ауыр осылардың

бәрiнен

Өз аулымның иттерi үрiп,

қапқаны!

- деп өзегi өртене өкiнiп едi.

(Қараңыз: А.Байтұрсынов., "Көк есектерге"., "Ақ жол.", Алматы., "Жалын"., 1991 жыл, 71-бет)

Екiншiсi - жас кезiнде кеңестiк идеологияға шексiз сенiп, "уақыттың көлеңкесi" боп жүрген кезiнде, тау халықтарының азаттық жолындағы күресiнiң көсемi - имам Шәмiлдi жамандап өлең жазамын деп, өмiр бойы елiнен, жерiнен, туған халқынан кешiрiм сұрап, өкiнумен өткен Расул Гамзатовтың "Менiң Дағыстаным" атты кiтабындағы естелiгi мен өлеңi. "Менiң баяғыдағы сол бiр ескi өлеңiм үшiн дағыстандықтар қатемдi кешiрдi ме екен; бәрiнен бұрын Шәмiлдiң аруағы кештi ме, кешпедi ме - бiлмеймiн; бiрақ ол iсiмдi мен өзiме-өзiм ешқашан кешiрмеймiн!" - деген Расул, осы ар азабынан қиналып жүрген күндерiнiң бiрiнде түс көрiптi. Түсiнде Шәмiл айтты дейдi:

 

"... в боях и

в пожарищах дымных

Много крови я пролил,

и мук перенес.

Девятнадцать пылающих

ран нанесли мне.

Ты нанес мне двадцатую,

молокосос!"

(Қараңыз: Р.Гамзатов., "Мой Дагестан", . "Молодая гвардия", 1968., 90-91- беттер)".

"Табалдырықтан асқан тау жоқ, жаман ағайыннан асқан жау жоқ!" деп, жарықтық бiздiң Сырым батырдың өзi де шегелеп-ақ айтып кетiп едi. Дұшпан салған жарадан, жақының салған жара - жүз есе ауырырақ та ащырақ болатынын ағайын ұмытпаса екен!!!

Р.S. 1992 жылдың ақпан айында, мен "Егемен Қазақстанға" "Сырым Датұлы" атты үлкен мақала жазып, кейiн үкiметiмiз қаулы шығарып, батырдың 250 жылдық мерейтойы республика көлемiнде тойланып едi. Той батырдың туған жерi - Жайық бойында да тойланған. Сонда "Зенит" за­уытының Мәдениет Сарайында өткен үлкен жиында:

- Қазақ халқының даңқты ұлы, қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының 250 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиынды ашық деп жариялаймын!" деп, кiрiспе сөздi бастаған - сол кездегi Батыс Қазақстан облысының әкiмi, осы Нәжiмеден Есқалиев болатын. Президиумда, қасындағы орыннан тұрып барып, салтанатты      жиында баяндама жасаған мен, облыс әкiмiнiң әлгi сөздерiн өз құлағыммен естiгенмiн. Келесi күндерi облыстық газетте де хабарланған. (Қараңыз: "Орал өңiрi"., №168, 7.Х.1992. "Сырым тойы басталды").

Арада 20 жыл өткенде, осынша айнитындай не күн туды? Нәжiмеден Ықсанұлының сондағы лебiзiне сенемiз бе, әлде мына сөзiне сенемiз бе?! Кiсi ел басқарып тұрса ғана, халықтың арыстарын аспанға көтередi де, қызметтен түсiп қалса, "күл болмаса, бүл болсын!" дей ме?! Қайтедi? Не дейдi?!

Бiресе жай, бiресе бұлай... екi сөйлеген кiсiнi ел не деп айыптайтынын, мен есiне салмасам да, есi бар адамның өзi-ақ бiлер деп ойлаймын. Асылы, әркiм бетiне келер ұятты өзi бiлiп жуса игi ғой...

Қажығали Мұханбетқалиұлы,

жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген қайраткерi

«Жас Алаш» газеті

0 пікір